Бұл конференция 14-16 маусым аралығында Астана қаласында өтті.
Шараға күллі түркі жұртының ғалымдарымен қатар тибет, қытай, бұлғар өкілдері де қатысты.
Тәңір – түркілердің ең жоғарғы әрі жалғыз құдайы болатын
Ашық энциклопедиядағы деректерде Тәңіршілдік – дәстүрлі түркілік дүниетанымның бастауындағы діни сенім.
Тәңіршілдік сенімнің Ұлы Тәңірісі – берік қандастық жүйеге негізделген түркі қоғамының Жаратушысы әрі Иесі. Ұлы Тәңірдің елі де, қағаны да, жері де киелі әрі қуатты деп танылған. Тәңіршілдік ұлттық психологияны, яғни ұлттың ділдік сипатын анықтайтын танымдық өлшем.
Ибн Фадлан (Аббас халифатының елшісі) 10 ғасырдың басында оғыз еліне жасаған саяхатында "түріктердің қиын-қыстау кезеңде "Бір Тәңірі" деп, басын көкке қаратып мінәжат ететіндіктерін" айтқан.
Әр түрлі дін адамдарын пікірталасқа шақырған Мөңке ханның: "…Біз тек қана Бір Тәңірге құлшылық етеміз» деген ұстанымын еуропалық миссионер-саяхатшылар Марко Поло, Джованни Плано Карпини, Вильгельм Рубрук мәлімдеген.
"Тәңір" ұғымы Шумер сына жазуларында, ғұндарда “зингир” (қазақта "зеңгір" сөзі бар) түрінде кездеседі. Ұлы Тәңірді "Көк, Ұлы, Нұр", т. б. сипаттаудың бәрі аспанды білдіреді.
Қазақта Тәңіршілдік – «Бір Алла» ұғымымен алмасты
VII ғасырда ислам дінінің келуімен қазақтың Тәңір туралы ұғым-нанымы түгел мұсылмандық түсінікке алмасты.
Атап айтқанда, "Бір Тәңіршілдік" танымы "Жалғыз Алла-Тағаланың" ұғымына дәлме-дәл келді. Қазақтар әлі күнге дейін "Алла жарылқасын" мен "Тәңір жарылқасын" ұғымдарын қатар қолданады. Тәңір – ұлы Алланы білдіретін ұғымға айналды.
Десек те оның элементтері мен танымдары қазақтың бойына ислам құндылықтарымен кірігіп, бүгінге дейін жетіп отыр. Ырым, тарихи салт-дәстүрге айналып, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
Ал ислам мен христан, будда діндері жетпеген саха, хакас, бурят сынды түркі халықтары үшін кәдімгі дін дәрежесіне дейін көтерілген.
Отпен аластау – отқа табыну емес
Әр халықта әр қалай отпен аластайды. Ол дәуірде түнде пайдаланатын оттан басқа қуатты жарық көзі, шырағдан болмаған. Кішкентай сәбиін бесікке бөлейтін ана әлдебір жылан-шаяндар кіріп кетпесін деп, сәбиін қорғау үшін от жағып, бесіктегі жаялықтарды соның жарығымен тексеріп, жаман нәрселерді алып тастап отырады.
Аластай отырып, сәбиі үшін тілек тілейді. Міне, тарихи, ғылыми, діни тұрғыдан алғанда бұл ешқандай отқа табыну емес.
Дегенмен отқа жылынып, тамақ пісіріп, жарығын пайдаланған жұрт оны киелі санайды. Сондықтан ислам діні жетпеген кей халықтар әлі күнге от арқылы діни жоралғыларын жасап жүр.
Саха Республикасы және оның маңындағы бір қауым ел Тәңіршілдікті дін ретінде таңдады. Сол арқылы өз ұлыстарын бір сенім, бір дінге жинап отыр. Тіптен, республикалық деңгейде насихаттап, діни ғибадатханалар сала бастады.
Бұл үрдіс енді мұсылман халықтары саналатын татар, башқұрт, қазақ, қырғыздарда да тарала бастапты.
