Жұма, 22 Қараша 2024
Рухани жаңғыру 10031 0 пікір 29 Тамыз, 2017 сағат 08:38

 «Қақ жарған қара қылды Қазыбегім...»

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлттық санаға сілкініс туғызып, қазақ халқының өткен тарихы мен бүгіні, болашағы жайлы бағдар көрсеткен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты тарихи мәні зор еңбегінде: «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай»,-деп атап көрсетті. Сонымен қатар осы танымдық еңбегінде «бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға» шақырды.

Қазақ халқының өткен тарихтан жоғалтқаны көп. Патшалық билік жүргізген Ресей империясының құлдық қамытын Кеңестік режим одан да қатты кигізді. Тұтас халықты жер бетінен жою, мәңгүрт елге айналдырудың жымысқы саясаты ұдайы жүріп жатты. Қасіретті жылдардың ауыр зардабын бастан кешкен халқымыздың ұлттық кодын сақтап қалуға қалтқысыз қызмет еткен тұлғалар болды. Адамзат, соның ішіндегі қазақ баласының басындағы бар жақсылық 1917 жылдан басталды деп түсіндіретін идеологияның сан алуан сандырағына қарамастан халық хан Абылайды, Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай сынды баһадүр батырларды, Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке би сынды ақылман тұлғаларын ұмытпай ғұмыр кешті. Қаншама қазақтың жақсыларын тарих ақтаңдағына айналдырған қоғамда аты аталған аяулы азаматтардың есімі еміс-еміс естіліп, рухани кодымыздың үзіліп кетпеуіне септігін тигізіп келді. Елбасы атап көрсеткендей: «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күй­лері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» болғанын ешқашан ұмытуға болмайды.

Ұлт Көшбасшысының рухани жаңғыруы жайында айтқан кемел ойларын қайталап, жадыда жаңғыртуды көздеген ойымызды Қаз дауысты Қазыбек би жайындағы тарихы терең тағылымды ойларды жаңғыртумен жалғастыруды мақсат тұттық. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен бабамыздың туғанына биыл 350 жыл толды.

Қазақ халқының өткен тарихында өшпес із қалдырған ардақты тұлғаларының бірі XVII ғасырдың екінші жартысы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Қазақ хандығының ұлы үш биінің бірі – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дипломат, шешен, азаттық күрес жолындағы көсемдерінің бірі – Қазыбек Келдібекұлы (1667- 1764).

Қаз дауысты Қазыбек Сыр өңірінің Түркістан атырабында дүниеге келіп, қазіргі Қарағанды жеріндегі Далба тауының түстігіндегі Қарағайлы бұлақ деген жерде 97 жасында қыс айларының басында өмірден озған. Бұл қазіргі Қарқаралы ауданының аумағы. Оның мүрдесін ақ жуып, арулап, былғарыға тігіп, қыс бойы төрт таған тасқа орнатылған сөренің үс­тіндегі киіз үйде аманат ретінде сақтап, көктем шыға үлкен ұлы Бекболат бастаған Арқаның 40 батыры мен ел ағалары қасиетті Түркістанға жеткізіп, әулие Қожа Ахмет Яссауи сағанасына жерлеген.

Қаз дауысты Қазыбектің шыққан тегі – Арғын тайпасының Қаракесек елі, бергісі – қазақ халқына аты мәлім Шаншар абыз. Шаншардан Қазыбектің әкесі Келдібек туады. Келдібек те Арғын еліне билік айтқан қазы болыпты.

