Ақан ауылында мешіт ашылып, алашты ұлықтаған той өтті
Атақты Науан хазіреттей ұлық тұлғаны дүниеге әкелген Көкшетаудың іргесіндегі Шұңғырша елі өз аталарын ұлықтап, ұлан-асыр той жасады. Бабалар ізімен иман жолы жалғассын деп жаңа мешітті де асқақтата бой түзетті. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан осы елдің өнегелі ісі көптің жүрегіне қазақтың асыл тегі деген ұғымды сіңіре түсті. Тегі мықты, түбі де терең елдің болашағы да нық болатынын осыдан аңғаруға болады.
Сонау патша заманында Шөбек болыстық еткен қарауылдың шұңғырша руынан тарайтын бұл ауылдар сұрқия да, өктем саясаттың кесірінен қоныс еткен жерінен, жайлап отырған жайлауынан жырақ кеткен еді. Отарлау саясатының салдарынан шұңғыршаның Имантау мен Шалқардың шұбар-шұбар шұрайлы жерлерін мекен еткен сексен үйлі бір атаның қоныс жерін «ханталапайға» түсіріп, малын тартып алғанына тарих куә.
Шұңғыршаның бір бұтағы тіпті Торғайдың Қима жеріне барып қазығын қағыпты. Басқа өңірлерге де ағайыннан алшақтап кеткендері қаншама. Кеңес заманы келіп, еркіндікті енді алдық па дегенде артел-артелге бөлінген ауылдан жиырма төрт үйлі адам ғана қалды. Аштықтың қара бұлты төнген сол күндері қыстың қақаған аязында денелері көмусіз қалып, көктем шығар жер қойнына тапсырылғанын Ақанның көнекөз қарттары ұмыта қойған жоқ.
Осы елдің екі жарылған сол бұлыңғыр шағына да қаншама ғасыр уақыт өтіпті. Бүгін сол арасы алыстап, жұптары жырақтаған бір атаның балалары өздерінің түп негізі тарайтын баба жерінде бас қосты.
«Алаштың алтын шаңырағы» деп аталатын этно-мәдени фестивал шұңғырша елін ғана емес, қазақтың басын қосып, туған жерге деген шынайы сүйіспеншілік сезімін алаулатып, елдік мүддеге ұмтылдырды. Ақан ауылында тігілген ақ шаңқан киіз үйлер осы елден шыққан небір жайсаңдарды, батырлар мен ақындардың, билер мен молдалардың есімімен аталып, ескі заманды еске түсіріп қана қойған жоқ, жаңа рухани жаңғырудың маңызын арттырды.
Өз атасын қадірлеген елдің ұрпағы батыр, ақын, дана болмасына кім кепіл. Біздің де тегімізге қарап, көшімізді түзейтін кез келді. Тегі мықты қазақтың бүгінгі ұлы көші әлемдік өркениетке қарай қарышты қадам басып бара жатқанын жоққа шығара алмасақ керек. Жас өскелең ұрпағымызды да осылай даналыққа тәрбиелесек, осынша ұлан-байтақ жерімізді қызғыштай қорғайтынына сенім де күшейеді.
Ақан ауылын еңселендіріп тұрған күмбезі күндей нұрын шашқан мешіт үйі жан-жақтан жиналған қауымға есігін айқара ашты. «Мұқыш молда» мешіті деп айшықтала жазылған маңдайша жазуы анадайдан көзге түседі. Осы шараны ашып, жүргізген қазаққа танымал айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, осы елдің тумасы Құдайберлі Мырзабек алдымен Мұқыш атаның кім екенін бір еске салып өтті.
Асыл дінімізді қорғаймын деп жүріп, патшаның қатігез сынағын бастан өткерген Науан хазіреттің аталас туысы, шәкірті, ізін басқан бауыры осы Мұқыш молда екен. Науан мен Шәймерден қудаланған кезде Мұқыш молда да патша залымның жазасынан құтылмаған. Өскемен жеріне айыбын өтеуге сотталады.
Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Айдос Камиев Алланың үйі ашылып, қуанған елге ырыс пен береке тіледі. Осы шара аясында өтелі отырған «Алаштың алтын шаңырағы» этно-мәдени фестивалінің ашылуымен де құттықтады. Мешітті салып, оған сүбелі үлес қосқан бір топ азаматқа аудан әкімі атынан сый-сияапттар жасады. Алланың үйіне ақшалай сыйлығын да ұсынды.
