Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 12782 15 пікір 26 Маусым, 2017 сағат 08:26

Қазақты құртуға қол жинаймын!

- Отандық теле арналар не көрсетіп жатыр?

- Музыка, кәнсерт, сайқымазақтар шеруі...

Тәулік бойы ырбың-ырбың, ыржың-ыржың, жырқ-жырқ...

- Басқа не бар?

- Жаңалықтар ше?..

Ол да белгілі, педофилия, шарананы өлтірген жасөспірім қыз, парақорлар...

- Кино ше?

- Шетелдің өздері қарамайтын қаңсығын айтасың ба?!.

...

Мағынасыз музыка, боянып алған әртістердің бейпіл күлкісі - бақытты, шат-шадыман елдің сипаты емес, керісінше, кері кеткен, бақытсыздыққа бет алған қоғамның айқын көрінісі!

Тележәшіктен қашып, ғаламторға келесің. Не көрдің, не оқыдың? Кілең ақыл айтқыштар мен "Бүгін кімді тірідей жесек екен?" деп жалаңдап отырған өзіңді табасың. Иә, өзгені емес, өзіңді табасың!

Қалың сарапшылар, қаптаған мамандар, бірін-бірі қуаттап, қате басқан "күнәһарды", "қоғамның жауын" түтіп жеген айтқыштар...

...

Біреу дін жайлы айтып, шариғаттан қозғайды. Оған бесеуі қарсы шығып, дініңіздің тұп-тура өз атасына түскенін дәлелдеп шығады. "Кітап былай дейді" десе, "Кітабың өзіңе, айналайын, аталарымыз былай ететін!" деп, Құнанбайдың оқыған балаларынан бастап, қазақтың арғы-бергі ілуге жарамдысының барлығын сүмпитіп, өзінің пікірін ақтап шығатын «адвокат» қып қояды. Екі ортада қандауыз Кеңес үкіметінен ұлттық рух пен ауыз әдебиетін сақтап қалу үшін "Аллажарлап" шапқан қазақтың аузына "әруақты" салған, сөйтіп жазба мәдениетінің жібін жалғаған амалсыз күй, үмітті аманатты білмейді. Сол түріне қарамай, "Қазақта жазба мәдениеті жоқ, тарих болмаған!" десе, жатып кеп тулайды.

...

Ауғаныстан қандай ел еді? Қазір қандай? Шариғатты өз қалауына икемдеп, діни қоғам боламыз деген ел бүгін алты жасар қызын алпыстағы шалдың қойнына салып беріп, харам үкімі шығарылған есірткімен жан бағып отыр.
Олар да музыканы өмірдің мәні деп түсініп, ғылымнан бас тартқан, діни догманың шәйіне апиынды езіп ішіп, әулиелік трансқа түскен жамағат болатын...

...

Алапат қарсылық бар, әйтеуір. Кімге және неге екенін өздері де білмейді. Бірақ, жаппай қарсы!

«Билікте бас жоқ, Үкіметте ми жоқ!»... Алайда, өздері ақылды һәм көріпкел. Ширек ғасыр жүздеген ғылыми-сараптамалық институттар мен мыңдаған білікті мамандар адасып келіпті де, тек өздері ғана тура жолдан таймапты. Аналардың атқара алмағанын бір-ақ күнде тындырып, ғылыми-рухани уә технологиялық төңкеріс жасайын десе, өкінішке орай, қолдарында билік, қалталарында қаражат жоқ екен... Өкінішті, әрине, өте өкінішті!

...

Тұлыпқа мөңіреуден елдің алдына шыққанымыз соншама, тұлыбымыз тіріліп кетті де, онымен қоймай, ішіндегі сабанымызды қайтармастан, шет ел асып қашып кетті.

Ана елдің мэрі жұмысына белесебетпен барады екен, мына елдің басшысы мешітте түнейді екен, оққағарсыз жүреді, қарапайым үйде тұрады, т.т., с.с..

