Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Жаңалықтар 4088 0 пікір 1 Қараша, 2010 сағат 11:06

МҰНАЙШЫЛАР МЕРЕЙТОЙЫ

Өткен сейсенбіде «ҚазТрансОйл» АҚ еліміздің құбыр тасымалдау саласының 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында, Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында ұйымдастырылған салтанатты шараға компания басшылығы, қазіргі қарқынды даму жолына түскен мемлекетіміздің мұнай құбыры жүйесінің негізін қалаған ардагерлер, еңбек сіңірген қызметкерлер мен олардың еңбек жолын абыроймен жалғастырып келе жатқан еңбеккерлердің бүгінгі толқыны жиналды. Мұнайшыларды мерейтоймен құттықтауға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев келді.

Өткен сейсенбіде «ҚазТрансОйл» АҚ еліміздің құбыр тасымалдау саласының 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында, Естай атындағы қалалық мәдениет сарайында ұйымдастырылған салтанатты шараға компания басшылығы, қазіргі қарқынды даму жолына түскен мемлекетіміздің мұнай құбыры жүйесінің негізін қалаған ардагерлер, еңбек сіңірген қызметкерлер мен олардың еңбек жолын абыроймен жалғастырып келе жатқан еңбеккерлердің бүгінгі толқыны жиналды. Мұнайшыларды мерейтоймен құттықтауға облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев келді.
Бұл күні барлық ізгі тілек, құрмет сонау жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде еліміздің мұнай тасымалдау жүйесінің негізін қалаған аға ұрпаққа арналды. Олардың талай қиындықтарға қарамастан мойымай ілгері жылжып, үлкен мақсат жолындағы қажырлы еңбектерінің арқасында еліміз бүгінгі деңгейіне жетіп отыр десек қателеспеспіз. Себебі мұнай саласы ел экономикасының қозғаушы күші екендігі сөзсіз. Ал сол ардақты ардагерлердің жолын бүгінде «ҚазТрансОйл» компаниясының мыңдаған білікті қызметкерлері жалғастырып келеді. «75 жыл - үлкен белес. Осы кезең аралығында алғашқы ұстанған бағытынан таймай, тұрақты даму жолына түскен компанияның талай асуларды бағындырғандығы белгілі. Еліміздің бірқатар аймақтарын байланыстырып, көршілес Ресей мен Қытайға бағытталған мұнай тасымалдау құбырларын салуға қатысты ірі жобалар - осының барлығы аталмыш компанияның дер кезінде өзінің стратегиялық саясатын дұрыс құра білгендігінің нәтижесі деп білем. Тәуелсіздік жылдары, «ҚазТрансОйл» алғаш құрылған кезде оның басшылық қызметтеріне жас, білікті мамандар келген болатын. Олардың бүгінде өздеріне артылған сенімді ақтап, ардагер мұнайшыларымыздың аманатын абыроймен арқалап келе жатқан жайы бар. Аға ұрпақ пен жас буын өкілдерінің сабақтастығы компанияны бүгінгідей белестерге жетелеп келеді», - деді облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев. Сондай-ақ аймақ басшысы жақында өткен халықаралық «Үздік кәсіп» байқауында жалпыкомандалық есепте екінші орынға ие болған мұнайшыларды құттықтады. Бір атап өтерлігі, топ жарып, жүлделі орындарға ие болған бес қызметкердің үшеуі компанияның шығыс филиалының мұнайшылары болса, оның екеуі - павлодарлықтар.
Жалпы, қазақстандық магистральді мұнай құбыры жүйесінің туған күні ретінде 1935 жылдың 7-ші желтоқсаны саналады. Ал құбыр тасымалдау транспортының жеке сала ретіндегі дамуы өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяқ кезінен бастау алды. Ол елімізде ауыр өнеркәсіп, әсіресе қара, түсті металлургия және машинажасау бойынша жаңа, ірі кәсіпорындарды салу ісі жоспарланып жатқан кез. Соның салдарынан республикамызда мұнай өніміне деген сұраныс арта түсті. 1963 жылы Үзен, Жетібай кен орындарынан шикізатты Шевченко қаласына жеткізуге бағытталған «Үзен-Жетібай-Шевченко» мұнай құбырының құрылысы басталды. Ал 1969 жылы «Үзен-Құлсары-Гурьев» мұнай құбыры іске қосылды. Жетпісінші жылдары Омбы-Павлодар, Павлодар-Шымкент бағытындағы мұнай тасымалын құру ісі қолға алынды.
