ПРОФЕССОР И. Н. БЕРЕЗИНГЕ ХАТ
Тақырыбы жоқ алғашқы қолжазба қағаздардың арасында сақталған, кейіні-рек, «Черновые записки Валиханова по востоковедению» деп аталған. Үзінді хан жарлықтарында кездесетін кейбір тарихи-этнографиялық терминдерді анықтау бойынша Н.Ф. Костылецкий арқылы өтініш жасаған шығыстанушы И.Н. Березиннің хатына жауап ретінде жазылған. Уәлихановтың берген жауабы қай кезде жазылғаны белгісіз. Бірақ мазмұны бойынша ол И.Н. Березиннің «Ханские ярлыки» (Қазан, 1850 ж.) кітабы жарыққа шыққандағы әсерде жазылған. Жауапта Тоқтамыс жарлығынан кездесетін бірқатар көне сөздерге түсініктеме берілген. Уәлиханов өзінің айтқандарын негіздеу үшін Жалаиридің «Жылнамалар жинағынан» мәліметтер келтірген.
УШЖ, т.1, 121-130 бб. бойынша басылып отыр; алғашқы қолжазба үзіндісі ЦГАЛИ, (Ф. 118, Оп. 1, №469, СС. 10-14) сақтаулы.
Тақырыбы жоқ алғашқы қолжазба қағаздардың арасында сақталған, кейіні-рек, «Черновые записки Валиханова по востоковедению» деп аталған. Үзінді хан жарлықтарында кездесетін кейбір тарихи-этнографиялық терминдерді анықтау бойынша Н.Ф. Костылецкий арқылы өтініш жасаған шығыстанушы И.Н. Березиннің хатына жауап ретінде жазылған. Уәлихановтың берген жауабы қай кезде жазылғаны белгісіз. Бірақ мазмұны бойынша ол И.Н. Березиннің «Ханские ярлыки» (Қазан, 1850 ж.) кітабы жарыққа шыққандағы әсерде жазылған. Жауапта Тоқтамыс жарлығынан кездесетін бірқатар көне сөздерге түсініктеме берілген. Уәлиханов өзінің айтқандарын негіздеу үшін Жалаиридің «Жылнамалар жинағынан» мәліметтер келтірген.
УШЖ, т.1, 121-130 бб. бойынша басылып отыр; алғашқы қолжазба үзіндісі ЦГАЛИ, (Ф. 118, Оп. 1, №469, СС. 10-14) сақтаулы.
1 Березин Иван Николаевич (1818-1896) - орыс шығыстанушысы, 1846 жылдан бастап Қазан университетінің профессоры, ал 1858 жылдан Санкт-Петербор университетінің профессоры. Шығыс халықтарының, көбіне түркі-монғол халықтарының тарихы мен филологиясы туралы көптеген еңбектердің авторы. 1848-1853 жылдары ол «Библиотека восточных историков» деген жалпы атаумен шығармалар жинағын шығарды, оған «Шейбани наме», Жалайыридің «Жами;ат таварих» (Жылнамалар жинағы) және Әбілғазының «Шежіре-и-түрк» сияқты тарихи шығармалар кірді. Березиннің үлкен еңбегі 1853-1888 жылдары жариялаған монғол дәуірінің тарихшысы Рашид-аддиннің «Жылнамалар жинағын» баспа бетіне шығарғаны.
Березиннің өзге шығармаларының ішінде ең маңыздысы «Турецкая хрестоматия» еңбегі (т. 1-3, 1857-1876 жж.), оған қазақтардың, өзбектердің, түрікмендердің және Орта Азияның өзге халықтарының төл туындылары кірді.
Березин көптеген тілшілермен, ғалымдармен байланыста болып, түркі тілдес халықтардың әдеби мұра, естеліктерін жинады. Әсіресе, Сібір кадет корпусының оқытушысы, Қазан университетінен Н. Ф. Костылецкиймен ол өте тығыз байланыста болды, сол арқылы қазақ халқының әдебиет үлгілерін алып отырды. Костылецкий Березинге Ш. Ш. Уәлихановпен іскерлік байланыс орнатуға көмектесті. (Березин туралы қараңыз: В. В. Бартольд. И. Н. Березин как историк. Соч., М, 1977, 9 том, СС. 737-756; А. Н. Самойлович. И. Н. Березин как тюрколог. ЗКВ, 1 том, 1925, СС. 161-172; С. А. Венгеров. Критико биографический словарь русских писателей и ученых, 3 т, СПб, 1892, (автобиография); Биографический словарь профессоров и преподователей Казанского университета (1804-1904), под ред.Н. П. Загоскина, 1 ч. (Казань, 1904).
2 Костылецкий Николай Федорович (1818-1869) - кадет корпусының алдыңғы қатарлы оқытушыларының бірі, орыс революционер демократтардың қызу жақтасы болған, Ш. Ш. Уәлихановтың досы әрі ұстазы. Костылецкий алдымен Омбы әскери училищесінде білім алған, кейіннен Қазақ университетінің шығыстану факультетінде оқып, шығыс филологиясының магистрі болып шыққан. Қазақ тілімен қоса ол өзге түркі, араб және парсы тілдерін жетік білген. Костылецкий Сібір кадет корпусында оқыған қазақ жастарының үлкен тобына ұстаздық еткен. 1865 жылы «Сібір сепаратистері» ісі бойынша айыпталған ол кадет корпусынан қуылады.
3 Тоқтамыс (1406 жылы дүние салған) - Шыңғысханның ұрпағы, XIV ғасырдың 70 жылдарындағы феодалдық қақтығыстар кезінде Орыс ханның қудалауынан қашып, Орыс ханның бәсекелесі болған Самарқандтағы Темірді паналайды.
1831 жылы Тоқтамыс Алтын Ордада төңкеріс жасап, ондағы уақытша билеуші Мамайды жеңіп, Дешті Қыпшақтың ханы болады. Куликово шайқасында әлсіреп қалған Алтын Орданың бұрынғы қуатын қалпына келтіру үшін Тоқтамыс батысқа бірнеше шабуыл жасайды, ұлы князь Ягайло қайтадан оған бағынышты болады. Билігін күшейткен соң Тоқтамыс өзінің кезіндегі қолдаушысынан бас тартып, Темірдің мүддесіне қайшы келетін жеке саясатын жүргізе бастайды.
