Төре Ғали. Ғұлама шайырдың қабірі Өзбекстаннан табылды
Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында Қызылкөл деген шағын ауыл бар. Ежелден төре-төлеңгіттер мекен еткендіктен «төре ауыл» деп аталады. Кенесары хан қырғыз жерінде мерт болған соң, ханның ұрпақтары осында ауып келіп, қоныстанған.
Кенесары ханның туған ағасы Есенгелдінің баласы Жәңгір Кенесары өлген соң кіші әйелі Мәуітіні жеңгедей алып, осы Мәуіті анадан Созақ жерінде 1855 жылы Шәді төре туған. Абылай ханның шөпшегі болып келетін осы Шәді төре Шаян, Қарнақ, Ташкент, Бұхарадағы Көкелташ медреселерін бітіріп, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік біліп шығады. Майлықожа, Құлыншақ, Тұрмағамбет, Молда Мұса ақындармен жиі қарым-қатынаста болып, жазбаша айтысқан.
Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында Қызылкөл деген шағын ауыл бар. Ежелден төре-төлеңгіттер мекен еткендіктен «төре ауыл» деп аталады. Кенесары хан қырғыз жерінде мерт болған соң, ханның ұрпақтары осында ауып келіп, қоныстанған.
Кенесары ханның туған ағасы Есенгелдінің баласы Жәңгір Кенесары өлген соң кіші әйелі Мәуітіні жеңгедей алып, осы Мәуіті анадан Созақ жерінде 1855 жылы Шәді төре туған. Абылай ханның шөпшегі болып келетін осы Шәді төре Шаян, Қарнақ, Ташкент, Бұхарадағы Көкелташ медреселерін бітіріп, араб, парсы, шағатай тілдерін жетік біліп шығады. Майлықожа, Құлыншақ, Тұрмағамбет, Молда Мұса ақындармен жиі қарым-қатынаста болып, жазбаша айтысқан.
Шәді - Қазан төңкерісіне дейін қазақ даласындағы баспадан ең көп кітабы шыққан ақын. Қазан, Орынбор, Ташкент баспаларынан «Сияр Шариф», «Хазіреті Мұса мен Перғауын», «Төрт дәруіш» сынды талай діни өлең-дастандары, қиссалары, шежірелері басылып шыққан. Кезінде Шәді шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған филология ғылымдарының докторы, жазушы Немат Келімбетов 13 кітаптың атын атайды. Кейбір мәліметтер оны жиырмадан асырады. Шәді Пушкиннің «Мыс салт атты» поэмасын қазақшаға аударған. Тіпті роман жазған деген де сөз бар. Кенесары ханның бел баласы, атақты Сыздық сұлтан 1910 жылы қайтыс болғанда, жаназасын осы Шәді төре шығарады. Атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың шешесі Сақыпжамал Шәді төренің қарындасы болып келеді. Яғни Шәмші - Шәді төренің жиені.
Шәді ақын да Шәкәрім қажы сынды зергер ұста болған. 1928-29 жылы кәмпеске кезінде Шәдіні кедей болса да, діншіл молда деп, Түркістан түрмесіне қамайды. Бірақ кезінде дәмдес-тұздас болған Сәкен Сейфуллиннің араласуымен босанып шығады.
Шәді ақынның туысы, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Созақ ауданында тұратын республикаға мәлім күйші, биыл тоқсан жасқа келген Файзула Үрмізов ақсақал:
- 1930 жылы жаз айы. Мырзабай даласы, Мыңбасты құдығында отырғанбыз. Шәді атам үш күн тілсіз, үнсіз, кеудесінде лепес тынысы бар, көзін ашпай жатып қалды. Ауыл қариялары дем салайын десе, басын шайқап жолатпайды. Үш күннен кейін бұрынғы сау күйі кітабын оқып, жазуын жаза берді. Осы құпиясын екі жылдан кейін Ташкент жаққа көшерінде менің әжеме айтып кетіпті. Әжем Шәдінің өлгенін естігеннен кейін Шәдінің құпиясын айтты. Шәдіге үш күндей қайберен қырық шілтендер келісе алмай таласыпты. Не үшін таласқанын білмейді. Әлі үш жыл кемдігі бар деп тұрғызып жібереді. Шәді «бір жыл өмірім бар шығар. Менің жайым қазақ-өзбек шекарасы Қаратөбе болар» деп кетіпті. Шәдінің қорымының басында шырақ жанып, сол маңдағы елдер басына түнеп, топалаң болған малдарын түнететін көрінеді, - дейді.
