Сәкен Иманасов. . Билік – сауда-саттық сияқты базар...
Сәкен Иманасов - жазушылар арасында екі дүркін Мемсыйлыққа ұсынылып, екеуінде де тауы шағылған ақын. Алайда, «дәу сыйлық» алғандардан артық болмаса, кем емес. Кір жұқпаған қаламымен, ел алдындағы қадірімен дараланып, ақсақалдық дейтін белеске абыроймен жеткен қаламгер. «Дат, тақсырға» берген сұхбаты да оқырманды бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз.
- Сәкен аға, соңғы уақыттары баспасөз бетінен көп көрінбейсіз. Қазір қайда жүрсіз?
- Иә, бұрынғыдай көп көрініп жүрген жоқпын. Оның өзіндік себебі бар. Айтар ойың болмаса, газет бетінен түспей жылтыңдай берудің не қажеті болсын.
Бұрын да көп пәлсафа жазып, көлдей дүние бітіргенім шамалы еді. Кәрілік келгелі тіпті сирек жазатын болдым. Кезінде көңіл жақын газет-журнал редакторларының қолқалауымен қазақ мүддесі тұрғысында ой-толғамдарымды үзбей жазып тұратынмын. Оның кейбіреуі қоғамда кәдімгідей аңыс тудырған-тын.
- Публистикалық дүниенің жөні бөлек қой. Ақын үшін өлеңнен қымбат не бар дейсіз, өлең не болып жатыр, аға?
Сәкен Иманасов - жазушылар арасында екі дүркін Мемсыйлыққа ұсынылып, екеуінде де тауы шағылған ақын. Алайда, «дәу сыйлық» алғандардан артық болмаса, кем емес. Кір жұқпаған қаламымен, ел алдындағы қадірімен дараланып, ақсақалдық дейтін белеске абыроймен жеткен қаламгер. «Дат, тақсырға» берген сұхбаты да оқырманды бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз.
- Сәкен аға, соңғы уақыттары баспасөз бетінен көп көрінбейсіз. Қазір қайда жүрсіз?
- Иә, бұрынғыдай көп көрініп жүрген жоқпын. Оның өзіндік себебі бар. Айтар ойың болмаса, газет бетінен түспей жылтыңдай берудің не қажеті болсын.
Бұрын да көп пәлсафа жазып, көлдей дүние бітіргенім шамалы еді. Кәрілік келгелі тіпті сирек жазатын болдым. Кезінде көңіл жақын газет-журнал редакторларының қолқалауымен қазақ мүддесі тұрғысында ой-толғамдарымды үзбей жазып тұратынмын. Оның кейбіреуі қоғамда кәдімгідей аңыс тудырған-тын.
- Публистикалық дүниенің жөні бөлек қой. Ақын үшін өлеңнен қымбат не бар дейсіз, өлең не болып жатыр, аға?
- Кейбір ақындар сияқты аузым көпіріп: «Топырлатып жазып жатырмын», - деп айта алмаймын. Табиғатымнан өлеңді қиналып жазатын ақынмын. Әуелі кейде көкейде жүрген бір шумақ өлең қағазға түскенше мұрнымнан қан ағып кететін жағдай болатын. Той-томалақ басқосуларда замандас, әріптестерім: «Не жазып жатырсыз?» - деп сұрап жатады. Сонда айтатыным бар: «Осы жасқа дейін ақын деген атты арқаланып біраз өлең жаздық. Бірақ Абай бола алмасымды білдім. Білген соң ақылға келдім: топырлатып отыз том жазып, Абайдың отыз ауыз сөзіндей халық жадында қалмасаң, оның несі ақындық» -деп. Негізі, өлең ермек емес қой, ол да қоғамға қызмет етуге тиіс.
Ұзақ жыл бойы қазақ журналистикасына аянбай тер төктім. Қазақ мүддесін қорғайтын талай публицистикалық мақалалар жаздым. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қолы ұзындар мен билігі жеткендер өздерінің белгілі-белгісіз ата-бабаларына ауыл, көше аттарын беруді дәстүрге айналдырып алған болатын. Соны сынадым: «Марапат па, мақтан ба?» - деп. Сонан соң бала кезімдегі бір оқиғаны аңдатпа етіп, бүгінгі күні Қазақстанды есеңгіретіп тұрған «ұрлықты» жаздым. Әлі есімде тоғыз-он жас кезім еді, ағам екеуміз түпнағашымыздың үйіне қонаққа бардық. Сол үйден Спандияр Көбеевтің «Орындалған арман» деген кітабын көрдім. Көрдім де, оқи бастадым. Оқып бітіре алмаған соң, кетерде кітапты алып кетпек болып атдорбаға тығып қойғам. Бірақ ұрлығым әшкереленіп, ұяттан өртенгенім бар. Сол реткі ұрлығым күні бүгінге дейін бетімде тұрады.