Келдібекұлы Қазыбект туралы ел аузында сақталған аңыз-әңгімелер мен дана бидің өзінен жеткен шешендік сөздер оның өз заманында озық ойлы, халықтың төл әдебиеті мен салт-дәстүрін, ата жолы заңдарын мейлінше меңгерген, әділдігімен аты шыққан, батыл адам бол­ған­дығын айқын көрсетеді. Атақты әз-Тәукенің Қаз дауысты Қазыбекті Орта жүздің бас биі етіп таға­йын­дауына оның осы қасиеттері негіз болса керек. Қазыбек би әз-Тәуке тұсында хан ке­ңесінің белді мүшелерінің бірі болса, мағыналы әрі ұзақ жасаған ол кейінгі Сә­меке, Әбілмәмбет, Абылай хандар тұсында да ел басқару ісіне жиі араласқан, ішкі-сыртқы саясатта хандарға ақыл-кеңес беріп отырған терең ойлы би болды. Бұл тұжырымды Сібір губернаторы мін­детін атқарушы генерал-майор Фрауен­дорфтың Ресейдің сыртқы істер алқасына 1753 ж. 11 наурызда жазған мәлімдеме-хатындағы пікірі толықтыра түседі. Аталған деректе: «Қазыбек би бүкіл Орта жүздегі ең басты би болып табылады. Оған Әбілмәмбет ханның өзі, сондай-ақ Абылай сұлтан, басқа да ұлыстардың сұлтандары мен ел ағалары әрқашан да келіп, әртүрлі ке­ңес­тер алады, тіпті Қазыбек бидің келі­сі­мін­сіз Орта жүзде бірде-бір маңызды мә­селе ше­шіл­мейді екен», – деп жазылған.

Қаз дауысты Қазыбек би көзі тірісінде-ақ досы түгілі қасын мойындатқан биік тұлға. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен абыз жайында өзі өмір сүрген кезеңде де ғибратқа толы ойлар аз айтылмаған тәрізді. Атақты бидің ел тарихынан алар орны, ролі қандай болғанын айғақтайтын мағлұматтар жеткілікті. Сол деректердің кейбіріне назар аударсақ. Бұқар жырау бабамыз атақты Абылай ханға былай дейді:

Қара Керей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Қаздауысты Қазыбек,

Шақшақұлы Жәнібек.

Ормандай көп Орта жүз,

Содан шыққан төрт тірек.

Тұғыр болған сол еді,

Сіздей төре сұңқарға, – дейді.

«Ормандай көп орта жүздің» ішіндегі төрт даңқты жандардың қатарында аталуы көп жайтты аңғартады. Осындай игі жақсылардың қатарындағы толықтырулар өз заманының даңқты жырауының бірі Үмбетайдың Бөгенбай батырдың өлімін Абылай ханға естіртуі толғауында одан әрі жалғасын табады, жырау былай деп тебіренеді:

Керейде батыр Жәнібек,

Қаз дауысты Қазыбек,

Қу дауысты Құттыбай

Қара Керей Қабанбай,

Қанжығалы Бөгенбай,

Абылай сенің тұсыңда

Сол бесеуі болыпты-ай!

Кейі батыр, кейі би,

Тәңірім берген сондай сый!

Ал Қаз дауысты бидің өз замандасы, ел тарихында Қарлығаш әулие атанған Төле би бабамыздың бағасы тіпті бөлек. Қазыбек биді белгілі бір жүздің ғана емес, бар қазақтың жақсысы деп білетін көреген би:

Қақ жарған қара қылды Қазыбегім,

Бір өзің бар қазаққа азық едің, – деп тереңнен толғайды.

Қазыбек би жайындағы алғашқы ғылыми зерттеулердің авторы болған ғалым Шоқан Уәлихановтың «XVIII ғасырдың батырлары туралы тарихи аңыздар» деген еңбегінде: «Абылай ханнан үш жүздің батырларының ішінен кімді ерекше құрметтейсіз деп сұрағанда, ол: Бізге дейінгі ерлерден екі кісіге таңғалуға болады. Оның бірі – 90 туысын Қалден Сереннің тұтқынынан құтқарған Қаракесек Қазыбек...» деп жазады. Бұл заманында ақылымен қатарынан озған дана биіне хан Абылайдың берген нақты әрі әділ бағасы еді.

Қаз дауысты Қазыбек биден қалған баға жетпес асыл мұралар өте мол. Шешеннің әділдік жолындағы шешімдері сан алуан, сайрап жатқан із. Ұлы биден қалған қанатты, ғибратты сөздердің берер тағылымы аз емес. Ғасырлар өтсе де уақыт тезінен өтіп,туған елінің жадында ұлттық кодқа айналып, жаңғырып келе жатқан ғажайып жәдігерлер мол. Сол рухани дүниелер жайында да аз-кем ой бөліскен дұрыс деп санадық. Қазыбек шешен былай дейді:

Алтын ұяң – Отан қымбат,
Құт-берекең атаң қымбат.
Аймалайтын анаң қымбат.
Асқар тауың әкең қымбат.
Ұят пенен ар қымбат.

