Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 4387 0 пікір 1 Қараша, 2010 сағат 10:17

ЖАС МАМАНҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУЫ ТИІС

Бірақ, уақытша қиындыққа олар да төзе білгені жөн.
Турасын айтқанда, өңірдегі медицина саласын сауықтыруды облыс әкімінің өзі жеке бақылауына алғалы бұл бағытта біраз ілгерілеушілік байқалады. Емдеу орындары жас мамандармен де, тәжірибелі дәрігерлермен де толығып келеді. Оларға пәтерлер де ұсынылуда, көтерме сыйақылары да берілуде. Әйтсе де, жаңа келгендердің де жергілікті жағдаймен санасқаны, кейбір қиындықтарға көндіккендері жөн.
ШЕБЕР ДӘРІГЕРДІ ЕШКІМ ДЕ ШЕТҚАҚПАЙ ЕТПЕЙДІ
Селекторлық кеңес күн тәртібіндегі бірінші мәселені кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ бұл бағытта бұған дейін берілген тапсырмалардың нақты орындалысы қатаң сұралатынын бірден ескертті. Жергілікті атқарушы билік сала мамандарына барынша жағдай туғызып жатыр. Ендеше, соның қайтарымын сұрайтын да уақыт жетті.

Бірақ, уақытша қиындыққа олар да төзе білгені жөн.
Турасын айтқанда, өңірдегі медицина саласын сауықтыруды облыс әкімінің өзі жеке бақылауына алғалы бұл бағытта біраз ілгерілеушілік байқалады. Емдеу орындары жас мамандармен де, тәжірибелі дәрігерлермен де толығып келеді. Оларға пәтерлер де ұсынылуда, көтерме сыйақылары да берілуде. Әйтсе де, жаңа келгендердің де жергілікті жағдаймен санасқаны, кейбір қиындықтарға көндіккендері жөн.
ШЕБЕР ДӘРІГЕРДІ ЕШКІМ ДЕ ШЕТҚАҚПАЙ ЕТПЕЙДІ
Селекторлық кеңес күн тәртібіндегі бірінші мәселені кіріспе сөзбен ашқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ бұл бағытта бұған дейін берілген тапсырмалардың нақты орындалысы қатаң сұралатынын бірден ескертті. Жергілікті атқарушы билік сала мамандарына барынша жағдай туғызып жатыр. Ендеше, соның қайтарымын сұрайтын да уақыт жетті.
Осы орайда денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, қазір облыста 288 дәрігер жетіспейді екен. Солардың ішінде 122 маман аса қажет саналады. Әсіресе, жас мамандардың ауылдарға баруға құлқы жоқ көрінеді. Мәселен, өткен жылы келген 20 жас маманның 16-сы қалада тұрақтап қалған. Әрине олар мұнда да қажет. Бірақ, ауылдағыларға да медициналық көмек көрсететін дәрігер керек емес пе? Егер өңірге келген мамандардың бәрі облыс орталығында қалатын болса, ауылдағылардың саулығын кім қорғайды? Қазір алыс ауылдардың шалғай мекендерінде де жақсы жабдықталған емдеу орындары ашылып жатыр. Соларда кім жұмыс жасамақ? Демек, облыс басшысының өздеріне келген жас дәрігерлерге жағдай жасау туралы аудандар әкіміне берген тапсырмасы жеткілікті орындалмай жатыр.
Мәселен, Қызылқоға ауданына келген мамандарға берілген үйлер өте ескі көрінеді. Тіпті, бірқатарына күрделі жөндеу де қажет екен. Жас маманға берілген бір үйдің ішінде бүрге жүр.
Осындай оралымсыздықты естіген Болат Асылұлы бірден аудан әкімін тікелей байланысқа шақырды. Ал, оның айтуынша, аудандағы үйлердің дені сонау 1970-1980 жылдары салынған. Көпшілігі күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал, жоғарыда айтылған ұсынылған үйге маманның өзі келіскен.
-Мұндай сылтау болмауы тиіс, - деді оған облыс әкімінің бірінші орынбасары, - жаңа үй салып бермей-ақ қойыңдар, бірақ қолдағы мүмкіндікті пайдаланып, сол баспанасын жөндеп беруге болмай ма? Оған көп күш керек пе? Олар мамандар емес пе? Біз алыс ауданға шақырғанда, тұрмыстық жағдайын жасауға уәде берген едік қой. Ендеше, облыс әкімінің тапсырмасы неге орындалмайды?
