ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН – БІЗДІҢ ЕҢ ҚЫМБАТ, ЕҢ АСЫЛ ҚҰНДЫЛЫҒЫМЫЗ!
20 қазанда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік" атты күн тәртібімен Ассамблеяның ХVІ сессиясы өтті. Онда Мемлекет басшысы сөз сөйледі.
Қадірлі отандастар!
Құрметті қонақтар!
Еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 15 жыл толды.
Осыдан 15 жыл бұрын іргесі қаланған Ассамблея өркениетті әлемге өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді.
Қоғамдық келісімнің кепілі болған Ассамблея еліміздегі тұтастықтың тұтқасына, бірліктің діңгегіне, достықтың дәнекеріне айналды.
Ендеше, баршаңызды осы құтты шаңырақтың 15 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңыз білесіздер, өзара сенімге негізделген түсіністік пен төзімділік - тәуелсіздікпен тұтас ұғымдар.
Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты.
Ынтымақты ырысқа, алуандықты байлыққа балаған біз бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық.
Бұл "Біз, Қазақстан халқы..." деп басталатын, Ассамблеямен тұстас өмірге келген келелі Конституциямызда берік көрініс тапты.
20 қазанда Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен "Қазақстан халқы Ассамблеясы: Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік" атты күн тәртібімен Ассамблеяның ХVІ сессиясы өтті. Онда Мемлекет басшысы сөз сөйледі.
Қадірлі отандастар!
Құрметті қонақтар!
Еліміздегі татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясына биыл 15 жыл толды.
Осыдан 15 жыл бұрын іргесі қаланған Ассамблея өркениетті әлемге өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді.
Қоғамдық келісімнің кепілі болған Ассамблея еліміздегі тұтастықтың тұтқасына, бірліктің діңгегіне, достықтың дәнекеріне айналды.
Ендеше, баршаңызды осы құтты шаңырақтың 15 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Баршаңыз білесіздер, өзара сенімге негізделген түсіністік пен төзімділік - тәуелсіздікпен тұтас ұғымдар.
Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері азаттықтың арайлы таңында ортақ Отанымыздың іргесін бірге қаласты.
Ынтымақты ырысқа, алуандықты байлыққа балаған біз бірліктің қазақстандық бірегей үлгісін қалыптастырдық.
Бұл "Біз, Қазақстан халқы..." деп басталатын, Ассамблеямен тұстас өмірге келген келелі Конституциямызда берік көрініс тапты.
Біздің дұрыс жол таңдап, ізгілік пен сенімге негізделген парасатты саясат жүргізгенімізді сара уақыттың өзі дәлелдеп берді.
Бейбітшіліктің белдеуі болған қазақ жерінде бабалар аңсаған "қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман" орнады.
Өнегелі ізгі бастамаларымен жаһандық бейбітшілікке зор ықпал еткен Қазақстанның тағылымды тәжірибелері әлем жұртшылығына үлгі болды.
Бағзы мен бүгінді жалғаған қазақ жері адамзаттық ауқымдағы игі істердің ұлағатты ұйытқысына айналды.
Мәдениет пен руханияттың алқалы ордасындай асқақ Астанамызда әлемнің дінбасылары үш мәрте бас қосып, бәтуалы байламға келді.
Тұрақтылық пен тыныштық салтанат құрған Қазақстанның дәулеті мен сәулеті келісіп, әлеуеті мен қуаты еселеп артты.
Ел экономикасы қарыштап өрлеп, дамудың индустриялық-инновациялық бағытына түстік.
Әрине, бұл жетістіктер бізге өздігінен, оңай келген жоқ.
Еліміздің татулық пен тұрақтылықтың берекелі бекетіне айналуына Қазақстан халқы Ассамблеясы үлкен үлес қосып келеді.
Мен осы мерейлі күні биік мінбеден баршаңызға зор алғыс айтамын!
Құрметті сессияға
қатысушылар!
Қымбатты қонақтар!
