Сенбі, 23 Қараша 2024
Айбын 9046 0 пікір 29 Тамыз, 2019 сағат 00:00

Елбасы айтқандай, ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек!

29 тамыз. Бұл ғасыр зұлматына айналған Семей полигоны жабылған күн. 1949 жылдан бастап 1991 жылға дейін мұнда 400-ден астам ядролық сынақ жарылыстары болған. Олардың 116-сы жердің бетінде жасалды.

Менің «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесім ХХІ  ғасырда өмір сүріп, жұмыс істеу керек болатын өскелең ұрпақтың тағдырына шынайы алаңдаушылықтан туындап отыр. Біздер, мемлекет басшылары мен саясаткерлер, адамзаттың болашағы үшін зор жауапкершіліктеміз. Адамзатты ажал сепкен соғыс қатерінен әрқашан арылту үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасауымыз керек. Біз үшін қазір және таяу болашақта бұдан көкейкесті міндет жоқ!

 Нұрсұлтан Назарбаев.

Аласапыранды дүние... Адамдары босқан дүние... Өз жанын өз қиып, жарылып жатқан дүние... Тіршілікке деген өшпенділігі өрши түскен дүние... Бір-біріне оқ қаруын кезенген дүние... Бейбіт күннен үміті үзілгелі тұрған дүние...

Міне, мазасы кетіп, шырқы  бұзылайын деп  тұрған сол бүгінгі дүбірлі  дүниенің  қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Адамзат баласының күші мен қауқары, ақылы мен парасаты жетпей жатыр ма деген ойдың мазалайтыны да анық. Бірін-бірі санкциялау арқылы шіреніп те, сіресіп  те қалған дүниенің  беті бері қарар ма екен?!  Әлі де болса беті бері қарамай тұрған сол дүниенің өшпенділігін қоздырып отырғандар тіпті дәл қазір өз қолдарына ядролық қарудың бір сүйемі тие қалса болды, еш нәрсені аямай-ақ, еш нәрсенің обал-сауабына  қарамастан-ақ  мына әлемді тұтасымен  жарып жіберуге әзір ме деп те қаласың.Сол жанкештілер сол үшін де жан таласып  жатыр ма деп те алаң боларың бар. Бірақ та өмірге құштар, тіршілікке құмар адам баласы жарық та жақсы дүниеден үмітін үзген бе?!

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесін оқығандағы толқыған көңіл шіркіннің осы бір ойлармен тулағаны анық еді. Ағарып атар әр таңнан, қызарып батар әр күннен үміт күтер адам баласы тағы да  бар назарларын Америка құрылығының  Вашингтонында  былтырғы жылдың сәуірінің алғашқы күндері болып өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі IV-ші Саммитке аударған еді.

Қазіргідей жаһандық қауіп пен қатерлер асқынып, Адамзат баласының тағдыры қыл үстінде қылпылдап тұрған сәтте  АҚШ-қа  әлемнің 51 елінен келген Президенттері мен Премьер-министрлері бастаған  және де бұған қоса  Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропалық кеңес, Еуропалық комиссия, МАГАТЭ-сі бар,  бұдан да өзге халықаралық беделді ұйымдарының  әйдік  жетекшілері бас қосқан бұл IV-ші Саммиттен де не күтуге болатын еді?! Әлем жұртшылығының көкейіндегі осы бір үміті ақталып, күдігі сейілгендей болды. Сол үміт  болып қайра жанған да  және сол күдікті көңілді ашылған бұлттай   сейілткен де Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі» еді!

Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назар­баевтың әлем мемлекеттерінің басшыла­рын ядролық қауіпсіздікті ны­ғайтуға шақыруға және де бұл іске бастамашыл болуға  толық моральдық та, адамдық та хұқы бар болатын.  Бүгінгі дүние дамуының және барша Адамзат баласы алдындағы жан мен ар тазалығының айғағындай болып дүниеге қазақтың бір перзенті,  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  айдай әлемге және де сол  әлемді оның бүгінгі де келер ұрпақтарын, жалпы Адамзатты соғыстан құтқарып, арылтудың өзінің жүрек үні,  өз Манифесін жариялады!