Мешіт ашылар күннің алдында мұнда алғашқы жұма намазы оқылған еді. Ауыл маңайындағы сегіз зиратқа зиярат етіліп, бағышталды. Себебі, бір ауылдың айналасында осылай зираттардың көптеп орналасуының да өз сыры бар. Кешегі ел басына күн туған аштық және тағы басқа нәубеттер жылдары қазақтың бар даласы адамдардың көмілген моласына айналған жоқ па еді. Бірде осы елдің бір үлкен анасы немересімен бірге айдалада аштықтың қасіретінен көз жұмады. Тағы бір Өкежан деген атамыз нәр жалғар ештеңе таппай, үйінің есігінің алдына шығып, таяққа сүйенеді. Жан-жақтан бір түйір дәнді бөлісіп жеуге шақырған ауылдастарына: «Жасарымды жасадым, одан балаларыңа нәр жалғатып, соларды аман қалыңдаршы...» деп қызарып батқан күннің қызыл шуағымен бірге о дүниеге аттанады.
Міне, бір елдің тарихы бүкіл қазақтың тағдырлы жолынан сыр шерткендей әсер алдық. Сосын ұлылар көп шыққан бұл шұңғырша елінің тегін еместігіне тағы да қанығы түстік. Бұл менің де журналист ретіндегі шынайы сөзім. Оны осы шараға қатысқан адамдар да жүрегімен, жан дүниесімен ұққанын айтар едім.
Зеренді ауданының бас имамы Қасымхан Ыдырыс өмірден өткен аруақтарға құран бағыштады. Ел ақсақалдарының атынан сөз алған Сейіт Жанәбілұлы да, бір кездері елден жырақ кеткен шұңғыршаның бір бұтағының бетке ұстар азаматы, Қостанай өңірінде облыстық деңгейде қызмет атқарған, қоғам қайраткері Амангелді Садырбеков те өз туған жұртында бастары жақсы іске тоқайласқанына шынайы ризашылықтарын білдірді.
Одан әрі сөз облыстың бас имамы Қуаныш Сәбитке ұсынылды. Ол мешіт салу сауабының аса жоғары екенін айтты. «Ондай адамға жұмақтан сарай салынады» деген Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадисін де еске салып өтті. Сондықтан бұл мешіт те жақсылықтың бастауы болсын деген тілегін жолдады.
Ауыл мешітінің салынуына бас-көз болған ел ағасы Бақыт Шылымов осы ізгілікті іске белсене атсалысқан азаматтарға ел атынан алғыс хаттарды табыс етті. Мешіт ғимаратын салған Жанарбек Оразалинге жерлестері астына сәйгүлік мінгізді.
Барша қауымға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, жазушы Бақытбек Смағұлдың жалынды сөйлеген сөздері ерекше әсер қалдырды. Қазақтың ынтымағын бұзып, ырысына қол сұққан патшаның миссионерлік саясатына қасқайып қарсы тұрған Науан хазіреттердің, бүгін есімі мешітке берілген Мұқыш молдалардың елдікті сақтауға қосқан ерен үлестерін есте ұстаудың тағылымын айтты.
Айбарлы Алатаудан елорданы Сарыарқаның төсіне көшірудің астарында көреген саясат жатқанын да өз сөзіне арқау етті.
Абылай мен Кенесары хандар өмірлерін бәйгеге тігіп, тегіннен тегін алаш қамын ойламаған болар. Сол азаттық енді қолымызға тиді. Біз оны қастерлей білуіміз керек. Елдің де бар асылдары осы ұлттық болмысты ұлықтайтын істерге жанашыр болса деген тілегін жеткізді. Асқақ рәуіштегі жырын да оқыды. Сосын Ақан ауылында алаштың ұлық тойын тойлауға мұрындық болған ақын бауырымыз Құдайберлі Мырзабекке ауған соғысы ардагерлерінің одағы тағайындаған патриоттарға берілетін «Қолдаушы» медалін салтанатты жағдайда табыс етті.
Мешітті ресми ашу құрметі Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит пен Алланың үйін салған демеуші Жанарбек Оразалинге бұйырды.
Осы рәсімдерден кейін «Алаштың алтын шаңырағы» фестивалі де ашылып, шымылдығы түрілді. Ақмола облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Бекназарова сөз алып, өзінің жүрек жарды құттықтауын жеткізді. Бұл шара Мәлік атамыздың атындағы музейдің биылғы алаш тойына арнаған сыйлық сыбағасы іспеттес. Себебі, біз өткен тарихты зерделемей, болашаққа нық қадам баса алмаймыз. Әр адам шыр етіп жерге түскен жерін қайда жүрсе де жүрегінің түкпірінде ұстайды. Туған жер – қашанда ыстық, қастерлі. Елбасының рухани жаңғыру бастамасы аясында осындай ұлағаты мол шаралар қолға алынып жатқанын жақсылықтың нышаны.
– Қазақтың шынайы сахнасы – дала, – деді Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі төреші, ұлттық спорт түрлері бойынша федерацияның вице-президенті Рамазан Сәттібаев. Көмескі тарихты қопарып, дәстүрді жаңғырту қазақтың асқақ ұлт екенін көрсетсе керек.
Бұл ақындарын айтыстырып, әннен шашу шашып, күйін күмбірлеткен даланың тойы ғана емес, асауды үйретіп, көкпарын шауып, жамбысын атып, асығын ойнаған халықтың шат-шадыман қызығы мен қуанышы еді.