Мақат ауданында да жағдай аса оңып тұрған жоқ. Мұнда, денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өткен жылы барған екі маманның біріне берілген үйдің құжаты қате болып, енді ол сол баспанасын жалдап тұратын көрінеді. Әрі екінші маманға үй әлі берілмеген.
Бұл ретте аудан әкімі Сырым РЫСҚАЛИЕВ өздеріне екеу емес, төрт маман келгендігін және олардың бәрі де үймен қамтылғанын айтады.
-Сонда кімге сенуге болады, - деді осы орайда Болат Асылұлы, - денсаулық сақтау басқармасына ма, әлде аудан әкіміне ме? Неге деректер нақты жасалмайды?
Әйтсе де, сәл кейін белгілі болғанындай, қате құжат кеше ғана қалпына келтіріліпті. Аудан әкімі осындай уәж айтып құтылды.
Жылыой ауданындағы Қосшағыл елді мекеніне жұмысқа барған жас дәрігер онда үй болмаған соң Құлсарыға қайтып келіп,енді ата-анасымен бірге тұрып жатқан көрінеді. Бұл жайды аудан әкімі Рахметолла НҰҒЫМАНОВ та жоққа шығармады. Ал, тәртіп бойынша тек ауылға барған жас маманға ғана жеке баспана тиесілі. Құлсары қала болғандықтан, мұндай жеңілдік қаралмаған.
-Бірақ, о баста сол маманды селоға жібергенде қажеттілік болған жоқ па еді? - деді оған Болат Асылұлы, - ендеше, үй жоғын сылтауратып оп-оңай бас тартқандарың ба? Әлде өзге дәрігермен ауыстырдыңдар ма? Бір адамға ауылдан үй жалдауға мүмкіндік жоқ па еді?
Оның үстіне, биыл Жылыойға Атырау мен Ақтөбе қалаларынан келген қос маманға үй берілмей, олар пәтерлерін жалдап тұрып жатыр екен.
Құрманғазы ауданына соңғы екі жылда жіберілген үш маманның бірде-біреуіне баспана берілмеген. Аудан әкімінің міндетін атқарып отырған адам бір маманның қайда екенін білмей, екеуін ғана атайды. Сонда, аудан басшылығы өздеріне келіп жатқан мамандардың санынан хабарсыз ба? Енді сатып алатын үй іздеп әлек көрінеді.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Исатай ауданына соңғы екі жылда төрт маман келген. Олардың екеуі ата-аналарымен бірге тұратындықтан, баспанаға зәру емес. Ал, біреуіне жатақханадан орын бөлінген. Екіншісіне үй мәселесі әлі шешілмеген.
Аудан басшылығы өздеріне үш дәрігер келгендігін, оларға жеке үй алуға қаржы жоқтығын, сондықтан жатақханадан орын бөлінетіндігін айтады.
-Тағы қате деректер, - деді Болат Асылұлы ренішін жасырмай, - сонда кімге сенуге болады? Мен мамандардың санын текке сұрап отырғаным жоқ. Олардың әрқайсысы есепте болуы шарт. Өйткені, бәрі де баспанамен қамтамасыз етілуі тиіс. Әзірге жеке үй болмаса, жалдайтын мүмкіндік қарастыру қажет. Соған сәйкес қаржы бөлінуі тиіс. Егер мамандардың нақты санын анық білмесек, қаражатты қалай бөлеміз?
Махамбет ауданына биыл жіберілген қос маманның біреуі баспанамен қамтылып, екіншісі кезекке қойылыпты.
Күрделі жағдай Индер ауданында қалыптасқан. Мұнда жас мамандар ата-аналарымен бірге тұрып жатыр. Ал, әдейі шақырылған тәжірибелі мамандардың алдының келгеніне бес жылдан асса да баспанасыз отыр. Тіпті отбасылық үлгідегі бір үйдің үш бөлмесінде үш жанұя тұрып жатыр.
Аудан әкімі Жанкелді РАХМЕТҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, бұрыннан келе жатқан дәрігерлер үймен қамтылмаған екен. Пәтер жалдаушылар да бар. Ал, жас мамандарға қатысты проблема жоқ.
Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Айгүл ӘЖІҒАЛИЕВА бір нақтылық енгізді. Бұрын берілген тапсырмаға орай, бір ауданнан екіншісіне қоныс аударған мамандар әзірге үймен қамтылмайды. Баспана алдымен жас мамандарға және өзге облыстардан арнайы шақырылған дәрігерлерге беріледі.
Біраз проблема қалада да бар. Бірақ, мұнда бюджет саласы қызметкерлері пәтерлермен қамтылып жатыр. Демек, мәселе де оңтайлы шешілуде.
Ауылдарға жіберілген мамандарға жағдай туғызылмауы нендей қиындықтарға душар етіп отыр? Қазір Құрманғазы, Қызылқоға және Индер аудандарына реаниматор-анестезолог, акушер гинеколог, неонатолог, хируг тәрізді мамандар аса қажет. Ал, келген адамдарға тұрмыстық жағдай жасалмаса, онда бұл өңірлерге ешкім де бармайды.
Облыстық әкімдік бұрынғыша атыраулық студенттерге қолдау көрсетіп жатыр. Мәселен, биыл 24 жасқа 7,2 млн. теңге көлемінде облыс әкімінің гранты бөлінген. Бірақ, тағы да 15 студенттен өтініш түсіпті. Енді, ол қалай шешілер екен?
Биыл да облысқа 62 жас маман келуі жоспарланған. Яғни, Ақтөбеден 42, Алматыдан 14, Қарағандыдан 6 дәрігер ат басын Атырауға бұрмақшы. Олардың 35-і тұрақты қызметке орналасып та үлгеріпті. Әйтсе де, бәрі де тұрмыстық жағдай туғызылғанын қалайды.
Оның үстіне, үймен қамтылған жағдайда Атырауға қоныс аударуға дайын тұрған алты дәрігерден де ұсыныс түскен. Бұған дейін Астана, Ақтөбе, Орал, Талдықорған, Семей қалаларынан келген тоғыз маман жұмысқа орналасқанымен, алды баспана болмағандықтан кейін кете де бастаған. Қазір де өкшесі көтеріліп тұрғандар бар екен. Егер олардың бәрі жоғары санатты тәжірибелі дәрігерлер екендігін ескерсек, тұрмыс жағдайын жедел жақсартқан жөн. Қазір тұрғын үй мәселесі шешілсе, көршіліес Ресейдің Астрахань қаласынан да келушілер бар екен.
-Жалпы, медицина мамандарына қатысты проблема республикада бар, - деді осы орайда облыс әкімінің орынбасары Серік АМАНҒАЛИЕВ, - соның ішінде ол бізде ретімен жақсы шешілуде. Облыста мұғалімдерге деген сұраныс толық қанағаттандырылды. Енді дәрігерлермен қамтылу қажет. Былтыр 59 маман тұрақты жұмысқа орналасты. Ал, облыс әкімі қажетті мамандарды іздеуді аудан басшыларына тапсырған болатын. Ендеше, осы тапсырма да орнымен орындалуы тиіс.
Селекторлық кеңестің бұл мәселесін облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ қорытынды сөзбен түйіндеді.
-Сөз жоқ, алдыңғы жылдармен салыстырғанда жағдай жақсарып келеді. Біраз тәжірибелі мамандармен де толықтық. Жас дәрігерлер де көптеп келуде. Бәріне де қамқорлық жасап жатырмыз. Әлі де жасаймыз. Мұны жергілікті атқарушы билік басшыларына қатаң тапсырамын. Арнайы шақырып алған мамандарға баспана тауып бере алмасақ, бәрі де кейін кетіп қалады. Сонда, дәрігерлердің проблемасы қазіргіден де ушығып кетеді.
Бірақ, олар да бір жайды сезінуі керек. Бізге де жоғары талап қоймасын. Жергілікті жағдаймен де санассын. Ешкімге де коттедж салып береміз деген уәде болған жоқ. Заң шеңберінде баспанасын алады. Осы залда отырған емдеу орындарының басшылары кезінде қандай қиындықтарды бастан кешірмеді? Екі-үш баласымен бір бөлмеде тұрған күндерін ұмытты ма екен? Кейбіреуі пәтер кезегінде отыз жыл тұрған жоқ па еді? Сонда қазір келгендерге үш айда ғана баспана тауып бере аламыз ба? Мүмкіндік болса, әрине, береміз. Бірақ, уақытша қиындықтарға төзу керек. Республиканың өзге өңірлеріндегі жағдай бұдан да күрделі. Осы жайды жас мамандарға да, осында еңбек етуге келген тәжірибелі дәрігерлерге де жеткізулеріңізді сұраймын.