Бүгін Ассамблея жұмысына бірнеше ондаған елден келген қонақтар, Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына қатысушылар қатысып отыр.
Олар елордамызға біз жыл сайын 18 қазанда атап өтетін Рухани келісім күнінде келді.
1992 жылы сол күні Алматыда халықаралық, этносаралық және конфессияаралық қатынастарда жалпыадамзаттық құндылықтарды басымдық деп жария еткен Бірінші халықаралық рухани келісім конгресі болып өтті.
Рухани мәдениет форумы Астанада Қазақстанның ұсынысы бойынша БҰҰ Халықаралық мәдениеттер жақындасуының жылы деп жариялаған 2010 жылы өтіп отырғаны бір ғанибет.
Мен ең алдымен біздің барлық шетелдік қонақтарымызға форум жұмысына қатысқаны үшін ризашылығымды білдіріп, осында жиналып отырған баршаны Қазақстан халқы Ассамблеясының 15 жылдық мерейтойымен құттықтағым келеді!
Біздің Ассамблеяның тарихы - біздің тұрақтылығымыздың тарихы.
Бұл бейбітшіліктің, келісім мен жасампаздықтың 15 жылы.
Біз бұл сессияны ЕҚЫҰ-ға біздің төрағалығымыздың "Сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік" дейтін ортақ ұранымен өткізіп отыруымыз кездейсоқтық емес.
Өткен 15 жылда орасан зор жұмыс жүргізілді.
Біз күн өткен сайын адамдар арасындағы СЕНІМДІ нығайта бердік.
Біз Отан тағдыры үшін ортақ жауапкершіліктің жаңа ДӘСТҮРІН қалыптастырдық.
Біз этносаралық және конфессияаралық қатынастарда АШЫҚТЫҚТЫ қамтамасыз еттік.
ТӨЗІМДІЛІК Қазақстанды табысты да сенімді дамытудың маңызды факторына айналды.
Бұл қағидаттар біздің еліміздің ішкі де, сыртқы да саясатының рухын бейнелейді.
Құрметті Ассамблея
мүшелері!
1992 жылғы желтоқсанда, Қазақстан халықтарының бірінші форумында өзіміздің тарихымызда алғаш рет біздің көп ұлтты Отанымызда ұлтаралық келісімді нығайтуға бағытталған жаңа қоғамдық институт құруды ұсынған едім.
Ассамблеяның құрылуы ақиқат сәті болды.
Жалпыхалықтық ерік-жігер туғызған Ассамблея беделді конституциялық органға айналды.
Алғашқы күннен бастап ол еліміз бен халқымыздың алдында жауапкершілік танытты.
1995 жылы Ассамблея бүкілхалықтық референдумда еліміздің Негізгі Заңының қабылдануына қолдау білдірді.
Бүгінде Конституция мен Қазақстан халқы Ассамблеясы жай ғана құрдастар емес.
Бұлар тұрақтылықтың, жаңғырту мен өркендеудің іргетасына айналған екі ұлы құндылық.
Ассамблеяны құру арқылы біз ұлттық бірліктің дербес жолын таптық.
Бұл жолда қазірдің өзінде көп іс атқарылды.
Біріншіден, этносаралық және конфессияаралық теңдіктің құқықтық базасы жасалды.
Ол діни наным еркіндігі туралы, тілдер туралы, қоғамдық бірлестіктер, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы заңдар жүйесін қамтиды.
Бізде этностар құқығын шектейтін бірде-бір заң жоқ.
Екіншіден, Ассамблея жұмысы стратегиялық жоспарлау негізінде түзілген.
2010 жылға дейінгі кезеңге арналған Ассамблеяны дамыту стратегиясы табысты іске асырылды.
Биылғы жылы Қазақстанды дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарының құрамдас бөлігі ретіндегі Ел бірлігі доктринасы қабылданды.
Үшіншіден, мемлекеттің этносаралық саладағы саясатының негізіне "саналуандықтағы бірлік" қағидаты алынған.
