Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 6748 0 пікір 10 Мамыр, 2017 сағат 19:39

Айжарық Сәдібекұлы. Соғыстан қайтқан солдат

Деректі әңгіме

 

...Соғыстың тынғанына екі жылдан асты-ау деймін. Күзде мектепке қабылданатын жасқа толған кезім. Құрдастарым Өмірбек, Толыш, Ақбай, Айғара, Жарылқасын, Медеубай, Әбілғазы, Смадин, Қызай, Қалқаман, Бектұрсын бәріміз: «алақай, биыл мектепке барамыз», – деп қуанып жүрміз. Кеше ойынның қызығымен сілелеп шаршаған болуым керек, ұйқыдан кеш тұрдым. Жаздың қысқа түні ғайып болған, дүние жарық жамырап кетіпті. Төсегімнен дүниенің кезекті қызықтарынан құр қалғандай ұшып тұрсам, төрде иықтасып отырған екі жігітке апам шай құйып беріп отыр екен. Аққұбасын білемін, ауылдағы жетіжылдық мектептің директоры Рахыш ағай. Екіншісін танымаймын – бөтен кісі. Екеуіне сәлем бердім, әкемнің үйреткені бойыншы ассалаума әликүм деп. Жуынып келіп дастарханның шетіне отырдым. Бөтен кісі: «Атың кім, кімнің баласысың?..» – деп мені «тергей» бастады. Айтып бердім. Оған да қанағат тұтпай «жеті атаңды айт» деді. Шұбырттым. Нағашыларың кім деді, айттым. Қанағаттанды-ау деймін: «О... о, маған ұсаған екенсің, жаман жездеме тартып кетпей...» деп тұла бойы түгел селкілдеп күлді.

Бұл жігіттің отырғандағы бойы маған түрегеліп тұрғандай көрінді. Апама айтып отырған әңгімесінің жалғасы болу керек: «...Бір уақытта есім кіргендей болды, айналама сер салғанымда, мына қолым анадай жерде шоршып жатыр екен, апа! Содан шошындым-ау деймін, қайтадан талықсып кетіппін...» деп үндемей төмен қарап отырып қалды. Сонда байқадым, бір қолы жоқ екен. Денем тітіркеніп кетті. Соғыстың сұмдығын көріп, қан кешіп келген Рахыш ағай да күрсінді. Соғыс құрдымына бір анадан туған екі інісі мен үш қайнысын берген қамкөңіл апам қайбір жетісіп жүр, көзінің жасы құйылып жүре берді...
Теңіз төрінен оралған әкем балдыздарымен апақ-шапақ болып қалды. Ана бөтен кісі түрегеліп әкеммен құшақтасып амандасқанда байқадым, Құдай бойды берген-ақ екен, біздің жаман қақыраның төбесін тіреп тұра қалғандай болды. Қапсағай денелі, сылыңғыр қара, кескіні сұсты. Сыңар қолымен көтергенде, әкемнің аяғы жерден көтеріліп кетті.

Апам інілеріне семіз жайынның сүбелігінен қарма асқан екен, көк май. Дәмділігінен-ау деймін, екеуі тыңқиып тойғанша сылқытып соқты. Оның үстіне Әкем: «Жаманнан жарты ас қалады болмасын. Бекіре, қаяз, жайын ауға көп түсе бермейді. Сендерге бұйырған шығар, алыңдар. Дүйсемнің апай төстеріне бір қазан қарма деген не тұрады...» деп күліп, әзіл қашырып отырды (Дүйсем тайпасы – әкемнің қайын жұрты).