Егер маған салса, Елбасы қала маңындағы қараусыз жерге кигіз үйін заңсыз тігіп алып, ашық-шашық отыруы керек те, мен көңілім соқса әрәдік барып зіркілдеп, аузыма келгенді айтып кетуім керек екен. Міне, менің парасатты түсінігім осы!

Қазақ қазақ болғалы Хан ордасы, нөкер, бақауыл, айдауыл дегеннің не үшін қалыптасқанын зерделеу шарт емес. Айттым, болды, билік пен басшы қолбала болуы керек!

Бастығы мен әйелінің алдында күбежектеп қалатындар әрісі Алласының, берісі патшасының "кемшілігі мен қателігін" (астапралла!) тізбектегенде, әй, перғауының да ондай болмаған шығар деп қаласың.., субханалла!..

...

«Жаман қоғам - ереуілші, жаман адам - торуылшы келеді» деп дұрыс айтқан. От шықпай түтіндеп, су шалмай шылқылдап отырған кілең сіркесі су көтермейтін наразылар. Кімге наразы, неге наразы, шарт емес, әйтеуір кінәлілер басқалар, өзі - ақ!

Әр адамның ішінде бір-бір Әбләзіп, бір-бір Қажыгелдин бұғып кетіп бара жатқан сияқты көрінеді, кей кезде. Мемлекетке, ұлтқа жаны ашымайды, бірақ солар үшін біреулер басын бәйгеге тігіп, құрбанға шалынуы керек. Әттең, қолында билік болса, көрсетер еді, ел болғанның не екенін!

Қазаққа сонда кімнің жаны ашиды?

Қытай мен орысты жау, араб пен ағылшынды дұшпан деп танығандар ма? Немесе, ең алғашқылардың бірі боп қытай инвесторларының Қазақстандағы өкілі болған, қазірде жұмыссыз жатса да Қытай мен Дубайға емін-еркін барып келе салысымен топ құрып, қытайға қарсы қол жинайтын, уатсап арқылы қазақты арандататын "анти-қытай" ағайынымыз ба?

Қалағаның ереуіл боп, ғылымың мен білімің тасып, наразылығың ішіңе сыймай бара жатса, қолыңды кім қақты, жолыңды кім бөгеді?! Шықсай, ереуіліңе! Біз мында отырып сөз қылайық та, тақырып керек қой, бізге де!..

...

Жеке пікірім ғой, маған осы «24 kz» телеарнасы ұнайды. Қазақстанның әр түкпірінде тәжірибеге енгізіліп жатқан жаңа технологиялар мен жеке кәсіп иелері, шаруа адамдарының жаңашылдығын көп көрсетеді. Қуатың түгесіліп, жанарың кілмиіп бара жатқанда, еліңде болып жатқан игі істерді біліп, қайта жан шақырғандай боласың.

Өмір сүргің келеді...

...
"Өмір деген не десем?" деп Мұқағали ағамыз айтпақшы, "Қазақ деген кім?" десем, өзім екенмін, мен екенмін!..

Қазақ қоғамын дамытпай отырған керітартпа, күнде ертең еліме жақсылық жасаймын деп уәде беріп орындамайтын, әр таңда көзімнен жарқ еткен ұшқынды кінәліні іздеймін деп сөндіріп алатын, басын шалып барлығын білетін, бір нәрсені толық меңгермеген, бірақ, басқаны түйгіштегім кеп тұратын, баршаға жөн-жосық айтушы, ақылдың кен-дариясы... - мен екенмін, Қазақ деген!

...

Астыртын әрекетті қойып, жария түрде бұл ҚАЗАҚ деген елді құртуды қолға алғанымызды мойындайтын уақыт жеткен секілді, қазақтар!

Қайтпек керек?!.

(Жалғасы жоқ...)

Қанат Ескендір

Facebook-тегі парақшасынан

15 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5308