Сенбі, 23 Қараша 2024
Дидар-ғайып 8465 1 пікір 3 Тамыз, 2017 сағат 12:31

Тағдыр ызғары. Біз сендерді мәңгі ұмытпаймыз!

«Өмір соқпағында қалдырған ізің анық болса, ол сенің өскенің. Ал, ізің елеусіз болып, үмытыла бастаса, ол сенің өшкенің», ‒ дейді, дана халқымыз. Әр адамның қалдырған ізі – қоғамға, халқына сіңірген еңбегімен, ең бастысы, ізін жалғастырар ұрпағының елі құптарлық оң істерімен өлшенер. Біз де 52 жылдай қатар өрілген өмірімізде, біріміз халыққа білім беру, екіншіміз мемлекеттік қызмет саласында хал-қадерімізше еңбек еттік, қазір зейнеткерміз. Еңбегіміз еленді, мемлекеттік марапаттан да құралақан емеспіз. Әйтсе де біздің үкілі үмітіміз ұлымыз Есенмен және тұңғыш немереміз Даринамен байланысты болатын.

Есен ұлымыз туа салып, 2 жылдан астам ауруханадан шықпады. Мүмкін, дәрігерлердің көмегі, туыстардың сәбиге деген ықыласы, өзінің өмірге деген құлшынысы болар, денсаулығы оңалып, құрдастарымен тай-құлындай тебісіп, ойнап кетті. Тіпті, 19 жасында өз қалауы бойынша үйленуіне де қарсы болған жоқпыз. 20 жасында қызы Дарина дұниеге келді. Өзі таңдап алған мамандығына сай 2 жоғары оқу орнын бітіріп, атқарып жүрген қызметінің қыр-сырын терең түсініп, қызмет сатысы да өсе бастаған болатын.

Ал, Дарина-Даколяның өмірге келуі біздің шаңырағымызды ерекше қуанышқа бөледі. Тумысынан зерек, алғыр Даколя өздігінен әріп танып, сынып аттап, 14 жасында 9-шы сыныпты үздік бітірді. Қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде өлең, рефераттар жазушы еді. Сонымен бірге сурет салу, би өнерінде таланты ерекше болды. Қызымыз дүниеден озған соң жарық көрген «Асқағым – Астанам» (шығармалар топтамасы), «Көңіл көзі» (суреттер каталогы) республика кітапханаларына жіберілген болатын. Қазір оқушылардың өтінішіне сай, аталған туындылардың екінші, толықтырылған нұсқасы жарық көрді. Дарина Есенқызы Әужантегі «Хан тәңірі қырандары – ұлылардың ұрпақтарымыз» атты энциклопедиялық жинаққа кіріп, көптеген ақын-жазушылар Даринаның еңбектеріне сілтеме жасай бастады. Өкінішке орай, 2007 жылдың 3-ші тамазында болған көлік апатынан ұлымыз Есен, сүйікті немереміз Дарина қайтыс болды. Енді Нәзгүл Бектұрсынқызы екеуміздің өміріміз – Есен мен Дарина қасымызда болған бақытты жылдар мен қос құлындарымыздан айырылып, кең дүние аяқасты тарылған жылдардан тұратындай.

Сірә, халқымыз «Адам үш күннен кейін көрге де үйренеді». – деген сөзді бекер айтпаған болар. Біз де сендерсіз 10 жылдың ішінде қиял мен сағыныш кемерінен асқан виртуальды өмір сүруге бейімделгендейміз. Осы жылдар ішінде екеуіңнің биік рухтарына бағышталған «Қос жұлдыз. Две звезды.»,  «Тағдырдың тоқсан түйіні», «Зерде жаңғырығы. Сквозь призму времени», «Тегіне тартқан түлектер. Страницы памяти» атты еңбектеріміз жарық көрді. Тек сөйтіп қана сендерге деген сағынышымызды аздап болса да басқандаймыз.

Ендігі біздің үмітіміз, сол көлік апатында Дарина әпкесі өз денесімен қорғап қалған, кенже немереміз Диматайда. Димаш тамыздың 31-де 13-ке келеді. Дарина оқыған мектеп-лицейдің 6-шы сыныбын Мақтау грамотасымен бітірді. Жазған рефераттары Англияда, Чехияда, Польшада шықты. Оқушылардың математика пәні бойынша  Болгарияда өткен халықаралық байқауында бірінші орынды жеңіп алды. «Балдәурен» атты суреттер каталогы және «Көкбөрі – дала тағысы» атты әңгімелер жинағы жарық көрді. Бұл да болса біздің қырық жамау көңілімізге демеу ғой. Ұлы Абай да «Адамның бір қызығы бала деген...», ‒ деп, дүниеден ерте озған Әбіші (Әбдрахман) есіне түскенде жазған болар...

Біз де, міне, балаларымыздың фәни дүниеден озғанына 10 жыл болуы қарсаңында еске алып отырмыз.

Есен құлыным, Дарина балапаным, сендер біздің мәңгі жүрегіміздесіңдер.

Әкең, атаң Болат Әужанұлы

Анаң, апаң Нәзгүл Бектұрсынқызы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364