Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ. МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ДАМЫТУДЫҢ ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕРІ
Қазақ тілінің маңыздылығын және қолданыс аясын кеңейтуді сонау Алаш зиялыларынан бастап бір ғасырдан бері айтылып, жазылып келеді. Бірақ ауыз толтырарлықтай нәтиже шықпады. Сол үшін де қазіргі күні тіл туралы мақала халықтың психологиясын шаршатып та жіберді. Құр сөз екенін түсінді. Сондықтан бұл тақырыпта құр жыламсырап жазғанды жөн көрмей тіл саясатын дамытудың тетіктері жөнінде нақты ұсыныстарымды беріп отырмын. Енді тіл тақырыбында бәріміз тек ұсыныстар ғана жазып және оны орындауда өзіміз үлгі көрсете білейік.
ҰСЫНЫСТАР:
Қазақ тілінің маңыздылығын және қолданыс аясын кеңейтуді сонау Алаш зиялыларынан бастап бір ғасырдан бері айтылып, жазылып келеді. Бірақ ауыз толтырарлықтай нәтиже шықпады. Сол үшін де қазіргі күні тіл туралы мақала халықтың психологиясын шаршатып та жіберді. Құр сөз екенін түсінді. Сондықтан бұл тақырыпта құр жыламсырап жазғанды жөн көрмей тіл саясатын дамытудың тетіктері жөнінде нақты ұсыныстарымды беріп отырмын. Енді тіл тақырыбында бәріміз тек ұсыныстар ғана жазып және оны орындауда өзіміз үлгі көрсете білейік.
ҰСЫНЫСТАР:
1. Адамның табиғаты кез-келген жаста тілді үйреніп кетуге бейім екендігін ғылым дәлелдеген. Бәлкім тілдің қадірін «егер осыдан маған тіл бітсе, тіл атаулының бәрін үйреніп алар едім» дейтін мылқаулардан сұрап көру керек шығар. 20 жылда қазақ тілін үйрене алмаған Қазақстанның азаматтары мемлекеттік тілді құрметтемейтінін және үйренгісі келмейтінін ашық дәлелдегенін енді бұлтақтамай шындығын айтуымыз керек. Бұндай жағдайда қазақ тілін үйрету үшін 25-кадрды пайдалануымыз уақыт күттірмейді. Ақыры қазір бәрі кітап оқығаннан көріністі (кино, клип, мультфильм, бейнероликтер, т.б.) тамашалауға құштар ғой. Осы мүмкіндікті тиімді пайдалану керек. Бұндай тәсіл шетелдерде қолданып жатыр. Ол үшін 25-кадр арқылы үйретудің әдістемесін жасауымыз қажет. Бұл тәсіл арқылы екі аптада тіл үйренуге болатындығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Яғни тілді ең қысқа уақытта үйренудің жолы осы. Мұның кереметтігі тіл үйренуге барлық жағдайы бола тұрып үйренгісі келмейтіндерді де, қысқасы бұл көріністерді көрген адамның бәріне үйретіп жібереді екен. Бұл мәселеде бір мемлекеттің тілін сақтау үшін жеке адамның құқы дегенді ескеріп жатқан ешқандай мемлекет жоқ. Олардыкі дұрыс. Себебі жеке адамның құқынан гөрі ұлттың құқы жоғары тұрғаны дұрыс деп ойлаймын.