Тоқтамыстың билік еткен жылдары туралы Уәлихановтың жұмысында келтірілген жарлықтар мен Алтын орда қалаларында Тоқтамыс шығартқан тиындар нақты мәлімет береді.
«Тоқтамыстың Ягайлоға жарлығы» Әмір Темірмен Құндызшы өзеніндегі шайқасынан (1391) кейін жазылған және қыпшақ тіліндегі көне дипломатиялық хат үлгілерінің бірі (қараңыз: И. Н. Березин. Ханские ярлыки, т. II; Тарханные ярлыки Тохтамыша и Темир Кутлуга и Саадат Гирея. Қазан, 1851; В. В. Радлов. Ярлыки Тохтамыш-хана и Темир Кутлуга, ЗВОРАО, т. III вып. 1, СС. 1 40; Ярлыки Тохтамыш хана и Саадат Гирея Я. Ярцева аудармасы, В. В. Григорьев ескертпелерімен. Одесса, 1844; Б. Д. Греков, А. Ю. Якубовский. Золотая Орда и ее падение. М-Л, 1950, СС. 103 105, 112-113).
4 Ягайло Ольгердович (1434 ж. қайтыс болған) - Литваның ұлы князі, 1386 жылдан бастап Польша королі.
5 Темір Құтлық (1400 ж. қайтыс болған) - Орыс ханның немересі, Темір Мәліктің ұлы, Едігенің жиені; Тоқтамыстың күшті қарсыластарының бірі, кейіннен Алтын Орданың ханы болған (1395-1400). 1395 жылға дейін Темір-Құтлығ Ақ Орданың аз танымал ханзадасы (оғлан), кейіннен атасының ежелгі жауы Әмір Темірге қосылып, көтеріле бастады. 1395 жылы Тоқтамысты талқандағаннан кейін Темір оны Дешті Қыпшақтың ханы етті. Темір Құтлығ шартты түрде басқарды, іс жүзінде билік еткен нағашысы Едіге. Бізге Темір Құтлығтың атынан Сарай әл Жадидте, Орда әл Жадидте, Сарайда, Қажы Тарханда, Ескі Қырымда, яғни Алтын Орданың барлық аймағында 1397 1400 жылдары шығарылған тиындар келіп жетті. (қараңыз: И. Н. Березин. Ханские ярлыки, т. II; В. В. Радлов, Ярлыки Тохтамыша и Темир Кутлуга, СС. 1-40; Б. Д. Греков, А. Ю. Якубовский, Золотая Орда и ее падение. М. - Л., 1950, СС. 103-109).
6 Саадат Гирей - Қырым ханы. (1523 1527 ж.), Меңлі Гирейдің ұлы, Қырым Гирейлерінің феодалдық әулетінің негізін қалаушы Қажы Гирейдің немересі. Мәскеуге жасаған сәтсіз шабуылынан кейін князьдер орнынан алып тастады, содан Түркияға қашуға мәжбүр болды. (қараңыз: Н. М. Карамзин, История государства Российского, т. VII, СПб, 1892, СС. 128-151). И. Н. Березин жариялаған оның жарлығы 1523 жылы жазылған (ЗООИД, 1849).
7 Өздерін «Алтын Орданың татарлары» деп санайтын қазақтар емес, тек «ақ сүйектерге» жататын Шыңғыс ұрпақтарының әлеуметтік тобы осылай атанады.
8 Идегей (дұрысы: Едіге, әдебиеттерде сондай-ақ: Едигуй, Идигу, Идиге, Идеке, т. б. 1340 1419) - Орыс хан өлтірген Қаратаулық Құмкент қаласының билеушісі Құтлу Қабаның ұлы; Ақ Орданың маңғыт тайпасынан шыққан ықпалды әмірі, бек. Тарихи сахнада Тоқтамыспен бірге феодалдық қақтығыстар кезінде, Ақ Орда Жошы ұлысынан (Алтын Ордадан) бөлініп шыққан кезде пайда болған.
Осы қақтығыстар кезінде Алтын Орда тағына негізгі үміткерлердің бірі Тоқтамыстың оппозициялық тобына қосылады. Орыс ханды тастап, әкесімен байланысын үзіп, Едіге Тоқтамыспен дос болып, сонымен бірге Темірге келеді. Алтын Орда билігі Тоқтамыстың қолына көшкен тұста ол әріптесінен бас тартып, өз жиені Темір Құтлықпен бірге одан қашып, Әмір Темірге қызмет етіп, оның Тоқтамысты жеңуіне жәрдемдеседі. Тоқтамысты жеңгеннен кейін (1391 ж.) Едіге Темірді тастап Алтын Ордадағы билікті қолына алып, іс жүзінде басқара бастайды, ол өз билігін хан Темір Құтлықтың және өзге жиендерінің атынан жүргізіп отырған.
1399 жылы Едіге Ворскл өзені маңында Литва әскерін жеңеді, 1409 жылы Ресейге жорық жасап, көптеген қалаларды қиратады, Мәскеуді қоршайды, бірақ оны ала алмайды. 1410-1411 жылдары Ордадағы билік қайтадан Тоқтамыстың ұлдарының қолына тиеді, Едіге аз уақытқа Хорезмді паналайды. Оны көп уақыт өтпей Сарайшықтың маңында Тоқтамыстың ұлы Қадырберді өлтіреді. (қараңыз: Ш. Ш. Валиханов. Сочинения. СПб, 1904, С. 224, В. В. Бартольд, Отец Едигея, ИТОИАЭ, т. І (58). Симферополь, 1927, СС. 18-23; Соч., т. 2, ч. 1, М., 1963, СС. 797-804; Жирмунский В. М. Сказание об Идиге. - Тюркский героический эпос. Л. 1974, СС. 351-386).
9 Әмір Темір (Ақсақ Темір, Тимур) (1336-1405) - әмір, Орта Азияның шектес аймақтары мен Мәуреннахрдың билеушісі, әйгілі жаулап алушы және қолбасшы; барлас тайпасынан шыққан Тарағай бектің ұлы. 1370 жылы Әмір Темір ұлы әмір атағын алып, Шыңғыс ұрпағы атынан мемлекетті жалғыз өзі билейді. Ол көшпенді тайпалар мен рухани өкілдерге сүйенеді. 1388 жылы Хорезмді алады, үлкен үш жорықтан кейін (1389, 1391, 1394-1395) Алтын Орданы талқандайды.
