Әзімбай Ғали. Қазақтың құрамында жоңғардың қаны бар
Қазақтың құрамында жоңғар қаны бар. Найманның ішінде және басқа да қазақтың тайпалары мен руларында жоңғар компоненті аз емес, ал кейбір өлкелерде өте көп. Тарихи шындық үшін бұл сырды ашатын кез келді.
Менің әжем Гүлжәмилә (мен ол кісіге шөберемін) маған мынаны айтқан еді: "Аталарымыз жоңғардың басынан бақ тайған тұста жоңғар жайлауларын аралайтын болыпты. Аттан түспей-ақ, бала көрсе бетіне қарайды екен де, егер де бала өкпе ауруымен ауырмаса (ол уақытта туберкулез көп кездеседі) алып кетеді екен. Бұл сол тұстағы сол замандағы жоңғар-қазақтың кәдуілгі тіршілігі: біреуіне - ұл (Нәресте өлімі көп болған. Әсіресе, ұлдардың шетінеу көрсеткіші жоғары болды), біреуіне - қалыңдық жетпейді, сол керектерін жоңғардың жайлауынан өңгеріп әкеледі екен. Сөйтіп туысқандарын қарқ қылатын көрінеді.
Кейбір жағдайда төрт-бес жоңғар жігіті пана сұрайды екен, оларды қазақтар қарсы болмай қабылдаған. Тағы бір жағдайларда жоңғарлар қазақ ішіне ру болып қосылғаны жайлы деректер кездеседі. Қытай мен қазақ жоңғарды тықсырған тұста Қытай тарапы оларға геноцид жасап, бір миллион халықты қырып жіберді. Сол геноцидтен қашқан жоңғардың көбі қазіргі Қырғызстан мен Қазақстан территорияларына қашып барып, қырғыз бен қазаққа сіңіп кетті.
Олар қазақ батырларының протекциясын алған. Олар кейін номиналды түрде ислам дінін қабылдаған, кейін қазақтанған.
Мәселен, қазіргі Жетісуда-Сарқан, Қарасай, Қаскелен аудандарында қалмақ- жоңғарлар ауылдары ұшырасқан. Олардың бір бөлігі христиан дінін қабылдап, казачество құрамына да кірген.
Ең көп қалмақ сіңген - қырғыз өлкелері. Менің ағам, белгілі ғалым Сәкен Дәрженов марқұм айтушы еді: "Менің тегім қалмақ" деп. Қырғыз ішінде қырғызданған қалмақтар тегін жасырмайды. Бір кезде олардың бір тобы тіпті қырғыздарға өкпелеп, Ресейдің Қалмақ өлкесіне көшпек болған. Қазақ қалмақпен көп соғысқан, сонымен бірге анда-құдалық қатынастар да аз болмаған. Хақназар ханның кезінде қалмақ хандығы қазаққа бодан болған. Себебі үш-төрт ғасыр тек соғысу, соғыс жағдайы тым ұзақ болу мүмкін емес нәрсе.
Біздің тарихшылар бұл мәселені індете зерттеуі керек деп ойлаймын!
Abai.kz