Бәрі де есімізде! Әрбір екі жыл сайын 2010 жылдан бері өткізіліп ке­ле жатқан бұл  Ядролық қауіп­сіздік жөніндегі саммитің үшінші кезеңі  2014 жылы Нидерландының астанасы  Гаагада өткендігі де есімізде. Бүгінгі алаң дүниенің бүгінгі адамдары мұны ұмыта да қойған жоқ. Сол Гаагада өткен ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық ІІІ-ші Саммитке қатысып, сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа 2014 жылдың наурыз айының 24-ші жұлдызында   қырмызы қызғалдақтың «Президент Назарбаев» атты жаңа түрінің таныстырылып, сыйға тартылғандығы да есімізде!

Сондағы көңіл қуанышымен «Қырдың топырағынан нәр алды дейтін сол қырмызы қызғалдақтың нәзіктігіндей адам үміті де Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен бүр жарды. Нұрсұлтан Назарбаев әлемді қарусыздандыру мен ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған әлемдегі тұңғыш саясаткер болды. Қырғи-қабақ соғыстың ауыр зардабынан тұншыға бастаған дүниеге жаңа дем берді! Ертеңіне елеңдеп, болар күніне алаңдап отырған дүниенің үмітін оятты! Бір бірімен жауласып жатқан дүниені жарастыруға болар сенімін оятты!»,-деген өз ойымызды  сол кезде айтқан да,жазған да болатынбыз.

Иә... Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  сол дүниеге жаңа дем бергендігі мен дүниенің үміті мен сенімін оятқандығы үшін  әлем жұртшылығының   алғысын арқалап келе жатқандығы да бар. Кешегі Кеңес Одағын уысында ұстап тұрған Сталиннің 1947 жылдың тамызында қол қойған қаулысымен қазақ жерінде құрылған қасіретті Семей ядролық полигонын 1991 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағының тұсында өзінің Жарлығымен жапқаны да жаһан әлемнің есінде әлі. Назарбаевтың бұл парасаттылығы мәңгі ұмытылмайтын және Адамзат дамуы өркениетінің беттеріне алтын әріптермен жазылып қойылғаны да бар.

Көне тарихтың зерделі жадындағы  жайттың бірі сол, 1949 жылдың 29 тамызында Кеңес Одағы Семей ядролық полигонында бірінші атом бомбасының сынағын өткізгендігі адамзат тарихында қырғи-қабақ соғыстың басталуымен есте қалған-ды. «Қырық жыл бойы қырғын салған ядролық сынақтың ауыр зардабын, сөз жоқ, ең әуелі қазақ даласы мен қазақ баласы тартқан еді. Елбасы сол өз даласы мен өз халқын ауыр қасіреттен біржолата арылту үшін 1991 жылдың 26 желтоқсанында АҚШ-пен кең ауқымды дипломатиялық қарым-қатынастар орнатып, Қазақ­­стан­дағы ядролық арсеналдың тағды­рына қатысты мәселе екі ел басшы­лары үшін алдыңғы қатарлы маңыз­ға ие болды»,-деген бір ойымызды тағы да қайталай отырып, 1991 жылдың 30 желтоқ­санынан бастап Кеңес Одағы өзінің өмір сүруін тоқтатқан тұста, Қазақстан 370 ядролық оқтұмсықты «Х-55» қанатты зымырандармен жарақтандырылған 40-қа тарта «ТУ-95» ауыр бомбалаушы эскадроны бар, сондай-ақ, 104 «МБР РС-20» (НАТО жүйелеуінде SS-18 «Сатана») континентаралық баллистикалық зымырандары үшін әрқайсысының тротилдік баламасының қуаты 1040 ядролық оқтұмсықты құрайтын ядро­лық арсеналға ие болып қалған әлем­дегі төртінші мемлекеттің бірі болғандығын бүгінгі әңгіме орайында тағы да бір еске сала кетейік.