"Отқа май құю" туралы
Қазақ арасында әлі де сақталып келе жатқан дәстүрдің бірі – "отқа май құю". Бұл да сол көне тарихтан Тәңірге мінәжат қылған кезден қалған ырым. Қазір әдет-ғұрып, салт ретінде қабылданады. Келін алғаш рет үйдің есігін аттағанда от жағып, оның үстіне май құйып, лаулатады. Сол кезде де "Құдай (Алла) отымызды өшірмесін, лаулатсын! От анамыз қолдасын!" деген сөздер де айтылады.
"Отпен аластау" демекші, Саха Республикасынан келген теміршілердің көне заман тәсілімен темір қорытқандарын көзімізбен көрдік.
Ақтық байлау
"Ағашқа ақтық (ақ шүберек) байлау" – ағашқа табынуды білдірмейді. Бұл да сол ескіден жеткен сарқыншақ. Ақтық кез келген жерге бекерден бекер байланбайды. Қандай болмасын бір киесі бар деп есептелген немесе әулие адамдардың мүрдесі жатқан жерлердегі ағашқа, адамға сая болған жапандағы жалғыз ағашқа байланады. Бұл киеге деген құрмет.
Шынымен де киенің және иенің болатынын әркім түсінеді. Өйткені бәрі де тылсым хикметтің барын түйсінеді. Тіптен, кей жағдайда ғылым жауап бере алмайтын нәрселерді кие ұғымы арқылы оп-оңай ұғып ала қоямыз. Қабір басындағы ағаштарға ақтық байлауды да аруақтарға құрмет ретінде түсінуге болады.
Аруақ аттамау
Аруақ – рухтар. Адам – жан (рухы) мен тәннің бірге өмір сүруі. Жан денеден бөлек өмір сүреді деген көне ұғымнан туған діни наным бойынша өлген кісінің тіршіліктегі адамдарды желеп-жебеп жүретін жаны (аруағы). Халықта аруаққа, әсіресе тірісінде ел ағасы, батырлар мен билер болған қадірлі адамдарды, әулие-әнбиелерді қасиет тұтып, киелі санап, соның аруағына сыйыну салты кең тараған.
Ертеде ел қорғауға аттанған сарбаздар майданға кіргенде, жекпе-жекке шыққанда немесе намысқа шапқанда руға, алашқа ұран болған аталар аруақтарына сыйынған. Қазақтар зират маңынан өтіп бара жатып дұға жасайды, құран оқып, бата қайырады. Басына күн туып, ел-жұртынан ауып бара жатқандар зираттан бір уыс топырақты ала кетеді. Малға індет тигенде зиратқа түнетеді. Бала көтермеген әйелдер, созылмалы сырқаттар аруақтардан қайыр-шапағат тілеп, басына түнейді.
Құранда: "Ең соңында рухтан сұралады" – деген аят бар. Ал "Аруақ" "рух" сөзінің көпшесі. Ұлтымыздың "қайтыс болды", "қайтты" деп атауында да үлкен мән бар екенін осыдан түсінеміз. Оның үстіне құранда әулиелердің келетіні ескертілген.
Яғни, рухтар "харасат күніне" дейін өмір сүреді, өлмейді. Сол себепті, аруақ та "Тәңірден (Алладан) тілек тілейді" деген халықтық таным қалыптасқан. "Аруақ қолдасын!", "Алла атса оңалар, аруақ атқан оңбайды!" деген мақалдар – халқымыздың аруақ туралы ұғымының өте жоғары деңгейде екенін көрсетсе керек. Пайғамбар Мұхаммет Мұстафаның (с.ғ.с) қабір басына барып, аруақтарға арнап құран бағыштағаны туралы хадистер де бар.
Бұл тұрғыдан алғанда "Аруақ" ұғымы да исламға жат емес. Аллаға серік қосу деп те қаралмайды.
Бөрінің де Тәңірісі бар!
Түркі халқы өздерін "көк бөрі емген, көк Тәңіріне сенген түркіміз" деп атайды. Көк Тәңірі – ол түркілердің ең жоғары құдайы. Тәңірді аспандағы жалғыз жаратушы әрі басқарушы Құдай деп білген, оған табынған. Ал көк бөрі – өте ақылды, әрі айлалы жыртқыш аң.