Орта Азия елдерін біріктіруге жұмсаған мемлекеттік қайраткерлігін Темір көрші елдерге жасаған әскери шабуылымен ұштастыра алған. Өмірінің соңғы жылдарында Әмір Темір мемлекеті Мәуреннахр, Хорасан, Кавказ елдері мен Парсы елдерін, Пенджабты қамтиды.
10 Орақ Мырза - шамасы, бұл Мамайдың жиені, Мұса Мырзаның немересі ноғай мырзасы Орақ болса керек.
11 Ер Көкше және Ер Қосай (әдебиеттерде сондай-ақ: Ир Гоше, Ир Кусай, т. б.) - танымал батырлар, әкесі мен ұлы, кейіннен Орта жүздің құрамына кірген уақ тайпасынан шыққан, (VIII ғ). Уәлихановтың батырлардың өз аттары белгісіз деген ескертпесі нақты дәлелденбеген. Керісінше, Еркөкше мен Ерқосай - қазақ халық эпосында жырланған ең әйгілі батырлар. Есіл даласын мекендейтін уақ тайпалары әлі күнге дейін Еркөкшені өз руының басы деп санайды. Ол жайында және оның ұлы Ерқосай жайында түрлі нұсқаларда айтылатын қаһармандық дастандар көп. «Манас» эпосында Ерқосай үлкен батыр, Ұлытауды мекен еткен «халықтың әкесі» (қараңыз: Ж. Көпеев. Еркөкше. РОБАН КазССР, №929; Г. Н. Потанин. Казак-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки. ЖС, 1917, II-III, СС. 80-85)
12 Фирдоусидің «Шахнаме» (932-1020) парсы эпосына қатысты соңғы тарихи филологиялық зерттеулер аталмыш авторда «қазақ» этникалық термині кездеспейді деген қорытындыны растады.
13 Бердібек (1359 ж. қайтыс болған) - Жәнібектің баласы, Өзбектің немересі, Жошы әулетінен шыққан Алтын Орда ханы. Оның билік құрған жылдарынан басталған (1357-1359 жж.) аласапыранды уақыт көпке созылып, аяғында Алтын Орданың құлауына әкелді. Аласапыранның ұйымдастырушы Бердібектің өзі, ол алдымен әкесі Жәнібекті өлтіріп хан тағына отырды. Бұл оқиға халық арасында «Нар мойыны Бердібекте кесілді», яғни «Бату әулеті Бердібек кезінде үзілді» - деген мәтелден көрініс тапқан (қараңыз: Әбілғазы Шежіре и түрк. Демезон басыл. СПб., 1871).
14 Тамға - Орталық Азия көшпенділерінің ру тайпалық қоғамындағы меншік белгісі. Онымен рудың малы және басқа да заттарды немесе ру мүшелерінің қолымен жасалған қару жарақ, ыдыс аяқ, кілемдер және т. б. белгіленген; кейінірек отбасы және жеке меншік белгісі. Хандардың жеке тамғасы феодалдық таңба ретінде болып, олар жарлықтарды, ресми құжаттарда, мемлекеттік мөрлерде және ақшада бейнеленіп, биліктің белгісі болды.
15 «Шейбани-наме» - XVI ғ. басындағы тарихи шығарма. Авторы Камал ад Дин Али Мухаммед әл Харави, Әмір Темір сарайында қызмет еткен Бинаи деген атпен танымал (1512 ж. қайтыс болған).
Шығармада Өзбек хандығының негізін қалаушы Мухаммед Шейбани мадақталады. Онда сонымен қатар, Орта Азия халықтарына және Қазақстанға қатысты қызықты мәліметтер бар (XV-XVI ғғ. қазақтардың өзбектерден бөлінген кезеңі). Алғаш рет 1851 жылы И. Н. Березин «Библиотека восточных историков» сериясында басып шығарды (I б. Қазан. 1851).
16 Ораз Мұхаммед (1610 ж. қайтыс болған) - Ондан сұлтанның баласы, Тәуекел ханның немере інісі; орыс жылнамаларында «Царевич Казачьей орды» деп аталады; 1588 ж. Сібір қаласында (төменнен қара) Сібір қаласының сұлтаны Сеид Ахмет Бекбулатов пен Қараш мырзамен (соңынан «Жылнамалар жинағы» авторы Жалайыри) бірге әскербасы Данил Чулков қолға түсірген. Сол жылы олар Мәскеуге жіберіледі. XVI ғ. 90-жылдары Ораз Мұмаммедтің аты әскери жорықтар мен сарай мерекелеріне қатысушысы ретінде бірнеше рет кездеседі (1590 жылы ол шведтерге қарсы жорыққа қатысады, 1593 жылы Қырым татарларына қарсы аттанады). 1600 жылы Борис Годунов оны Касимов қаласының (Окада) «патшасы» етіп тағайындады.
Патша үкіметі сол кезде бұрынғы шығыс әулеттері ұрпақтарын шет аймақтарға вассал ретінде пайдаланды. Осы кейбір вассалдар, мысалға, Ораз Мұхаммед шет аймақтарды қорғаудағы қызметі үшін шекара алабындағы жерлерге ие болды. 1603 жылы Ораз Мұхаммед II Лжедмитрийге қосылады, бірақ Лжедмитрий сарайында опасыздық жасады деген күдік тудырып сатқындықпен өлтіріледі. (қараңыз: В. В. Вельяминов Зернов. Исследования о касимовских царях и царевичах. СПб., 1864, ч. II. С. 398; И. Н. Березин. «Библиотека восточных историков», т. II, I б. Казань. 1854; Г. Ф. Миллер. История Сибири, т I, М. Л., 1937, СС. 274-276, 495-496; Б. Д. Греков. А. Ю. Якубовский. Золотая Орда и ее падение, СС. 416, 417).
