Жарасбай Сүлейменов. СӨНБЕЙТІН ШЫРАҚ
Мен Мағжанның атын алғаш рет 1972 жылы естідім. Әскер қатарынан оралып, редакцияға қызметке орналасқаннан кейін отбасымызбен Қызылжардағы Куйбышев (қазіргі М. Әуезов) көшесіндегі жеке меншік үйде пәтер жалдап тұрдық. Әкелі-балалы жандар үйлерін қатар салыпты. Үлкен үйде кемпір мен шал, түкпірге қарай салынған шағын үйде үш баласымен сол кісілердің үлкен ұлдары тұрады екен. Есімі - Мағжан. Біз осы үйдің бір бөлмесіне орналастық. Бір үйде тұрсақ та пәтер иесімен сирек кездесеміз. Өйткені, ол кісі заводта учаске бастығы болып істейді, жұмысқа ерте кетеді, кеш келеді...
Осылай жүріп жаттық. Кейін жақынырақ танысып, дастарқанымыз араласа бастаған күндердің бірінде шай үстінде Мағжанның етжеңділеу келген қараторы келіншегі:
- Журналиске тақырып керек қой, бір нәрсе айтайын ба? - деді.
- Айтыңыз.
- Атамның айтуына қарағанда, оны мен атамның өзінен емес, баласынан естідім, қазақта Мағжан деген бір керемет ақын болыпты. "Халық жауы" ретінде атылған дейді. Менің атам сол кісімен Омбыда бірге оқыпты, дос болыпты. Баласының атын сол кісінің құрметіне Мағжан деп қойыпты. Кейін аталас бір туысының әйелі босанып, "есімін сіз қойыңыз" деп қолқа салғанда оны да "Мағжан болсын" депті.
Мен Мағжанның атын алғаш рет 1972 жылы естідім. Әскер қатарынан оралып, редакцияға қызметке орналасқаннан кейін отбасымызбен Қызылжардағы Куйбышев (қазіргі М. Әуезов) көшесіндегі жеке меншік үйде пәтер жалдап тұрдық. Әкелі-балалы жандар үйлерін қатар салыпты. Үлкен үйде кемпір мен шал, түкпірге қарай салынған шағын үйде үш баласымен сол кісілердің үлкен ұлдары тұрады екен. Есімі - Мағжан. Біз осы үйдің бір бөлмесіне орналастық. Бір үйде тұрсақ та пәтер иесімен сирек кездесеміз. Өйткені, ол кісі заводта учаске бастығы болып істейді, жұмысқа ерте кетеді, кеш келеді...
Осылай жүріп жаттық. Кейін жақынырақ танысып, дастарқанымыз араласа бастаған күндердің бірінде шай үстінде Мағжанның етжеңділеу келген қараторы келіншегі:
- Журналиске тақырып керек қой, бір нәрсе айтайын ба? - деді.
- Айтыңыз.
- Атамның айтуына қарағанда, оны мен атамның өзінен емес, баласынан естідім, қазақта Мағжан деген бір керемет ақын болыпты. "Халық жауы" ретінде атылған дейді. Менің атам сол кісімен Омбыда бірге оқыпты, дос болыпты. Баласының атын сол кісінің құрметіне Мағжан деп қойыпты. Кейін аталас бір туысының әйелі босанып, "есімін сіз қойыңыз" деп қолқа салғанда оны да "Мағжан болсын" депті.
Бұл әңгімеге бірден елең ете қоймадым. Өйткені, Мағжан бұрын естімеген адамым. Жазушылардан менің білетінім Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхтар Әуезов, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Сәкен Сейфуллин. Соңғы үшеуі де атылып кеткен. "Мағжан керемет болса, осылармен бірге неге ақталмаған?" Осы бір ой мені одан алыстата түссе де, сол күннен кейін көрші шалды кездестіргенде ойыма бірден Мағжан оралатын болды.
Артынан сұрастыра келсем, Қызылжарда Бейсен ақсақалды білетіндер көп екен. Ол кісі сол кездегі облыстағы ірі молдалардың бірі болуы керек, әйтеуір, ертелі-кеш біреулер машинамен келіп, әкетіп-әкеліп жатады. Өзі бой басын таза ұстайтын адам. Сөзге сараң. Таңертеңнен кешке дейін қолынан құраны түспейді, бейсауат көшеге шықпайды. Жаңылмайтын бір ісі - апта сайын мешітке жұма намазына барады. Бірде реті келгенде: "Ата, Мағжан деген үлкен ақын болыпты" дейді, сіз сол кісімен бірге оқыпсыз ғой" деп сыр суыртпақтамақ болып едім, шегір көздерін өзіме қадап біраз отырды да: "Болды ғой, болды" - деп сөзінің ар жағын жұтып қойды. Одан әрі жақ ашқан жоқ. Кейін де ол кісімен талай рет сөйлеспек болып оқталған едім, бірақ қариядан сөз ала алмадым.