Нұрсұлтан Назарбаев бастаған біздің тарихи жолымыздың ең бір есте­ қалар тұсы тағы да мына бір жай болса керек-ті. 1992 жылдың 23 ма­мырында Қазақс Кеңестік Социа­листік Республикалар Одағы мен Америка Құрама Штаттары арасын­да­ғы стратегиялық шабуылдаушы қару­ларға шектеу қою және қысқарту жө­ніндегі Лиссабон хаттамасына қол қойып, ядролық қаруды таратпау мін­дет­темесін бекітті және ядролық қаруға ие болудан өз еркімен бас тартты. Мұны да ұмытпайық!

Қазақ­стан Парламенті әлем­дік тарихқа «СНВ-1» деп енген келісімді 1992 жылдың 2 шілдесінде бір ратификация­лап алды да, 1993 жылдың 14 қаңтарында еліміз химия­лық қаруды қолдану, жинау, өндіру, жасап шығаруға тыйым салу және оны жою туралы конвенцияға да қол қойған болатын. Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартты Қазақстан Парламенті 1993 жылдың 13 желтоқсанында ратификацияласа, дәл сол күні Алматыда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ-тың сол кездегі вице-президенті Альберт Гор Қазақстанда ядролық қауіптерді бірлесе қысқарту бағдарламасын жүзеге асыруға жол ашатын рамалық келісімге қол қойған болатын.

Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылдың 14 ақпанында ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде, ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа Қазақстанның да қосылатындығы жайындағы ра­тификациялық құжаттарды Вашин­гтон­да АҚШ-тың сол кездегі Прези­денті У.Клинтонға табыс етті де, сол 1994 жылдан бері біздің тәуелсіз еліміз ядролық қарудан бас тарту тура­лы және ядролық қаруды таратпау саласында әлемдегі көшбасшы мемлекет болып келе жатыр. Бұл да  әрдәйім есте жүрерлік жай!

Тағы да жады мықты тарихқа жүгінер болсақ, 1994 жылдары Қазақстандағы ядролық оқтұмсықтар саны 1400-ге жетіп қалған-ды.  Сол тұста   біздің қазақ еліндегі тажал қаруының Франция, Ұлыбритания және Қытай сынды әлемнің үш бірдей қуатты мемлекеттерін қоса алғандағыдан да көп болғандығын да айта кету керек.

Қазақстан Республикасы 1994 жылдың ақпанынан Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мүшесі болып кірді де, қазіргі таңда еліміздің барлық ядролық нысандары МАГАТЭ-нің кең ауқымды кепілдігінде тұр.       1996 жылдың 21 сәуірінде республика аумағынан 1216 дана ядролық қару-жарақты алып кету үдерісі аяқталды да, сол 1996 жылдың 30 мамырында Семей полигонына орнатылған соңғы ядролық сынақ заряды жойылды. Сөйтіп, ядролық сынақтардан жапа шеккен қазақ жері тажалды қарудан біржолата босатылып, халқымыздың көз жасын құрғату, қасиетті жеріміздің топырағын заласыздандыру басталды. 1999 жылдың 5 тамызында Қазақстан Женевада Қарусыздану жөніндегі конференцияның толыққанды мүшесі болып қабылданды. Бұл да Қазақстанның және Нұрсұлтан Назарбаевтың аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға қосқан зор үлесі мен ізгі қадамы екендігін де әрдәйім мақтаныш етуге тұрарлық іс!

Адамзат баласының  мүддесі үшін ядролық қару-жарақсыз әлем құрудың бастамашысы және оны батылдықпен жүзеге асырушысы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев болатын! Біздің Елбасы  әлемді қарусыздандыру мен ядролық қарусыз дүние құрудың жаңа кезеңін бастаған немесе Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігіне ие болған тұста, біздің еліміз қуаты жөнінен әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иеленіп отырған еді.  Сөйтіп, Елбасының осы жойқын қарудан өз еркімен бас тартуы туралы шешім қабылдап, тұмсығында алапат атом заряды бар сол қаруларды аса қатаң қауіпсіздік жағдайында Ресейге өткізуі ең әуелі қазақ елінің баянды болашағын ойлағандығы еді.Нұрсұлтан Назарбаев әлемдік тарихтағы адамзат баласының ядро­лық қарусыз дамуының жаңа кезеңін бастап берген саяси дара тұлға! Мұны да  әрдәйім қайталап айтудан жалықпайық!