17 Левшин Алексей Иракиевич (1799-1879) - орыс ғалымы және мемлекет қайраткері, орыс географиялық қоғамының негізін қалаушылардың бірі; қазақтардың тарихы мен этнографиясы туралы зерттеулерімен танымал, оның үш томдық көлемді жұмысы «Описание киргиз казачьих, или киргиз кайсацких орд и степей» (СПб, 1832) деп аталады.
18 Небольсин Павел Иванович (1817-1893) - орыс тарихшысы, этнограф, Сібір тарихын, Сібір мен Орта Азияның сауда қарым-қатынастарын зерттеуші, Орыс географиялық қоғамының мүшесі. Нақты мәлеметтерге толы көптеген жұмыстарының ішінде көп қызығушылық тудыратындары: «Очерки волжского низовья», (ЖМВД, 1852, ч. 39); «Очерки торговли России со Средней Азией» (ЗРГО, 1855, т. Х, СС. 1 442); «Покорение Сибири» (СПб, 1849).
19 Сейдақ (Сейд Ахмет) - Сібір ханзадасы, Бекболаттың ұлы, Едигердің (Жәдігер) немере інісі. XVI ғ. 80 жылдары мұрагерлік таққа талас жүргізіп, Шыңғыс ұрпағы Көшім ханға қарсы соғысады. 1588 жылы Сейдақ Ораз Мұхаммед және Қараш мырзамен бірге тұтқынға алынып, Мәскеуге әкелінді. Оның ары қарайғы тағдыры белгісіз. (Қараңыз: Г. Ф. Миллер. История Сибири. т. І, СС. 189-197, 274-276, 474-475).
20 Сібір (Искер, Қашлық) - Тобыл өзенінің Ертіс өзеніне құятын тұсынан сәл жоғарыда Ертіс бойында орналасқан қала; XVI ғасырда Сібір хандығының мәдени саяси орталығы, Көшім ханның астанасы болған. Сібірдің маңында өзге де қалалар орналасқан Сузгун тура, Бицик тура. «Сібір» атауын жергілікті тұрғындардан естіген тұтас елдің атауы жөніндегі алғашқы мәліметі бойынша орыс әскербасылары қойған. Қаланы Ермак 1581 жылдың 26 қазанында басып алып, түп-түгел қиратқан. Искер қаласы туралы мәліметтерді, оған жүргізілген қазба жұмыстары туралы қараңыз: Б. Я. Пигнатти. Искер Кучумово городище. ЕТГМ, 1915, вып. 25; А. А. Дмитриев, Кучумов Искер на Иртыше, ИОАИЭКУ, XVI, вып. 3.
21 Қазақ ордасының сұлтаны ханзада Ораз Мұхаммедті қараңыз (16-шы түсініктеме).
22 Көшім (1589 ж. дүние салған) - Алтын Орда шайбанилары әулетінің өкілі Мұртазаның ұлы, Сібір Ордасының соңғы ханы. 1556 жылы Тайбұға әулетінің өкілі Едигерді тақтан тайдырып, хан болды. Көшімнің иелігі оңтүстігінде қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына дейін, батысында Тур (Тархан қалашығы) өзенінің сағасына дейін, оңтүстік шығысында Барабин даласына дейін созылып, солтүстігінде Объ Ертіс сағасымен шектескен. Көшім Батыс Сібір жазығын жайлаған барлық халықтарға салық салып, алғаш рет мұсылман дінін енгізген. Алайда жергілікті тұрғындар жаңа дінге енуге қатты қарсылық білдіреді. Хандықтың мәдени және саяси орталығы Искер қаласы болды. 1851 жылы Ермактан жеңіліп, Ертістің жоғарғы жағына қарай шегінеді. Омбының жоғарғы жағынан ол Қара қалашық деп аталатын жаңа хан сарайын қалайды. Мәскеу патшаларының берілу туралы көптеген ұсынысын ол үнемі қабыл алмаған. 1598 жылы күйрей жеңіліс тапқаннан кейін Көшім Есіл даласына көшіп, одан соң ноғайларда жүріп қайтыс болады. (қараңыз: Г. Ф. Миллер. История Сибири, т. І, СС. 197-201, 299).
23 Қараша (дұрысы, қарашы) - жалқы есім емес, Көшімнің, кейіннен Сейдактың кеңесшісінің дәрежесі, шын аты - Қадырғали Жалайыри.
Қараша шені орта ғасырларда хан сарайында қызмет ететін лауазымды тұлғаларға берілетін болған. Қазақ тілінде осыдан шыққан «Хан қасында қарашы» деген мәтел бар. Қарашы деген ханның ақылшысы, ой қосары деген сөз (қараңыз: Г. Ф. Миллер. История Сибири, т 1, СС. 274-275, 487).
24 Есипов Савва - Тобыл архиепископының хатшысы, жылнамашы. Оның жылнамалары 1636 жылы жазылған және екі редакциямен сақталған: негізгі және тым ұзақ. Негізгі редакция 35 тақырыптан тұрады, Сібірді жаулап алу тарихынан басталып, Көшімнің қазасымен аяқталады. Кең редакциясында Ермактың іс әрекеті мен Сібірді жаулауы барынша кең баяндалған. Есиповтың жазбаларын алғаш тарихшы Миллер пайдаланып, Г. И. Спасский мен И. И. Небольсин басып шығарды.
25 Ұлыс - бастапқыда белгілі бір тайпаның жерінде құрылған тайпалық одақ болған. Ортағасырларда - жекелеген иеліктер (Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, т.б.). Кең мағынасында бұл сөз мемлекет, халық, ұлт деген түсінік береді. Қазақтар жалпыхалықтың мерекені бұрындары «ұлыстың ұлы күні» - яғни, тұтас ұлттың, халықтың мерекесі деп атайтын.
25 Ақназар (Хақназар) (1538-1580) - Қасымның ұлы, әз Жәнібектің немересі, XVI ғасырдың ықпалды хандарының бірі. Оның тұсында хандық билік күшейіп, бір орталыққа бағындырылған, қазақ, қырғыз, ноғайлар Бұхар ханының жаулап алушылық әрекетіне қарсы тұрған. Өзара қақтығысқан феодалдық соғыста мерт болды.