Бірде Мағжан Жұмабаевтың есімі тағы да алдымнан шықты. Өзімнің бастығым, ол кезде қазіргі "Солтүстік Қазақстан" газеті "Ленин туы" деп аталатын, совет құрылысы бөлімінің меңгерушісі Мұхаметқали Нұрғожин көңілі түссе көлдей адам еді. Кейде жұмысты былай сырып қоя тұрып, әңгіме шертіп кететіні барды. Айтары көп: соғыс ардагері, ұзақ жылдар партия, шаруашылық органдарында қызмет істеген. Сол кісі бір күні әңгіме шертіп отырып өзінің 1936 жылы Петропавлдағы мұғалімдер даярлайтын техникумда оқығанын, сол кезде Мағжан Жұмабаевтың орыс тілінен сабақ бергенін айтып қалды. "Мағжан Жұмабаев қандай адам еді?" - деп сұрадым. «Одан бері көп уақыт өтті ғой, шашы бұйра, өте сұлу адам еді. Орысшасына орыстардың өзі тәнті болып жүретін» - деді Мұқаң
Бастығым осыдан басқа ештеме айта алмады. Ол кезде (1973 ж.) Мағжан есімі аталмайтын, әлде Мұқаң сақтық жасап, көп сырын бүгіп қалды ма, әлде шынында да білгені сол болды ма екен? Кейін ол кісінің Мағжанның алдынан дәріс алғанмен, өмірінен бейхабар болғаны рас шығар-ау, деп ой түйдім. Өйткені, 1988 жылы М. Жұмабаев ақталғаннан кейін, ол кезде Мұқаң тірі, біз талай рет кездестік, Мағжан туралы не білесіз деп қазбалап сұраған кездерім де болды, бірақ ол кісі алғашқы айтқандарына ештеңе қоса алған жоқ.
Редакцияның қым-қуыт өмірі, күнделікті қарбалас не нәрсені болсын ұмыттырып жібереді. Мұқаңдар тапсырманың үстіне тапсырма беріп, "Әлгі материал қайда?" деп көзілдірігінің үстінен қарағанда, жаныңды қоярға жер таппай қысыласың келіп. Ол кезде газет аптасына бес рет шығады. Оны толтыру оңай емес. Мұндайда бәрін ұмытуға тура келеді. Осылай күн артынан күн өтіп жатты.
... 1986 жылдың желтоқсан айының 15 жұлдызында мен бір топ партия қызметкерлерімен бірге Алматыға келдім. Ол кезде бізді аратұра Жоғары партия мектебіне бір айлық курсқа жіберіп тұратын. Сабақ 17-сі күні басталуға тиіс. Оған әлі екі күн бар. Жатақханаға орналастым да, амандық білейін деп осында тұратын ұстазым Сейтен Сауытбековтің пәтеріне телефон шалдым. Секең менің Алматыда екенімді естуі мұң екен, "үйге келдің" астына алды. "Мазалағаным қалай болады?" деп ойымды жіңішкелеп жеткізіп көріп едім, Секең оған тоқтай қоймады «Біздің үйдің қайда екенін білесің, күтемін», - деп телефон трубкасын қойды.
Сейтен Лиманұлы Сауытбеков менің туған аулым Балуанда көп жыл сегізжылдық мектепті басқарған, зейнет демалысына шыққаннан кейін Алматыға қоныс аударған-ды. Өзі өте білімді адам, араб, парсы тілдерін біледі, өлең жазады. Алматыға келісімен жыл сайын бір жинақ шығаратын болды.
Сірә, менің келетін уақытымды жобалап отырған болуы керек, қоңыраудың түймесін басуым сол екен, есікті Секеңнің өзі ашты. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін өзінің жұмыс бөлмесіне бастады. «Тәтең өмірден озған, қазір Сейілмен тұрып жатырмын», - деді Секең бір сәт мұңайып.
Секең елді керемет сағынған екен, сол жолы сұрамаған адамы жоқ. Әңгімемен біраз отырып қалыппыз. Арасында өз жайын да айтып қояды. «Жуырда баспадан тағы бір кітабым жарық көруге тиіс. Үйде қарап отыра алмаймын. Кітапханадағы жұмысым да көп уақыт алады». Ол кезде Секең Пушкин атындағы орталық кітапхананың сирек әдебиеттер бөлімінде істейтін. Мен кетуге ыңғайланғанда ол жазу столының суырмасын ашып, мәшіңкеге басылған бірнеше парақты маған ұсынды. «Естуің бар ма, қазақтың Мағжан Жұмабаев деген керемет ақыны болған, өзі біздің жерлесіміз, 1938 жылғы қуғын-сүргінде атылып кеткен. Әлі ақталған жоқ. Соның біраз еңбегі қолыма түсіп, аударып едім. Мынау "Батыр Баян" деген поэмасы сенде болсын, күні туғанда елдегілерге ұсынарсың»,- деді.