Вашингтондағы Саммитте сөз  сөйлеген  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ядролық нысандар мен материалдар қауіпсіздігінің деңгейі өте жоғары мемлекеттердің алғашқы жиырмалығының қатарына  кіре­ті­нін айта келіп,  Қазақстанның   бүгінгі күні  уран қоры және оның кенін өндіру жөнінен әлемдік көшбасшы болып,  осы өнімді негізгі экспорттаушылардың бірі екенін атап өтті.

-Біз бейбіт мақ­сатта пайдалану үшін ядролық отын өндірудің жаһандық техно­логиялық тізбегінен лайықты орын алу ниетіндеміз. МАГАТЭ-мен бірлесіп Ядролық отын банкін құру біздің маңызды үлесіміз болғанын айтқым келеді. Бұл Иранның ядролық проблемасын шешу үшін де маңызды болды. Болашақта ядролық энергияны бейбіт мақсат үшін пайдаланғысы келетіндер осы Банк ресурсын қолдануына болады. Біз төмен байытылған ядролық отынның Халықаралық депозитарийі болып саналамыз. Бізде МАГАТЭ-мен бірлесіп уранды өндіру және байытудың барлық циклын автоматты түрде тіркеу, бақылау және қорғаудың қанат қақты жобасы табысты іске асырылуда. Қазақстан барлық мүдделі мемлекеттердің азаматтық ядролық технологияларға қол­ жетімділігі тең болуын қолдайды, – дей келіп Нұрсұлтан Назарбаев  ендігі арада түрлі елдердің ұлт­тық энергетикалары мен өнер­кә­­сіптерін төмен байытылған отын­ға көшіру ісін ынталандыру ша­ра­ларын әзірлеуі қажеттігін алға тартты. Өйткені, тұтас планета бойынша жыл сайын адам санының жедел өсуі мен осы заманғы ғылымның шапшаң қарқынмен дамуы энергия көздеріне деген сұраныстың өлшеусіз өсе түсері бар. Ендігі заманның мүддесін ядролық технологиясыз  қазірдің өзінде елестетудің өзі мүмкін де емес. Елбасының «мемлекеттердің азаматтық ядролық технологияларға қол­ жетімділігі тең болуын қолдайды» деуі адамзат санасындағы атомның күші мен құдіреті әуелде сол адамзатты қырып-жоюға бағытталған деген әуелгі сананы өзгерту керектігін меңзегендігі деп ұғынғанмыз абзал.

Қазіргі уақытта оқта-текте болса да, аспанға көтерілген ұшақтардан бастап, адамдардың ең көп шоғырланған жерлерінде аяусыз-ақ жарылыстар жасап жатқан терроршылардың жаппай қырып-жою қаруын да пайдаланып кетулерінің  нақтылы жағдайға айналып отыр­ғанын да айта келіп, Елбасының  Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында барлық елдің қаты­суымен терроризмге қарсы күрес­тің жаһандық желісін құру қажет­тілігінің де пісіп-жетілгендігін алға тартуы бүгінгі үрейлі әлемнің бүгінгі жария­лан­баған соғыстан жеңіліс­ таппауын алдын-ала ойлағандығы еді. Мұнда жалпы Адамзат тағдыры жатыр.

Сол барша адамзатқа   жаһандық соғыс қатері төніп тұрғандығын да Нұрсұлтан Назарбаев өз Манифесінде  ашық айтты.  Дүниені соғыс вирусы жайлап бара жатқандығына алаңдаушылығын білдірген Елбасы  сол соғыс және де ми­литаризм адам баласының ой санасы мен мінез-құл­қына тереңдей бойлап, еніп барады дегенді де жасырмай айтты. Ал адам баласының санасындағы соғыс кез-келген қару түрінен де қауіпті  болары бар.  Өйткені Назарбаев өз Манифесінде   «Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындамауда. Ажал себетін қару мен оны дайындаудың технологиялары ірі державалардың қосарланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарап отыр. Олардың терроршылардың қолына тиюі уақыттың еншісіндегі нәрсе ғана сияқты көрінеді,-деп мәлімдеуі қаһарлы сипатқа ие болып жара жатқан  халықаралық терроризмнің бүгінгі қаупін  дөп басқандығы деп санаймыз.