Мұның өзі тіл саясатында барынша айшықты көрінді.
Бәрінен бұрын мемлекеттік тілде оқытатын мектептер желісі кеңейіп келеді.
Қазір мұндай мектептер төрт мың дерлік, бұл 90-шы жылдар басындағыдан 2 есе көп.
Барлық тілек білдірушілер үшін қазақ тілін оқытатын жүзден аса орталықтың жұмысы жолға қойылды.
Қазақ тілді БАҚ-тарға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Тәуелсіздік жылдарында қазақ тіліндегі баспалық басылымдар 7 есе көбейді.
Этностар тілдері мен мәдениеттерін мемлекеттік қолдаудың тиімді жүйесі ойдағыдай жұмыс істеуде.
Сексен сегіз мектепте оқу өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі.
Жүз сегіз мектепте жиырма екі этностың тілдері дербес пән ретінде оқытылады.
Отыз этностың тілдерін оқып-үйренудің жүз тоқсан лингвистикалық орталығы жұмыс істейді.
Елімізде он бес тілде отыз бес баспалық басылым шығады.
Телеарналар эфирінде он бір тілдегі хабарлар беріледі.
Он төрт орыс, өзбек театрлары, сондай-ақ, ТМД-дағы бірден-бір ұйғыр, корей және неміс театрлары жұмыс істейді.
Төртіншіден, біз этносаралық қатынастардың қаржылық және материалдық базасын нығайттық.
Тек, соңғы 9 жылда ұлттық театрларды мемлекеттік қолдаудың көлемі 4,5 есе дерлік өсіп, 2010 жылы үш жүз жетпіс төрт миллион теңгені құрады.
Бесіншіден, Ассамблеяның инфрақұрылымы кеңейтілді.
Егер Ассамблеяның бірінші сессиясына бар-жоғы 40 ұлттық-мәдени орталық қатысса, бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде 820 этномәдени бірлестік табысты жұмыс істеуде.
Олардың игілігіне Астанада Бейбітшілік және келісім сарайы, он облыс орталығындағы Достық үйлері берілген.
Алтыншыдан, Отан тағдыры үшін ортақ жауапкершілік қазақстандықтардың ұлттық бірлігінің іргетасы болды.
Біз "Бір ел - бір тағдыр" қағидатын іске асырдық.
Барлық этностар "Қазақстан-2030" Стратегиясын іске асыруға белсене қатысуда.
Бүгінде біз Жедел индустрияландыру бағдарламасының, Қазақстанды 2020 жылға дейін дамыту стратегиялық жоспарының жаңа міндеттерін бірлесе шешудеміз.
Біз еліміздің Парламенті мен мәслихаттарында барлық этностардың өкілдері болуын қамтамасыз еттік.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Мәжілістің тоғыз депутатын сайлайды, олар нағыз "достық елшілеріне" айналды.
Парламентте барлығы отыз этностың, ал мәслихаттарда - отыз екі этностың өкілдері жұмыс істейді.
Жетіншіден, біздің мемлекетіміздің зайырлы сипаты жағдайында діни саналуандылық халқымыз төзімділігінің шынайы белгісіне айналды.
Қазақстанда діни тұрғыдағы қақтығыстар ешқашан болған емес.
Біздің Астана әлемге жаһандық дінаралық үнқатысудың орталығы ретінде белгілі.
Біз Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін үш мәрте өткіздік.
Осылайша Қазақстанда қазіргі кезде ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің тиімді жүйесі қалыптасқан.
Құрметті достар!
Біздің Ассамблеяның тарихы халық пен елдің шынайы қуаты неде екенін көрсетеді.
Мынадай танымдық мысал келтірейін.
Осы жылғы көктемде судың плотинаны бұзуы салдарынан Алматы облысындағы Қызылағаш ауылы күйреді.
Адамдар опат болды, жүздеген отбасылар баспанасыз қалды.
Бұл қасіреттің ауыртпалығы әрбір қазақстандықтың қабырғасын қайыстырды.