Тіптен, бөрінің апанының маңындағы малдарға тиіспейтіні, қорғайтыны, бөлтірігіне қас қылғандарды аямайтыны туралы айтылатын аңыз-әпсаналар өте көп. Бұл туралы: "Қасқыр да қас қылмайды жолдасына", "Иттің иесі, бөрінің Тәңірісі бар", "Бөрінің өзі бар, ізі жоқ", "Ит ала болса, бөрінің бағы" деген секілді түрлі мақал-мәтелдер көп таралған.
Ертеректе көк бөрінің қылшығын жаңа туған сәбидің аузына салып сорғызғандарды да көрдік. Ондағысы сәбиін бөрідей ақылды, батыр, опалы болса екен деген ниетінен туған ырым. Бөрі асығын, тұмсығын, тісін де ырымдап пайдаланады. Бұл да жақсы ниеттен туған амал ғана емес, құдайы Тәңір болған заманның ұрпақ тәрбиесі үшін пайдаланған үлкен құралы болды.
Адыраспанмен аластау
Адыраспанды тұтатып, аластап жүргендерді базардан әлі күнге көруге болады. Оны біреулер құрапилық есептейді.
Адыраспан – у қайтаратын, түрлі бактерияларды, микробтарды өлтіретін улы өсімдік. Оны тұтату арқылы үйді түтінмен, аластап, түрлі микробтардан арылтуға болады. Сонымен бірге көшпелі халықтар оны сабынға салып, былғайды. Қолдан жасалатын ол сабындар да адам денесіндегі түрлі тері аурулары мен бөріткендерді емдейді. Тіптен дала аңшылары адыраспаннан у жасап, қасқыр, түлкі де аулайтын болған.
Бұл тұрғыдан алғанда адыраспан – өте құнды өсімдік екенін көреміз. Ғылыми құнын түсінген халық кәдімгі әдет-ғұрып ретінде жұрттың санасына сіңірді. Оның үстіне киелі өсімдіктің шайтаннан, жаман энергетикадан, қастық дуалардан да аластайтын қасиеті бар деген сенім мықтап қалыптасқан.
Аршамен аластау
Арша да – микробтарды, бактерияларды өлтіретін мәңгі жасыл өсімдік. Аңыздарға сүйенсек, аршаға Тәңірдің мейірімімен "өлместің суы" тамған екен. Сол себепті мәңгі жасыл болып тұрады. Жұрт оны құмандағы суға салып қойып, әр күні жуынуға пайдаланды. Тұтатып үй ішін де аластайды. Жын-шайтанды, жаман дуалар мен қара энергияларды қуады. "Арша тұрған жерге шайтан бармайды" деген наным бар. Бұны "Тәңірдің мейірі түсіп, өлместің суы тамған" қасиетті өсімдіктің киесінен шайтанның да қорқатындығымен түсіндіреді.
Қамшымен аластау
Аластауға көп қолданылатын тағы бір зат – қамшы. Қамшы әдетте тері таспалардан өріліп, көбінесе тобылғы ағашпен сапталады. Ұзақ уақыт пайдаланылған қамшыға жылқының тері сіңеді. Әдетте үйге кірген жыланға жылқының терлігін жаба салса, сеспей қатады екен. Бұдан дала халқы үшін оның қаншалықты керек зат екенін көреміз. Оның үстіне шайтанның "қамшыдан, аршадан қорқатындығы" туралы аңыз-әпсаналар өте көп. Сыртта жүріп ұшынған, жын кірген адамдарды қамшымен сабалап аластағанын көріп жүрміз. Бұны қазір молдалар да пайдалануда.
"Құдайдың бұйрығынсыз қурай да сынбайды". Жоғарыда айтылғандардың бәрі де ғылыми, діни және тарихи түрде сыннан өткен әдет-ғұрыптар. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды. Сондықтан бұндай ғұрыптарды "Аллаға серік қосты" деп тану – өте үлкен надандық.