Үрей көп адам баласында. Сол үрейдің ең бастыларын Елбасы атап айта отырып,  әлемнің көр­некті оқымыстылары Альберт Эйнштейн мен Бертран Рассельдің «қатал, қатерлі және қашып құты­ла алмайтын сұрақ: біз адам баласын жоюға тиіс­піз бе әлде адамзат соғыстан бас тарта ма?» деген осыдан алпыс жыл бұрын адамзаттың алдына тартылған манифесін бүгінгі дүниенің есіне тағы да бір салғаны бар. Соны айта келіп, Қазақстан Президенті адамзат баласының баршасына  «ХХІ ҒАСЫР: СО­ҒЫССЫЗ ӘЛЕМ» атты  кең ауқымды Бағдарлама қажет деген ой тастады. Сол ойын нақтылы етіп тұжырымдай отырып, Елбасы бұл Бағдарламада негізгі үш басты қағидатты, «қазіргі кездегі бірде-бір соғыста жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі», «жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қарулар – ядролық, химиялық, био­ло­гиялық және ғылым жетістігі негізінде ойлап та­былуы ықтимал басқа да кез келген қару түрлерін қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың қырылуына алып келеді» және  де «мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу үшін негіз бей­біт­шілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауап­кершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үн қатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек» дегенді алға тартты. Егер де Адамзат баласы біз, бүгніг мына тіршілікті, өзімізді және келер ұрпақты сақтап қаламыз десек, Елбасыны бұл қағидаттары бүгінгі дүниенің берік ұстанымына айналуға тиісті.

Елбасы Манифесін Адамзаттың ендігі дамуы үшін міндетті түрде орындалуға тиісті  басты бағдары деп қабылдар едік. Манифестегі бес бірдей міндетті қағидаттардың біразын  Нұрсұлтан Назарбаевтың ақыл-парасатымен, ерік-жігерімен  Қазақстан жүзеге де асыра бастаған мемлекеттің бірі.Елбасы атап көрсетіп отырғанындай  2015 жылдың 7 желтоқсанында БҰҰ Бас Ассам­блеясы Қазақстанның бастамасы бойынша Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жал­пыға ортақ Декларациясын қабылдады. Айдай әлемге анық жай, Қазақстан осыдан 25 жыл бұрын әлемде алғаш болып Семей яд­рол­ық сынақ полигонын мәңгіге жапты және де Кеңес Одағынан   мұраға қалған атом қаруынан, оны жеткізу құралдарынан өз еркі­мен бас тартты. МАГАТЭ  аясын­да Қазақстан аумағында атом энергетикасын дамытуды жоспарлап отырған мемлекеттерге арналған төмен байы­тылған ядролық отын банкі де құрылды.Міне, осы жайларды айта отырып,  Нұрсұлтан Назарбаев  бүгінгі күні  ядролық қаруларын  ендігі арада  ғарыш кеңіс­тігіне, әлемдік  төрт мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдау мәселесінің де аса маңыздылығына  дүние  назарына аудара отырып, «жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңалықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат жасап, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдаланыла алатын ғылыми жаңалықтардың Тіркеу реестрін құрған абзал»,-деген ойы да әлем халықтарының зор сүйіспеншілігі мен разылығын тудырып отыр.

Әзірге әлемде ядролық қарудан азат алты аймақ бар болса, ендігі арада  халықаралық бар күш-жігерді Таяу Шығыста ядросыз аймақ құруға белсенді  кірісу керектігін Елбасы өз Манифесінде тегіннен тегін айтып отырмағаны бар. Өйткені, сол Таяу Шығыс өзінің геосаяси жағдайына  байланысты қазіргі де, болашақтағы да қарулы қақтығыстардың өршіп, ушыға түсер орталығы болып қала берері анық. Бұл ушығудың соңы ядролық лаңкестікке әкеліп соқпасына әзірге ешкім де кепілдік бере алмай отырғандығы тағы да бар. Олай болса, Елбасының таяудағы он жылдықтың жалпыға ортақ міндеті ретінде Ауғанстан, Ирак, Йе­мен­, Ливия мен Сирия, одан қалды Украинаның шығысындағы соғыстар мен жанжалдарды және Палес­тина-Израиль қарсы тұрушылықтарын тоқтату,  Корей түбегі, Оңтүстік-Қы­тай теңізі мен Арктика ендігіндегі  жарылыс қаупін азайтуды  ұсынуы XXI- ғасырды және тұтас Адамзат өркениетін ешқашан да ешбір де «жеңімпазы болмайтын» жаһандық соғыстан құтқарып қалудың планетарлық маңызы бар  жедел шаралары ретінде тани білсек, адамзаттың бейбіт те алаңсыз өмірінің жаңа кезеңі басталды дей беріңіз.