Секең астарлап сөйлейтін, өте терең адам еді. "Күні туғанда" дегенде Мағжанның көп кешікпей толық ақталатынын сездірген екен. Ол күн де туды. 1988 жылғы 28 желтоқсанда "Мағжан Жұмабаевтың, Ахмет Байтұрсыновтың және Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасы туралы" Қазақстан компартиясы орталық комитетінің қаулысы жарияланды. Бұл Мағжан толық ақталды деген сөз еді. Нақ осы уақытта ұстазымның аманатын орындап, Мағжан Жұмабаевтың "Батыр Баянын" облыстық радиодан бердік. Ол кезде мен облыстық радиода бас редактор едім. Ал Бүркіт Бекмағанбетов осында диктор болатын. Бүркіт бар өнерін салып, саңқылдатты.
Шыны керек, осыдан кейін де мені Мағжан тақырыбы аса қызықтыра қойған жоқ. Оған бірден-бір себеп - сол кездегі жұмыс бастылығым болды ғой деп ойлаймын. Бірақ, неге екенін білмеймін, Мағжан менің алдымнан шыға берді.
Кешкілік жұмыс орнымда отыр едім, телефон шылдыр ете түсті.
- Сәлеметсіз бе, бұл Едіге Қайырбеков деген қазақ, - деді трубканың ар жағындағы адам.
- Ассалаумағалейкум, - деп сәлем бердім. Ол кісіні сырттай білуші едім. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша басқармасы бастығының орынбасары болып істейтін, полковник.
- Ертең уақыт тауып, маған келіп кетпейсіз бе? - деді Едікең сыпайы ғана. Көп ойланған жоқпын.
- Таңертең келемін, - дедім.
Трубканы орнына қойғаннан кейін "Бұл кісі мені неге шақырды екен", - деп ойланып қалдым.
Таңертең жұмыс күні басталысымен Ұлттық қауіпсіздік басқармасының табалдырығынан аттап, өзімнің полковник Е. Қайырбековтің шақыруымен келгенімді айттым. Кезекші офицер ішкі телефонмен басқарма бастығының орынбасарымен байланысты да: "Жүріңіз, ол кісі күтіп отыр", - деді.
Едіге Қайырбековті сыртынан талай рет көргем. Бойшаң, кескінді кісі, тіп-тік жүреді. Орнынан тұрып, жылы ұшырай қарсы алды. Қол алысып амандасқаннан кейін "отырыңыз" деп алдында тұрған орындықты нұсқады.
- Мені сіз танымайтын шығарсыз. Мен Керекудің азаматымын. Біз сізді білеміз, үйдегі жеңгең де жазғандарыңды оқып жүреді. Осылай деді де, ол алдында жатқан папкаға қол созды.
- Мағжан Жұмабаевтың ақталғанын білесіз ғой, мынау - сол кісінің ісі. Мүмкін қызықтырар деп шақырып отырмын, - деді. Мен бірден келісімімді бердім.
- Бұл істі әлі ешкім қолына ұстаған жоқ, сыртқа шығаруға болмайды, осында қарайсыз.
- Жақсы.
Содан бір аптадай Мағжан ісінің үстінен түспедім десем де болады. Біраз жайды қойын кітапшама да түсірдім. Аптаның соңында Едікеңе кіріп, Мағжан ісімен танысып болғанымды айттым. Ол кісі мені ескі таныстай жылы ұшырай қарсы алып, біраз әңгімелестік. Байқағаным әдебиеттен хабары мол екен. Қоштасарда: "Көп созбауға тырысыңыз, қазір жұрттың бәрі жапа-тармағай жазады ғой, шындық сіздің қолыңызда, соны халыққа тезірек жеткізіңіз", - деді.
Хош, сонымен өзім апта бойы әрі ақтарып, бері ақтарып, көңілге түйгендерімді қойын кітапшама түртіп алған жайларды тағы бір ой елегінен өткізіп, мазасыз күй кештім. Кеудемді бір мақтаныш кернейді. "Араға жылдар салып халқына қайта оралған аяулы ақын өмірінің ақтаңдақтарын мен ғана білемін. Тезірек жазуым керек". Бірақ, қаламым жүре қоймады. Түсініксіз жайлар көп.
Уақыт табымен сарғыш тартқан № 3881 істің оң жақ шекесінде "құпия" деген жазуы бар. Мағжан Жұмабаевты айыптау жөніндегі бұл іс 1937 жылдың 30-шы желтоқсанында қозғалған. Ол осыдан үш күн бұрын тағы да тұтқындалған болатын. Сонда тағылған айып қандай дейсіздер ғой. НКВД қызметкерлері Марсельский мен Латыпов қол қойған анықтамада ол былай тұжырымдалған: "Мағжан Жұмабаев алашордашы... 1917 жылы Омбы қаласында "Бірлік" ұлттық ұйымының мүшесі болған, Кеңес өкіметіне қарсы күрес ұйымдастыруға қатысқан.
1922 жылы Байтұрсынов және басқалары басқарған революцияға қарсы қазақ ұлттық ұйымына жалданып Кеңес өкіметін құлату үшін белсенді жұмыс жүргізді.
