Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 18244 2 пікір 30 Қазан, 2010 сағат 13:48

XVIII ҒАСЫР БАТЫРЛАРЫ ТУРАЛЫ ТАРИХИ АҢЫЗ-ӘҢГІМЕЛЕР

1. Абылай хан1 жоңғарларды2 шапқан бір шабуылда 1000 адамды барлаушы ғып алға жіберіпті. Оларды екіге бөліп екі батырды бас етеді: қарабұжыр қанжығалы Жантай3 және сол рудың үлкені Бөгенбай4. Батырлар ұзақ уақыт оралмайды; Абылай қатты мазасызданады, олардың тағдыры туралы жырауы Бұқардан5 сұрайды, «Менің батырларыма не болды, олар неге оралмай жатыр?» дейді. Оған Бұқар былай жауап береді:

«Жантай Талқын6 арқылы өтеді, Бөгенбай Құлжанмен7 өтеді. Хан Баба8 кері қашады. Жантайдың Талқындағы жолы тар әрі қауіпті». Жантай батыр қатерге ұрынды деп ойлайды Абылай. «Жантай барады, барып ұлысты шабады, күлін көкке ұшырып, Жантай әкелген ақша бет қызды хан Абылай алады». Абылай кейіннен Бұқардың айтқаны келгенде, төбем көкке жеткендей қуандым дейді*1.

1. Абылай хан1 жоңғарларды2 шапқан бір шабуылда 1000 адамды барлаушы ғып алға жіберіпті. Оларды екіге бөліп екі батырды бас етеді: қарабұжыр қанжығалы Жантай3 және сол рудың үлкені Бөгенбай4. Батырлар ұзақ уақыт оралмайды; Абылай қатты мазасызданады, олардың тағдыры туралы жырауы Бұқардан5 сұрайды, «Менің батырларыма не болды, олар неге оралмай жатыр?» дейді. Оған Бұқар былай жауап береді:

«Жантай Талқын6 арқылы өтеді, Бөгенбай Құлжанмен7 өтеді. Хан Баба8 кері қашады. Жантайдың Талқындағы жолы тар әрі қауіпті». Жантай батыр қатерге ұрынды деп ойлайды Абылай. «Жантай барады, барып ұлысты шабады, күлін көкке ұшырып, Жантай әкелген ақша бет қызды хан Абылай алады». Абылай кейіннен Бұқардың айтқаны келгенде, төбем көкке жеткендей қуандым дейді*1.

2. Бірде Абылай қытайлармен соғыста шегінуге мәжбүр болады. Жеңілтек қырғыздарға осы бір шағын сәтсіздік қаншалықты әсер ететінін ойлап, қатты ызаланып, қайғырады. Сонда оның жырауларының бірі Тәтіқара жырау9 шегініп бара жатқан қайсақтардың және Абылайдың рухын көтеру үшін былайша жырлайды: «Қашқан қытайлар қайтадан өз әрекеттерін бастады, құлан жотасынан адырналар созылды. Кебеже қарын, кең құрсақ Абылай бұл істі қоя тұр. Жау қытайлардың аттары болдырды, жоқ хан Абылай қашпады, «қашты» деген дұрыс емес, ол тек қиғаш тартты. Бәсентин Сырымбет10, жебесін заулатып, соғысты. Қашқан кезде ойланба! Асығыстық салқын қандылық емес! уақ*2 Баян11, иә, біз мұны көрдік! Ол артына бұрылып, найзамен түйреп жатқан сәтте»

3. Абылай үйсін биі Ерденді бір қателігіне бола жазалау үшін оның ауылын шабуға қол жинайды. Бұл жолы ханның қатулы болғаны соншалық, қасына жақындауға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Сонда халықтың өтінішімен хан алдына Бұқар жырау барып, былайша толғайды:

«О, Абылай, Абылай! Сенің сөздерің арсы мен гүрсі*3 сияқты таумен таласып гүрілдейді; сенің босатқан құлдарыңның бес қақпасына да сыймайды*4. Алатауға барыңыз, ашуыңызды басыңыз, ашуыңызды бассаңыз, боз шекпенді құлыңыз Ерден сіздің алдыңызға 80 түрлі ат-шапан айыбымен келмей ме?».