Біз кешегі Кеңес Одағы бар тұста әлемдегі бар әскери блоктарды жатқа біліп өскен ұрпақпыз. Сол Кеңес Одағы мен Еуропадағы сол кездегі социалистік мемлекеттер бірлесіп Варшава шарты әскери  блогының құрамында болатын да, Кеңес Одағы тарап кеткеннен соң Варшава шарты блогы да ыдырап, кешегі күні кеңестік армияның тұрған орындарына түрлі желеулермен ақырын жылжып НАТО блогы ала бастағаны да осы күнгі анық жай. Елбасы өз Манифесінде «Геосаяси ахуалдың мәні мынада: егер тым болмаса бір ірі әскери блок бар болатын болса, онда оның антиподы құрылатыны заңдылық. Күш қарсы күш тудырады»-дей келіп қазіргі әскери блоктарға бейбітшілік пен қауіпсіздіктің жауапкершілігін толық сезіне де бермейтін түрлі мемлекеттердің де еніп отырғандығына өз алаңдаушылығын білдіреді. Бұл өазіргі жағдайда  түгел дүниені алаңдатып отырған мәселе! Ал сол жай әлемдәк арена төрінен тұңғыш рет айтылды! Айтқан да Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев! Және де Елбасы осыған орай не қылмаққа керектігін,  ендігі арада  әскери блоктарға Біріккен Ұлттар Ұйымының  туы астында өзге де мемлекет­тердің бейбітшілік, тұрақтылық, сенім мен қауіп­сіздік үшін Жаһандық Коалициясын қарсы қою қажет дегенді де айтты.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. ХХІ ғасыр» Манифесі халықаралық қарусыздану үде­рістерін жаңа тарихи жағдайларға бейімдеу идеясымен де аса маңызды болып саналады.  Таяудағы жылдары жер жаһанның  кеңістігін әскери әрі саяси милитарландырудан , қару-жарақтың одан әрі таралуынан сақтап қала алмасақ,   жаңа қатерлердің бірінен соң бірінің  туындай беретіндігін де Елбасы атап көрсетті.

Әуелден Адамзаттың және оның өркениетінің тағдыры үшін шын алаңдап, шынайы түрде жанашырлық танытып келе жатқан Нұрсұлтан Назарбаевтың өз Манифесіндегі айтылған дүние дамуының бүгінгі өзекті де аса маңызды мәселелерін шешудің жолдарын тағы да тиянақтай түсу үшін  Қазақстанның атынан  2016 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының жоғары деңгейдегі Халықаралық конференциясын шақыруды да ұсынды. Бұл конференцияның негізгі мақсаты  қиратып, бүлдіруге әкелетін соғыстар мен жанжалдардың алдын алу мақсатында ХХІ ғасырдың халық­аралық құқықтық қағидаттарын қуаттау, сөйтіп, адамзатты  ақылмен үн қатысуға, сабырлылық пен парасат-пайымға шақыруы болып табылады.

«Іс-әрекетсіз отыру немесе бітімгершілік қызметпен айналысқансу әлемдік апатпен пара-пар»,- деген Елбасы  Нұрсұлтан Назарбаев тұжырымы  жер жаһанның және Адамзат баласының өзінің де, оның  тіршілігі мен өркениетінің де жер бетінде сақталып қалуына деген алты құрылықтың төрт бұрышын да алаңдатып отырған мәселесі.

Иә, Елбасы айтқанындай,ХХІ ғасырда әлемге тыныштық керек!

Жабал ЕРҒАЛИЕВ, 

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371