1929 жылы революцияға қарсы қызметі әшкереленіп 10 жылға сотталады, концлагерьге қамалды.
1935 жылы лагерьден оралғаннан кейін ескі контрреволюциялық байланыстарын қалпына келтіріп, революцияға қарсы белсенді іс-қимылын одан әрі жалғастырды".
Бұл кезде ақын Алматыда Лесная көшесіндегі 89 үйде тұратын. Тінту еш нәтиже бермесе де, тағылып отырылған кінәні дәлелдейтін айғақтары болмаса да кіші лейтенант Нұржанов жедел-ғабыл жауап алуға кірісіпті.
Сұрақ: "Сіз Қазақстандағы Кеңес өкіметіне қарсы ұлттық ұйымның мүшесі ретінде және оның тапсырмасы бойынша белсенді контрреволюциялық жұмыс жүргізгеніңіз үшін тұтқындалып отырсыз.
Сіз өзіңіздің осы кінәңізді мойныңызға аласыз ба?"
Жауап: "Бұл орайда мен өзімді кінәлімін деп санамаймын".
Тергеуші мен ақын арасында болған алғашқы әңгіменің төркіні осындай. Бір таңқаларлығы, арада бір апта өткеннен кейін, 1938 жылғы қаңтардың 6-сында Мағжан Жұмабаев Қазақ КСР-нің ішкі істер халық комиссариатына өтініш жазып, өзіне тағылған барлық айыпты мойнына алатынын, 1919-1929 жылдар аралығында Бөкейхановқа жалданып, Жапонияның пайдасына шпиондық жасағанын мәлімдепті. 1929 жылға дейін Сейфуллинмен, ал лагерьден келгеннен кейін И. Ахметовпен, Е. Омаровпен (Бөкейхановтың жеке хатшысы (- Ж. С.), С. Мұқановпен байланысы болғанын жазады. Осы айтылғандардың бәрін ақпанның 16-сы күні жауап алу кезінде де растайды. Осы іс бойынша тергеуші Дмитриенко ақынның жұбайы Зылиха мен Бейімбет Майлиннен де жауап алған. Бірақ, олардың жауабында ілгек боларлық ештеме жоқ. Соған қарамастан ақын НКВД комиссиясы мен КСРО прокуратурасының 1938 жылғы 11 ақпандағы шешіміне сәйкес Кеңес үкіметіне қарсы және шпиондық қызметі үшін ату жазасына кесіліп, үкім сол жылы наурыздың 19-ы күні орындалған.
Ақынға тағылған айып мүлде дәлелденбеген. Ал оның өзінің мойындауына келетін болсақ, тергеу кезінде Бәйділдин, Сейдалин және басқа 14 адамды шпиондыққа тарттым десе де кейінгі тексерістер көрсеткендей, мемлекеттік қауіпсіздік органдарында, мұрағаттарда жоғарыда есімдері аталған адамдардың шетелдік барлаумен байланыста болғанын айғақтайтын құжаттар жоқ болып шықты. Ол ол ма, КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының шешімімен ату жазасына кесілген Бөкейхановтың өзіне де шпиондық жасады деген айып тағылмаған. Бір сөзбен айтқанда, Мағжан Жұмабаевтың тағдырының қайғылы аяқталуына әкеліп соққан үкім азап пен мазаққа төзе алмай морт сынған ақынның өз мойындауына ғана негізделген. Сол кездегі заңдылықтың, соттың сыйқы осы болса, оған не шара?! Алмағайып заманда халқы ақыннан осылай айрылған еді.
Қайғы-қасіретке, азапқа, мұңға толы сол жылдар сияқты ақынның халқына қайта оралуы да оңайға соқпаған сияқты. 1959 жылдың тамыз айында қозғалған №4998-ші іс осыған көз жеткізеді. Бұл істің қозғалуына бірден-бір себепші болған адам - ақынның жары Зылиха. "Өлі риза болмай, тірі байымайды" деген емес пе, қапылыста айрылып қалған асылына адал атын қайтаруды өмір мұратына айналдырған Зылиха шешей талай табалдырықты тоздырып, талай жоғары мәртебелі мырзаларға хат жолдаған. Сондай хаттың бірі КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы Н. С. Хрущевке жолданады. Мәскеуден осы хатқа байланысты нақты нұсқау алған Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Мағжан ісін қайта қарауға мәжбүр болады. Зылиха шешей осы комитеттің тергеу бөлімінің бастығы Н. П. Ловятинге де хат жазып, (бұл хат та біз сөз етіп отырған істе тігілген) Мағжанның жазықсыздан жазықсыз атылып кеткенін, түрмеден шыққаннан кейін қоғамдағы өзгерістерге көзқарасы мүлде өзгергеніне иландырмақ болды. Соның айғағы ретінде ақынның түрмеден босап келгеннен кейін жазған бір шумақ өлеңін келтіреді.
"Осы бетім - ақ ниетім, келдім бастап,
Жанымнан бар жараны сылып тастап.
