Алматыда «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті
Алматыда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған міндеттердің бірі - «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жиында ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева аталған жоба әлемнің маңдайалды туындылары қатарына Тәуелсіздік жылдары жарыққа шыққан Қазақстанның мәдени құндылықтарын қосуға, сондай-ақ, болашақта оның әлемдік мәдениеттің бір бөлшегіне айналуына жол ашатынын айтты.
Іріктеліп алынған туындылар елімізде өмір сүріп жатқан барлық мәдениеттер мен ұлттардың ұлтаралық палитрасын қамтуы керек.
Осы сала бойынша құрылған жұмыс тобы мәдени туындыларды іріктеу бойынша ұйымдастыру жұмыстарын жүйелеуді бастамақ. Жұмыс тобының мүшесі ғалым Ерлан Сайыров «бұл жоба халық арасында әлеуметтік оптимизмді тудырады» деген пікір айтты.
«Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» атты жобаның бірінші отырысы өтті. Бұл жердегі негізгі мақсат - барлық шығармашылық орталық өкілдерінің басын қосып, Елбасы міндетін жүзеге асыру. Ол міндет - келесі жылдан бастап, Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тілінде қазақ тілі, әдебиеті, мәдениеті, өнер, театр, кино саласы бойынша үздік туындыларды халықаралық деңгейге шығару. Бұл жоба халықтың арасында әлеуметтік оптимизмді тудырады. Сонымен қатар, болашақта Қазақстанның стратегиялық ресустарын жасайды деп ойлаймын. Өнер саласында жұмыс тобы құрылды, сол жұмыс тобы аясында сарапшылар құрылады. Сарапшылар тобы шорт-парақ арқылы жұмыс істейді. Нақтырақ айтқанда, Қазақстандағы өнердің 4 бағыты бойынша, ең үздік туындарды жинайды. Сосын, осы жылдың екінші жартысында бүкілхалықтық талқылауға ұсынылады. Талқылаудан іріктелінген шығармалар мемлекеттік комиссияға жіберіледі», - деді жұмыс тобының мүшесі, саясаттанушы Ерлан Сайыров.
КСРО және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Любовь Шашкова аталған жобаның басты мақсатының бірі қазіргі Қазақстанның авторлары мен шығармаларын танымал ету екенін айтты.
«Әлемде басылып жатқан, театр сахналарында қойылып жатқан, музыкалық алаңдарда орындалып жатқан корифейлерімізді танимыз, классикамызды, ұлы фольклорымызды білеміз, ал Қазақстанда тәуелсіздік жылдары қандай туындылар жарыққа шықты, жастар не жазды, міне, осыны таныту - міндет», - деді ол.
Жиында заманауи мәдениеттің үздік үлгілерінің тізбесін жасау үшін жұмыс тобына қажет іріктеудің нақты критерийлері айтылды. Нақтырақ айтқанда, біріншіден, туынды Қазақстанның тәуелсіздігі кезеңінде дүниеге келген болуы шарт, екінші, қоғамда халық мойындаған, танылған авторлар болуы керек. Үшінші, жарық көрген туынды (кітап, фильмография, театр қойылымы, көрмелерге қатысу т.б.) қоғамда танымал болуы тиіс. Төртінші, туынды жаңашылдығымен, бірегейлігімен, зияткерлігімен, образдылығымен, ұлттық болмысымен ерекшеленуі тиіс. Бесінші, туынды жоғары кәсіби деңгейге, мәдени, әдеби талғамға, сахналық мәдениетке сай болуы қажет. Алтыншы, туынды зорлық-зомбылықты, діни араздықты, нашақорлықты насихаттамауы тиіс. Жетінші, іріктеу кезінде Қазақстан аумағында тұратын барлық мәдениет өкілдері, ұлттық палитра ескерілуі қажет.
Айта кетейік, туындыларды іріктеу 3 кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Туындыларға тиісті сараптама мен іріктеу жүргізілген соң, жұмыстардың тізімі жұмыс тобының жалпы отырысында талқыланып, Ұлттық комиссияның қарауына, бекітуіне жіберіледі.
Абай-ақпарат