Кетерде екеуі: «Биыл күз мектепке барады екенсің. Мынаған кітап, дәптер, бояу, карандаш сатып ал» деп, қолыма ақша ұстатты. Арттарынан қарап тұрғанымда көзім түсті, ана кісінің бір аяғының да кінәраты бар екен. Сылтып басады.
– Апа, ана кісі бізге кім болады? – дедім.
– Нағашы ағаң болады.
– Кім деген нағашым?
– Мырзалы деген нағашың.
– Қайдан келген?
– Ауаннан келген. Жүсіп деген нағашыңның баласы. Мындағы ағайындармен дидарласайын, үлкендеріне сәлем берейін деп келген ғой. Алла жанына жамандық бермегей де... – деп, апам ауыр күрсінді.
Менікі білсем деген кәдімгі сәби көңіл ғой. Құлағым күңгірлегендей ме: «...Мына қолым анадай жерде шоршып жатыр екен...». Денем тағы да тітіркеніп қоя берді...

* * *

Сондағы сол дидарласудан кейін арада жеті жыл судай ағып, желдей есіп өте шықты. Мен Көкарал жетіжылдық мектебін беске бітірдім. Жасым он төрт жарымда. Тамыздың соңғы аптасында апам мені біздің ауылдан алпыс шақырымдай жердегі Ауанға алып барды. Оқуымды сондағы онжылдық мектепте жалғастыруға. Ауан ауылы Көкарал түбегінің екінші кесебасына – күнбатыс беткейге қоныстаған екен. Бұл жерге табаным бірінше рет тиіп тұр. Ешкімді танымаймын. Апамның төркін жұрты – дүйсемдер бұл ауылда да бар екен. Мені ерітіп жүріп бәрімен таныстырғасын ауылға қайтып кетті.

Ауанда өткен үш жыл. Мен орта мектепті ойдағыдай бітірдім. Мақтанғаным емес, жақсы оқыдым. Осындағы көбірек үйірсектегенім Жүсіп атамыздың үйі болды. Бір себеп: Үмбетырза деген баласы менен бір класс кейін оқыды. Бір жас кішілігі болғанымен соқталдай ірі, қатарласып тұрғанда менің жасым одан кіші сияқты болып көрінер еді. Екеуміз бір-бірімізге іш тартамыз. Демалыс күндері кешкілік кездесіп тұрамыз. Менде ретсіз ойын деген болмайды. Жатқан үйімнің шаруасына көмектесемін. Екінші себеп: басқа нағашыларыма қарағанда, бұл үйден қарағым-шырағым, айналайынды көп есітимін. Ол әрине кең қолтық, кең пейіл Жүсекемнің ықыласынан ғой.

Бала болсам да байқадым және әкемнің құлағыма құйып айтуынан да болар, әкесі Жүсіп те, баласы Мырзалы да бұлты бар адамдар екен. Әкелі-балалы екеуімен кім-кімің болса да санасады екен. Арғы аталарынан бері өнген-өскен және Алланың ықыласынан құр қалмаған әулет. Өтеулі – Тасым бір туған. Өтеуліден – Жақып, одан немересі Мырзалы. Тасымнан – Ажығұл, одан менің нағашы атам Демесін. Бір-бірімізге бөтендігіміз жоқ. Бұл әулетте сол арғы Қоңыр аталарынан үзілмей келе жатқан бір дегдарлық бар.

Ал майдангер Мырзалы болса, ауыл-аймаққа сыйлы болған ата-бабаларының асыл қасиеттерін жарық дүниеге ала туған-ау деймін. Жағдайына қарасаңыз, кәдімгі майдан мүгедегі. Үкімет пен партияның өзі «бірінші топтағы мүгедек», – деп қолын қойып, мөрін басып, қан майданның қасапханасынан елге қайтарған. Қол анау, аяқ анау: жүргенде салмағын сау аяғына түсіріп жүреді, тұрса да салмағын сол сау аяғына түсіріп тұрады. Мырзекең бірақ он екі мүшесі сап-сау кейбіреулердің қосағы еріне қараса, ері жерге қарайтындар санатынан емес. Бітім болмысы бөлек, көптің ортасында кісінің көзіне алдымен шалынады. Мырзекеңді сау адамдармен салыстырғанда, бүкіл ғұмырын ерлікпен өткізді деуге әбден болады. Оның өмірі бейнетке толы болды. Сол сыңар қолымен, сол жаралы аяғымен қимылдағанда жойқын еді. Бір күні там төбесіне сыңар қолымен балшық атып жатқан үстінен түстім. Аузым аңқиып қарап қалыппын. Қайраты атан түйені алып ұратындай әбжіл қимылдайды екен.