Шәді ақынның өзбек еліне қарай ауғаны, сол жақта көз жұмғаны белгілі болғанмен, ақынның жатқан жері, қабірі осы уақытқа дейін белгісіз болып келген-ді. Ал жақында осы ақиық ақын, ғұлама ғалымның қабірі Өзбекстаннан табылды. Оның қалай табылғанын түсінікті болу үшін басынан бастап баяндайық.
«Қазақ» радиосының редакторы, белгілі журналист Ғалым Есенсариев жерлесі Шәді ақын туралы қазақ радиосының эфирінде бірнеше жыл бұрын бір хабар жасайды. Сол хабар ел ішінде қозғалыс туғызады. Қызылорда облысынан телефон шалып хабарласқан Бектай Сүлейменов деген ақсақал Шәді төрені жақсы білетінін, тіпті жастау кезінде қабірін де көргенін айтады. Осыны естіген соң жарғақ құлағы жастыққа тимеген Ғалым Қызылордаға сапар шегіп, Бектай ақсақалмен сөйлесіп, тың деректерге қанығады.
Бектай ақсақалдың айтуынша, өзінің ағасы Жүсіпбек Шәдімен бірге Түркістан маңындағы Қарнақ медресесінде білім алған. Сол ағасы Жүсіпбектен естуі, ал оған Шәдінің айтуы бойынша, ақынды Аралда түрмеге қамайды. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын ақын таң бозында азан шақырса, түрме есігі өз-өзінен ашылып кетеді екен. Түрме бастығы қорқып, Шәдіні Барсакелмеске жер аудартады. Қуғында жүрген шал адамның сақал-шашы өсіп, үсті-басы кірлегенін көрген түрме бастығы - қазақ жігіттің жаны ашып, Шәдіні параходпен екі күнге Аралға жуынып келуге жібереді. Қай үйге кірерін білмей сандалып келе жатса, бір-екі адам күбірлесіп, әлдене кітапты оқып отыр екен. Құлағын салса, өзі жазған «Сияр Шариф». Шәді ақын әлгілер қате оқыған бір-екі жерін түзеп жібереді. Әлгілер «Сен бізді түзейтін кімсің» деп шамданады. «Мен «Сияр Шарифті» жазған адаммын» дейді. Содан жаңағылар «Шәді ақын келді» деп қуанып, төрге шығарып қонақ етеді. Екі күннен соң параход түрмеге қайтып барса, ішінде Шәді жоқ. «Ақсақал мені алдапты ғой, енді қайттім» деп түрме бастығы қорқып үйіне келсе, аппақ қардай болып киінген Шәді ақын төрде отыр дейді. Сөйтсе, Шәдінің түскен үйі түрме бастығының өз үйі екен. Ата-анасы өтініш жасаған соң, түрме бастығы оны «өлді» деп акт жасап, қашырып жіберген. Шәді төре Өзбекстанға солай ауып кеткен.
Кейін Шәдінің артынан Жүсіпбек те жер аударылып Өзбекстанға кетеді. Бір күні Жүсіпбекке өзбектің бір баласы келіп, оны бір кісі шақырып жатқанын айтады. Барса, бір керуен Самарқанға кетіп бара жатыр екен. Сол керуеннің ішінде қатты ауырып, хал үстінде жатқан Шәді Жүсіпбекті іздестіріпті. Жүсіпбек ақынның жолға жарамайтынын біліп, арба іздеп кетеді. Кештетіп келсе, керуен кетіп қалған. Сол жердегі адамдар Шәдінің қайтыс болып кеткенін айтады.
Кейін Жүсіпбекке Шәдінің моласын көрсетеді. Өзбектер басына тал еккен екен. Содан Жүсіпбек Шәдінің басына тас қойып, сол жерге еге болып жүреді.