Бүкіл елімізде адамдар қызылағаштықтар үшін киім-кешек, азық-түлік, ақша жинай бастады.
Тек Ассамблея мүшелері өз қалталарынан қырық жеті миллион теңге қосты.
Бұл қаражатқа ауылда балалардың спорт мектебі, тұрмыстық қызмет үйі салынды.
Қысқа мерзімде кент толықтай қалпына келтірілді.
Оның тұрғындары маған жолдаған хаттарында көрсетілген көмек үшін ризашылықтарын білдіріп, барша қазақстандықтардың өздерімен бірге қайғырып-мұңайғандығын атап өтуде.
Біздің азаматтар Шығыс Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккендерге дәл осылай көмек көрсетті.
Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылы бүкіл әлемде осындай апаттардан жүздеген мың адамдар зардап шекті.
Олардың басым көпшілігі осы күнге дейін қарапайым алғашқы қажеттілік заттарының жетіспеушілігінен қиындық көруде.
Су, электр жарығы, азық-түлік жоқ.
Біздің елімізде көмек дер кезінде көрсетілді, ал елді мекендер қалпына келтіріліп қана қойған жоқ.
Олар жаңа тұрпатқа ие болды.
Бұл халық бірлігі көрінісінің жарқын өнегесі.
Тағы бір басқа мысал келтірейін.
Орыс тілді израильдіктер федерациясының төрайымы, Израиль кнессетінің депутаты Софа Ландвер өз хатында көптеген елдерде "бұрыннан бар тікелей қазақ диаспорасымен қатар қазақстандық диаспора да пайда болып" үлгергеніне назар аударыпты.
Оны Қазақстаннан Израильге, Германияға, Ұлыбританияға, Ресейге, Түркияға және басқа елдерге барған барынша әр қилы этностық топтардың өкілдері қалыптастыруда.
Мен жыл сайын біздің шетелдік отандастарымыздан - қазақстандықтардан мыңдаған хат аламын.
Олар Қазақстанда ана тілін оқып-үйренуге, өз мәдениеті мен дәстүрлерін сақтауға барлық жағдайдың жасалғаны үшін қазақ халқына ризашылықтарын білдіреді.
Құрметті Ассамблеяға қатысушылар!
Тұрақтылық пен келісім - бұл күн сайынғы үлкен жұмыс, оны жылдан-жылға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп жалғастыру қажет.
Келісім мен бірлікті қандай бір этносқа қатыстылығына қарамастан, әрбір қазақстандық сақтауы керек.
Бұл баршаға және әркімге қажет.
Өйткені біздің Отанымыздың мызғымай тұруы, әрбір қазақстандықтың аман-саулығы мен болашағы осыған байланысты.
Әрбір халық өз елінде тыныштық сақтауға жауапкершілікті өзі мойнына алады.
Өкінішке орай, этносаралық және дінаралық қатынастардың шиеленісуіне байланысты алаңдаушылық бүгінде планетаның көптеген өңірлерін қамтып отыр.
Әлемде діни төзбеушіліктің артуы байқалып отыр.
Бұл діни қасиетті заттарды өзара жария түрде келеке етуден көрініс беруде.
Қасиетті кітаптарды өртеуден, храмдар мен молаларды қорлаудан, қандай дін дұрысырақ деген даулардан көрініс беруде.
Осының бәрі, өкінішке орай, жоғалмапты, керісінше, әлемді бүгін де дүрліктіруде.
Кейбір елдерде ұлттық бірізділікті сақтаудың радикалды әдістері барған сайын жиі пайдаланылуда.
Жаһандануға деген мұндай көзқарас, тіпті, ең дамыған еуропалық елдерде көптеген этностық мигранттар мен азшылықтың мүдделерін қозғап отыр.
Өзара реніштер көбейіп, этносаралық алыстаушылық пен адамдардың бір-біріне сенбеушілігі өсе түсуде.