26 Шығай (1582 ж. дүние салған) - Жәдіктің ұлы, Қасым ханның немересі, XVI ғасырдың екінші жартысындағы қазақ ханы. Ташкент билеушісі Баба сұлтанмен жауласа жүріп, Бұхар ханы Абдулламен одақ құрады. Оған Баба сұлтанмен күресуге жәрдемдеседі. Баба сұлтан одақтастардың қудалауынан қашып, Ұлытау тауларын паналайды, сонда қаза табады. Өмірінің соңына дейін Шығай Абдолланың әріптесі болады. Сол үшін бұхар ханы оған Күміскентті сыйға тартады, сол жерде қартайып қаза табады.
28 Қасым хан (1523 ж. дүние салған) - қазақ ханы, Жәнібектің ұлы, Орданың соңғы билеушісі Барақтың немересі. Әкесінен хан тағын мұра еткен соң Қасым хан Жошы ұлысының шығыс бөлігіндегі бұрынғы маңызын қалпына келтірмек болады. Ол өз билігіне қазақтарды ғана емес, ноғайлардың, қырғыз-қарақалпақтардың біраз бөлігін қаратады. Қасым хан дербес иелік жүйесін дамытуға тырысады, оңтүстіктің шұрайлы жерлерін (Сырдарияның төменгі жағы, Қаратау, Сайрам аймағы, Талас пен Шу) ол өз туған туыстарына - ұлдарына, бауырларына және ірі бектерге таратып, өзі Сығанақ қаласына жақын жердегі Қараталға орнығады.
Халық ішінде Қасым ханның есімімен феодалдық заңдар жинағын жасауы себепті қалған «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз бар. Заң мәтіні бізге жеткен жоқ, халық аңызы оның толық нұсқасын бермейді, бірақ оның феодалдық меншікті бекітуге бағытталғаны байқалады.
29 Жәдік (Жадық, Ядик) (XVI ғ.) - Жәнібектің ұлы, Қасым ханның інісі, қазақ хандарының феодалдық әулетінің басы. Қасым хан қартайған, бірақ көзі тірі кезінде хан болып сайланады. Ноғай мырзасы Шығыммен (Шах Мамаймен) өзара қақтығыс кезінде қайтыс болады, Үргеніште, ақын Бақырған ата (Сүлеймен) кесенесі жанында жерленген.
30 Жәнібек (әз Жәнібек, әдебиеттерде Абу Саид) (1477 ж. қайтыс болған) - Орданың соңғы билеушісі Барақ ханның ұлы, Орыс ханның шөбересі, ежелгі қазақ тайпаларының басын біріктіруші, Қазақ хандығының негізін қалаушы және оның алғашқы хандарының бірі. Қазақ тайпаларының біріккен тұсы XV ғасырдың ортасы, Дешті Қыпшақтағы Алтын Орда мен Орталық Азиядағы Шағатай ұлысы ыдыраған кез. Хандықтың негізін қалаушы, қазақ халқының басын қосушы ретінде халық оны әз Жәнібек (дана Жәнібек) деп атаған.
31 Дженкинсон Антони (XVI ғ.) - ағылшын көпесі, дипломат, Мәскеу мен Мәскеу мемлекетінде бірнеше рет болған, екі рет Иран мен Орта Азияға сапар шеккен. 1558 жылы Астрахань мен Манғышлақ арқылы өтіп, Хорезмге келеді. Бұхарға ол Мәскеу және ағылшын сауда компанияларының өкілі және Иван Грозныйдың ресми елшісі болып келеді. Оның Солтүстік Каспий жағалауы мен Орта Азияға сапарының күнделігі сақталған, онда ол жұт пен соғыстан зардап шеккен ноғайлардың мүшкіл халін сипаттап, қазақ ханы Ақназардың Бұхарды жеңгенін жазады. (қараңыз: Известия англичан о России. ЧОИДР, кн. IV, М. 1884, СС. 1-105).
32 Бұрындық - Керейдің ұлы, Жәнібектің немересі, Қасымның алдындағы қазақ ханы, (XV ғасырдың соңы) шартты түрде билік басында отырды, бірақ негізгі билік күшті әрі ақылды інісі Қасымның қолында болды. Бедел мен биліктен айрылған Бұрындық Дешті Қыпшақты тастап, Самарқандқа келеді де, сонда дүние салады.
33 Шейбани хан (Мұхаммед Шейбани) (1451-1510) - Шахбұтақтың ұлы, Әбілхайырдың немересі; Өзбек хандығы мен шайбанилер династиясының негізін қалаушы. Қазақ ханы Қасымға қарсы 1509 жылдың қысында соғыс ұйымдастырып, Созақ пен Ұлытауға жорық жасаған, бірақ жеңіліс табады. Мерв маңындағы Иран әскерлерімен қақтығыста қаза табады.
Әбілғазының жазуы бойынша, Шайбани хан мемлекеттік қайраткер әрі қолбасшы болып қана қоймай, тамаша ақын болған.
34 (میمنه) маймана, (میسره) майсара - әскер қанатының оң және сол жағын білдіретін араб терминдері, түркілердегі оң және сол сөзіне, монғолдардағы барунгар және джувангар сөздеріне сәйкес келеді.
35 Қадырғали бек - Көшімнің, кейіннен Сейдақтың кеңесшісі. Қадырғали бек - Қошым бектің ұлы, Темшік баһадүрдің немересі, қазақ тайпасының тарақ тамғалы жалайыр руынан тарайды. Көшім ханға қарсы шыққан ол Ораз Мұхаммедпен бірге Сейдақ жаққа өтіп, оны нығайтады. Орыс жылнамалары «Сейдаққа қазақ ордасының бір ханзадасы (Ораз-Мұхамед) пен Қараш мырза келіп қосылғаннан кейін, ол күшейді» деп жазады. 1588 жылы Қадырғали бек Ораз Мұхаммедпен және Сейдақпен «Ертіс өзенінің жағасында қырғи салып жүрген кезде» Чулков тұтқынға алып, Мәскеуге жөнелтеді. Осы жерде ол өзінің әйгілі (جامع التواریخ) «Жылнамалар жинағын» құрастырады. (қараңыз: 48 сілтемедегі جامع التواريخ тан үзінділер).