Ашаршылық кезінде елде күш-қуат қайдан болсын, Шәдіні тізеден көміп кете салыпты. Арадан 25 жыл өткенде моланың бір шеті ашылып қалады. Сөйтіп, Жүсіпбек бар, сол ауылдың қариялары бар сүйегін қайта жерлеу үшін ашады. Сөйтсе, Шәдінің сақал-шашы мен тырнағы өсіп кеткен. Денесі 25 жылда бұзылмастан сары тап болып жатыр дейді. Құранды көп оқыған адамның ішіне Құран түсіп кетеді де, денесі бұзылмайды деген сөз, сірә, рас болса керек.
Содан кейін Жүсіпбек Самарқаннан көк тас әкеліп қойып, белгі соғады. Хрущевтің жылымығы кезінде Жүсіпбек елге қайтады. Сыр бойында қартайып, дүниеден өтеді. Жүсіпбектің Сейітқасым деген баласы мен Бектай екеуі Өзбекстанға Шәдінің моласын іздеп барады. Таппай жүрсе, бір көктас көмулі жатыр екен. Қазып алып қараса, «Жиһангерұлы Шәді, 1933 жылы қайтыс болған» деп араб тілінде жазылыпты. Олар көктасты түзеп қойып, Құран бағыштап қайтады.
Келген соң Бектай Сүлейменов Шәді туралы мақала жазады. Өкінішке қарай, оны «Оңтүстік Қазақстан» газеті де, Қызылорда мен Жамбылдың облыстық газеттері де баспайды. Коммунистік қызыл заманның кері әсері. Одан бері де 30 жыл уақыт өткен...
Сонымен Бектай ақсақал бастап, Ғалым Есенсариев қоштап, біраз кісі жақында сауапты жолға шығады. Көңілде таба аламыз ба деген күдік бар. Құдай оңдағанда, Шәді ақынның қабірі Жызақ облысының Замин ауданында жай тапқан екен. Шәді ақынның жатқан жерін жергілікті тұрғындар «әулиенің» қабірі деп қатты құрметтейтін көрінеді. Өзбек жеріне бұрын-соңды аяқ басып көрмеген Ғалымның айтуынша, өзбектердің қонақжайлылығы қасында бүгінгі қазақтар жіп есе алмайды екен. Сапардың мақсатын білген өзбек ағайындар бұларды үйлеріне қондыруға таласқан. Бәрі сауап жинап қалмақ. Ала тақиялы ағайынның имандылығының, діншілдігінің арқасы. Сол ауылдың Қаныбек Хошмұратов деген молдасы Шәді төренің басына ие болып, талай жылдан бері Құран бағыштап жүреді екен. Қазақстаннан барғандар аяулы ақынның темір шарбақты қабірін тауып, Құран бағыштайды, сол елдің 30-40 адамын жинап шағын ас береді. Басына белгі қояды. Сөйтіп, Шәді ақын ортамызға оралғандай болып, көңілдері жай тауып қайтады.
Түйін:
Белгілі күйші Файзула Үрмізовтің айтуынша, 1938 жылы жазда үйіне атақты ғалым Әлкей Марғұлан келген. Мақсаты Шәдінің қазақ шежіресін жазған қолжазбасын табу екен. Өкінішке қарай, қолжазба табылмайды. Ал енді Бектай Сүлейменовтың қолында Шәдіден қалған өте құнды дүние бар. Ғалым оны қолымен ұстап, парақтап көрген. Екі-үш түрлі сиямен маржандай етіп әдемі жазылыпты. Жақсы сақталған. Бірақ ескі араб әріптерімен жазылған соң оқып көруге ешкімнің сауаты жетпеген. Бұл кітапты Шәді шәкірті Жүсіпбекке берген. Жүсіпбектен Сейітқасымға, одан Бектайға өткен. Бұл Шәдінің шығармашылығын зерттеушілерге таптырмас дерек. Бәлкім бұл қазақтың аяулы ақыны Шәді Жәңгірұлының ең соңғы өлеңдері, мүмкін Әлкей Марғұлан қолына түсіре алмаған қазақ шежіресі де болуы мүмкін. Ал Шәді ақынның басына, туған жеріне ескерткіш қою, есімін, шығармашылығын қайта жаңғырту, бұл - кезек күттірмес дүние.
"Айқын" газеті