Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2064 0 пікір 10 Қараша, 2010 сағат 22:11

Өркен КЕНЖЕБЕК. Спорт комитеті сора шегуді ұсына ма?

«Азиада» дегенде, тілге «аз...ия» сөзі орала кетеді. Қыл мойнымызға бұршақ салып, тілеп, сұрап алған Азиаданың араны кең. О басында ойындарды өткізсін деп 768 200 000 долларды шықырлатып, ортадан шығардық. Одан кейін де 301 500 000 долларды санап-санап бердік. Сонда да.. аз. Ия? Оқпаны толмайтын Ойындарға кеткен ерен қаржы 8 088 652 қазақстандықтың төменгі айлық жалақысын төлеп беруге жетеді екен. Жә, жарар, бүйте берсек, бар мәселенің түйінін тиынмен есептеп, бақырға бөлетін аритмофобтың өзі болармыз. Мысалы, мемлекет имиджінің құны иттей болып саудаласуға келе ме? Келмейтін сияқты. Мемлекетшіл махаббаты мүбәрак жүзін алаулатып тұрған мырзалардың «Осыны өткізіп алсақ, Олимп тауынан орын алып, әлемдегі аузын айға білеген спорт империясына айналамыз» деп жалаулатуын айтсайшы.... О-й-й, мұндайда санаңды санға беріп қою дегенің «ұят қой, ұят». Арыдан таратқанда, Азиадаң қып-қызыл шығын... емес.

«Азиада» дегенде, тілге «аз...ия» сөзі орала кетеді. Қыл мойнымызға бұршақ салып, тілеп, сұрап алған Азиаданың араны кең. О басында ойындарды өткізсін деп 768 200 000 долларды шықырлатып, ортадан шығардық. Одан кейін де 301 500 000 долларды санап-санап бердік. Сонда да.. аз. Ия? Оқпаны толмайтын Ойындарға кеткен ерен қаржы 8 088 652 қазақстандықтың төменгі айлық жалақысын төлеп беруге жетеді екен. Жә, жарар, бүйте берсек, бар мәселенің түйінін тиынмен есептеп, бақырға бөлетін аритмофобтың өзі болармыз. Мысалы, мемлекет имиджінің құны иттей болып саудаласуға келе ме? Келмейтін сияқты. Мемлекетшіл махаббаты мүбәрак жүзін алаулатып тұрған мырзалардың «Осыны өткізіп алсақ, Олимп тауынан орын алып, әлемдегі аузын айға білеген спорт империясына айналамыз» деп жалаулатуын айтсайшы.... О-й-й, мұндайда санаңды санға беріп қою дегенің «ұят қой, ұят». Арыдан таратқанда, Азиадаң қып-қызыл шығын... емес.

Мысалы, ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт комитеті кітап басып шығарыпты. Азиаданы арқау етіп, студенттердің денсаулығын ойлап дегендей, «Физическая культура-спорт-здоровье» деген кітап шығарса, қуанбай көріңіз. Түсінген боларсыздар, оқу құралы ретінде ойластырылған ғой. Қуаныштан қолым қалт-құлт етіп, кітапты жылдам парақтай бастадым. «Дене шынықтыру». Дұрыс. «Аюрведа». Жарайды. «Заңды һәм заңсыз есірткілер»... Осы тарауды ежіктеп оқыған екі көзіме сенбей, кітаптың астын-үстін тінткілеп, біраз сілкілеп, бір жауып, бір ашып, қайта оқыдым. Студенттерді біліммен сусындатуға арналған оқулықтың тұтас тарауы алкоголь, темекі, нашаның жеті атасын жете таныстыруға бағышталыпты. Жыртып алып, есірткінің жарнамалық буклетіне жапсырсаңыз да, есер емес. Әлде «жынды су, сайтан түтінінің» каталогы деп атасақ та, әнтек болмас.