Ол кезде (ХХ ғасыр ғой, 50-жылдардың екінші кезеңі) жердің мойыны қашықтығынан және бүгінгідей шұбырып жатқан машина деген көліктің жоқ есебі, теңіз түкпірінің жағалай ықтасын қуыс-қолтығын паналап отырған балықшы ауылдарына аудан орталығынан көмір жіберіп тұру үрдіске айнала қоймаған. Жергілікті жұрт отынға нар қамысты араластырып малының тезегі мен жыңғыл жағады. Мырзакеңнің ізінен ерген қара-құралары әлі жас. Көмекке жарайтыны жалғыз Үмбетырза ғана. Оң жақтағы әкесінің, сол жақтағы өзінің үйінен келімді-кетімді кісілер арылмайды. Бұл әулет о бастан қонақжай, қазан-аяғы оттан түспейді. Бұл ыңғайда отын-су екі үйге де керек. Аққұмдағыдай емес, Ауанның жерінен тұщы су шықпайды. Сондықтан, тұрғындар балық зауытының мұзқаласынан шұбырып мұз тасиды. Нағыз суы сорғалаған ауыр бейнет. Сорыққан шыны мұздың суы нәрлі болады, асқазанға жағымды. Қыста малдарын да сол мұздың суымен суарады, мал іш тастамас үшін әйдік қазанның астына түтінін бұрқыратып от жағып, жылытып береді. Сондай бейнет. Мырзекең соғыстан кейін қосылған Ұлмекен жеңгемізбен екеуі бір-бірімен селбесіп жүріп сондай батпан бейнетті көрудей-ақ көрді.

Мұзқала дегеніміз жерді қазып салынған өте терең алап, іші даладай, түйелер еркін жүреді. Төбесі қалың қымталған, шілдеде күн қызуы өтпейді. Ішін төртбұрыштап ойып алған қалыңдығы екі-үш кереқарыс теңіз мұзымен толтырады. Халықтың әрі ауыз суы, әрі жазда балықты сонда тоңазытып сақтайды. Мұзды шаналарға тиеп атан түйелермен тасиды. Өте ауыр жұмыс – мұзқаланы күн жылығанша толтырып үлгеруі керек. Жатқан бір жанталас. Қыста Ауан елі мұзқаласын барынша толық толтырып алмаса, катастрофа дегеніңіз сонда болады. Жұмысшы бейбақ сондықтан да өлген-тірілгендеріне қарамай жанталасады.

Жалпы ол кездегі адамдарды Алла арылмас бейнетке бола жаратқандай еді. Жұмыстың бәрі күшке түсетін, қолмен атқарылады. Елді мекендерде мал ұстамаса күн қараң, иығыңды жаңартып киіне алмайсың, көйлек-көншегің бүтінделмейді. Соғыстан кейінгі жылдардағы шық бермес сараңнан сұрап алғандай жартымсыз жалақы жыртығыңды бүтіндеуге жетпейді. Барыңды сыпырып алған соғыстың кесірінен еңсесі түскен халық кеудесін тіктеп күнкөру үшін не істемеді. Сол кездегілер де қазіргілердей өз күндерін өздері көрген. Өкіметтің жоспарлы жұмысы мен өзінің күнкөріс бейнеті екі жақтап қысты. Соған көніп төзді. Малы үшін жазда маңдай терлерін сорғалатып жүріп өрістен қара шөпті шалғымен жайпап, теңіз қолаттарынан жасыл майса қауылдырығын жалбыратып пішен орды; күзде отынға деп жыңғыл, қыста көкше мұзға шығып қамыс шапты. Бәрі тіршіліктің, ұрпақ өсірудің қамы.