Еңбекші ел ашуы ұшан, мейірімі мол,
Жанымды тарттым саған жалаңаштап."
Бір сәт шегініс жасап, осы жолдарға тереңірек үңілейікші. Ақын өзінің қателігін, адасқанын мойындап тұрған жоқ па. Түрмеде оймен талай жыл оңаша қалған ақын неге жанынан жоқ жараны сылып тастайды. Иә, бұл шарасыздықтан туған жолдар еді.
Ол қуғын-сүргіннің дүлей күшін түрмеден шыққанан кейін, тіпті, күшті сезінген. Қайда барса да жабулы қақпа, меңіреулік. Сенің кім екеніңді білетіндер селт етпейді. Не істеу керек? Ажалдыға бір өлім бары анық қой. Ал жүректі толқытқан жырды ала кетуге бола ма. Өзін өлімге қиса да, өлеңін қимаған ақын тығырықтан жол іздеген болуы керек. Сәбит Мұқановтың 1936 жылғы 27 қазанда Мағжан Жұмабаевқа жолдаған хаты да осыны дәлелдейді.
"27. Х. 1936 жыл.
Алматы.
Құрметті Мағжан, жазушылар ұйымына жазған арызыңызды да, менің елдегі адресіме жазған хатыңызды да алдым. правление мүшелеріне оқыдым. Олар да, мен де шын ықыласпен Совет әдебиетіне қатынасамын деген сөздеріңізді, берген уәдеңізді қарсы аламыз, шындығына сенеміз.
Адамшылық ар ұяты бар кісі осылай болуға тиіс. Өзіңіз айтқандай адам баласын бақытқа жеткізетін жалғыз жол коммунист партиясының жолы.
Сізбен жолығып сөйлескенде де мен айттым ғой: егерде өзіңіз шын ниетпен совет әдебиетіне қызмет етем десеңіз жазуыңызға ешкім бөгет болмайды деп. Сол сөзім әлі де сөз. Бұл пікірге басқа жолдастар да қарсы емес. Бұл хатта мен жалпы сөзді қоя тұрып, сіздің екі сұрағыңызға жауап берейін.
1. Жазушылар ұйымына совет әдебиетіне қаламымен еңбек сіңірген кісі алынады. Біз сіздің қаталықтан қайттым деп жазған хатыңызға сенеміз. Бірақ, көпшілік алдына дұрыс қаламыңыздан шыққан көркем сөзіңізді ұсынғанша, өлеңдеріңіз басылғанша ұйымға мүше болуды устав көтермейді. Бұл сөзге сіз ренжуге тиісті емессіз.
Устав - ұйымның тәртібі. Тәртіп декларациядан істі жақсы көреді. Жазуыңызды бетке қақпаймыз. Совет платформасында отырып жазған сөзіңізді басамыз. Содан кейін ұйымға мүшелік мәселесі өзінен-өзі шешіледі.
2-ші. Қызметіңіз, ұйымның сізге көмегі туралы. Алдымен Қызылжарда тұрсаңыз да, А-Атаға келсеңіз де ықтияр өзіңізде болсын. Мұнда келемін десеңіз сізді бетке қағатын кісі жоқ. Қайда тұрсаңыз да жазуға керекті жағдайды жасатуға болады. Бірақ, бұл ретінде маған хабар беріңіз.
Қызылжарда сөйлескенде айттым ғой: жазуға белсене кірісу, совет әдебиетіне қызмет ету жұмысының тетігі көбінесе өзіңізде деп, егерде шын ниетпен совет әдебиетіне атсалыссаңыз Сізді бетке қағатын, бұрын пәлен болып едің дейтін кісі болмайды. Пролетариаттың рақымы мол. Ол қорғай да біледі. Жарылғай да біледі. Бірақ, пролетариат сөз емес, істі жақсы көреді.
Құрметті сәлеммен
Сәбит."
Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Мағжан Жұмабаевты ақтауға байланысты істі көп созбай нүктесін қойып берген. Сөйтіп, 1938 жылғы айыптау жоққа шығарылды. Десек те, ақын бұл жолы да толық ақталмайды.
Оқырмандарға түсінікті болу үшін, тағы бір құжатқа жүгінейік. "Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары А. Арыстанбеков жолдасқа
Сіздің 1959 жылғы 10 желтоқсандағы №3/1866 қатынас қағазыңызға байланысты Қазан революциясына дейін және кейін жарық көрген шығармаларының, жырларының, романдарының, мақалаларының, очерктерінің және аударма шығармаларының идеялық бағыты туралы қорытынды жасау үшін Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығымен танысу мақсатымен Қазақ КСР Ғылым академиясының тіл және әдебиет институты мен Қазақстан Жазушылар одағы ғалымдар мен жазушылар есебінен топ құрғанын хабарлаймыз.
Топқа кіргендер:
1. Тәжібаев Ә. - төраға.
2. Дүйсенбаев И. - әдебиеттанушы, төрағаның орынбасары.