4. Аңыз бойынша, Түркістаннан шыққан Абылай бірде ең жақын туысқаны Әбілмәмбет12 ханның ордасына туысы Оразбен бір атқа мінгесіп келеді және біраз уақыт бойы қарауыл руынан шыққан дәулетті қырғыз жақсылық Дәулетбайдың қызметінде болып, жылқысын бағады. Дәулетбайдың әйелі жат жерліктің өздері ұсынбайынша, ешқашанда тамақ сұрамайтынын байқайды, ұсынған тамақты да ықылассыз алатынына және ешқашан кір ыдыстан ас ішпейтініне қатты таңданады. Бұл қырғыздарға мүлдем тән қылық емес. Бұған қожайын да назар аударады, сонда ол Оразды тергеп, оның шыққан тегін білген соң, ең жақсы атын мінгізіп, Әбілмәмбет ханға алып барады. Бұл ат әйгілі Шалқұйрық болатын. Жас сұлтанның шайқастағы алғаш серігі соныменен жауға шауып, Абылайға батыр атағын әперген де осы Шалқұйрық болатын.

5. Абылайдың Қалдан Серенге13 тұтқынға түсуі. Жоңғарлардың қырғыздарға жасаған бір шабуылында Абылай жекпе-жекте Қалданның ұлы Шаршыны өлтіреді. Сүйікті ұлының қазасын естіген Қалдан кім болса да, қайда болса да, ұстап алдына әкелуді бұйрады.

Қалмақтар аң аулап жүрген Абылайды тұтқиылда қолға түсіріп, қасындағы бірнеше би және атығай руының әйгілі батыры Құдайберді Жәпекпен*5 Қалданға алып келеді.

«Менің ұлымды қай жерде өлтірдің» деген сұраққа Абылай былай жауап береді: «Сен мені айыптап отырсың, бірақ оны өлтірген халық, мен тек сол халықтың қалауын орындап Шаршының басын алдым». Қалданның бұл жауапқа разы болғаны соншалықты: мöн, мöн деп бірнеше рет қайталайды да, жендетін тоқтатып, Абылайды киіз үйге қамап, қатаң бақылау қояды. Абылайдың нағыз азабы сонда басталады: Шаршының анасы ұлын өлтірген қазақты (қырғызды) көру үшін күнде келеді, келген сайын оған қарғыс жаудырып лағынеттейді; «сен оны не үшін өлтірдің», «оған қалай қолың барды» деп айыптайды. Абылайдың төзімі таусылады, бір күні ана тісін шықырлатып өзінің әдеттегі сауалын қойып жұдырығын түйе ұмтылғанда ол былай деп жауап береді: «Сенің ұлың сияқты қаңғыған құлдар қайда өлмеді дейсің, кәрі қалмақ!» Әйел күйеуіне жүгіріп, астамсыған қазақты өлтіруді талап етеді. Абылайды өлтіріп жүрмесін деп қорыққан Қалдан оны және Жапақ батырды тұтқыннан босатып жібереді14. Аманатқа Жапақтың ұлын қалдырады, ол өзінің батырлығымен және тапқырлығымен көзге түсіп, Сары қазақ15 атанады.

6. Абылайдан үш жүздің батырларының ішінде кімді қатты құрметтейсің деп сұрағанда ол былай деп жауап береді: «Өзімнен бұрынғылардан Қалданның тұтқынынан 90 адамды алып шыққан қаракесек Қазыбек16 пен өз адамдарын тұтқыннан босатып алған уақ Дербісәліге қатты таңқаламын. Біріншісі Қалданның алдына өзі барса, екіншісі ауылында отырып, жауын ықтырған. Менің батырларымның ішінде бәсентин Малайсары17 байлығы мен батырлығы жағынан, ал уақ Баян ақылы мен ержүректігі жағынан барлығынан артық».