Сондай бейнетқорлардың ортасында аяулы жары Ұлмекен жеңгемізді жанына алып Мырзекең де сабылып жүретін. Бұл кісі жұмысты ауанымен жай істеу дегенді білмейді. Шамасы бойдағы бұлқынған күш-қайрат шыдатпайтын болса керек, қара жұмыстың қандайын болса да бұрқыратып, жапырып жайғайтын. Сол сыңар қолымен бәрін істейді: қамыс та, қара шөп те, пішен де, жыңғыл да Мырзекеңнен қалған. Жаз, күз, қыста орғандары мен шапқандарын қораға тасып алудың да бейнеті шаш етектен. Мырзекең жаз қара шөп пен пішенді, күз жыңғылды, қыста қамысты екі түйеге ыңыранта арытып, жеңгемізді түйедегі отының үстіне мінгізіп, өзі атының үстінде ырғалып келе жатқаны. Әкелген отынын қорасына тасуға біз жабылып көмектесеміз. Қора-қопсылары да кең, отыны, шөбі үйіліп жатады.

Біз жоғары кластарда оқып жүргенімізде үш ауыл – Аққұм, Ауан, Ақбастыда бес жүздей отбасы болды. Солардың бірінің күнделікті тіршілігі поштамен байланысты. Мырзекең әлгіндей бейнетті кешіп жүріп өкімет берген қызметін де үлгіртті. Бес жүз үй және мекемелер: екі колхоз, бір балық зауыты, екі ауылдық советтің кеңселері, үш мектеп (бастауыш, жетіжылдық, орта), тұтыну кооперациясы, тағы басқалары. Ал Мырзекең – жалғыз, тек пошта таситын көмекшілерімен ғана селбеседі. Жұмыс десе жанып түсетін Мырзекеңнің қашан зейнетке шыққанынша тынымы болған жоқ. Жыл сайынғы жиырма төрт күндік заңды демалысының шырайын шығарып демалған емес. Халыққа ақ-адал көңілімен, арымай-талмай атқарған адал қызметімен жақты.
Сөйтіп жүріп сыңар қолымен жел-құздан қорықпай теңіз өріне шығып кетіп құс атады, балық аулайды. Өйткені, бұл бір сәтке де қарап отыра алмайтын, уақытты босқа өлтіруге жаны қас, өмір ағымына белшесінен бейнетке батып ілескен, кейбіреулер сияқты бос күнін бекер босқа өткізбеуге өзін өзі үйреткен бейнетқор жан еді. Кім білген, бойдағы бұла күш тыным таптырмайтын да шығар талпындырып. Бұла күш дегеннен шығады, бір оқиғаны Мырзекеңнің туыс інілерінің бірі Амандық Исаев ылғида есіне алып, айтып отыратын. Соғыстан кейінгі жылдар ғой.

Қазақстанның маңдайына біткен жалғыз университетінде оқитын студент Амандық қысқы каникулда Ауанға келеді. Қайтарында ат тауып беріңіз деп Мырзекеңе барады. Ойы атпен Аққұмдағы ауылға жетіп алмақ. Одан әрі Арал арқылы Алматы барады.
Мырзекең ер-тоқымымен жарамды ат тауып беріп, аттандырып салады. Әбекең дала жолын бұру көріп (шынында едәуір бұру болатын), мұздың үстімен сыдыртып кете барады, «Аққұмдағы ауылға апаратын ұлы жолға бір ыңғайлы иіннен шығармын» – деп. Қыста теңіздің қатпайтын ойдымдары болады, бетін қар басып жатады, сол ойдымдарды балықшылар жылым дейді. Әбекең әндетіп келе жатып сондай жылымның біріне гүмп береді. Аттың жарамдылығы ғой, жүзгеннен жүзіп отырып жылымның шетіне жеткенде алдыңғы қос аяғымен мұзға асылып ұмтылғанымен үстіне шыға алмайды. Артқы қос аяғында тіреу жоқ. «Өлген жерім осы шығар» дейді иманы ұшқан студент, көзі алақандай болып. Бар бітіргені «аттың құлағына су кетпесін» деп, жүгенмен басын тартып тас табандап тұрып алады. Қашанғы тұрады, үсті су-су.