Азия мен Африка елдерінен мономәдениетті және моноконфессиялы Еуропаға тартқан көші-қон арнасы мұндағы мұсылман тұрғындардың жетіден қырық миллион адамға дейін өсуіне жеткізді.
Осы азшылықпен өзара қарым-қатынас проблемасы батысеуропалық елдер күн тәртібінің аса маңызды мәселесіне айналуда.
Ал америкалықтар үшін бұған дейін беймәлім болып келген флоридалық пастордың Құранның екі жүз данасын өртеймін деген мәлімдемесі күтпеген оқиға болды.
Мұндай мәлімдеулер мұсылман әлемінде әсіре теріс, жауап көзқарасты туындатуда.
Мұндай өркениетті жіктеліс үлкен шиеленіске соқтыруы мүмкін.
Батыста және мұсылман Шығысында барлық саламатты ойдың күштерін екі тараптағы да экстремистік көріністерді бейтараптандыру үшін біріктіру міндеті өзекті бола түсуде.
Оның үстіне, қазір ксенофобияны, этностық экстремизм мен шовинизмді ашық пайдаланушылардың саяси ықпалы артуының үрдісін көрмеу мүмкін емес.
Кейбір елдерде олар парламенттегі өкілдіктерінің болуына қол жеткізіп, үкіметке кіріп отыр.
Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысы осы заманғы жаһандық проблемаларды қиындатып жіберді.
Бүгінде бір миллиардқа жуық адам аштықтан зардап шегуде. Жыл сайын ашығудан бес миллионға дейін балалар опат болуда.
Екі жүз миллионнан астам адам жұмыссыз жүр.
Қайыршылық жағдайында төзімділік төбе көрсетпейді.
Соның салдарынан жыл сайын бүкіл әлемде отызға жуық жаңа қарулы қақтығыстар туындайды.
Өкінішке орай, этносаралық жанжалдар ТМД елдерінде де орын алуда. Атап айтқанда, бұл Приднестровье, Кавказ, Орталық Азия.
Біздің көршіміз - Қырғызстанның қайғылы тәжірибесі мұны қуаттайды.
Саяси дағдарыс жағдайында этностық тұрғыдағы қақтығыстарға арандатушылық болды.
Бұл қиын салдарға - биліксіздікке, бейберекетсіздікке, иесіздерді тонаушылыққа, зорлыққа, адам өлтіруге соқтырды.
Ғасырлар бойы бір жерде бейбіт жағдайда бірге тұрған мыңдаған адамдар зардап шекті.
Біз бейбіт өмірді этносаралық жанжалдардың ақылға сыймайтын қатыгездігінен бөліп тұратын шектеудің қандайлық шетін екенін барған сайын өткір сезіне түстік.
Қазір Қырғызстанда мемлекеттік институттарды қалпына келтіру үдерісі жүріп жатыр.
Қазақстандықтар бұл елден жеткен әрбір игі хабарды үмітпен естіп білуде.
Мен Қырғызстан халқына өз елдерін қайта түлетуде даналық, төзімділік тілегім келеді!
Біз осы заманғы дүниеден сенім мен төзімділік дағдарысын көріп отырмыз.
Сондықтан да биылғы жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымды басқарған Қазақстан этносаралық және дінаралық төзімділік идеясын белсенді түрде ілгерілетіп келеді.
Биылғы жылы қазақстандық төзімділік пен келісім моделінің тұсаукесері Копенгагенде, Венада, Женевада, Нью-Йоркте болған ірі форумдарда өтті.
Астанада Төзімділік және кемсітпеушілік жөнінде конференция өткізілді.
БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун біздің елімізге сапары барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен де егжей-тегжейлі танысқан болатын.
Ол Ассамблея қағидаттары БҰҰ қағидаттарымен толық мәнінде үйлесетінін атап өтті.
Конфуций адамды парасатқа үш жол жеткізетінін айтқан екен: еліктеу жолы - ең жеңіл жол, ой сарабы жолы - ең ізгі жол, өз тәжірибеңнің жолы - ең ауыр жол.
