Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 9378 9 пікір 10 Тамыз, 2017 сағат 09:04

Ғұмыр жұмбағы

(Басы мына сілтемеде)

«... Сен жақсылық, жамандықты жаратқан – Құдай, бірақ қылдырған Құдай емес, ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес, байлықты, кедейлікті жаратқан – Құдай, бай қылған, кедей қылған Құдай емес деп, нанып ұқсаң болар, әйтпесе – жоқ»  /Абай, 28-қарасөз/.

Өмірге келгеннен кейін жер басқан жұмыр басты әрбір пенде бақытты жарқын ғұмыр кешуге ұмтылады.  Адамның, өзінің ең бір артық жаратылысының қамын әуелден  ойлаған «артық ақыл иесі» Жаратушы - аса шексіз мейірімді, асқан шебер ғой. Өмір берді, өмір сүруге қажетті нәрсенің бәрін де асқан келісіммен жаратты.  Ой көзімен қарасаң, "керексіз жаралған бір тозаңы жоқ, тәртіпті таңғаларлық зор мәшине" етіп сұлулығына сөз жетпейтұғын бұл ғаламды  «кәмалатты шеберлікпен» жаратты. Сондықтан  жаратылыстың тұңғиық  тылсым сырына, Абайша айтқанда "көзге көрілген, көңілге сезілген ғаламды қандай хикметпенен жарастырып, қандай құдіретпенен орналастырған, ешбір адам баласының ақылы жетпейді".   Сұлу сөзді сүрелермен сабақтаған салиқа ойдың сардары Мәшһүр Жүсіп Жаратушы Иеміздің  дүниені  мінсіз өрнектегенін өз өлеңінде төмендегідей шумақтарымен таразылайды:

Құдайым жексенбі күн жер жаратты

Жер-суды әуел бастап бір жаратты.

Тау мен тас, ағаш пен шөп, көл мен өзен

Түріндей текеметтің түр жаратты.

 

Жерлерден аға берді бұлақ қайнап,

Гүлденіп бәйшешектер, бұлбұл сайрап.

Жексенбі, дүйсенбімен бұл екі күн

Жер жүзін тегіс қылды түгел сайлап.

 

Сейсенбі – жер, сәрсенбі күні көкті қылды,

Құдіретпен қылған ісін неше бөлді.

Көкті жерге  пар қылып жарастырып,

Ай мен Күн, жұлдыздан  перде  құрды.

 

Екі  күн  Жер, екі күн Көк жаратты,

Бір-біріне екеуін жұп жаратты.

Бір сағатта қылуға құдіреті бар,

«Пендеме» ғибрат болсын» деп жаратты.

 

Кітаптан көргенімді айтпан теріс,

Құдіреттің қылған ісі тіпті келіс.

Ырзық, несіп - қоректі ішіп - жейтін,

Жаратты бейсенбі күн бәрін тегіс.

 

Аспан биік, Жер төмен, тау-тас қатты,

Ат аяқты болғанда, құс қанатты.

Заһардан бал, тікеннен гүл шығарып,

Жұма күні  жаратты адамзатты.

 

Құдіретпен он сегіз мың ғалам болды,

Бәрі – қабық, маңызы адам болды.

Құдайдың құдайлықпен қылған ісі,

Жаралып алты күнде тәмәм болды.

Расында, дана Абайдың он жетінші қарасөзінде Сократ хакимнің Аристодимге айтқанындай  бұл ғаламның "келісті көрімдігіне һәм қандай лайықты жарастықты законімен жаратылып, оның ешбірінің бұзылмайтұғынын көресің. Бұлардың бәріне таңғажайып қаласың һәм ақылың жетпейді..." Енді, мейірімі шексіз, аса қамқор Алла тағаланың бұл  дүниені "өлшеуіне ой жетпейтұғын", "пенденің ақылына өлшеу бермейтұғын" осынша махаббатпен "мықты көркем законге" қаратып жаратудағы, соның ішінде, жалғыз-ақ  пендесін барлығынан артық, ірі жаратудағы мақсаты неде деп ойланарсың...