36 Жалайыр - Ұлы жүздің құрамына енетін негізгі және ежелгі тайпалардың бірі. Қазақ генеологиялық аңыздары бойынша, жалайырлар - үйсін тайпасының негізгі бұтағы. Тарихи генеологияға сәйкес, жалайырлардың негізгі саласын шуманақтар (шу тайпалары) құрайды, кейбір ғалымдардың пікірінше олар көне шумғун және сырманақ (сырдариялық тайпалар немесе оғыздар) тайпаларынан шыққан. Өзге жалайыр руларынан қырғыз, оғыз, ақ марқа, қара марқа (ежелгі оғыздарда ақ қойлы және қара қойлы), елтезерді атауға болады. Жалайырлардың құрамында аталған тайпалардың болуы олардың түркі тайпасы екенін дәлелдейді.
Ерте ортағасырда жалайырлар ірі тайпа ретінде Орта Азияның тарихында белсенді рөл атқарған, Иранда, Орта Азияда әулеттің қалыптасуына атсалысқан. Монғол шапқыншылығынан кейін жалайырлардың бір бөлігі Зеравшан алқабына көшіп, өзбектерге сіңіп кетеді. Жалайыр тайпасының қазақтары негізінен Жетісу, Қаратал алқабын мекендеп, Балқаш өзенінің оңтүстігінен Жоңғар Алатауына дейінгі аймақты алып жатқан. (қараңыз: Н. Аристов. Опыт выяснения этнического состава киргиз казахов Большой Орды и кара киргизов. ЖС, 1894, III-IV, СС. 407-408; С. Аманжолов. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Алматы, 1959, СС. 43-46).
37 Оғыз хан - түркі халықтарының аңызға айналған ру басы, атап айтқанда, Сырдарияның төменгі ағысында өмір сүрген оғыз тайпаларының рубасы (VIII-XI ғғ.). Оның атымен үлкен тарихи шығарма «Оғызнама» байланысты, онда Оғыз ханның шығу тегін және көне түркі тайпаларының пайда болуы мен дамуы түсіндіріледі. Поэма түркі тілінен әлемнің барлық негізгі тілдеріне аударылған.
38 Қоңыраттар - көне тайпа, VIII-IX ғасырдан бастап белгілі. Орта Азияның тарихында XIII-XVI ғасырларда маңызды рөл атқарған. Дешті Қыпшақтың көшпелі өзбектер ұлысында қоңыраттар көптеген түркі тайпаларын біріктіріп, маңызды саяси күшке айналды.
Қоңыраттардың негізгі бөлігі қазақ халқының құрамына енді, қалған елеусіз бөлігі қарақалпақтар мен өзбектерге қосылды.
Қоңыраттар Орта жүздің құрамында болды, бірақ XVIII ғасырдың соңындағы тиімсіз саяси жағдайлар кезінде одан бөлініп, Ұлы жүзге қосылды. (қараңыз: А. И. Левшин. Описание киргиз казачьих, или киргиз кайсахских орд и степей, т. I, СПб, 1832, СС. 160 165); Н. И. Гродеков. Киргизы и каракиргизы Сырдариньский области. Ташкент, 1889, С. 11; А. Нурекин. Аристократическая каста в кунградском роде // «Туркестанские ведомости», 1873, №43; Н. Наушабаев. Манзумат казакия. Казань, 1903, С. 27, қазақ тілінде: М. С. Мұқанов. Этнический состав и расселение казахов Среднего жуза. Алматы, 1974, СС. 58-65.
39 Наймандар - көптеген зерттеушілердің пікірінше, түркі тілдес көне тайпалардың бірі. XII-XV ғасырларда тарихта белсенді рөл атқарған. Рашид ад Дин мен Плано Карпинидің жазуы бойынша, наймандар Үлкен Алтай таулары мен Ертіс өзені бойында өмір сүріп, шығыста Қарақорымға дейін, батысында Шыңғыс жотасына дейінгі аралықта қоныстанған, жота ол кезде Найманкух (Найман тау) деп аталған. Монғол шабуылы кезінде (ХІІІ ғ. басы) наймандардың біраз бөлігі (балталы, бағаналы) Шыңғыс әскерінен шегініп, Ұлытау тауларына қарай ығысқан (Орталық Қазақстан). XIII-XV ғасырлардан наймандар қазақ халқының негізгі құрамдас бөлігінің бірі. Олардың біраз бөлігі Орта Азия халықтарының арасына сіңіп кеткен.
Қазақ наймандарының негізгі бөлігі өз ата бабаларының мекенінде, Ертістің жоғарғы ағысы мен Батыс Алтайдан Тарбағатайға дейінгі территорияда өмір сүруде. (Қараңыз: J. Klaproth. Magazin asiatigue ou Revue geographique et historique de I'Asie Centrale et Septentrionale, publie par J.Klaproth, t II, Paris 1826, h 326-328; H.H. Howorth, History of the Mongols from the 9th to the 19th century. V. I. London, 1876, p 693. Н. Аристов. Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности. ЖС, III-IV; СПб, 1896, С. 361); К. Халитов. Тауарих Хамса. Қазан, 1911, СС. 226-227; Н. Наушабаев. Манзумат Казакия... С. Аманжолов. Вопросы диалектологии и истории казахского языка, СС. 52-61; P. Poucha, Trinact tisic kilometru Mogolskem. Praha, 1957, p. 128, 159)
40 Қыпшақтар - XIII-XIV ғасырларда олар кейіннен өзге тайпалар келіп қосылған қазақ елінің негізін құрайды. Соңғы ортағасырларда қыпшақтардың бір бөлігі қазірде Өзбекстанның Ферғана облысын құрайтын территорияға қоныстанды, біраз бөлігі қырғыз, қарақалпақ, башқұрлардың құрамына енді.
Қыпшақ тайпасынан шыққан қазақтардың негізгі мекен ететін қоныстары Торғай және Қостанай далалары және Оңтүстік Оралға жақын аудандар. Біраз бөлігі Сырдария бойында, Ақмола, Павлодар, Омбы және Қарағанды облыстарын мекен етеді. (қараңыз: Махмуд әл Қашқари. Диван лугат ат турк тарих та'лифи 466 сана-и-һижриййа. Мусаххых Келисли Му'аллим Риф'ат. Т. I, Стамбул. 1333/1915, 32; В. З. Тизенгаузен, Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т. I, СПб, 1884, т II, М.-Л. 1941).