1997 жылы құрамына еліміздегі барлық магистральді мұнай құбырлары енген «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы құрылды. Нақ осы кезеңнен бастап компанияның жаңа тарихы басталды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының еншілес кәсіпорыны саналатын «ҚазТрансОйл» бүгінде үлкен белестерді бағындыра білді. Кенқияқ-Атырау, Әлібекмола-Кенқияқ, Солтүстік Бұзашы-Қаражанбас, Атасу-Алашанькоу сынды жаңа мұнай құбырлары қолданысқа берілді. Кенқияқ-Құмкөл құбыр тасымалы салынып, Атырау-Самара мұнай құбырының тасымалдау мүмкіндігі арттырылды. Ақтау портының, бірқатар теміржол терминалдарының қуаты кеңейтілді. Мұнай тасымалдау жүйесінің «Транснефть» ААҚ, «Укртранснафта» ААҚ, «Гомельтранснефть» сынды ірі операторларымен келісімшарттар жасалды. Онымен қоса, 2008 жылы «ҚазТрансОйл» «Batumi IndustrialHoldings Limited» компаниясының акцияларына толық иелік ету құқығына ие болды. Бұл келісімшарттың арқасында алғаш рет Қара теңіздегі шетелдік мұнай транспорты активтері алынды.
Компанияның атқарған жұмыстарының нәтижесі ретінде жылдан-жылға өсіп келе жатқан мұнай тасымалының көлемін атап өтуге болады. Егер 1997 жылы кәсіпорын өз магистральді жүйесі бойынша 22,9 миллион тонна мұнай тасымалдаса, өткен жылы бұл көрсеткіш 50,885 миллион тоннаны құрады.
«ҚазТрансОйл» АҚ екі өндірістік құрылымнан, Шығыс және Батыс филиалдарынан тұрады. Бұл ретте компанияның Шығыс филиалын Қазақстанның құбыр тасымалы жүйесінің «жүрегі» деп тектен-текке айтпаса керек. Бүгінде ол батыс-сібір, қазақстандық мұнайды қабылдап алып, тасымалдау бойынша қызмет түрін көрсетеді. Сондай-ақ Атасу-Алашанькоу мұнай құбыры арқылы шикізат өнімін экспортқа шығарумен айналысады. Және еліміздің ішкі нарығына, Павлодардың мұнай-химия зауыты мен Шымкенттің мұнай өңдеу зауыттарына тасымалдайды. Мұның барлығы компанияның бүгінгі келбетінің бір шағын көрінісі ғана. Салтанатты шараға жиналғандар «ҚазТрансОйл»-дың мұндай жетістіктерге тек қызметкерлерінің өз ісіне шын берілгендігінің, олардың қажырлы еңбегінің арқасында екендігін баса айтты.
Мерекелік шара барысында облыс әкімі Б.Сағынтаев компанияның бірқатар ардагерлерін көп жылғы адал еңбегі, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан жеке қомақты үлесі үшін облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және алғыс хатымен марапаттады. Олардың қатарында еңбек ардагерлері В.Гуртовой, С.Сергеев, С.Әбдрахмановалар бар. Тағы бірқатар ардагерлер мен қызметкерлер ҚР Энергетика және газ министрінің бұйрығымен «Мұнай саласы қызметінің үздік қызметкері» наградаларына ие болды. Жоғары марапатты иелеріне «ҚазТрансОйл» АҚ бас директоры Нұрбол Сұлтан табыс етті.
Кеш соңында жергілікті және Қазақстан эстрада жұлдызда- рының қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Мұнайшыларды құттықтауға ҚР Халық әртісі, белгілі әнші Роза Рымбаева келді.

Д.АЙТПАЙҰЛЫ.

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1539
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3329
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6076