Бір мезетте бір атты кісінің көз ұшында қарды бұрқыратып келе жатқанына көзі түскен. Бері қарай салған сияқты. Жақындай бергенде байқады, Мырзекең екен. Студент қуанғанынан жылап жібере жаздаған. Мырзекеңнің соңында қар үстімен сызық сызып келе жатқан бір сүйретпесі бар екен. Қайықты суда жүздіретін кәдімгі таяу. Мырзекең келе сол таяудың бір ұшын судағы аттың бөкселік қолтығының астына тығып жіберіп, екінші ұшын еңкейіп тұрып иығымен серпіп жібергенде, жануар, мұз үстіне көз ілеспес жылдамдықпен шыға келген, дүр-дүр сілкініп. Бұл не деген күш?! «Егер сол оқиғаны басқа біреу айтса, қайдам, сенер ме едім, сенбес пе едім...» – дейді, Амандық.

Әрине ғой. Құдай сақтаған. Егер студент бала әлгіндей жағдайға алыс қиырда тап болса, атымен қоса өлгені ғой. Абырой болғанда, Мырзекең баланың артынан қарап тұрған екен. Бүйірдегі қара жерге табандары тигесін отты лаулатып жағады. Студенттің бір киерлерін кептіргесін атқа қайта отырғызып, қара жолға салып жібереді. Сөйткен Әбекең оқуын аман-есен бітіріп келгесін қырық жыл мектеп майданында еңбек етті, үйлі-баранды, балалы-шағалы болды. Жарық дүниеде сексен екі жыл жасап, 2010 жылы озды өмірден.

Айта берсек, иманды болғыр Мырзекеңнің табиғи жаратылысы қызық еді. Күн демалыс болатын. Үмбетырза екеуіміз қораның күншуақ жағына шығып Ұлмекен пісірген тәтті тоқаштан күйсеп тұрғанбыз. Бір уақытта біреудің:
– Анаң қара! Анаң қара! – деген дауысы шықты.

Ойпыр-ай, сонау жерде, кеңінен көсіліп жатқан ақ жазықта екі ит бір түлкіні не оңға, не солға бұрыла қашуға шамасын келтірмей, қос қапталдан қыса ұшыртып келеді екен. Артында атты адам, ол да қиқулап шауып келеді. Мырзекең! Содан ана түлкіні қос тазы қыспаққа алумен айдап әкеліп қораға кіргізіп жіберді де, қораның есігі алдына жатып алды. Қарды құйындатып шауып Мырзекең де жетті. Атынан аяқ-қолы түгел адамдай дік етіп түсе қалды...
Енді ойлаймын ғой: «не деген ақкөздік, не деген жанықас жаратылыс» деп. Я, келісті ат, ұялас тазылар Мырзекеңде де болды. Қансонарда өріс-өріске шығандап шығып кетеді, тазыларын ерітіп. Қанжығасы бос қайтпайды: қоян, түлкі, қарсақ алады, кейде қасқыр соғады. Қасқыр соққан Мырзалыға әлгі түлкі не тұрады, ай далада қамшысымен бір тартқанда, сеспей қатар еді. Жоқ, Мырзекеңе бір ой келді де, түлкіні шыбын жанын шырқыратып ауылға айдап әкелді. Сөйтпесе, алкеуде Жүсіптің Мырзалысы бола ма?

