Сәрсенбі, 25 Ақпан 2026
Ақмылтық 215 0 пікір 25 Ақпан, 2026 сағат 11:33

«Орыс жаһандануы» деген не?

Сурет: Персона Страны сайтынан алынды.

Ең алдымен, ұғымды нақтылау керек. Әдетте бұл мыналарды білдіреді - орыс тілінің қоғамдық өмірде үстем болуы, ресейлік ақпараттық кеңістіктің ықпалы басым болуы, кеңестік тарихи-мәдени модельдің жалғасуы, саяси-экономикалық тәуелділік элементтері...

Бұл көрініс елімізде айқын басымдыққа ие. Конституция бойынша қазақ тілі — мемлекеттік тіл. Орыс тілі — ресми түрде мемлекеттік органдарда қолданылады. Қалалық ортада орыс тілі әлі де өте белсенді. Ғылым, бизнес, медиа саласында орыс тілінің салмағы жоғары. Постколониалдық теория тұрғысынан, Грамши айтқандай: «үстемдік тек күшпен емес, мәдени норма арқылы орнығады».

Қазақстанда орысша сөйлеу – «кәсібилік» белгісі, қазақша сөйлеу – кейде «провинциялық» стереотипке тіреледі. Бұл — мәдени гегемонияның қалдығы. Психологиялық аспект тұрғысынан, Фанон бойынша, отарланған элита көбіне отарлаушы мәдени кодын сақтайды. Оның басты белгілер-ойлау категориялары кеңестік/ресейлік, тарихи нарратив ресейлік дискурсқа негізделген, геосаяси қауіпсіздік түсінігі сол бұрынғы парадигмада қалып қойған..

Қазіргі «орыс тілді элита» кімдер? Кешегі кеңестік буын – 50 жастан жоғары қабат. Орыс тілді – табиғи интеллектуалдық ортада кеңестік модернизацияға оң көзқарас сіңіп қалған. Посткеңестік прагматиктер – бизнес, саясат, қаржы саласын басып алған. Мұнда орыс тілі – инструмент, идеологиялық негізі болмаса да, функционалдық-трансформациялық орнын сақтап отыр.

Міне сол себепті, мемлекеттік шешімдерде ұлттық эпистемология орын ала алмай отыр. Геосаяси тәуелділік жалғасып отыр. Тілдік тұрғыдан қоғам екіге бөлініп отыр. Бірақ, негізгі мәселе орыс тілінде емес, мәселе — сананың құлдығында жатыр. Жалпы, элита қабатының табиғатында прагматизм басым болады. Олар қазақша сөйлеуі мүмкін, бірақ бұрынғы кеңестік ойлау жүйесінде қалуы мүмкін, сол сияқты, орысша сөйлеуі мүмкін, бірақ ұлттық мүддені қорғауы ықтимал. Сондықтан басты мәселе — тілде емес, өркениеттік бағдарда жатыр, мемлекеттілік соған байланысты.

Сонымен, «орыс тілді элита» — бұл кешегі тарихтың инерциясы. Орыс мәдениетінің гегемониясының қалдығы. Бұл бірақ өтпелі кезең феномені. Бұл орыстардың толық үстемдігі де емес, бірақ толық жойылған құбылысы да емес. Эдвард Саид зерттеулерінде отарлық билік кеткенмен оның мәдени, тілдік, психологиялық ықпалы өзі өсірген кадрларда сақталатындығын айтып кеткен: «Тіл – биліктің ең ұзақ өмір сүретін құралы. Отарлаушы алдымен жерді емес, сананы жаулайды».

Қазақстанда да әкімшілік тіл ұзақ уақыт орыс тілі болды, ғылыми тіл орыс тілі болып қалыптасты, элита тілі – орыс тілі. Бұл – классикалық “тілдік отарлық” моделі. Фанон «Сана-ішкі отарлану» белгілері – өз тіліңді төмен санау, өз мәдениетіңді «артта қалған» деп менсінбеу, метрополия мәдениетін прогресс символы деп көру» деп анықтаған еді. Рас, кеңестік кезеңде қазақ қоғамында бұл элементтердің барлығы болды. Тағы да Антонио Грамши деген зерттеуші, мәдени гегемония ұғымын енгізді. «Отарлаушы тіл «қалалық мәдениет» символына айналады, карьера үшін де, білім алу үшін де – әлеуметтік баспалдаққа жол ашады. Бұл – гегемонияның классикалық формасы». Міне, орыс тілі біздің елде әлі сол «орыс жаһандануының» инерциясындағы элитаның тілі. Сондықтан оны реалды құбылыс ретінде қабылдауға тура келеді.

Енді елде деколонизация жүріп жатыр ма? Белгілері бар. Қазақ тіліндегі медиа күшейді, ұлттық тарих қайта жазылуда, кеңестік символдарға сын көбейді, түркілік және исламдық идентификация өсуде. Бірақ, ғылыми дискурс әлі орысша, қалалық элита толық қазақшаланбаған, ақпараттық кеңістік ресейлік басымдықта...

Постколониалдық теория бойынша ең маңызды мәселе бар. Бар мәселе тіл ауыстыру арқылы түзеле ме? Әлде сананың деколонизациясы қажет пе? Әрине, нағыз деколонизация, ол тек қазақша сөйлеу емес, қазақша ойлаумен басталады. Өзіңнің мәдени, өркениеттік, философиялық яғни ұлттық болмыстық категорияларыңды қалыптастырмайынша ол үдеріс басталмайды. Ол үшін өзіңнің эпистемиологиялық әлеміңді табуың керек.

Соңғы 10–15 жылда қазақ тілінің позициясы күшейіп, қоғамда қазақ тіліне сұраныс өсіп келеді. Бірақ ірі қалаларда орыс тілі әлі де әлеуметтік капитал ретінде сақталуда. Демек, орыс ықпалы әлсіреп жатыр деуге ерте. Ресейлік медиа өнімдері еркін. Кеңестік символдық мұра сақталған. Саяси тұрғыдан, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ мүшесі, ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мүшесі, бірақ бұл толық «орыстану» емес, «посткеңестік инерцияның интеграциялық кеңістігінде» қалуды білдіреді.

Досан Кенжетай

Abai.kz

0 пікір