7. Тарақты Байғозы18 батыр. Ресейден қашқан торғауыттарды қуалаған19 қырғыздар ашық далада дамылдап, қазанға сүрленген жылқы етін асып, торсыққа құрт езіп, күні бойына нәр болатындай етіп таңғы астарын ішіп отырады. Бір шатырда Абылай,келесіде өзінің тәкаппарлығымен танымал арғын Шақшақ Жәнібек батыр20 отырады. Батыр насыбай атып отырғанда, бір жас қырғыз жігіт шатырға келіп, атынан түспей қолын созып: «Жәнібек батыр, шақшаңды таста» дейді. Жәнібек оған еш назар аудармайды, бірақ оған өзінің менсінбегенін көрсетіп, асықпай шақшасындағы қалдықты қызыл етігінің өкшесіне қағып, баптап қалтасына салып қояды. Көп ұзамай жасақ қозғалып, әрбір ру өз туының астына жиналады, батырлар садақ-жебелерін асынып, шеңбер құрып ханды қоршап тұрады. Кеңесіп, жаудың көптігіне қарамай, шабуыл жасауға шешім қабылданды. Бірінші қарауыл жіберіп байқап алмақ үшін еріктілерді шақырады, алғаш болып бағанағы Жәнібектен шақшасын сұраған жігіт шығады. Шолғыннан оралған соң, Жәнібектің сұрағына*4 жігіт: «Аз да емес, көп те емес» деп жауап береді. Шабуыл басталады, қалмақтардың саны 10 000, қырғыздар көп шығынға ұшырап, ақыры шыдамай қашуға мәжбүр болады.Ең алдыда ту ұстаған, қара атқа мінген ұзын бойлы қалмақ, қырғыздардың қатарына кіріп, бірнешеуін аттан түсіріп кетеді. Жәнібек те шегінгендердің арасында болып, қатты қапаланып, бар дауысымен «Әттең, мына дүлейді*7 өлтіретін қырғызда бір азамат тумағаны ма?» деп айғай салады. Осы кезде бағанағы жас жігіт садағын қолына алып, бар күшімен тартып, көздеп тұрып жіберіп қалады. Жебе зулап барып тура тағдыр-тесікке қадалып, қалмақ жерге домалап түседі. Жас батыр жебесінің дәл қадалмай ирек жасағанына өкініп «Бұл өзі Алланың назарындағы біреу болды ғой» дейді. Батырларының өлімін көрген қалмақтар абыржып қалады, осы сәтті пайдаланып қырғыздар қарсы соққы беріп, жеңіске жетеді. Сонда Байғозы (бағанағы жас қазақ) шақшасын атып Жаныбайға*8 жақындап: «Батыр, енді міне шақша атуға болады» дейді. Тарақты Байғозы батырдың есімі елге осылайша танылады.

8. Балталы Оразымбет батыр21 өзінің ерекше ептілігімен және жылдамдығымен атақты болған. Бағаналы батыр Баянбай өзінің Оразымбетпен бірге қалмақты шабуға барғанын айтады: бір түні олар 8 үйден тұратын қалмақтың ауылына келіп, шауып алуды ойлайды. Баянбай батыр екі үйді шапқанша, Оразымбет батыр қалған үйлерді шапқанын айтады. Ол екі есе олжа алады.

9. Бірде қалмақтар бір үңгірге бекініп алыпты. Үңгірдің аузында сол уақытта атақты қорама22 қара қаруымен (қалмақтар онымен Ертіс асырып сайғақ атқан) мерген отырып алыпты. Бірнеше батырдың өлімінен кейін ешкімнің баруға дәті бармайды. Осы сәтте сіргелі Елшібек23 батыр құлагер атымен қалмаққа қарай жорғалап жөнеледі. Арттағылар бұл да өлді-ау деп тұрады. Елшібек оған жақын келеді де, атой салады. Қалмақ білтесін тұтады, мылтық атылмай қалады. Екінші рет дайындап үлгергенше, батыр шауып тастайды.

Кейін одан неліктен жорғалатып барғанын сұрағанда, ол: «Қалмақ менің атымды алғысы келді, сондықтан менің жақын келуімді күтті, ал мен оған жеткенше мылтыққа үлкен күйік жиналып артынан атылмай қалатынын білдім» деп жауап береді. Осыдан кейін қырғыздардың арасында: «Қорым*9 білтесінің күйігі» деген сөз қалды.