Қысқасы, осы тарауды аса ыждаһаттылықпен оқығандағы ойымыз: бұл жастарды жамандықтан жирендіруге емес, қайта есірткінің соншалық қауіпті емес екендігіне «көз жеткізе» баяндау. ... «Сияқты» деп қосу керек пе еді, қоспадық. Біріншіден, басқа емес, Түркия асқан Түймебаевтың тілегі қабыл болыпты. Жәкең министрлік мансабында оқулық сынына қарсы аргумент ретінде «ресейлік авторларды шақыратынын» айтқан. Айта берген, айта берген. Ақыры, міне алдымыздағы «Физическая культура» бастан-аяқ орыс тілінде өріліп, көрші саясатының көңірсік иісімен сасып тұр. Абайсызда... «Астана» деген алты әріп кірігіп кеткенін байқамай қалыпты да. «Общым», оған көңіл аударуды көңілі хош көрмеген «ойшылдар», атап айтқанда, ресейлік ғалымдар В.Григорьев, В. Салов, Д. Давиденко, В.Таймазов бар білгенін жазыпты. «в России», «для России» деп басталатын деректер, материалға тұздық болатын сауалнамалар, зерттеулер, бәрі-бәрі - Ресей контингентінде сыналып, орыс ұғымында сызылған. «Жазған құлда шаршау жоқ». Орыс авторларын империялық агрессор ретінде итке талату ойымызда жоқ. Олар сана көкжиегі жеткен жеріне дейін қамтыды, шолды... Жазығы не?

Ал, Қазақстан «құрамасынан» соавторлар ретінде есім-сойын жазып қойған кімдер еді? Олар - ҚР Туризм және спорт вице-министрі Талғат Ермегияев пен ҚР Туризм және спорт министрлігі спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов. Кітаптың сиқына «қарусыз көзбен» қарағанда, жоғарыда аталған 4 автор туындыны таласа жазған да, оған орыс я қазақ екенін ныспысынан ажыратуға болмайтын 3 адам рецензия сүйкеткен. Ал біздің қос шенеунік «мақұл» деп мәнерлеп қолдарын қойған-ау, шамасы. Ең болмаса, 258 беттік кітаптың ана беті, мына бетінен бір иіскеп, «мынадан өзі қазақ деген, тфу, Қазақстандық деген қоғамның буы шыға ма?» деп сұрамай ма? Солай жаз деп сұқ саусағын безеп тұрып, талап етпей ме? Үдесінен шықпаса, күркіреп-сіркіреп, қайта жаздыртпай ма? Қойшы, «как будто», кешіріңіз, құдды Ресей Федерациясының территориясында тарауы тиіс, тілі де, технологиясы да келісіп тұрған «тамаша туынды» «қос елдің шығармашылық байланысының керемет үлгісі ретінде» баспадан шығып, он мың данасы жан-жаққа бытырап кетті.

Енді... «Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы  Жолдауын жүзеге асыру шеңберінде» деп өзіне шеңбер жасап алған «шедевр» кімнің қолына түседі? Көкөрім жастардың. Он екіде бір гүлі ашылмаған қыздардың.  Елбасы бұқаралық спортты өрістету керек, оған халықтың 30 пайыздайын тарту керек дегенде игі ниетті көздегендей еді. Ал, мұнда «заңды және заңсыз есірткілер» деп , оларды тауарын өткізе алмай отырған «торгаштай» ауыздарының суы құрығанша «мақтайды-ай» келіп, «мақтайды». Темекі, арақтың түп атасын тарқатады, ежелгі дәстүрлерді еске салады.. Айталық, римдіктердің отбасында әрбір мүшесі кем дегенде 3 литр сыраны сімірген дейді. Немесе, шнапсты тікеден тік тұрып, өңештен лақ еткізіп өткізе салатын дәстүрі болған дейді кітапта. Оқып отырып, тамағын жыбыр-жыбыр етіп, көзіңнен 24 кадр болып небір көріністер өтеді-кетеді. Осындай мысалдар жетіп-артылады. Тиым мәселесін түртінектегенде де, тағы Ресейдің «озық тәжірибесі»: өзге елдер өре түрегеліп, маскүнемдікпен күрескенде, тек көршіміз ғана ізгі саясат ұстаныпты. Ақшалай айып салып, жібере берген. Па, шіркін десеңші... Неткен гуманизм! «Алкоголь кішкене дозада көңіл көтереді, басқа адамдармен байланысыңды арттырады, өз бойындағы кемістікті, яки комплексті жеңдіреді». Мұны да айтқан мен емес. Кітаптың 223-беті.