2. Қалтафонға байланысты ұсыныстар. Қазақ тілін тез арада үйретудің төте жолдарының бірі ақпараттық-электрондық технологиялардың бағдарламаларын қазақ тіліне аудару. Солардың бірі қалтафонға арналған Mobile Tutor (мобильді үйретуші) бағдарламасын жасау; Lingvo Tutor-дың қазақша нұсқасын, мобильді қазақша тілашар (Mobile phrasebook) жасау; windows mobile-дың қазақша нұсқасын жасау; қысқасы мобильді Java бағдарламаларды қазақшалау; басқа да бағдарламарды пайдалана отырып (Skype, twitter, facebook, т.б. негізінде қазақша курстар ұйымдастыру) қазақша үйрету мүмкіндіктерін туғызу; Мылқаулар үшін қалтафонға арналған қазақ тілін үйрететін үш өлшемді анимациялық ым тілін жасау; Территорияға кіргелі тұрған қалтафондарға қазақ тілін үйрену бағдарламаларын (аудио-видеофайлдар, дисплейлер, электрондық сөздіктер) жүктеп барып өткізу және қалтафондарды сататын фирмаларға осы жұмысты міндеттеу, сонда ғана барып сатылымға рұқсат беру;
Қалтафон, ғаламтор арқылы қызықты ойындар өткізіп, жеңіске жеткендерін бірліктер жолдау арқылы сыйлық жасау. Мысалыға қазақ тілінен қойылған қарапайым сұрақтың жауабын тапқанға 50 бірлік жолдау. Ал осы бірліктерді жауабын тапқан 100 адамға жолдасақ 5 000 теңге болады екен. Бұдан да басқа түрлі айла тәсілдер арқылы қазақ тілін үйренуге деген талпынысты ояту;
Қалтафон арқылы шетелден келгендерге қазақша көмектесетін байланыс желісін ашу. Мысалыға бір нөмерге автоматты сөздік орналастырып қою керек. Ол нөмерге ағылшын тілінде бір сөз жолдағанда автоматты түрде оның қазақшасын жолдайды немесе сол нөмерге қоңырау соғып қазақша үйренуге көмек ала алатындай болса;
Қазақшамен байланысты жасаған барлық электрондық сөздіктерді ғаламторға орналастыру. Ғаламторда болса қалтафонға да жүктеп алу мүмкіндігі туады. Яғни кез-келген адам қалтафонына сөздік жүктей алады.
Қалтафон қытайдың иероглифтерін танығанда қазақ әріптерін танымайды деген сылтау ғана.
3. Ғаламтордың дамуы оны қолданушылардың көптігімен өлшенеді. Ғаламтордың барлық мүмкіндіктерін пайдалана отырып, қазақ тілін үйрететін сайттарды көптеп ашу. Тіл комитеті түрлі оқулықтар шығардық дейді, бірақ ғаламторда жоқ. Сол оқулық құралдарының дайын тұрған электрондық нұсқасын ғаламторға енгізсе болды. Ғаламторда қазақ тілін үйретуге қызықтыратын сайттар көбейсе, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ тілін үйренгісі келген адамдар өздігінен үйрене береді. Қандастарымыз сенбеуі мүмкін, Қазақстан деген кең байтақ елдің тілін үйренгісі келіп жүрген шетелдіктер ғаламторда қаптап жүр. Осы мүмкіндік арқылы әлемдегі 6,5 млрд. (ғаламтор қолданушыларды ғана есептеуге болмайды. Себебі қазақ тілін үйренгісі келген шетел азаматы Қазақстанға келмей-ақ ғаламтордың көмегіне жүгінген әлдеқайда тиімді болады) адамның кемінде жүз мыңдағаны ғаламторға шығып, тілімізді үйренері сөзсіз. Бұған ешкімнің дауы болмасын. Мысалыға, Қазақстанда бизнес жасағысы келіп жүрген қаншама шетелдіктер жүр қазақша үйренгісі келіп. Әрине олар Қазақстанның бизнес тілі орыс тілі екенін білмейді. Тек қазба байлықтарға бай ел екенімізді біледі.
4. Қалтафон байланыс желілерінде қазақ тілін және орыс тілін пайдаланатындардың тізімі бар (Мысалыға мен қазақ тіліндегі қызметті таңдадым. Сол үшін маған Актив желісі хабарламаларын қазақ тілінде автоматты түрде жолдайды). Орыс тіліндегі қызметті пайдаланушыларға күніне бір рет күнделікті қолданатын қызықты қазақша сөздерді орысша түсініктемесімен жолдап отыру, т.б.;
5. Қазақстандағы барлық төлемдерді жүргізетін терминалдар мен банкоматтардың (ақшамат десек те болады) алғашқы бетіне (интерфейс) осы салада қолданатын қазақша сөздерді орысша түсініктемесімен жазып қою. Бұл аппаратты қолданғысы келген адам қаласын, қаламасын оған көзі түседі. Одан шыққаннан кейін барып төлем операцияларына көшеді.
6. Қазақ тілін үйрету мәселелерінен кейін Қазақстанға байланысты барлық тақырыптардың: Қазақ энциклопедияларын, Қазақ тарихы, Қазақ әдебиеті, т.б. ғаламторға және мобильді түрін шығару. Мысалыға қалтафонға арналған қазақша Wapedia энциклопедиясын жасау. Wapтың барлық сервистерін қазақшалау; Қысқасы қазақ тілінің корпусын жасау. Яғни қазақ тіліне қатысты барлық дүниелердің электрондық көшірмесін жасап, дерекқорларын жасақтау.