10. Уәлихан жас кезінде тентектігімен, бұзықтығымен аты шыққан. Ол Абылайға бағынып, оларға бодан болуға келген қалмақтармен соғысуына себепкер болады. Бір қыз үшін жас ноянмен24 бәстесіп, өкшесімен теуіп, байғұс қалмақтың қабырғасын сындырады.

11. Абылайдың тұсында башқұрттардың ішінде Есет батыр атақты болған. Бірде ол Абылай ханмен кездесіп, оны тымақ құрлы көрмей қолтығына қысып кете берген деседі.

12. Орта жүз қырғыздары қара қырғыздарды шабады. «Қырғыздар» мұны біліп қойып, соғысқа дайын отырады. Қайсақтар қашады, жау оларды Ілеге дейін қуып келеді. Қазақтар өзенді жалдап өтеді. Қырғыз Теміржан батыр шайқастың қызығына беріліп, аз әскерімен Іленің арғы бетіндегі қырғыз жеріне өтіп кетеді. Сонда қанжығалы Томаша батыр манаптың шағын әскермен шығандап кеткенін байқап, кері бұрылып найзасын бар күшімен аттың кеудесіне қадағанда, ат шоқиып отырып қалады. Манап тез аттан түсіп, сіргелі Жаулыбай батырға ұмтылады; қанжығалы Есет досына төнген қауіпті көріп, найзасын сілтейді, манап жерге құлайды. Томаша батыр аласа бойлы, бірақ үлкен жүректі адам болған. Ол аққуды ілген сұңқар тәрізді манаптың үстіне мініп қарнын жарады. Батырдың*10 жалаңаш ақ тәні ақ сазандай далада қала берді (Манап деп қара қырғыздардың ру басын атайды). Теміржан денелі және көрікті аққұба жігіт болған. Қырғыздар манаптарының өлімін көріп, қатты өшігіп, қуғын салады. Аттан түсіп атпақ болған сіргелі Жаулыбай батыр, артынан қырғыз  Үсен батыр мен Алтай, Байғозы батырлар тұтқынға алынады. Жеребе тастап, Байғозы батыр манаптың өлімі үшін құрбандыққа шалынатын болады. Одан батырды кім өлтірді деп сұрағанда, ешкімді айтпаймын деп жауап берген.

Оны жүзін шығысқа қаратып отырғызып, 40 қадам санап, ұзын мылтықты қара қырғыз қаруын жайлап кезенеді.

Байғозы кейіннен: «Басымды мықтап таңып мылтықтың атылуын күтіп отырдым, қасыма қаза болған қырғыздың бауыры келгенін байқамай қалдым. Ол маған: «Менің ағам шейіт болды, мен қан төккім келмейді, сен қазақ боссың» деді. Мен орнымнан тұра алмадым, қаным тоқтап, өн бойымды тер басып кетті», - деп баяндайды. Ол Абылайдың тұтқынындағы Теміржанның бір бауырына айырбасталады. Ал Жаулыбай құн төлеймін деген уәдемен босайды. Оған тұтқындағы қырғыз Үсен кепіл болады. Ол қой бағып жүріп, сәті түскенде қашып кетеді.

Теміржанды қарындасының жоқтауы: «Табында ақ боз жылқы бар, егер оны бұрсам, мойыны ауырады. Хан ұлындай аға, егер бұрмасам, жүрегі ауырады; ағатай, мен не істейін? Құдайым-ау, боқшадағы*11 бояқтай, табындағы саяқтай, манат сияқты (қытай бұлы). Хан ұлындай ағатайымды еске алмасам жүрек ауырады, ох, ағам менің, не істеймін, Құдайым?»