Бұдан да қаламы суалмаған авторлар қара сораның «құдыретін» паш етеді, ұлық етеді. «...Сопровождает человечество так же долго, как конопля» деп келіп, оны түрлі жолмен дайындап, шынығу, құмарлықты қоздыру үшін пайдаланды дейді, шіркіндер. «Біздің ата-бабамыз деп білетін скифтер де ыстық тастың үстіне қара сораның дәндерін шашып жіберіп, жамылғының үстінен буын сорған екен»... Қарап тұрсаңыз, есірткінің тарихына үнілемін деп құдығына құлатып жіберуге апаратындай. Бірде «Лишь в ХХ столетии наркотик распространился по всему миру....» деп өкінгендей болады. Бірде «Коноплю .. обычно называют «групповым наркотиком» потому, что настроение опьяневшего утрированно повторяет настроение окружающих его» деп, топ болып топалаң болсаң деген ойға бастайды. «Қан айналымы бұзылған және қартаң кісілер қара сораны абайлап қарағаны (пайдаланғаны - ред.) жөн» деп жазады кітапта. Бейне бір бұл қара сораны емес, аспирин беріп тұрған ақ халатты фармацевтің «ақыл-кеңесіндей»... Әрі «қара сора мидың жұмысын бұзады деген дәлелдер әлі жоқ екен». Кітаптың қағазы қызармастан, осылай қыртып тұрғанда, «ендеше» деп ой жалғастырып көріңіз. Ендеше, «қара сораң қауіпсіз, босқа жаман атақ алып жүрген шөп» бола ма? Енді ше, «гашиш Шығыста Құран тиым салған өнімге жатпайды. Содан да, оны ешбір күмәнсіз, алаңдаусыз қолдана береді» деп соғады. Сонда самайына ақ кірген алты-жеті «ақылдынының» айтқанына ерсек, гашиш халал ас болып шықты. Кәлимаға тіл сындырған кез-келгеніңіз гашиш шексеңіз, мұсылмандыққа жарасады деген пәтуаны шығарып тастапты пақырларың... Гашиш-машиш деп түр-түсің түстемесе де, Құран «өз-өздеріңді өлтірмеңдер» деуші еді. Арақ болсын, шарап болсын, ЛСД болсын, масаңдық тудырып, есінен айыратындай күші болса, бәрі харам саналмай ма? Сөйте тұра, бұлардың бұра тартқанына не жорық?

«Күріштің арқасында күрмек су ішеді». Азиада деп, тоқымдай дерегіне дейін ресейлік идеологиямен сусаған, өзінше пәтуа шығарып, алқын-жұлқын ақпараттары адам миын шағып жіберетіндей кітап шықты. Сұрауы кімнен? Ақыры, оқу құралы екен, неге Білім және ғылым министрлігінің сараптау комиссиясының алдынан өткізіп алмады екен? Айналымнан шығарып тастайтындай, бір-екі мың дана емес. Он мың дана деген обал емес пе? Демек, жастарымыз бұқаралық спорттан бұрын қара соранының түбіне түсіп кетсе, Т.Ермегияев пен Е. Қанағатов деген екі азаматтан көріңіздер «кінәсін». Мүмкін, есірткіге тәуір жарнама жасаған кітаптарды түнгі клубтар талап алар? Көрнекілік ретінде іліп қойсын. Біреу-міреу «мыңқ  етіп», мораль оқып жатса, қолыңа «мә» деп ұстата салады да... Тым құрыса, соған пайдасы тиер.

«Халық  сөзі» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1490
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5534