Қыпшақ тайпаларының көшіп-қону аймағы батысында Қара теңіз жаға-лауларына дейін жеткен. Ертістен оңтүстік орыс даласына дейінгі кең-байтақ дала XIII-XV ғасырда «Дешті қыпшақ» (қыпшақтардың даласы) деген атпен белгілі болған. В. В. Бартольд. Шығармалар. тт. 1,5. М. 1963, 1968; История Казахской ССР, т. 2, Алматы, 1979.
41 الاچ منكی (алаш мыңы) - Жалайыридың «Жылнамалар жинағы» бойынша, жалайырлар, қаңлы, қатағандармен қатар Ақ Орданы Орыс хан билеген тұста басты рөл атқарған ірі тайпалардың одағы. Шамасы, бұл қазақ тайпаларының бірінші одағы болса керек, себебі XV-XVI ғасырларда аталған термин қазақ халқының этнониміне айналған. Жинақта: اورس خان نینك ميمنه میسره بو ترور: یعنی میمنه اونك قول، میسره سول قول ایرور. اقوام قنقی ایرور ایكی سان نفر، اقوام الاچ منكی ایرور اوچ سان نفر قوم قتغن деп жазылған. Ары қарай «алаш мыңы ішінде бастысы - тарақ таңбалы жалайырлар», الاچ منكی اراسندا اولوغی تراق تمغالی جلایر بولغای деп көрсетілген.
Жалайырлардан шыққан басты бектердің шежіресін келтіре отырып автор: «Алаш мыңының ішінде олар [жалайыр бектері] бас болды: الاچ منكی نینك اغاسی بولا كیلكان بولار ترور деп жазады.
42 قیغان یدا - аударма дұрыс емес, мұндай сөз жоқ. Уәлиханов оны түркі тілдерінің бірде біреуінен таппаған. Дұрысы ایل قریغینا болу керек - мемлекеттің шекарасына қарай. Тұтас сөйлем: الارنینك الا كونكول بیلا تیل یایب ایل قریغینا یتا كیلكاندا... - «олардың ала көңілмен, тіл жайып ел қырығына жете келгенде...» деп оқылады. ﻗﺭﻴﻐﻰ ﺍﻴﻞ деген сөз - ел шекарасы, ортағасырлық ескерткіштерде жиі кездеседі, (تیل یایماق) - өсек, сөз тарату; (қараңыз: МСМА, ч. I-II, М.-Л. АН СССР, 1938, С. 198).
43 تیربامك - тербеу, қозғалту, түрту - метатезаның бір түрі, дұрысы: ﺘﻴﺒراﻤﺎك - тебіремек, қозғалту, қобалжыту, ұялту. Әңгіме Алтын Ордадағы толқу туралы болып отыр. Дұрысында тұтас сөйлем былай оқылады: اول یمان كشی لار بورون تیبراكان دین ایل تیبراب - «... ол жаман адамдардың ашу ызасынан халық көтеріліп кетті». تبراماك، تیبراندی деген сөз көне қыпшақ құжаттарында да кездеседі. (қараңыз: МСМА, С. 296).
44 Арабтың (یتیم) деген сөзінен алынған - «жетім, жалғыз».
45 مونغالدی - дұрыс емес, мұндай сөз жоқ. Түпнұсқада: مونغالتدی (мунғалтды) - «ренжітті, көңілін қалдырды, қайғыртты», жанама мағынасы - жазалады деп жазылған. (مونك) деген сөз - «мұң, қайғы,қатал тағдыр», осыдан (مونكسز) - «мұңсыз, қайғысыз». Бұл сөз де көне жазбаларда кездеседі. (қараңыз: МСМА, С. 271).
46 بازاركان - «саудагер, қонақ, көпес»; көне қыпшақ жазбаларында: بازاركان لیق قیلدی деп жазылған - «ол саудамен айналысты» немесе بازاركان زیان قیلدی - саудагер шығынға ұшырады. (қараңыз: МСМА, СС. 271, 302).
47 اورتاق - «әріптес, жолдас». اورتاغ قیلدی انینك بیلا - "онымен серіктестік құрды" немесе (اورتاغلاشتیلار) اورتاغلاشتی انینك بیرله - «әріптес болды». (қараңыз: МСМА, С. 271).
Жарлықта сөз Ягайлоның саудагерлері туралы болып отырғаны айтылған, اورتاقلارینك - сенің саудагерлерің. Егер екі жақтың көпестері туралы әңгіме болса, اورتاقلاریمیز - «біздің көпестер» болар еді. Сондықтан тәуелдік жалғауын اورتاقلارینك деп санау қажет, (олардың көпестері) اورتاقلارن емес, себебі жарлық екінші жаққа (Ягайлоға) қаратылған, үшінші жаққа емес.
48 Құтлыбұға (XIV ғасыр) - Алтын орда бегі, Тоқтамыстың Шығыс Еуропа мемлекеттеріне баратын елшісі болған.
49 اولوس بكی، ایل بكی - Вефик пашаның түрік сөздігі бойынша ұлыс елге, ел аймаққа, аймақ бойға, бой руға бөлінген. Бартольд В. В. Сочинения, т. II, ч. 2, С. 394.
50 نفر - тура мағынасы «адамдар тобы», адамдарды есептегенде, жан деген мағынада.
51 یساول жасауыл (монғол) - әскерлерді шабуылда немесе салтанатты шеруде сапқа тұрғызу сияқты әскери жұмыстармен шұғылданған адам (осыдан орыстардың есаул сөзі шығады). Жасауылдар әскери үлесті есепке алып, оның ханға тиесілі бөлігін алып отырған. قاراول - қарауыл, монғолдың - харул сөзінен, бастапқыда аң қуушы рөлін атқарушы; көшпенділердің әскери терминінде - ұрысты бастайтын немесе жаудың келуін хабарлайтын алдыңғы жасақ, сондай ақ күзетке тұрушылар, т.б.