3. Ахметов Ғалым - аудармашы.
4. Жанғалин М. - аудармашы.
5. Ысмайылов Е. - әдебиетші.
6. Мәуленов С. - ақын."
Бұл құжатқа Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы Ә. Тәжібаев қол қойған. Енді осы топтың тындырған ісіне тоқталайық. Топ бұл жайында 1960 жылғы мамырдың 19-ында "өте құпия" түрде мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне былай деп хабарлаған. "Сіздердің өтініштеріңіз бойынша жазушылар мен әдебиетшілердің бір тобы 1938 жылы сотталған Мағжан Жұмабаевтың әдеби мұрасымен үстірт танысып шықты... Артында қалған жырларына келетін болсақ, тұтас алғанда өзінің идеялық негізінде буржуазиялық-ұлттық, демек контрреволюциялық сипатта болған." Осылай арнайы құрылған топ 1938 жылы НКВД қызметкерлері ойлап тапқан айыпты жартылай дәлелдеп тастаған. Тек бұл арада басын ашып айта кететін бір мәселе, жоғарыдағы топ әзірлеген қорытынды құжатқа қазақтың белгілі ақыны Сырбай Мәуленов қол қоймапты. Ақынның зерттелген мәселеге жеке көзқарасы болған-ау деп қалдым. Әйтпесе, ол кезде мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің тапсырмасын орындамауға кімнің дәті шыдап, батылы барған. Ұлы Отан соғысы жылдарында от пен оқтың арасында болып талай рет өліммен бетпе-бет келген ақын арынан аса алмаған-ау, сірә. Біздіңше оның басқа себебі болуы мүмкін емес.
Ақыры не керек, ақын өміріне қатысты осы жайларды өзек ете отырып, көлемді мақала жаздым. Ол "Солтүстік Қазақстан" газетінде жарияланды. Осыдан кейін бұл жайды бүкіл республика жұртшылығының білгені жөн ғой деген оймен жарты сағаттық радиохабарын жасадым. Ол іле республикалық эфирден берілді. Ол кезде мен республикалық радионың Солтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі едім. Хабарды біраз адам естіпті. Белгілі жазушы Әлжаппар Әбішев "Мәдениет және тұрмыс" (қазіргі "Парасат") журналына ұсынған көлемді мақаласында Мағжан Жұмабаевтың сотталуы мен ақталуына қатысты жаңа жайларды радиодан естігенін, жаны түршіккенін айтып, оны 1960 жылы жарық дүниеге шығармағандардың қалай жер басып жүргеніне таңданыс білдіріпті.
Осыдан кейін мен қайтадан Мағжан тақырыбын қаузауға кірістім. "Солтүстік Қазақстанда" жарияланған мақаланы толықтырып, республикалық басылымдардың біріне ұсынуға ұйғардым. Өстіп жүргенде Алматыға жол түсті.Бұл кезде Мағжан өмірінің бізге беймәлім беттері әлі баспа бетін көре қойған жоқ-ты. Содан да болар, редакциядағылар: "Мақаланы басайық, тек Жазушылар одағының тобына қатысты жерін алып тастаңыз", - деді. Мен бұған келісе алмадым.
Осыдан кейін облыстық деңгейде болсын, республика көлемінде болсын барлық басылымдар дерлік, Мағжан туралы мақалаларды жариялай бастады. Мен шамам келгенше олардың бірде-бірін қалт жібермеуге тырыстым. Бірақ, мемлекет қауіпсіздігі комитетінде сақталған № 3884 іспен танысқандардың бірде-бірі Ә. Тәжібаев басқарған комиссияның тұжырымы туралы жұмған ауыздарын ашқан емес. Содан ба екен, күні бүгінге дейін маған Мағжан шындығы толық айтылмағандай болады да тұрады.
Бәлкім, 1960 жылы М. Жұмабаевтың ісін қайта қарағанда комиссияны сол кездегі Жазушылар одағының хатшысы Ә. Тәжібаев басқармағанда, біз ақиық ақынмен отыз жыл ерте кездесер ме едік, кім білсін. Өйткені, Әбділданың ежелден Мағжанға жұлдызы қарсы болған. 1927 жылдың өзінде ол:
"Мағжандай іздемеймін Қорқыт көрін,
Қобызбен сарнамаймын сұрап өлім.
Кезбеймін есуас боп ен даланы,
Қуатты орыс, қазақ еңбекші елім.