Айтыс сахнасына шыққан ақындар Нұрислам Әбділ, Рауан Қайдаров, Құрмет Құралхан, Тоқтасын Семейхан, Тоба Өтепбаев және Бергенбек Азатбекұлы халыққа танылып қалған жүйріктер. Қай қайсысы болса да, өздерінің бабында екендіктерін көрсетті. Ақтық сында керекулік Рауан Қайдаров пен торғайлық Тоба Өтепбаев өзара сөз жарыстырды. Соңғысы осы айтыстың жеңімпазы деп танылды. Барлық айтыс ақындарына ақшалай сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.
Бір сәт ат құлағында ойнайтын шабандоздардың шеберлігін шыңдаған республикалық турнир елдің делебесін қоздырды. Қазақ елінің түкпір-түкпірінен жиналған шабандоздар кілең асауларды үйретті. Ноқта көрмей, бұлқынған асаулардың мойнына бұғалық салудан басталатын бұл додада ержүректер мен шеберлер ғана жарыстың көшін жалғастырды. Тіпті, асау аттың жалын тартып мінген шабандоздар мөңкіп, ырық бермеген сәйгүліктен құлап, шаң қауып та жатты. Осылай бас жүлдені Шығыс Қазақстан облысынан келген шабандоз Ерасыл Диқанбаев иеленді.
Тай және тоқ бәйгелердің де өз қызығы елді еліктірді. Сөйтіп, тай бәйгеде – Диас Нұрмолда, тоқ бәйгеде – Қанат Сүгірәлиев топ жарды.
Жоғарыда айтқанымыздай, ұлттық спорттың жамбы, асық ату, қазақ күресі, көкпар түрлерінен де тартысты жарыстар өтті. Әр спорт түрінде өз жеңімпаздары анықталды. Бір айтарлығы, осы жеңімпаздарға берілген ақшалай жүлделерді Шұңғырша елінің батыр, ақын, дана тұлғаларының ұрпақтары тіккен еді. Қаншама аты шыққан бабалардың есімдері ауызға алынды. Мысалы, бір елден шыққан Науан хазірет, Мәмбетәлі Сердалин, Зарап Темірбековтерді айтпағанда, денесі киелі Түркістаннан бұйырған Көжемек батырдың ерлігі өз алдына бір дастан. Ал, Нұры, Нарымбай, Ақан, Меңдібай, Аққұлы Қарабас батырлар да қазақтың тәуелсіздігі жолында жан аямай күрескен тұлғалар еді.
Мұқыш, Жанәбіл, Иманбай, Нұрғали молдалар да елін имандылыққа шақырып, көп еңбек сіңірген. Қапар және Сапар Балтабаев сынды бейбіт өмірдің майталмандары және тағы басқа толық жатқан ұлық тұлғалары осы елдің абыройын асқақтатты. Бұл да ұрпақ сабақтастығының айқын өнегесін көрсетсе керек. Қарауылдың Есенбай тармағы атасынан осынша ұлылар шыққанына таң қаласың да. Ал, олардың есімдерін тірілкен ұрпағына қалай риза болмассың.
Ақ шаңқан киіз үйлердің бірін Ақан батырдың жетінші ұрпағы Шияп Әлиев тіккен екен. Осы алты қанат ақ үйде сырттан келген меймандарға ас берілді. Жылқының жамбасы жалпайып, қазысы кертіліп желінетін басты асы салынған астау тартылды қонақтарға. Сары қымыз да тіл үйіреді. Қазақтың әр қиырынан келген алаш азаматтары сыр ақтарысты, бір-біріне ізгі тілек тілесті. Бұл астың да туыстықтың, бауырмалдықтың бір ғибратын көрсеткен көрінісі болды. Осындай оннан аса үйдің ішіндегі ақ дастархан басында ақ тілектер ақтарылды.
«Алаштың алтын шаңырағы» деген осы шығар, бәлкім. Әр ауыл, әр ру өзінің әргі тарихын қайта жаңғырса, бұл бөлінуді емес, рухани жаңғыруды, алаштың астына бірігуді аңғарса керек-ті. Біз де Ақан ауылындағы осы дүбірлі тойдан осындай әсер алдық, ой түйдік. Басқалар да осы елден өнеге алса екен деп тіледі.
Ауылға кіре берісте «Алаштың алтын шаңырағы» фестиваліне хош келдіңдер!» деп айшықты етіп жазылған жазу да, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алмаған туған жерін» деген Елбасының даналық сөзі де алаштың алтын арқау шаңырағынан қимай қоштасқан бізге: «Туған жеріңді құрметтесең, шұңғырша еліндей қастерле!» деп бір ауыз сөзді жүрегіміздің лүпіл соғысымен әуелете түскендей еді.
Алашымыз аман, оның рухы асқақтай берсін!
Бақыт Смағұл, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі
Abai.kz