БОЛЫП ЕДІ ОСЫНДАЙ ЖАН...
Арқалық қаласының көшесімен келе жатып бір шағындау үйдің қабырғасындағы ескерткіш тақтаға көзім түсті. Жақындаған соң қайта-қайта оқи бердім. Көңілім құлазып сала берді. Өзім тірісінде пір тұтатын Назарбек аға Бектемісов тұрған үй екен.
Сөз зергері Назекең кешегі киелі Торғай топырағынан шыққан от ауызды, орақ тілді, ерен жүйріктердің жалғасы болатын. Әркез сәті түскен сайын бар дүниені ұмытып, бар ықылас-пейіліммен ол кісіні тыңдау мұратым еді.
Сөз қадірін білмейтін шалағай бала кезімде төменгі сыныпта сол ағадан дәріс алдым. Ол уақытта әкесі Бектеміс атамыз да тірі еді. Парасатты, ұзын сақал-мұрты бар, өткір тілді, өлең шығаратын, емшілігі бар, ауыл-үйге сыйлы ақсақал болатын.

Араға ондаған жылдар салып, Назағаңмен 70-жылдардың басында кездестім. Ол уақытта бұл кісі аудандық газетте. Әбілқайыр хан мен Барақ сұлтан туралы “Хан мен жалау” атты поэма жазып жүр екен. Жиналған жерде әңгіме арасында сол дастанын жатқа айтып отырды. Бір сөзден бір сөзді балалатып тудырып, қара сөздің өзін ұйқастырып төгіп-төгіп жібереді. Қабаттасып сөйлеуге ешкімнің дәрмені жоқ, тек шешеннің отырысына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнері мен отты көзіне, сымбатты кескін-келбетіне аузын ашып, көзін жұмып тамсанған жұрт. Ағалап, алды-артын орап кішілік қызметімізді көрсеттік. Сол азғантай бірге болған уақыт армандай болып, кейін де ол кісімен үнемі кездесуді аңсап жүрдім. Сөйтіп, Назарбек ағаны пір тұттым.
1979 жылы Торғай облысының Амангелді ауданының Айдай-Сейтен деген жерінде облыстық шопандар слеті өтті. Назарбек аға да келген екен, іздеп барып, сәлем бердім. Әңгіме арасында аға “Ақшығанақ” атты жыр жинағына ел-жұрттың риза екенін екі-үш ауыз өлеңмен жеткізді. Неше алуан жүйелі әңгімелерді, терме, өлеңдерді, шежіре, тарихты желдей есіп айтып отырды.
90-жылдары Құмкешу ауылында кездестім. Кешке салым өзен жағасында отырсам, астында УАЗ көлігі бар Назекең келе жатыр. Бірталай отырып әңгімелестік, бұрынғыдай емес денсаулығы сыр бере бастағандай. Бұл асыл ағаны соңғы көруім екен.
Назекең жайлы, оның азаматтық қырлары туралы қатарластарынан үнемі сұрап отырамын. Баспадан жарық көрген материалдарын оқимын. Баласы Асқарбек ініміз әкесі жайлы естеліктер жазып жүр. Бұл әрине Назекеңдей тұлға үшін жеткіліксіз. Бүгінде сөз қадірін білмейтін, не жеткізіп айта алмайтын, не аталы сөзге қонақ беріп тыңдай алмайтындар көбейді. Компьютерге телміріп, шығарған дайын асты таңдамай, талғамай жұту етек алуда. Сөздің беделі кетіп барады. Жиналған жерде бос әңгіме, дау-дамай. Он адам бас қосса екі-екіден даурығып, не өздері дұрыс сөз айтпайды, не сөз тыңдамайды. Екі сөздің басын қоса алмайтын, қазақшасы жұтаң, шалақазақ көбеймесін десек, Назекең секілді тілді, сөйлеу шеберлігін арттыруды қолға алуымыз қажет. Тілді дамытайық деген құр сөзден гөрі, оны барша қазақстандықтарға үйренуді міндеттейтін нақты заң керек.
Халқымыздың қазынасы– ауыз әдебиеті мен шешендік өнер дәстүрін бүгінгі заманға дейін жеткізген Назарбек аға сынды шешендердің сөздерін жинап, сөз сөйлеу мәнері мен шешендігін насихаттап, жастар арасында сөйлеу дәстүрін қалыптастыруға болмай ма?! Сөз сөйлеу мәнерінен, қара сөз оқудан байқаулар өткізсе, жер-жерде дәстүрлі шешендік мектептері ашылса ұлттық тіліміз байып, дамыған болар еді.
Өзге аймақтарды айтпай-ақ қояйын, өзім білетін Торғай өлкесінде дүниеден сан алуан шешендер өткен. Солардан қаншама сөз қалды. Бірақ, бір ізге түсіріліп, жинақталып, сараланып, зерттелген жоқ. Соларды оқушыға жинақтап ұсынса “Мәдени мұра” бағдарламасына қосқан үлкен үлес болар еді.
Алда Назарбек Бектемісовтің 80 жасқа толар кезеңі жақындады. Арқалы ақын, тайпалған шешен ағамызды елеп-ескеру, ұтқыр сөздерін жинау бүгінгі ұрпақтың міндеті болса керек. Дуалы ауыз шешендер сөзі осылайша бүгіннен ертеңге жетіп жатса ұлтымыздың байлығы еселене түсер еді.
Шөптібай БАЙДІЛДИН. Арқалық қаласы.