Көр де аулақ, өз басымнан өлім де аулақ,
Көрсетем Мағжандарға көрдің төрін" - деп (Ә. Тәжібаев "Жаңа ырғақ" 1934, 28-29 беттер) өз үкімін шығарып қойған. Рас, осындай үзілді-кесілді сөз айтқанда Ә. Тәжібаевтың небәрі 18 жаста болғанын, албырт жүректің алып-ұшпа мінезінің жетегінде кетуі мүмкіндігін де ескеру керек шығар. Бірақ, Ә. Тәжібаев кейін ғылыми диссертация қорғағанда Мағжан шығармашылығына көзқарасын өзгерткен жоқ. "... Пессимизм - дүниеден торығу, табыт пен көрден басқаны көрмеу, өлім күйін ғана есту, қандай тілде жазылса да, символизмнің ортақ ауруы. Өліп бара жатқан капитализммен бірге өлу белгісі. Мағжан осы топта, осы тапта" - деп жазды ол. (Ә. Тәжібаев. Бес томдық шығармалар жинағы. 4-том, 68 бет. Алматы, 1981.) Осындай сөздерден кейін Мағжанға оның жүрегі қайдан жібісін. Бұл арада Ә. Тәжібаев Мағжанды, Мағжанның поэзиясын түсінбей кетті десек, әрине, қателескен болар едік. Түсінді. Өйткені, нақ сол жылдары (1929 ж.) Мұхтар Әуезов: "Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз - Мағжан сөзі" деп жазғаны оған да мәлім болатын.
Мағжан тақырыбына қалам тартқандардың бәрі де Мағжанның қазақ поэзиясындағы Абайдан кейінгі жаңашыл ақын екенін мойындайды. Бірақ, оның шын бағасын кезінде Жүсіпбек Аймауытов берген. Оның сөзімен айтсақ, "Мағжан өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет туғызған, сөзге жан бітірген, жаңа өлшеулер шығарған ақын".
Осыдан бірер жыл бұрын Петропавлда республика кітапхана қызметкерлерінің алқалы жиыны өтті. Оған сол кезде Алматыдағы орталық кітапхананың директоры болған Мұрат Әуезов те қатысты. Ұлының ұрпағы, алтынның сынығы, сан-қырлы азамат мені қатты қызықтырды. "Қалай кездесем, тілдесем" деген ой мазалай берді. Орайын келтіріп осы ойымды білдіргенімде Мұрат Мұхтарұлы көп ойланбастан келісімін берді.
Қонақ үйдің тыныш бөлмесінде оңаша отырмыз. Мұрат Мұхтарұлын дәл осылай жақыннан тұңғыш көруім. Жүзі өте жылы, сабырлы, жүріс-тұрысы маңғаз. Бірақ, неге екенін білмеймін, менде қобалжу жоқ. өзім күнде көріп, күнде араласып жүрген азаматтай, оның әр қимылын бағып жайбарақат отырмын.
- Әңгімемізді бастаймыз ба? - деді ол сәлден соң күлімсіреп.
Мен өзімнің біраздан бері қазақтың ұлы ақындарының бірі Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты жайларды жинастырып жүргенімді, осы бағытта әңгіме өрбіткім келетінін айттым.
- Сұрай беріңіз, мен дайынмын, - деді ол тағы да күлімсіреп.
- Сіздің әкеңіз, қазақтың ұлылығын бүкіл әлемге танытқан қаламгер Мұхтар Әуезов Мағжан туралы қандай ой айтқанын білетін шығарсыз. Ол кісі "Абайдан кейін Мағжанды сүйемін. Европалығын, жарқырағын, әшекейін сүйемін. Қазақ ақындарының қара қордалы аулында туып, Европадағы мәдениетпен сұлулық сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа қызын көріп сезгендей боламын... Бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен келешекке бой ұрып, артқы күнге анық қалуға жарайтын сөз Мағжанның сөзі" - демеп пе еді. Осы сөздер арқылы Мұқаң Мағжанды Абайдан кейінгі бар ақын-жазушылардан жоғары қоятынын аңғартатын сияқты. Мағжанның қазақ әдебиетіндегі орны туралы сіз не ойлайсыз?
- Мағжан - ұлы ақын. Оны ұялмай, қызарақтамай ұлы деуіміз керек. Сан ғасырлық тарихы бар ұлттық әдебиетіміздің шежіресінде Абайдан кейін, тіпті, кей позицияларда Абаймен қатарласып кететін ақынды ұлы демегенде не дейміз?! Маған, әсіресе, Мағжанның лирикасы қатты ұнайды. Жастайымнан сол өлеңдерді жаттап өстім десем артық айтқандығым емес.
- Мағжан өлеңдерін замандастарының оқығанын білеміз. Ал сіздің буынның онымен ерте танысуға мүмкіндігі болған жоқ қой...
- Дұрыс айтасыз. Менің жас кезімде Мағжанның өлеңдерін былай қойғанда, оның кім екенін білетіндер шамалы болатын. Бәрі менің анам Фатима мен Зылиха шешейдің таныстығынан басталды. Менің анам - Фатима қазақтың белгілі ақыны Ілияс Жансүгіровтың жары болған. Бертін Мағжанның жесірі Зылиха екеуі жиі араласып тұрды. Алғашында "Бұл кім?" деп сұрағанымда: "Қазақта Мағжан Жұмабаев деген ақын болған, сол кісінің жары" - деген. Сосын мені қызықтыра түскісі келе ме, Ілияс (Жансүгіров) «Мағжанның лирикасы менікінен күштірек" деп отырушы еді" дегенді қосып қояды. Мағжан менің өміріме осылай енді. Сөйтіп, Зылиха шешей біздің үйге келгенде айналшықтап, маңайларынан шықпайтын болдым. Бір-біріне мұңдарын шағып, үйлеріне қайтарда Зылиха шешейді шығарып салу да менің міндетіме айналды.