Алланың басқа жан иесі хайуандардан, неше мың түрлі жансыздардан ақыл иесі инсанды артық, ірі жаратудағы мақсаты – адам арқылы шексіз шеберлігін танытқысы келуінде болса керек. Оның үшін адам баласының да Алла алдындағы айқын да ұлы миссиясы, ғұмырының мағынасы – әуелі, жаралысты, өзін жаратқан "ең түпкі Жаратушы – мінсіз Иесін" адаспай тануға талпыну деп білеміз.  "Махаббатпен жаратқан адамзатты, Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті..." Абай сөзі. Кемеңгер ойшыл адам Алланың ұлы махаббатпен жаратқан туындысы болғандықтан, оның қайтарымы Оған деген кіршіксіз  махаббатпен ғана өлшенетінін алға тартады.

Ендеше өмір берген Құдай, бәрін де берген, әрбір нәрсені  кез келгендікпен емес, "әрбір түрлі керекке бола жаратып һәм бір-біріне себеппен байланыстырып", орнымен жаратқан Құдай.  Бірақ, Абайдың 28-қарасөзінде жазылғандай  "бәрін қылушыға қылдырушы", яғни "бір антұрғанға еңбексіз мал берген", "бір Құдайдан тілеп, адал еңбек қылып, пайда іздеген кісінің еңбегін жандырмай, қатын-баласын жөндеп асырарлық та қылмай, кедей қылған, ешкімге залалсыз бір момынды ауру қылып, қор қылған, қайда бір ұры, залымның денін сау қылған", "түзікті бейішке шығарамын деп, бұзықты тозаққа саламын деп айта тұра, пендесінің біреуін жақсылыққа мейілдендіріп, біреуін жаманшылыққа мейілдендіріп, өзі құдайлық құдіретімен біреуін жақсылыққа бұрып, біреуін жаманшылыққа бұрып жіберіп тұрған бір  Құдай ма екен?!»  .  Егер Құдай болса, "осының бәрі Құдай тағаланың айыпсыз, мінсіз ғафур рахимдығына, әділдігіне лайық келе ме», яғни, адамды жаратылыс атаулыдан артық қылып махаббатпен жарата тұра, «өзі құдайлық құдыретімен» пендесінің бірін жаман, бірін жақсы жолға бұруы Оның сипаттарына, есімдеріне лайық іс пе? - деп үлкен сауал тастайды қайтадан. Әлбетте, жоқ дейміз. Өйткені, адамда өзге жаратылыс иелерінен ерекшелеп,  әрбір нәрсені шын таразылап, дәл бастырып тұратын "ақыл деген өлшеусіз бір жарық нұр"  бар ғой. Сондықтан да дана ақынның осы ғақлиясында айтылғандай не көрсек те, кім болсақ та Құдайдан демесек керек екен.  Ақыл иесі адам болған соң да Жаратушы жалғыз иеден  басқаның барлығы егіз жаратылғанын ескере отырып, қарама-қайшылықты екі жолдың бірін ақылмен таңдау өз еркімізде болмақ екен.

Сіз қалай ойлайсыз, оқушым?! Ең ұлы нығмет ақыл берілген ең артық жаратылыс адам ретінде біз қаншалықты деңгейде ақылымызды Абай айтқан ақылды адамның ісіне жұмсап жүрміз?! Санаңызда сіздің өміріңізден орын алуын қалайтын нәрселер жайындағы ойлар ғана қалыптасқан ба? Әлде, күңгірттік пен сенімсіздік, қорқыныш пен мақсатсыздық  басым ба?

Ой – таусылмас қуатты энергия десек, ақыл – энергияны сақтайтын қор. Ойыңыз неғұрлым биік әрі айқын болсын. Сонда ақылыңыз да соншалықты кеңейе әрі жақсы энергиямен байи түседі. Позитивті не негативті ойлаудың маңыздылығы сондай, ол мидың көлеміне, қатпарлығына, қабылдау жылдамдығына, 1 млрд-тан астам нейрондардың жұмысының артуына не кемуіне, ақылдың жандануына  зор әсерін тигізеді екен. Ғылымда біздің басымызда күніне 60 000-80 000-ға жуық ойлар туатыны да дәлелденген.