Қоғам, ел туралы да осыны айтуға болады.
Сондықтан, елдің басты жетістігі бейбітшілік пен келісім болып табылады дегенде, бұл тізбелейтін жай ақиқат емес.
Бұл тұрақсыз әлемдегі айтулы табыс.
Бұл өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға біз қосқан сүбелі үлес.
Құрметті Ассамблея
мүшелері!
Бүгінде біздің алдымызда ұлттық бірлікті нығайтумен байланысты бірқатар жаңа міндеттер тұр.
Бірінші. Жақында Қазақстан Тәуелсіздігінің Жиырма жылдығына аяқ басады.
Алдағы мерейтой Қазақстан тарихында айтулы оқиға болып, мемлекеттілікті нығайтуы, халықты патриоттық құндылықтар төңірегіне шоғырландыруы тиіс.
Шынайы патриотизм дауыс көтере сөйлеген сөздерден емес, нақты істер мен жауапты қимыл-әрекеттерден көрінуі керек.
Қазақстандық патриотизмнің өлшемі ел игілігі үшін жасалатын өндірістік және шығармашылық еңбек болуы тиіс екеніне мен сенімдімін.
Біздің жақын жылдардағы басты міндетіміз - Қазақстанды серпінді индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыру болады.
Экономиканы инновациялық жаңғырту, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті - бұл болашақта елдің мызғымастығы мәселесі.
Бұл - Тәуелсіздіктің синонимі.
Бұл - көптеген ондаған жылдар бұрынға арналған ұлттық күн тәртібінің мәселесі.
Бұл міндетті қойылған мерзімде орындасақ - демек, елдің орнықты дамуын қамтамасыз етіп, барлық азаматтардың әл-ауқатын арттыра аламыз.
Міне, нақ осындай ойлармен және істермен біз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын қарсы алып, жаңа ғасырдағы жолымызды жалғастыруға тиіспіз.
Қазіргі кезде Үкімет Тәуелсіздіктің 20 жылдығына Жалпыұлттық дайындық жоспарын жасап жатыр.
Ассамблея оны дайындауға белсене қатысуы тиіс.
Ассамблеяға, сондай-ақ, Қазақстанның табыстарын насихаттау, таяудағы онжылдыққа арналған міндеттерді түсіндіру жүктеледі.
Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп білім беру мекемелерінде - балалар бақшасынан бастап жоо-ларға дейін - Қазақстандағы этносаралық қатынастардың тарихы туралы, патриотизм туралы арнайы бағдарламаларды жасап, енгізу керек.
Қазақстандағы көпэтносты қоғамның қалыптасу тарихын жазу жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет.
Бірінші мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күнін ел этностары достығын жаппай көрсету мерекесіне айналдыру керек.
Ассамблеяға Мәдениет министрлігімен бірлесіп, жастар үшін біздің қоғамымыздағы төзімділік пен келісім тақырыбын ашып көрсететін көркем фильмдер сериясын жасау қажет.
Қазақстан халқы Ассамблеясының құзырымен ұлттық театрлар фестивалін ұйымдастыру керек.
Телевизияда жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосқан түрлі этностардың көрнекті өкілдері туралы әңгімелейтін хабарлар циклы шығуы тиіс.
Екінші. Мемлекеттік тілді дамыту маңызды басымдық болып қала береді.
Біздің мақсатымыз - мемлекеттік тілді Қазақстанның барлық азаматтарының меңгеруіне қол жеткізу.
Бірақ басқа этностардың құқықтарына қысым көрсетілмеуі тиіс.
Түрлі қарым-қабілет, адамның жасы, мүмкіндіктері - осының барлығы ескерілгені жөн.
Жақында менің тапсырмам бойынша қазақ тілінде хабар тарататын "Балапан" балалар телеарнасы ашылды.
Кезекте - "Мәдениет" және "Білім" телеарналарын құру міндеті тұр.