Осылай күндер өтіп жатты. Мағжанның біраз өлеңдерін жаттап алдым. Ол өлеңдер Мәскеуде оқуда жүргенімде менің өзім теңдес замандастарым арасында беделімнің жоғары болуына көмектесті. Өйткені, ол кезде мен қазақшаға шорқақ едім. Бірақ:
Жер жүзіне ер атағым жайылған,
Жан емеспін оттан, судан тайынған.
Қайраты мен қандыбалақ қыранмын,
Күн болған жоқ жаудан жүрек шайынған, - деп Мағжанды судырата жөнелгенімде бәрі ауыздарын ашып қалатын.
Кейін Жазушылар одағында қызмет істеп жүргенімде Зылиха апаймен бірнеше рет кездестік. Олжас бар, бәріміз ақша жинап, Зылиха апайға Мағжанның өлеңдерін мәшіңкеге бастырып, түптеуге көмектестік.
- Мағжан жырлары жарты ғасыр бойы оқушысының қолына тиген жоқ. Сіз қалай ойлайсыз. Оның жалпы қазақ поэзиясының дамуына әсері болды ма?
- Сөз жоқ, кері әсер болды. Мағжан - ұлы тұлға. Абай ұлтымыздың жазба әдебиетінің негізін қаласа, Мағжан қазақ поэзиясының жаңа бағытын айқындаған еді. Егер оның жырлары жарты ғасыр бойы жабулы жатпағанда бізде Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев сынды мықты ақындар әлдеқайда көп болар еді.
- Неге Қадыр Мырзалиев, неге Тұманбай Молдағалиев?..
- Басқалар да бар ғой. Бұларды атап отырғаным, екеуі де Мағжан өлеңдерінен ерте сусындады, өйткені Зылиха құрастырған жинақтар олардың қолдарына жұрттан бұрын тиді. Иранбектің де жақсы ақын екеніне ешкімнің дауы жоқ. Ғаббас Қабышевтан бір кітапты ол да алған, бірақ, қайтарған жоқ.
- Халық арасында кезінде Мағжанның еңбектерін пайдаланып кеткен әдебиетшілер көп болды. Ақынның ақталуына қарсылық білдіргендер де солар, - деген сөз бар. Осы жайында сіз не айтар едіңіз?
- Халық айтса қалт айтпайды. Ол рас. Мен қазір атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, кезінде ол жайында біраз әңгімені құлағым шалған.
- Ал Әбділда Тәжібаевтың Мағжанға соншалықты шүйлігуіне не себеп болды екен?
- Бүгінде арамызда жоқ адам туралы айту да қиын. Бірақ, сұрағыңды түсінемін. Біз бұл жайды орап өтпеуге тиіспіз. Одан сабақ алуымыз, ендігі жерде қайталанбауына қол жеткізуіміз керек. Менің білетінім, Әбекең өзінің қателігін түсінді. "Бұл менің де, мені тәрбиелеп, сөйлеткен ағаларымның да кешірілмейтін күнәсі" деп жазуы осының дәлелі. Әбділда Тәжібаевтың Мағжанның 1988 жылы шыққан жинағына алғысөз жазғанын білесіз. Міне, осы алғысөздің төңірегінде қаншама әңгіме көтерілді. Біле білсеңіз, бұл да Әбекең үшін күнәсін жуудың бір жолы еді. Әйтпесе, Әбділда Тәжібаев Мағжанды түсінбеді, бағалай алмады деп айтуға болмайды. Бертін оңашада Мағжанды оқып, оқыған сайын егіліп жылағанын айтып жүргендер бар ғой. Біз осылай топшылаймыз. Әбекеңнің өзі ешкімге тіс жарып, сырын ашқан емес. Бәрін өзімен бірге ала кетті.
Мағжан туралы ақынның жақын туыстары Ғаділша Қаһарманов, бертін қайтқан Бибізайып апай да көп әңгіме айтқан. Шота Руставелидің "Жолбарыс тонды жиһангез" поэмасын аударып аты шыққан қазақтың белгілі ақыны Хамза Абдуллинге де кездескен сайын қолқа салып, көп жайға қаныққаным бар. Әсіресе, Хамзекең Мағжанның өлеңдерін жатқа айтып, шабыттанып кетуші еді. Сосын "Мағжан пайғамбар ғой, пайғамбар!" деп орнынан қозғалмай, ойға батып ұзақ отыратын. Бүгін Мағжан шығармашылығымен етене танысқаннан кейін оның айтқандарына айна-қатесіз сенесің.
Мағжан - шын мәнінде Пайғамбар!!!
"Абай-ақпарат"