13. Қашқан торғауыттарды қудалау «тылдағы жорық» деген атпен белгілі. Бұл жорықта халық сансыз көп болды, басқа батырлардың наразылығына қарамастан, хан тұрған орнынан қозғалмай, батыр Баянды күтті. Ақыры ол 540 жасағымен келді де, ханның алдына тұрды: «Қайда? Не бұйырасың, барлығын орындаймын». Хан халыққа бұрылып былай деді: «Міне, менің Баянды күткен себебім осы». Дәл осы уақытта бір күндік жерде 500 жасағымен қарауылда тұрған қанжығалы Жантай батыр қалмақтардың қолынан қаза табады. Бұл оқиға былай болған: Жантайдың бауыры Үйсінбай жер шолып жүріп қалмақтардан 3 түйе алады, қайтып оралғанда інісі Арқандар батыр сауға сұрайды. Үйсінбай батыр оған: «Қалмақтарда түйе көп, қажет болса қолың бар, ауруың жоқ, өзің барып ал» дейді. Бұл ауыр сөздерге қатты намыстанған Арқандар батыр ағасына өзінің ержүректігін дәлелдеу үшін 7 жолдасын, атақты Қонайды (Қоянкөздің ұлы) ертіп, қалмақтарды шауып, 9 түйе олжалайды. Арқандар батыр 7 жолдасына түйелерді айдатып жіберіп, өзі қуғыншылардың жолын торып тоқтатып, болмаса басқа жаққа алдап әкетпекші болып, артта қалады.

Алғашында жолдастары оның өкшелей келген жауды алдап әкеткенін көреді, сосын ол қоршауда қалғандай болады. Тауға шығып жан-жақтан қоршаған жаудың ортасында қаза тапқан Арқандар жатқанын анық көреді. Жантай батыр өзінің сүйікті бауырының өлімін естігенде, «не өлемін, не сендердің қандарыңды ішемін» деп ант берген. Аттарды алғызып, 500 адамнан құрылған жасақты ертіп қалмақтардың қолына араласады, олар 10 мың болады. Өлімге бас тіккен қырғыздар кескілескен ұрыс жүргізді. Қарны жарылған Үйсінбай ішек қарнын киімінің етегіне салып жүріп шайқасып, «Жантай батыр, айтшы, жарылған қарынмен өмір сүруге бола ма?» деп сұрапты. Барлығы қаза тауып, Жантай мен 8 адам және ұлы Тоқыш қалады. Жантай аттан түсіп, тізгінін ұлына береді де: «Үйге қайт, сен аман қалмасаң, мен үшін кек алатын адам болмайды», - деп жан тапсырады. Абылай Жантайдың қазасын естігенде: «Қайрауға көнбеген қара болатым-ай!» деп жылаған.

Барлық әскер Ілеге шоғырланып (шабуылдап), қалмақтар келгенше барлық өткелді қоршап алады.

Қалмақтар тоқтап, 7 адам елші жібереді, олардың басшысы қазандай, түлкі тымақ киген ұзын бойлы қара қалмақ жақын келеді, сәлем беріп: «Алла жар! Мені Ұса мен Серен жіберді, қазақ пен қалмақ бауыр, солай болып қала берейік, ақ үйді тартуға алыңыздар, сонымен татуласайық!», - дейді. Хан «Жүре бер!», - дейді де, батырларын жиып, кеңес қылады:

«Ақ үйін алайық, үміттендіріп, сосын шабамыз».

Баян: «Жоқ! Ақ үйін алмаңыз, алдауға тырыспаңыз, Ұса мен Серен жоғарғы және төменгі Қытайды да алдаған, сені де алдап соғады», - дейді.

Хан екі рет қайталады, ол да екі рет айтты. Бірақ хан өз дегенінде қалды.

Қалмақтар көш жерде (8 және 9 шақырым) тұрды. Екі күн күтті, қалмақтар да жоқ, ақ үй де жоқ, кейіннен олардың кеткенін бір-ақ білді. Баян жанына 1 000 адам алып, қуғынға шығады, оларды Қытайға енгенде қуып жетіп, 40 сажын ғана үлгермеді; қайтар жолда қалмақтар өлік тастаған суды ішіп, қаратышқақпен ауырып, бәрі қаза табады, әйгілі батыр Баян осылай дүниеден өтті.

14. Қалдан Абылай тұтқында болған кезде одан: «Қай әмірші артық?» деп сұрады. - «Кондакер»*12, ақ патша, Ежен хан*13, Қалдан, сосын мен». «Мен, мен!», - дейді Қалдан. «Аз халықты басқарып отырсың, бірақ көпті басқаруға лайықсың», - дейді Абылай.

 

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371