 

Я, бізге қызық керек. Ал Мырзекеңе ше? Бір аяғы кем, бір қолы жоқ, сыңар қолымен атқа мініп арындап шабады аң қуып. Елсізде құлап қалып жазым болармын-ау деп қорықпайтынына қайран қаламын. Кім білген, жүрегінің түгі бар шығар. Мықтының аты – мықты ғой.

Осындайда ойды ой қозғайтыны бар. Черчиль деген ағылшындық сұңғыла саясаткер: «Мұратқа жету үшін қанды да, терді де, жасты да төгу керек» деген екен (Қазақ тіліне тәржімалаған Асқар Сүлейменов). Әлбетте солай. Мемлекеттік мүдде үшін де, сол мемлекетті қорғайтын адамдардың жеке тағдыры үшін де. Осы ыңғайда саясатқа салып айтар болсақ, кешегі ХХ ғасырдың алғашқы ширегінде туғандар Черчильдің айтқанындай бәрін көрді, 1900–1960 жылдардың аралығында. Қан дейсіз бе? Айтарыңыз не, оны Мырзекеңдердің буыны он сегіз жасқа толар-толмас бозбала кезінен-ақ көрген.

Тер дейсіз бе? Бұл буынның бағзы замандардағы бабалары бес бірдей Франция мемлекеті еркін сайып кететін мына далиған даламызды жан-жақтан анталап қамаған көп дұшпаннан қорғау жолында тақымдары бір кеппей-ақ өткен бұл өмірден. Майданнан қан кешіп келген Мырзекеңдердің буыны да бүлініп қираған, барынан айырылып қалжыраған елдің есін кіргізіп, еңсесін көтереміз деп өле-өлгенше қанын ішіп, терін төгумен өтті өмірден.
Көз жасы дейсіз бе? Ағылшынның ғана емес, қазақтың да көз жасы талай-талай көл болған. Әсіресе, Мырзекеңдердің буыны. Бұлар тарихымызда қара таңбасы қалған, халықты қынадай қырған екі бірдей аштық аранынан да, екі бірдей сұрапыл соғыстан да шет қалған жоқ. Өмір бойы көрген бейнеттері мен шеккен азаптары өз алдына таусылмайтын жыр-аңыз. Бұл нендей тағдырлар еді?!

Оларлың қоғамға бергені көп те, алғаны аз болды. Ең сорақысы сол, еркін жүріп-тұра алмады, бірде жетіп, бірде жетпей жататын тұрмыс тапшылығын молынан көріп, тоталитарлық тәртіптің қыспағында ғұмыр кешті. Бұл буынның аталарынан арда туған Мырзекеңдей сайыпқырандары өмір өткелдерінің ауыртпалығына қасқиып қарсы тұрды. Жүздерін термен жуа жүріп мұраттарына жетті, ұрпақтарын да мұратына жеткізді. Аллаға да, бүкіл адамзатқа да аян, олар бүкіләлемдік екінші жанкешті шайқаста жеңіске жетіп, біздің бүгінгі тәуелсіздігіміздің іргесін қалап беріп кетті. Тақыр жерге шөп шықпайтыны рас болса, іргесі жоқ елдің дербес мемлекет бола алмайтыны да рас. Орны бар ғана оңала алады. Егер 1945 жылғы жеңіс болмаса, кім білген біздің тағдырымыздың қалай боларын?! Бізді осы күнімізге жеткізгені үшін де ардақтаймыз аға буынды. Ардақтау – парыз.

* * *

Сайыпқыран Мырзекең бұл дүниеден алда қашан озды. Ал менің көңіліме нар тұлғалы нағашым теп-тегіс ақ жазықта сол баяғы ұшқыр атымен сол кездегі қалпында Күн астына қарай қалың қарды кешіп, бұрқыратып, құйындатып шауып бара жатқандай болады да тұрады. Иманды болғыр сол жарықтық, бүгінгінің белгілі ұзаны, талантты ғалым, болмысы биік Берік Жүсіповтің әкесі еді.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3244
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5397