Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Бәсе... 6726 0 пікір 30 Мамыр, 2017 сағат 12:37

Алматыда бір ұлың...

Abai.kz  сайтында өткен жұмада жарияланған «Баз кешіп кеткің келеді» сұхбатының ән-резюмесі ретінде берілген ақын Ибрагим Исаның өлеңіне жазылған Қадырғали Көбентайдың орындауындағы «Елге сәлем» әнін бұрындары естігенімізбен, бұл жолы, еркімізден тыс он қайтара тыңдағанымызды аңғармадық. Бәлкім, қазіргі уақытта өзіміз де жұмыс бабымен елден, жерден жырақта, өзге мемлекетте жүргендігімізден болар, көңіл күйіміздің пернесін ән мен мәтіннің айрықша үйлесімі бебеулетіп тұрып алғаны бар. Соның үшін де сазды, толқынды, тебіреністі әуеннің әсеріне ене отырып, оның мазмұнынан туған ой-тұжырымдармен осы ән арналған буынмен бөліскенді жөн көрдім.

Алматыда бір ұлы, болмаса бір қызы жүрмеген қазақ шаңырағы жоқ шығар, сірә. Бұл өзі әлемдік табиғи құбылыс. «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі»-ні айтқан біз емес, француз жұрты. Өйткені ұлт болып, елдігін орнатып, ендігі оның мәртебесін асырып, ықпалын арттырудың, саяси тілге салғанда халықаралық қоғамдастықтың бір мүшесіне айналудың көзге көрінбейтін мақсат-мүддесі елдің түкпір-түкпірінен есейген ұл-қыздарының «кетігін тауып қалану» үдесінде бәріне ортақ, бас қалаға бет алып, бойындағы білім-біліктілігін, қабілет-қарымын жүзеге асыруға ұмтылатыны табиғи құбылыс болса керек. Алайда туған ұядан түлеп ұшқан балапанды небір қауіп-қатердің күтіп тұратыны сияқты, ауылдан астанаға аттанған бозбала мен бойжеткенді алдынан құшағын жайып ешкімнің күтіп тұрмайтыны аян. Оның үстіне елдің егемендікке жеткеніне дейін қазақтың қалалары қатыгез де жат пішінге еніп, қазақтың өзін өзекке теуіп тұрғаны кеше ғана. Сондықтан олардың бәрі, шынтуайтына келгенде, жалғыз өскен шынардай, өкінішін шығармайтын ахуалға тап болады. Көз алдында жусаны мен жуасы бұрқыраған шағын ауылда әрбір адамы, ауласы, тау-тасы, өзен-суы таныс, ыстық һәм мейірімді мекенінде табаны жер үстінде нық тұрған оның енді үлкен, бөтен, бәсекелі әлемге келіп түскенде, арман-қиялдың жетегінде жүрген кездегі алып ұшқан көңілі басылып, жаны жүдей бастайды. Дәл осы кезеңдерде ең мықты деген түлектің өзі жанында дайын тірегі болмағандықтан, жүрегі шытынап, сағынышының сызығы тереңдей түсері кәміл. Бірақ алғашқыда  қанша жол тапай, шаршаңқырап, шашылса да, көңіл-күйін байқатпауы керек. Сәл босаса, сағы сынса, сонау мұны бәрі танитын ауыл-аймақ адамдарынан, немесе біразы өзі сияқты осы қалада жүрген құрбыластарынан ұят. Бетін аулақ қылсын, ертең әке-шешенің бетіне салық түсіруің де оңай.

Кейде ойлайсың, ал бар мұң-шерін, арман-мақсатын ақ қағазға ақтарған ағаларыңның кітаптары оған қапысыз көз жеткізеді, дүниедегі ең үлкен, ең терең, бәлкім, мәңгілік сағыныш – ауыл баласының сағыншы болса керек. Өйткені ауыл баласы ғана шыр етіп дүниеге келген, сезім-түйсігі қалыптасқан, оң-солын біліп, есейіп, ер жетіп, енді танып білдім-ау деген дүние жаратылысын жалқы сәтте тастап шығуға мәжбүр. Бұдан кейінгі ғаламның баршасы, тіпті, ол табыс пен мансапқа, бәлкім атақ-пен абыройға жеткізсе де, жан-дүние төрінен, жүрек түбінен орын ала алмайтын жат дүние болып қала бермек. Сол үшін де ол Алматыда, мейлі Лондонда, симай-ақ жүрмек, қара шаңырақтың түтінін, қара шәйнектің қоңыр шайын, қара домалақтарды қимай-ақ жүрмек. Сәтін салса, бүгін ұшып баруға дайын, иә мәселе сол сәтін сала бермейтінінде ғой. Кейде жүрерге жол таппай, қысқа жір күрмеуге келмей қалсаң да, көңіл-күйіңді байқатпауың, жә, қирамауың парыз. Күз көрген жапырақтай, жүдеген жаныңа жылу іздеуден қайыр жоқ, өйткені оны бәрібір таппайсың. Неге десеңіз, араласып сыйласатын досыңның бәрі алғашқы әсерде мықты көрінгенімен, анығында олар да тірі жанға тіршілік деп жүргендердің, жалына қоң біткеннің өзінде «байлық- бір жұттық», болмаса «көп асқанға бір тосқан» санатындағылар қатарында, анығы – олар да жалғыз!

Әлбетте, адам аласы ішінде, жылтырақтың соңынан кетіп, рухани, адами ұғымдардан айырыла бастаған өрісі бөтен, сөзі дарақы, күлкісі қатты жабайы ортаның орына түсеіп кететіндер де жетерлік, ендеше сен ішуге болмайтын ортада аңғармай қызып қалсаң, өкініштің үлкені сол болуы да жазмыш. Өйткені, болмысың бөлек болғандықтан, байлық пенен мансаптың құлына айналатын қуыс-кеуде пенделердің деңгейіне түсіп қалудан жүрегіңде өшпейтін сызық қалуынан сақтану қиын.

Өз-өзінен байланған осынау өтпелі ұрпақтың әр күн сайын, әрдайым жолға қарап ойланып отыруы хақ. Ал, сол жолдардың бірде қияға бастап, бірде құзға салуы да Жаратушының ғана ықтиярында. Бұл әннің көзге жас алдыратыны да содан...

Мұхтар Кәрібай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019