7. Қалтафон арқылы қазақша хабарламаны (смс) осы күнге дейін латын әріптерімен немесе кириллица әрпімен «Калын калай» деген сияқты қате күйінде жазуға үйреніп кеттік. Қалтафонды былдырлаған балаға дейін қолданатынын ескерсек «шала қазақ тілін» дамытуға үлесімізді аямай қосып жатқанымызды аңғаруға болады (жастар арасында смс-ті шала қазақ тілі деп те атайды). Қазақтілділердің құқығын бұзбау үшін смс-ті жазуға арналған қазақ латын әліпбиін құрастыруымыз керек. Осылайша латын әліпбиіне көшу процестерін тездетуге болады.
8. Барлық жоғары оқу орындарында ІТ технология мамандарын даярлайтын мамандықтар ашу (Алматыдағы жалғыз оқу орнына бәрінің қолы жете бермейді). Бұл мәселе жоғарыдағы мәселелерімізді шешу үшін қажет. Сонда жоғарыда аталған бағдарламаларды қазақшаға аударып жатпай, бірден сол бағдарламалардың қазақша нұсқасын бір-ақ жасай салуға болады. Жоғарыда аталған мәселелерге де көп қаржы керек етпейді. Тілге бөлініп жатқан миллиардтаған қаржыларды ешкім оқымайтын кітаптар шығара бергенше, осы аталған салаға қаржы құю керек. Осылардың бәрін іске асырғанда қазақтілділерге және қазақша үйренем дегендерге қағаз, қалам, сөздіктер, энциклопедиялар, т.б. арқалап жүрулерінің қажеті болмай қалады. Қалтафондары арқылы 24 сағат барлығы жанынан табылады.
9. Арандатушы сауалнамалардың жолын кесу үшін смс-сауалнама ұйымдастыру керек. Бұл кез-келген мәселеге қатысты халықтың пікірін анықтаудың ең объективті тәсілі. Басқа сауалнамалар кезіндегідей қолдан парақшаларды толтырып, жасандылықтар жасауға жол бермейді. Себебі дауысқа қатысқан қалтафон нөмері айқындалған (фиксировать) соң ол нөмірден қайта дауыс қабылданбайды. Сондай-ақ ғаламтордан жолданған хабарламалар да қабылданбауы, есептелмеуі тиіс.
10. Ғаламтор қарпі латын. Сондықтан қазақ ғаламторын дамытар болсақ, бірден латын әрпінде дамытқанымыз жөн. Ертең кирилицадан қайта латынға көшіріп екі жұмыс етпес үшін.
11. Кітапханалардың бәрін ғаламторға қосу. Мүмкіндігі бар қазақша кітаптың бәрін ғаламторға қою. Қазір қорғалып жатқан диссертациялардың бәрі компьютерде теріледі. Электрондық нұсқасын ғаламторға шығару. Авторы да кітабын оқырмандарға ұсынғанына мүдделі. Ғаламтордағы қазақша материалдарды көбейте беру ол да үлкен жеңіс. Тұтынушылары көбейген тіл өлмесі анық.
12. Компьютерлік бағдарламалар жабдықтау жүйесін түгелдей қазақшалап жаңа процессорларды өзіміздің отандық өнім ретінде шығару. Мүмкін осы мәселеде Microsoft Қазақстан компаниясымен келісім жасау керек шығар. Немесе компютерлік техниканы бастан аяқ Қазақ жерінде жинайтын завод ашып алу керек.
13. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні мемлекеттік тілде орындалып, мемлекеттік тілде көрнекі орынға ілінуі тиіс. Алайда осы жоғарыда аталған Конституциялық заң әлі күнге дейін орындалар емес. Себебі барлық жерде мемлекеттік тілмен қосарласып орыс тіліндегі нұсқасы ілініп тұр. Орыс тіліндегі нұсқасының болуы бұл азаматтарымыздың гимнді екі тілде айтуына жол ашады. Халықты шатастырмай осындай келеңсіздіктердің алдын алуымыз үшін заңда көрсетілгендей көрнекі орындарға ілінуі тиіс.