Жалпы аластаудың түрлері өте көп. Мысалы, сумен аластау (көбінесе христандарда), су бүркіп дем салу, құранмен аластау, дуаны шешу, отпен аластау т.б. бар.
Тасаттық беру – құрбандық шалып, Алладан жаңбыр сұрау
Тасаттық беру – көнеден келе жатқан салтымыз. Бұл да барлық түркі халықтары арасында таралған. Алайда мұсылман халықтарында дінге де кіріккен. Ескі наным бойынша түркілер сиқырмен жын шақырып, жаңбыр жауғызатын және дауыл соқтыратын болған. Бұл тәсілдерді пайдаланып жүрген түркілер әлі бар. Мысалы, саха, хакастардың көптеген діни жоралғылары соған келеді.
Ал тасаттық – қазақта жауын тілеу мақсатымен Құдай разылығы үшін көпшілік атынан құрбан шалу мағынасында қолданылады. Шамаларына қарай ірі қара, ұсақ малды құрбандыққа шалып, көпшілікке етін асып, дастарқан жайып береді, құран оқып, дұға жасап, Жаратушы иемізден елдің тыныштығын, түрлі қауіп-қатерден сақтауын, егіннің өнімді болуын сұрайды, жаңбыр тілейді. Бір сөзбен айтқанда тасаттық – діни рәсімге айналған.
Тасаттыққа сойылған малдың қан-жыны ағын суға не көлге төгіледі. Дұғасы жасалып, тілек тіленеді. Яғни, амал мен ниет қабысқан.
Тасаттық берілген кезден бастап, тілектері орындалып жауын жауады. Осындай хикметке өзіміз талай рет куә болдық. Көзбен көріп тұрып сенбеуге де болмайды.
Күн жайлату
Ал оқуы жетік ғұлама молдалар "күн жайлату" арқылы да жаңбыр жауғызып, дауыл соқтырады немесе тұман түсіреді.
Мысалы, әкеміз Ахмет Сүлейменұлы марқұм (жаны жәннәтта болсын!): "молда жарты не бүтін жылқы тезегіне дұға жасап, дем салып, суға тастап кеп жібергенде көп өтпей тұман басып, жауын жауатын" деп айтып отыратын.
Ал сол жауынды тоқтату үшін де жетік діни білім керек дейтін. Егер сол дұғаны қайтарып, жаңбырды тоқтата алмаса, молданың өзі ісіп-кеуіп кетеді екен. Жауын жауғызудың бұл түрін "Күн жайлату" деп атайды. Күн жайлатуды басқа мақсаттарда да қолданады.
Қыдыр ата немесе Қызыр пайғамбар
Қыдыр ата – мифтік бейне. Түркі халықтары мифологиясында Қыдыр бейнесінің астарынан ислам дініне дейінгі және онан кейінгі кезеңде пайда болған екі діни-фольклорлық дәстүр түсінігі қатар аңғарылады.
Қыдыр ата – қазақ түсінігіне қыдырып жүретін, кездескен адамы ұнаса бата беретін ақсақал. Бата алған адам «Қыдыр дарыған» аталып, сәттілік пен бақытқа кенеледі екен.
Қыдыр – әр түрлі кейіпте (көбіне кедей адам секілді) қыдырып жүреді. Одан сый не бата алу үшін кез келген адамға, оның әлеуметтік мансап-мәртебесі мен байлығына, киіміне, түр-әлпетіне қарамай, ықылас көрсету керек (өйткені ол Қыдыр болып шығуы мүмкін). “Қырықтың бірі Қыдыр” деген сөз содан қалған.
Ал Құранда Қызыр туралы ашық айтылмайды. Алайда «Кәһф» сүресінің 60-82 аяттарындағы: "Өз тарапымыздан оған рақым берген және ілім үйреткен құлдарымыздың бірі" (18/65) деп тілге тиек етілетін кісінің Қызыр (а.с.) екені білінуде. Өйткені тіке пайғамбарымыздан жеткен сахих хадистерде бұл кісінің Қызыр екені анық айтылған (Бұһари, Илм, 16, 44).
