Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 5743 1 пікір 26 Маусым, 2017 сағат 08:10

Президенттер шәй ішіп кетті...

Отыз күн ораза ұстап, енді айттайын деп отырғанымызда, сүліктей қара «Джиптер» тура біздің мыж-тыж шәпкі сияқты жәпірейген үйіміздің алдына тоқтай қалысты. Аузымызға аю кіріп кетейін деп тұрғанымызда, мәссаған, өзіміздің президент келе жатыр! Қасында Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия, тіпті көрші Ресей президенті...

– Түгіжоқ Сорлыбайовтың үйі осы ма? – деп сұрады өзіміздің президент.

– И-ия... – дедім мен міңгірлеп.

– Біз айттап келіп тұрмыз!

– Үйге кіріңіздер, жоғарылатыңыздар! – деп әйелім қалбалақтай жүгіріп, үйге кіріп кетті. Сүрініп, қабынып жүріп, төрге жыртық-жамау көрпе жайды. Дастархан жайып, құрт шашты, бауырсақтан үйді. Тісіңе жабысып қалатын арзан кәмпиттерден қойды. Не керек, табан астында тырнағымызға дейін дірілдеп, әбігерге түстік. Енді қайтейік, үйімізге шақырсаң да, шатынасаң да келтіре алмайтын президенттер келіп отыр ғой! Көршілеріміз президенттерді көргісі келіп, «айттай» қалғысы келіп еді, оққағарлар бір адым жолатпады.

– Кешіріңіз, қарапайым халықтың үйлеріне айттап келгіміз келді. Жағдайларыңызды білгіміз келді... – деді өзіміздің президент.

– Жағдай осы. Күніміз қараң, пенсияға келгенде үкімет сараң... – деп келе жатыр едім, әйелім санымнан оңдырмай шымшып алды... Сосын мен ыржалақтап:

– Дей салғым келмейді... – дедім.

– Как дела, Тугижоқ брат... – деді Ресей президенті шәй ішіп жатып.

– Нешауа, нешаууа ... – дей бердім мен. Сосын:

– Соғыстан көз ашпаған Сирияға Қазақстан мен Қырғызстан сарбаздарын жіберу идеясы сізден бе? – деп сұрадым.

Әйелім санымнан тағы шымшып қалды. Облыс әкімі көзін алартты.

– А, иә, құрт сорып отырыңыздар... Қара көжеге ет таба алмай, ұятты болып отырмыз.. Соя салатын тентек текеміз де жоқ...

– Қазақстан қыздары қара қытайға байға тиюге неге құмар осы? – деп сұрады Түрікменстан президенті жантайып жатып.

– Саясатымыз солқылдақ... – деп қалдым мен. Әйелім санымнан оңдырмай шымшығаны. Жым болдым.

– Мені мақтағандарға айыппұл саламын, қаталмын... Ал, мына Түрікменстанда... – деп мақтанды Өзбекстан президенті таба нанға сары май жағып, асықпай жеп жатып. Түрікменстан президенті ұялып, айран сіміре салды.

Содан не керек, президенттер шәй ішіп, Ресей президенті жас та болса, бата беріп, орындарынан тұрып кетті. Туу, зейнетақы алған күні келмей, тура айт күні келгендерін қарашы? Құдай мені өстіп ұрып кетті! Дастарханым қарапайым болып, ұялып қалдық... «Қара халық қандай екен?» деген ұранмен артынша премьер-министр мен министрлер айттап келді. Көңілім көкке жете жаздады. Енді мына тұрған Қырғызстан президентін күтіп отырмын, айттап келетін шығар? Бірақ оған берсек де жақпаймыз ғой, бірдеңеге өкпелеп жүрген шығар ә?

Мұхтар Шерім

Facebook-тегі парақшасынан

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308