Ал, сол ой қайдан шығады? Алпыс екі тамырымыздағы тоқтаусыз алмасып жататын қан, әуелі, жүрекпен байланыс жасайды екен-дағы, жүректен қайнап, миға барып, мидан бұрқырап ой болып шығады екен. Бірақ қандай болып шығады, мәселе сонда. Негативті не позитивті ойдың шығуына ішкен, жегеніміздің орасан зор әсері бар екендігі де өз алдына бір әңгіме.    Енді  ойыңыздың терең түбіне әділетті жүрекпен үңіліп көрдіңіз бе?  Басқа келген әрбір ойды аңдап, басқара, бағалай  аласыз ба?! Өйткені, сіздің сөзіңіз, іс-әрекетіңіз, қарым-қатынасыңыз ойлауыңыздың нәтижесі ғой. Бұл ретте:

«Жақсылық көрсем – өзімнен,

Жамандық көрсем – өзімнен,

Тағдыр қылды дегенді

Шығарамын сөзімнен», - дейді ұшқыр ойлы, жалынды ақын Сұлтанмахмұт. Бұл сөзден білінді: позитивті ойлай білу -  рухани әрі материалды, интеллектуалды бай,  толық адамша жарқын өмір сүрудің, жалпы, қоғамның байлығы болудың ең негізгі құпия кілті. Дана халқымыз мұны бір-ақ ауыз сөзбен "Ой түзелмей, бой түзелмейді",-деп қана нүктесін қойған.

Олай болғанда, ойыңа келген әр істі ғаділетті жүрекке сынату арқылы ақылмен ой бекіту, оны айтып, жазып қана қоймай, күнделікті мақсатты түрде жүзеге асыру, сөйтіп, тек жақсылыққа, ертеңіңнің бүгіннен де жарық болатынына  сену  немесе ғаріп қасар момынның біреуі болып барға шүкір, жоққа сабыр етіп, Құдайдың жаратқанынан артық іс болмас деп күйкі пенделікпен, күйбең пәруайсыздықпен күн  кешу   немесе орныңды таппай, «не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өміріңнің қызықты, қымбатты шағын ит қорлықпен өткізіп» /15-ші сөз/ алып, байлауы жоқ баянсыз нәрседен пайда күту де  өзіңнің қолыңда. Хаким Абай айтпақшы "ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзай алмай",   "ешнәрсеге көңілменен қарамай, көзбен де жақсы қарамай, көңіл айтып тұрса сенбей, көзбен көрген нәрсенің сыртын көргенге-ақ тойып қалып, сырын қалай болады деп көңілге салмай», жаныңды тәніңе билетесің, әлде, тәніңді жаныңа  бас ұрғызасың... Қалай десек те, ақыл иесі инсан ретінде жаратылыстың пайда болу себебіне үңілмесек, адамның бұл өмірге келгендегі мақсаты неде деп ойланбасақ қай жеріміз адам?  Адам мен өзге жаратылғандардың айырмасын білмей, рухани, интеллектуалды, физикалық әлемімізді күнделікті байытпасақ, сөйтіп, мына дүниеге теңіздің тамшысындай болса да пайдамызды тигізбесек ешнәрсе «білмейтін және білемін деп таласпайтын» хайуаннан қай жеріміз артық?! Абай атамыз 43-қарасөзінде қозғаған сіз ескере бермейтін дүниенің көрінбеген   сыры,  қуатты күш «сила притягательная однородного» бойыңызда бар емес пе?   Оны қолданбаған, ескеріп бақпаған адам адамшылықан шығады, хайуан болады, сондықтан "дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгендеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықтың орны болмайды. Оны білмеген соң ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады..." -деп оны  да түсіндірді ғой Абай ата 7-ші қарасөзінде.  Көзі ашық, көңілі ояу адам үшін бұл сөздерінің бәрі де анық өз суретімен ішіне жайғасар.

Әлем таныған Әуезовтен кейін, Абай туралы кім не айта алады?

Бүкіл ғұмырын Абайтануға арнаған, әдебиет айдынында еркін жүзген мүйізі қарағайдай корифейлерден кейін менің қосар үлесім  қандай болмақ?  Бірақ қоғам өзгеріп, жаңарған сайын, қоғамдық сана да өсіп, жаңа сипатқа ие болмай ма?!  « ... Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла!...» - деп ұлы Абайдың  өзі айтып кеткендей  жаңа қырларынан танылуы әбден мүмкін ғой.

Шахинұр Сәдуақас

Жалғасы бар

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5485