- Сіздіңше, бүгінгі ұрлықтың сипаты өзгерген болды ғой?
- Әрине, өзгерді. Қазақ: «Түйме ұрласаң да, түйе ұрласаң да - ұрлық», - деп жатады. Сондай-ақ, «Арам өлген малдың етін жесең де, ұрлықпен келген, малдың етінен дәм татпа. Ол арамнан да - арам», - дейді. Сол бала күнгі оқиғаны мақаламның басына кірістіріп, бүгінгі билік басына келген түйені түгімен жұтып жүрген азаматтардың «ұрлығын» астарлап жеткізген болдым.
Жасыратыны жоқ, осы күні ұрлықтың сипаты өзгерді. Ол «сыбайласқан жемқорлық» деп аталып, құлашын тым кеңге жайды. Қазақты есеңгіретіп тұрған қиянаттың үлкені осы «ұрлықтан» аспаса керек. Баспасөзде айтылып, жазылып жатыр ғой, «ұрлықтың» алуан түрлі қасіреттерін, мысалы, біреулердің миына қан құйылып, жүрегі тоқтап не сотталып жатқанын айтуға болады. «Ұры қоғамда» азуды сыздатқан «ұрытіс» көп. Жазғыштар жазып жатыр, бірақ содан сабақ алып, аяқтарын аңдап басып жүргендер аз-ау!..
- Қалай дегенмен жазушы біткен Мемсыйлыққа таласып жатқанда, сіз сияқты поэзияда қолтаңбасы бар ақынның үнсіздігі қызық екен. Мұныңызды атақтан қалған көңілге жоримыз ба, жоқ әлде басқа себеп бар ма?
- Мен Мемсыйлыққа ең алғаш рет тоқсаныншы жылдардың басында ұсынылдым. Ол кезде комиссия мүшелерінің сүзгісінен өту қиямет-қайым болатын. Қазір ғой күпкіге қой салғандай топырлатып апарып, топылдатып өткізе салатыны. Сол рет бәйгеге түскен «Адырна» өлеңдер жинағым соңғы мәреден сүрінді. Оған өкінген жоқпын. Кейін 2007 жылы болуы керек, «Ар алдында» деген кітабымды тағы ұсындым. Бір күні ақын інілерімнің біреуі келіп: «Сәкен аға, сен Мемлекеттік сыйлықты ала алмайсың!» - дейді түйеден түскендей. «Неге?» - деймін түк түсінбей. Сонда айтады: «Сыйлық алатын адамның сіз сияқты жағасы жайлауда жүрмейді. Комиссия мүшелеріне барыңыз, әрқайсысына кіріп, уәдесін алыңыз!» - дейді сабазым. Мен: «Бойымда ондай жаратылыс жоқ қой. Сыйлықты алсам: «Біз алып бердік», алмасам: «Бізге келіп еді», - деп айтады. Одан да бұйырғаны болар», - дедім. Сөйтіп, бұйырғаны - екінші рет бұйырмады. Осыдан екі жылдың алдында 70 жасқа толдым. Қазақстан Жазушылар одағының басшысы Нұрлан Оразалин: «Сәке, бағыңызды тағы бір рет сынап көрмейсіз бе, біз де айтайық!» - деді. Сонда: «Айналайын, Нұрлан, рақмет саған! Енді жетпіске келгенімде желкілдеп барып лауреат болғаннан не пайда?» - дедім.
Мүмкін, менікі күпірлік шығар, қазір қасымда жүрген азаматтарға айтып жүрмін: «Енді Мемлекеттік сыйлықты алтын астауға салып әкелсе де, бас тартамын», - деп. Шын сөзім, уақытында алмаған атақтың, берілмеген сыйлықтың түкке керегі жоқ.