14. Спорттан Қазақстанның кез-келген құрама командасы мемлекеттік әнұранды білмейді. Чемпиондық тұғырда тұрған жерлестерімізден бастап, футболшыларымызға дейін әнұранға қосылып айта алмайтынына көзіміз үйреніп кетті де. Осы жылдың 17 қазанында Қазақстанның шаңғышылар құрама командасымен кездескенде «Қазақстанның мемлекеттік әнұранын білетіндеріңіз бар ма?» деген сұраққа бәрі бірауыздан «жоқ» деп жауап қайырды және мұнысына ұялып, қысылмайтындарын да байқайтты. Мұны түсіне білгенге сұмдық масқара. Егер де спортшы әнұранды білмесе, қандай патриоттық сезімі болмақ? Спортшы түгіл әрбір азамат білуі керек қой. Ұлт рухының үні болып жеткен әнұранымызды құрметтеу, айту бәрімізге міндет. Әнұранымыздың өзі шетелдерде көп орындала бермесі белгілі. Елдің президенті барғанда және спортшылар жеңіс тұғырына көтерілгенде ғана. Ал осындай әлем елдерінің көз алдында тұрып еліміздің әнұранына құрметсіздік көрсетіп жатсақ, елдігімізге сын. Бұл намыссыздық. Намысы жоқ спортшы қалай еліміздің бетке тұтары болмақ. Қанша жерден жеңімпаз болып тұғырда тұрғанымызбен әнұранымызды айтпай, шетелдіктер алдында күлкі болып келгеніміз жетер енді. Дамыған елдерді айтпай-ақ қояйын, көрші қырғыз депутаттары әнұранға қосылмаған азаматтарға айыппұл салу мәселесін қарастырып жатыр. Бәлкім өркөкіректігімізді қойып, әнұранға құрмет көрсетуді қырғыздардан үйренгеніміз жөн болар. Спортшы спортпен шұғылданбас бұрын алдымен әнұранды жаттап жаттығуы керек. Содан ол күш алуы керек. Сол әнұранды шетелде тұғырға шығып айту үшін, шетелдіктерді орнынан тұрғызып құрмет көрсеткізу үшін спортшы жанын салуы тиіс. Сол үшін күресуі тиіс. Сондай-ақ әнұранды өзгетілділерге үйрету - тілін қазақшаға сындыру деген сөз.
15. Бір қызығы Қазақстандағы барлық балалар үйі орыс тілінде тәрбие алады екен. Олардың бәрін қазақ тіліне көшіру керек. Себебі ол балалар мемлекеттің қорғауындағы балалар. Мемлекет оларға өз тілдерін ғана үйретуі шарт. Мемлекеттік қызметте ғана тең қолданылатын орыс тілі білім салаларында қолданылмайтын шығар. Оның үстіне барлық балалар үйі тек орыс тілінде білім алуы әділетсіздік. Себебі ол жерде қазақ балалары көптеп кездеседі. Балаларын шетелге сатып жатқан қазақтар үшін балалар үйіне өткізіп жіберу онша ар болмай қалды ғой.
Виртуалды кеңістікті қазақшалауға мемлекет тарапынан қолдау болмайынша ол дамымайды. Басқа тілдердің виртуалды кеңістікте жылдам дамып жатқан себебі, ол тілдерді қолданушылардың саны өте көп, он миллиондап, жүз миллиондап табылады. Виртуалды кеңістіктің дамуы оны қолданушылардың көптігімен саналады және көп болғандығы үшін де энтуазистері бар, патриоттары бар, еріктілері бар бәрі жан-жақтан өз үлестерін қосып жатыр. Ол тіл мемлекеттің қолдауын аса қажетсінбейді. Ал бізде мұндай мүмкіндік тіпті атымен жоқ. Сондықтан бұл салада қазақ тілі тек мемлекеттің қолдануына сүйенеді. Болашақта виртуалды кеңістікте бәсекелесе алған тіл ғана өлмейтінін ескерсек, Қазақстанның азаматымын дегендер мен үкіметіміз тез арада тіліне көмек қолын созуы тиіс.
Жоғарыда аталған ұсыныстардың бәрі жаңалықтар емес әлемдік тәжірибеде қолданыста бар.
Фазылбек Әбсаттарұлы, Астана қаласы
«Жас қазақ үні» газеті