Қазіргі кезде Тілдерді пайдалану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жасалып жатыр.
Оның жобасын Ассамблея мүшелерінің, қоғамдық бірлестіктердің қатысуымен мұқият талқылау қажет.
Үшінші. Қазақстан халқының этностық және мәдени саналуандығы мен төлтумалығын сақтауға байланысты жаңа қадамдар іздеген жөн.
Ассамблея Хатшылығына, "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорына Астана әкімдігімен бірлесіп, Астанада этностық ауыл құру жөнінде ұсыныс жасап енгізуді тапсырамын.
Жақында Қазақстанда Ұлттар Театры құрылды. Бұл бастаманы қолдау қажет.
Үкіметке осы театрға ықпал ету тетігін қарастыруды тапсырамын.
Қазіргі кезде, сондай-ақ, этносаралық қатынас мәселелеріне арналған ғылыми зерттеулер жүйесін дамыту да маңызды.
Біздің төзімділік моделімізді ортақ түсіну мен жетілдірудің жаңа тетіктерін жасау мақсатында бұл мәселеде терең де жүйелі көзқарас қажет.
Ассамблея Хатшылығына осы мәселелермен нақты айналысатын құрылымдардың жұмысын саралау керек.
Олардың әлеуетін біріктіріп, Еуразия университетінің жанынан Этносаралық қатынастарды зерттеу орталығын құру қажет, деп есептеймін.
Төртінші. Біздің төзімділік тәжірибемізді шетелдерде одан әрі белсенді ілгерілету маңызды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы құзырымен Орталық Азиядағы төзімділік мәселелері бойынша Азаматтық форум өткізуді, оған өңір елдерінің ҮЕҰ, БАҚ, өнер және мәдениет қайраткерлерін қатыстыруды ұсынамын.
Қазақстанның 2011 жылы ШЫҰ мен Ислам Конференциясы Ұйымындағы төрағалықтарын қатысушы елдер жұртшылығын біздің конфессияаралық келісім тәжірибемізбен кеңінен таныстыру үшін пайдалану қажет.
Өздеріңіз білетіндей, жақында Ыстамбұлда өткен Түркі тілдес мемлекеттер саммитінде Астана түркі әлемінің 2012 жылғы астанасы деп жарияланды.
Бізге аталған халықаралық акцияны өткізу тұжырымдамасын мұқият дайындау керек.
Бесінші. ЕҚЫҰ-ның алдағы Астана Саммитіне байланысты ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Әлемдегі жаңа тәуелсіз елдердің ешқайсысы бұған дейін өзінде осындай жаһандық ауқымдағы форумды қабылдауға құқықты болып көрген емес.
Бізге әлемнің елу бес мемлекетінің, ірі халықаралық ұйымдардың делегациялары келеді.
Қазақстан халқы Ассамблеясы саммитті дайындау мен өткізуге барынша белсене қатысуы тиіс.
Біз қонақжай қожайын болуымыз керек.
Лайықты қарсы алулар ұйымдастырып, біздің саналуандығымызды көрсетуіміз, этномәдени бірлестіктеріміздің, Ассамблеяның өзінің жұмыс тәжірибесін таныстыруымыз керек.
Мен қазірдің өзінде әлем тарихына еніп келе жатқан Астана Рухы ұғымы саналуандықтағы сенім, келісім, төзімділік және бірлік қағидаттарына негізделген әлем орнықтырудағы жалпыға ортақ ұмтылыстың символы болатынына сенімдімін.
Құрметті достар!
Қазақстан жолының ең бір қиын кезеңдерінде әрқашан сіздерден қолдау таптым, менің қымбатты үзеңгілестерім мен достарым!
Мен Ассамблеяны құрудың бастауларында тұрғандардың барлығына ерекше ризашылығымды білдіремін.
Маған жаңа мемлекет құруға, реформалар жүргізуге, экономиканы дамытуға, халықтың тұрмысын жақсартуға көмектескендерге ризашылығымды білдіремін.