- Биыл марқұм болып кеткен Шәмші мен Жұмекенге де сыйлық берді ғой, оған қарағанда, сіздікінің жөні бар сияқты?
- Шәмші мен Жұмекен - сыйлықсыз да алып адамдар. Бірақ сол екеуіне биыл Мемсыйлықты берген комиссияның шешімімен келіспеймін. Мұным қызғанғандығым немесе лайықсыз дегенім емес. Олар бұл өмірден озған адамдар. Бізде ондай баһилық болған аты мен заты бар азаматтар көп. Оның бәріне Мемсыйлықты берсек, онда тірілерді қайтеміз? Меніңше, оларға басқа сыйлық немесе өзге марапат қажет. Әлемдегі ең ірі «Нобель сыйлығы» тек тірі адамдарға ғана беріледі екен. Сол сияқты, біздің «Мемлекеттік сыйлықтың» да заңды шарты болуға тиіс.
- Сіз қазақ баспасөзінде ұзақ жылдар бойы қызмет еткен сақа жорналшысыз. Тәуелсіз елдің баспасөзі сөз еркіндігін толық пайдалануымен ерекшеленетіні туралы көп айтылады. Алайда кемшін тұстары сыналып жатады. Ал бұған сіз не қосасыз?
- Журналистиканың стиль ерекшелігін зерттеп жүрген мамандар қазіргі журналистика туралы алуан түрлі пікір айтады. Көбі бүгінгі журналистикадағы жанр кемшілігін сынайды. Бірақ әр заманның өзіндік мәселесі, өзіндік ерекше тақырыптары болады ғой. Журналистика сонысымен ерекшеленеді. Қазіргі баспасөзде сұхбат жанры өте көп. Бұл, біріншіден, өте оңай жазылатын жанр. Екіншіден, тілшіні жазу қасиетінен айырады. Үшіншіден, кейбір сұхбаттардың сұрақтарына қарның ашады. Тілшінің сауатына жаның ашиды, сұхбатты оқудан ұяласың. Төртіншіден, телевидение жағындағы әңгіме-сұхбаттарда тілші қонағының аузына сөзді өзі салып отырады. Қонақтың ойын бөліп, сөзінің берекесін кетіреді. Бұл - бір-екі ғана кемшілік. Бұрын әйел азаматшаларды журналистикаға алмайтын. Жұмысының әйел затына тиімді еместігіне бола. Ал қазір журналист мамандарын оқытатын білім ошақтарында бірыңғай қыздар білім алады екен.
- Сәкен аға, сіз кезінде Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болып сайланған екенсіз. Сіздіңше, жазушы сияқты өнер адамдарының билікке баруының, депутат болуының халыққа пайдасы бар ма?
- Кезінде депутат болу - шенеунік болу емес еді. Қайта халықтың қызметшісі болу еді, қазір ғой депутат болған адамның Құдайдай құқаңдайтыны. Мен 1993 жылы депутат болдым. Алайда депутаттық ғұмырым өте қысқа болды. Небары жарты жылдан кейін парламент таратылды. Бүгінге дейін жазушылардан билік қызметіне араласқан азаматтар аз болған жоқ. Еңбектері де нәтижесіз емес еді. Ақсақалы Шерхан Мұртазадан бастасақ, Олжас Сүлейменов, Мұхтар Шаханов сияқты біраз азаматтар қазақ мүддесі үшін тәуір пайдалы жұмыс жасады. Бірақ саясат таза емес қой. Таза адамның өзі саясатпен былғанады. Билік - сауда-саттық сияқты базар. Базарда саудаласу, алдау, арбау, пайда табу, шығынға отыру сияқты дүниелер болады. Билік те сондай - рақымсыз қан базар.
- Сіз еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін «Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығында» да қызмет істепсіз. Жуырда үкімет Көші-қон комитетін қысқартып, көші-қонның шаруасын Ішкі істер министрлігіне тапсырды. Бұрын Көші-қон жеке министрлік болмады деп, өкпелеп жүрген қазақ енді комитетке зар болып қалды. Осы тұрғыда сіз не айтасыз, мұны қазаққа жасалған қиянат деп қабылдауға бола ма?
