Сенбі, 23 Қараша 2024
Білгенге маржан 13965 9 пікір 19 Мамыр, 2017 сағат 11:05

Буынды дұрыс бөлмей қазақ тілін терең біле алмаймыз

Адамның жасағандары мүлтіксіз болуы мүмкін емес. Жазуды да адам жасайды, демек ол да осындай тағдырдан қалыс бола алмайды, теорияларды да адамдар құрастырады, сондықтан тілге  қатысты теориялар да сын көзбен қарап, толықтырып отыруды қажетсінеді.

Қазақ тіліне жүргізілмекші болып жатқан реформаның жай ғана әріп ауыстыра салу емес екендігі бізге түсіндіріліп келеді. Санамызға сіңісті болып қалған кейбір ұғымдардың икемге көнбей, сол реформаның аяқ алысына әжептәуір шырмау болатын тұстары да аз емес .

Солардың бірі Қазақ тіліндегі сөздерді буынға бөлу әдетіміз.

Қазіргі Қазақ тілі теориясы бойынша сөздер буынға былай бөлінеді: «өсті – өс - ті, өсір – ө - сір». «өсті» сөзіне келгенде «өс» етістігіне «-ті» жұрнағы жалғанып тұр деп түсіндіруге болады, ал «өсір» сөзі «ө-» және «-сір» сынды мағанасыз бөлшектерге бөлініп қалып тұр. Сөздерді буынға бөлу барысында мағынасыз бөлшектерге бөліп тастау – тіл білімінің жетпек мақсатына мүлде қайшы. Сөздерді мағанасыз емес, мағаналы бөлшектерге бөліп үйренсек сөздердің құрылымы туралы түсінігіміздің тереңдей түсіп, тілдік негіздің берік орнауына орасан көмегі тиер еді. Мысалы:

«Бұлақ»: буынға «бұ + лақ» деп бөліп жүрміз. Ал морфология бойынша «бұл» және «-ақ» сынды екі мағаналық бөлшекке бөлінеді. «бұлшық» «бұлт» «бұлқын» сөздерімен салыстырар болсақ, мағанасы ұмытылып бара жатқан «бұл» деген көне түбір сөзді тауып аламыз. «Бұл + шық» – мәлім серпінділікке ие, қуатты; «Бұл + (е)т» – түйдек – түйдек болып, ойқастаған; «Бұл + қын» – меңгеруге көнбей еркіндікке ұмтылған... Сонымен «бұлақ» сөзінің түпкі мағанасы – мәлім қуаттың әсерімен жер қойнауынан түйдек – түйдек болып еркін дүниеге ұмтылып шығып жатқан... ... дегенге саятындығын аңғарамыз.

«Қатын» сөзі қазіргі әдіс бойынша буынға «қа + тын» болып бөлінеді. Егер сөздің мағаналық бірліктеріне маңыз берсек «қат + ын» деп бөлінеді де, «қат» сөзінің «қатар» «қатынасу» сөздерінің де түбірі екендігі еске оңай оралады, сонан барып «қатын» сөзінің түпкі мағанасы ашыла түсіп, «өзімен тең дәрежелес, қатар тұрушы; өзінің өмірлік істеріне қатынасып ортақтасушы» екендігіне көзіміз жетеді.

«Бала» сөзінің «ба + ла» болып бөлінуі де мағанасыздыққа апарады. Сол үшін бұл сөзді де «бал + а» деп бөлу керек. Сөз соңында келетін «-а, -е» жұрнақтары түбір сөзді әсірелеп, мағанасын үстеп тұратынын білеміз (ас + а, өр + е, өт + е ... т.т). «балшық» сөзіндегі «бал» түбірінің «құрғамаған, жұмсақ» деген ұғым беретініне сабақтастыра отырып,  «бала» сөзінің арғы тегі – үлбіреп тұрған, жас, жұмсақ ... екендігін болжауға болады.

Мұндай мысалдар өте көп...

Кез келген теория басқа теориялармен бір ізділік сақтай алғанда ғана, оны былайғы жұртқа ұсынуға болады. Қазақ тілі фонетикасындағы буын туралы теория қазақ тілі лексикасында, морфологиясында айтылатын ұғымдармен қабысып тұруы керек. «Жапырақ» сөзін «жа-пы-рақ» деп бөлу санамызға осы сөздің жай – жапсары туралы ешқандай бір тілдік білім сіңіре алмайды, сонан барып уақыт оза келе қазақша сөздердің нағыз мағанасын жете білмейтін, жатырқайтын, жөпелдемеде орнын тауып қолдына алмайтын күйге түсіп барамыз.

Бұл қортынды өзге тілден енген сөздерге қаратылмайды. Мысалы: «мектеп, рахымет, қасиет, махаббат, кітап...». Теория қазақ тіліне арналған жерлерде бұндай сөздерді (кірме сөздерді) Қазақ тілінің қисындарына салып түсіндіруге тырысудың, мысалдарға кірістірудің еш қажеті жоқ.

Уәлихан Ғабиденұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475