Жалпы, Ислам ғалымдары мұндай көне таным-түсініктерді зерттеу арқылы дінімізге саятын ортақтықты көптеп таба алады.
Тәңірге сенетін қазақтар да өз ғибадатханаларын салғысы келеді
Аталмыш конференция аясында "Тәңірлік танымның тууы және ғибадатханасы" атты пікірталас қызықты да қызу болды.
Алматылық азамат (аты-жөнін айтпауды өтінген): "Біз қоғамдық ұйым ретінде тіркелсек те дін ретінде тіркеле алмай отырмыз", – деп отыр.
Бұл жігіттің айтуынша, егер тәңіршілдік заң жүзінде "дін" ретінде танылса үкімет жер беріп, ғибадатхана салуына рұқсат етуге міндетті екен.
Өйткені, заң бойынша барлық діндерге бірдей жағдай жасау қарастырылған. Алматылық тәңіршілдер бұл тетікті пайдалану үшін бір жағынан мүдделі адамдар тобын құрып, енді бір жағынан діни жоралғы жолдарын қарастырып жатыр.
"Арнайы діни жоралғы өткізетін ғибадатхана керек"
Лена Федорова: "Тәңіршілдікті зерттеу халықаралық қорының" атқарушы директоры: "Тәңіршілдікті ұстанатын жұртшылықтың көбейгені белгілі, жұрт өз ата-бабаларының наным-сенімімен жүргісі келеді. Олар мінәжат жасағысы келеді. Ол үшін философтар, этнографтар, астрономия ғалымдары және басқа да зерттеушілер мен мүдделі халық шоғыры қалыптасуы және бірлесе жұмыс істеуі керек.
Тәңіршілдіктің бабаларымыздың діни сенімі екені шындық. Ендеше мешіт, шіркеу секілді оның да ғибадатханасы болғандығын талап етуге тиіспіз".
Татарстан арнайы ғибадатхана салуға рұқсат бермей отыр
Безертинов Рафаэль Нурудинович, татар жазушысы, тарихшы: "Біз Қазан қаласынан ғибадатхана салу үшін жер сұраған болатынбыз. Алайда біздің жамағаттың көп жылдан бергі жасаған ұсыныстары да түрлі шығарып салма жауаптармен орындалмады. Тіптен, өткен жылы Ресейде «арнаулы ғибадатханада ғана діни жоралғы өткізу керек» деген заңдық норма қабылданған. Осы себептен, Қазан қаласынан 40 шақырым жердегі даладағы діни жоралғы жасайтын жерімізде де діни қимылдар жасай алмай отырмыз. Бұл менің Алматылық әріптесіме жауабым".
Рафаэль мырзаның айтуынша "Тәңіршілдік діні" өз отанында ұлықталмай отыр. Тек Христиан, Ислам сынды кірме діндерге жол берген.
"Тәңіршілдік – біз үшін тарих ғана..."
Қаржаубай Сартқожа, түрколог, академик: " Шын мәнінде сахалар да және басқа түркі халықтары да Тәңіршілдік туралы толық біле бермейді. Сонау түркі империяларының кезіндегі дүние танымның сарқыншақтары ғана қалған. Кейбір Еуропа тарихшыларының жазбасымен "Шаманизм" немесе "Тәңіршілдік" аталып кетті. Діннің аты Бүгу болатын. Тәңіршілдіктің ғибадатханасы ретінде Тоныкөк, Күлтегін ескерткіштерін атауға болады. Ол ғибадатханаларға адам жерленбеген, тек түрлі жоралғылар өтіп отырған.
Біз үшін алғанда, Тәңіршілдік – бабаларымыздың тарихы. Біз сол тұрғыдан қарастырамыз әрі зерттейміз".
Қаржаубай ағамыздың айтуынша Саха секілді елдер Тәңір ғибадатханасын салу үшін үлкен ғалымдардан кеңес алып қана, нақты тұжырымдамасын жасаулары керек екен. Өйткені олардың өз ішінде де жеріне жеткізе зерттеп жүргендер жоқтың қасы немесе Еуропа секілді шетелдердің ғалымдарының дерегіне сүйеніп отыр.
Бейсен Ахметұлы