Ал, біз өз тарапымыздан ең қажетті және тәжірибелі екі дәрігерге пәтер де, көтеріңкі жалақы да беруді ойластырып отырмыз. Бұл іске осындағы компанияларды жұмылдырмақпыз. Осы өзгелер үшін көтермелеу шарасы болсын, - деді сөзінің соңында Болат Асылұлы.
БІЗДЕ АНА ҚАЗАСЫ ДА, СӘБИ ӨЛІМІ ДЕ АЗАЙДЫ
Селекторлық кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе ана мен сәби саулығына қатысты еді. Жасыратыны жоқ, өткен жылы бұл проблеманың екеуі де өткір тұрған-ды. Облыс әкімі өзі жиналыс өткізіп, оған аса назар аударған болатын. Содан бері не өзгерді?
Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВТІҢ айтуынша, айтарлықтай ілгері жылжушылық бар екен. Мәселен, биылғы сегіз айда екі ана өлімі тіркелді. Ал, өткен жылдың осындай уақытында алты болатын. Бұл көрсеткіш жөнінен республиканың көптеген өңірінен алда тұрмыз. Әйтсе де, Мақат және Қызылқоға аудандарында болған тосын оқиғалар жан-жақты сараланды. Соның ішінде дәрігерлердің де қателігі байқалды. Бір іс бойынша прокуратура іс көтерді.
Сәби өлімі бойынша өткен жылдан сәл ілгерілеу болғанымен, мамандар әлі көрсеткіштің жоғары екендігін айтып отыр. Соның ішінде Атырау қаласының Геолог емханасында мұндай жағдай екі есеге артқан. Қазір мұндағы жағдай ерекше бақылауға алынған. Аудандардағы нәтиже де нашар. Әсіресе, Мақат пен Махамбет аудандарында өсім бар. Құрманғазы мен Индер аудандарындағы көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда төмен болғанымен, облыстың орташа деңгейінен жоғары. Демек, аудандардағы жағдайға әлі де назар аударған жөн.
Қазір ана мен сәби өлімдерін азайтуға бағытталған биылғы төртінші тоқсан мен 2011-2013 жылдарға арналған жоспар жасақталған. Соның ішінде, алдымыздағы жылы облыстық перзентхана базасында перинаталдық орталық ашу үшін 147 млн. теңге керек. Осы орайда санитарлық авиацияны дербес мекеме ретінде бөліп шығару қажеттігі де айтылды. Оның техникалық жағдайын жақсарту үшін де жыл соңына дейін ғана 11 млн.теңге керек екен. Ең бастысы - жүкті әйелдер мен сәбилерге тегін дәрі-дәрмек беру үшін 150 млн. теңге шамасында қаражат қажет.
Ақырында, облыс әкімінің орынбасары Серік АМАНҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, республикалық штабта ана мен сәби өлімдерінің көрсеткішін едәуір төмендеткен Атырау облысындағы іс-шаралар оң бағаланған.
-Соңғы жылдары өңірде бірнеше жаңа емдеу орындарының пайда болуы ана мен сәби өлімінің, жалпы халықтың саулығының біраз жақсаруына жол ашты. Биыл да бірнеше медицина мекемелері қатарға қосылмақ. Бұл - облыс әкімінің осы салаға неғұрлым жоғары маңыз беріп отырғандығының жемісі. Демек, енді осы құрылымдарды сауатты дәрігерлермен, жетілген жабдықтармен қаму қажет. Ал, одан әрі медицина қызметкерлерінің өздерінен де лайықты жауапкершілік сұралады, - деді көтерілген мәселені қорытындылаған облыс әкімінің бірінші орынбасары Болат ДӘУКЕНОВ тиісті мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті атқарушы билік басшыларына нақты тапсырмалар берді.
...Міне, бұл жолғы селекторлық кеңес өңірдің осындай маңызды міндеттерін талқылауға арналды.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366