52 «Қазақ» терминінің пайда болуы және мағынасы туралы қараңыз: Самойлович А. О слове казах. Антропологические очерки. Л. 1927. Ибрагимов С. К. Еще раз о термине казах. Новые материалы по древней и средневековой истории Казахстана. ТИИЭ АН КазССР, т 8, Алма-Ата, 1960.
53 Қазақлық (казачество) - қазақтың өмір сүру салты, яғни қандай да бір себептермен өз тайпасынан, руынан бөлінген адам немесе билігін жоғалтып, мемлекеттен аулақта жүрген жан немесе өз бетімен күн көріп жүрген кісі.
54 Әбілғазы (1603-1663) - Хиуа ханы және XVII ғасырдың жазушысы. Орта Азия және Қазқастан түркі халықтары тарихының білгірі, «Шежіре и түрк» («Түркі шежіресі») және «Шежіре и таракима» («Түрікмен шежіресі») атты танымал туындылардың авторы. «Түркі шежіресінің» түпнұсқасы XVIII ғасырдың 30-шы жылдары Тобылдан табылып, кейіннен орыс және Еуропа тілдерінде бірнеше рет басылып шықты. Ең көне басылымның бірі Тредиаковский 1770 жылы француз тілінен аударған нұсқасы. Ресейде кітап 1825 жылы сыртқы істер министрі Н. П. Румянцевтің тапсырмасымен жарық көрді, сондықтан бұрын «Румянцев нұсқасы» деп аталды. Әбілғазы шығармаларының ең жақсы аудармасын Қазан университетінің профессоры Г. Саблуков жасаған, ол И. Н. Березиннің «Библиотека восточных историков» жинағының ІІІ бөлімінде басылып (СПб., 1850), кейіннен 1904 жылы жеке жинақ болып шықты.
55 Қазақ халқының қалыптасу мерзімі туралы жаңа зерттеулер Шоқан Уәлихановтың пікірін қуаттайды. Тарихи, археологиялық-этнографиялық, антропологиялық және лингвистикалық мәліметтер қазақ халқының ұлт ретінде қалыптасуы XIV-XV ғасырда аяқталды деген тұжырым жасауға негіз береді. (История Казахской ССР с древнейших времен до наших дней. Алматы, 1979, т. 2, С. 255).
56 Кятиб (Катиб) - Челеби (Қажы Халфе Мұстафа, 1608-1657) - түрік ғалымы, тарихшы әрі географ, «Әлемнің айнасы» шығармасының авторы (1732 ж.). كتاب جهان نما لكاتب چـلبی استانبول، ١١٤۵. Осы кітап мәліметтері негізінде Уәлиханов XVI- XVII ғасырлардағы Орта Азияның сызба картасын жасаған. Бұл карта архивте сақтаулы (Ф. 23, Оп. 1, ед. хр. 17, ЛЛ. 49).
57 Клапрот Генрих Юлий (1783-1835) - әйгілі шығыстанушы, саяхатшы, түркі және монғол тайпаларының тарихы туралы көптеген еңбектердің авторы. 1802 жылдан 1811 жылға дейін Ресейде тұрған. 1806 жылы Ресей Ғылым Академиясының мүшесі болды. Граф Головиннің Қытайға елшілігі құрамында болып, Сібір халықтарының, монғолдардың, манчьжур мен қытайлардың тілі мен тұрмысын зерттеген. Оның еңбектерін Орта Азияны зерттеуде орыс шығыстанушылары көп пайдаланған. Олардың көпшілігі Г. Ю. Клапротпен тығыз ғылыми байланыста болды. Ш. Уәлиханов өзінің алдындағы әріптестері сияқты оның «Tableaux historiques de l'Asie, depius la monarchie de Cyrus jusqua' a nos jours; accompagnees de recherches historiques et ethnographiques sur cette partie du monde. Paris - Londres - Stuttdart - Gotha, 1826» еңбегіне бірнеше рет сілтеме жасайды.
58 Дай цин И тун чжи - «Дайцин (Маньчжур) империясының жалпы сипаттамасы». Қытай мен маньчжур династиясы кезіндегі тәуелді жерлердің XVIII ғасырдағы тарихи географиялық сипаттамасы. 1774 жылғы басылым бойынша және одан кейінгі басылымдар бойынша 24 том мен 356 бөлімнен тұрады. Монғолия мен Синьцзянға 344 356 бөлімдер арналған.
59 Сенковский Осип (Юлиан) Иванович (1800-1858 ) - орыс шығыстанушысы, сыншы әрі журналист. 1819 жылдан бастап Стамбулдағы орыс елшілігінде қызметте болды. Кейіннен Сирия мен Египетке саяхат жасап, араб тілін үйренеді. 1822 жылы Сенковский Петербор университетіндегі шығыс тілдері кафедрасын басқарды. Мұсылман Шығысының тарихы, этнографиясы, филологиясы бойынша француз және поляк тілдерінде еңбектер жазды. 1833 жылдан бастап Сенковский әзіл қалжың журналдарында «Барон Брамбеус» деген лақап атпен жазатын беллетрист ретінде танымал.
60 Бабыр (Бабур) Захир ад Дин Мұхаммед (1483-1530) - Темірдің ұрпағы, Ферғана билеушісі Омар Шейхтың ұлы. Он екі жасында әкесінен иелігін мұра етеді, бірақ өзара қақтығыстар нәтижесінде ол жерден қуылады. 1525 жылы жақсы дайындықтан кейін Үндістанға шабуыл жасап, 1526 жылы Дели мен Аграны басып алады. Содан кейін Үндістанның көп бөлігіне билігін жүргізіп, ұлы моғолдар мемлекетін құрады. Бабур өзінің естеліктерін тарихи көркем шығарма «Бабурдың жазбалары» (Бабыр нама) деген атпен ескі өзбек тілінде (шағатай) жазып қалдырған. Оның естеліктерінің мәтінін алғаш рет Н. И. Ильминский Қазанда 1867 жылы жариялады. Орысша аудармасы (М. Салье) 1948 жылы Ташкентте шықты. «Жазбалардан» басқа Бабырдың «Диван» лирикалық шығармалар жинағы бар (Петроград университетінің шығыс тілдері факультеті 1917 жылы жариялады, орысша аудармасы (Л. Пеньковский) 1943 жылы Ташкентте жарияланды).