- Ол кезде Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығын жазушы марқұм Қалдарбек Найманбаев басқарды. Шеттен келген, әсіресе Моңғолия мен Қытайдан оралған бауырларымыз үшін Қалекең біраз игі жұмыстар істеді. Ол кісінің шапағатына бөленген азаматтар осы күні Алматыда және басқа қалаларда тұрып жатыр. Мен қауымдастықтың жанынан ашылады деп жоспарлаған баспаның қызметіне барғам. Бірақ қаржы жетпей, баспа ашылмай қалды.
Бүгінге дейін «Көші-қон комитеті» жеке министрлік болса, құзыры кеңіп, қызметі оңалар еді деген пікірлер айтылып, жазылып келді. Онымен келісемін. Мәселен, Дүние жүзі қазақтарының қауымдастығы қоғамдық ұйым болғаны үшін, шетел қазақтарына керемет қызмет жасай алған жоқ. Құзыры жетпеді. Ал енді мына «Көші-қонды» Ішкі істер министрлігінің қарамағына өткізіпті. Бұл тіпті дұрыс нәрсе емес. Қазақ мұндайды: «Мүйіз сұрап, құлақтан айырылыпты», - дейді. Онсыз да шетелден оралған талай қаракөз Қазақстан азаматтығын, квотасын ала алмай, делдалдарға жем болып, тауы шағылып, сағы сынып, көштің басын кері бұрған болатын. Енді мынадай жағдайдан кейін бұл сала тіпті тарылуы мүмкін. Өйткені біздің елде сақшылар - қылмыскер (менің осындай бір өлеңім болған). «Ішкі істер министрлігі» деген атаудың өзі, оның қызмет мүмкіндігін көрсетіп тұрған жоқ па. Қалай айтсақ да, бұл өзі қисынды жұмыс болып тұрған жоқ.
- Қазақ дегенде еріксіз ауызға түседі екен, қазір қарапайым халық пен биліктің арасы алшақтап бара жатқандай: мәселен, соңғы уақыттары биліктегілер халықпен санасқанды қойып, бірін-бірі «талайтынды» шығарыпты. Ал халық болса, әлі кедей...
- Иә, қазақ пен биліктің арасы алшақтап кетті. Қазақ: «Ұлық болсаң, кішік бол», - деуші еді, ал біздің азаматтар билікке барса, «үлкейіп» кетеді. Қазір республиканы айтпағанда, аудан әкімдеріне қарапайым халық кіре алмайтын жағдайға жетті. Бұл әкімдердің халықтан алшақтағаны емей, немене? Бұрын жұмыс бабымен министрлерге де қиындықсыз кіре беретінбіз.
Кейде ойлаймын, шенеуніктер халықтан себепсіз қашпайтын шығар деп. Өйткені олар халықтан қорқуы мүмкін. Қорқатын себебі: қазір таза жүрген шенеунік жоқ. Сонан соң айтқандары - өтірік есеп, жалған жоспар. Әдетте, кез келген адам өтіріктен қорықпаушы ма еді. Үкімет қазақпен санаспаған соң, қазақтың күні азаптан арылмай-ақ жатыр.
- Қазақтың осы күнгі күйкі тірлігіне ұлттың зиялысы - жазушылар мен ғалымдарды, дуалы ауыз ақсақалдарды кінәлайды жұрт. Кейде халықтың өкпесінің де жаны бар сияқты, қазір зиялы қауым жалтақтаудан аспайтын болған. «Бұрын қылышынан қан тамған Кеңес үкіметінің кезінде жазушының сөзі саясатқа ықпал етуші еді», - дейді сол үкіметтің саясатын көргендер. Ал қазіргі әріптестеріңіздікі не жалтақтық?
- Осы тақырып айтыла-айтыла қаламгерлердің намысын оятатын уақыт жетті. Бірақ нәтиже шамалы. Өйткені алдымен жазушы сөзін тыңдайтын үкімет бар ма? Сонан соң қаламгердің басына осы уақытқа дейін талай қамшы үйірді. Осыдан шығар, әріптестерімнің жалтақтайтыны. Дегенмен қу шөппен ауыз сүртуге болмас, Мұхтар Мағауин сияқты азулы жазушылар бүгінгі саясатты қаламымен-ақ «бауыздап» жүрген жоқ па.
- Әңгімеңізге көп рақмет!
Жұқамыр ШӨКЕ,
«D»
«Общественная позиция»
(проект «DAT» № 39 (76) от 3 ноября 2010 г.