Менің тапсырмам бойынша қоғамдық награда - "Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық "Бірлік" алтын медалі" белгіленді.
Бүгін мен біздің қоғамымызда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету ісіне айтарлықтай үлес қосқан қазақстандықтарға осы медальды тапсыру туралы шешімге қол қойдым.
Осы награданың алғашқы иегерлерін шын жүректен құттықтаймын!
Қадірлі әлеумет!
Біз мыңжылдықтар тоғысында бабалар аңсарын шындыққа айналдырып, тәуелсіз мемлекет құрдық.
Кешегі Төле, Қазыбек, Әйтеке билер көксеген, Абылай хан армандаған, Абай тілеген абат күнге жетіп, барша қазақтың басын біріктірдік. Осылайша еншісі бөлінбеген біртұтас елдікке қол жеткіздік.
Жердің киесін, елдің иесін таныттық.
Елімізді мекен еткен барша этнос өкілдерінің жауапкершілігін алып, ұлыстың ұйытқысына айналдық.
Күйреген алып Кеңестер одағының қирандысынан аман шығып, айдай әлемге танымал егемен ел атандық.
Біз тарих үшін тым қысқа саналатын тәуелсіздік жылдарында биік белестерді бағындырып, асқар асулардан өттік.
Бауыры бүтін бірлігімізбен еңселі елдігімізді еселеп, мызғымас мемлекетімізді бекемдей түстік.
Дүниені дүрліктірген, әлемді тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылдарына төтеп бердік. Қиындықтарды еңсере жүріп ширадық, шыңдала түсіп, асқар шыңдарға ұмтылдық.
Осылайша "қазақ ел бола алмайды" деген бәзбір сәуегейлердің болжамдарын жоққа шығардық.
Қазір айтуға ғана жеңіл, мұның бәрі бізге өздігінен келмегенін баршаңыз білесіздер.
Бүгінгі күнге жету үшін біз аянбай тер төгіп, тізе қосып, бірге еңбек еттік.
Тығырыққа тірейтін түйінді мәселелер бойынша, тиімді шешімдер қабылдап, оларды пәрменді іске асыра білдік.
Осы жолда мемлекетіміздің мерейін өсірген, елді қарқынды даму жолына жетелеген - біздің айнымас ауызбіршілігіміз.
Дана халқымызда "Бірлігі жоқ ел - тозар, бірлігі бар ел - озар" деген ұлағатты сөз бар.
Біз тыныштық арқылы тұрақтылыққа, татулық арқылы тұтастыққа қол жеткіздік.
Ардақты ағайын!
Біздің баршамыздың Отанымыз бір! Ол - тәуелсіз Қазақстан! Ол біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз!
Отаны жоқ адам - тамырсыз, тұрлаусыз қаңбақ сияқты. "Отан - оттан ыстық" деген, туған жердің топырағы да, тауы мен даласы да қымбат.
Отанның аптап ыстығы мен аязды суығы да жанға жайлы. Оның көнеден жеткен терең тарихы мен абыз тілі түсінген жанға сырлы шежіре шертеді.
Отанды қастерлеу - елдігіміздің тірегі.
Біз отаншыл болуға, жас ұрпақтың санасына отаншылдық ұғымын берік орнықтыруға тиіспіз.
Біле-білсек, Отанды сүю - біздің перзенттік парызымыз, қарыс қадам үшін жанын қиған бабалардың асыл аманатына адалдығымыз!
Алдымызда әлі талай асқар асулар бар, алмағайып заманына сай құбылып тұрған ғалам бар.
Біз соның бәріне төтеп беріп, ортақ Отанымызды көзіміздің қарашығындай сақтауға тиіспіз.
Ол үшін бізге ең әуелі ынтымақ пен береке-бірлік керек.
Ендеше, тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, мемлекеттігіміз мәңгі, береке-бірлігіміз баянды болсын, ағайын!
Рахмет.
«Егемен Қазақстан» газеті.