Енді бірде:

Атың жақсы болса,

Тіршілікте мінген пырағың.

Балаң жақсы болса,

Жанып тұрған шырағың.

Биден қалған мәдени мұраның дені бала тәрбиесі, ұрпақтар сабақтастығы, отбасы бірлігі, ел амандығы аясында өрбиді. Мысалы:

Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы емес пе!

Туған балаң жақсы болса,

Тән мен жанның шырағы емес пе!

Сонымен қатар ардақты тұлғадан қалған аманат, өсиет сөздер өте мол. Аталы, баталы дүниелердің ғибраты, берер тағылымы мәңгілік ел болудың алтын діңгегі. Бір сәт назар аударып көрелік:

Өркенім өссін десең, кекшіл болма -

Кесапаты тиер еліңе.

Елім өссін десең, өршіл болма,

Өскеніңді өшірерсің.

ХХІ ғасырға азат ел ретінде қадам жасаған қазақ елінің, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сара саясатының жарқын беттері Ел бірлігі екені әлемге аян. Қазыбек биден қалған қасиетті қағидаттардың бір парасы ел ынтымағы жайында.

Ауыл ақсақалы шала болса,

Жігіттері алты ауыз ала болса,

Сол ауылдың берекесі кетеді.

Қаз дауысты Қазыбек жайында айтылған аңыз бен ақиқат әңгімелер аз емес, соның ішінде көзі тірісінде көмекей әулие атанып, туған халқының тарихында өшпес із қалдырған Бұқар жыраудың сұрағына орай жауап берген он өсиеті де бірлік пен ынтымақ жайынан басталады.

Бір дегеніңіз — бірлігі кеткен ел жаман.

Екі дегеніңіз — егесіп өткен ер жаман.

Данагөй бабамыз туған елін, жерін шексіз сүйді. «Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат» екенін ұдайы ескертіп отырды.

Түйінді сөзге ойыссақ. Қаз дауысты Қазыбектің на­қыл сөздері мен толғаулары халқымыздың қымбат рухани мұрасы. 1993 жылы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев XVIII ғасырдың аса ірі мемлекет қай­рат­керлері Төле биді, Қазыбек биді, Әйтеке биді еске алуға арналған Ордабасыда болған салтанатты жиында: «Үш данагөйдің өнeгeлі өмірі, eл қамын жeгeн адал eңбeгі, тoп бастаған көсeмдігі, oт ауызды, oрақ тілді шeшeндігі, мүлтіксіз әділдігі жөніндeгі айтар әңгімe аз eмeс. Oлардың аузынан шыққан бітімді бата, кeсімді баға, oрдалы oй, бeйнeлі тeңeу, төрт аяғы тeң жoрға тoлғаулар ғасырдан-ғасырға жұрт жадында жатталып бүгінгі күнгe жeтті»,-деп тебіренгені жадымызда. Елбасы Қаздауысты Қазыбeк бабамыздың: – «Біз қазақ дeгeн мал баққан eлміз, бірақ eшкімгe сoқтықпай жай жатқан eлміз. Eліміздeн құт-бeрeкe қашпасын дeп, жeріміздің шeтін жау баспасын дeп, найзаға үкі таққан eлміз. Eшбір дұшпан басынбаған eлміз, басымыздан сөз асырмаған eлміз. ...Бeрсeң жөндeп бітіміңді айт, нe тұрысатын жeріңді айт!» – дeп төгілткeн аса тапқыр да батыл, ең бастысы шешендік өнердің әділетті жолынан таймай жауын қапысыз мойындатқан өнерін өнеге етіп жиылған қалың қауым алдында айтып берді.

Eлім дeп, жeрім дeп жан ұшырған асылдарымыздың мұндай жан айқайын бүгінгі ұрпаққа аманат ретінде жеткізіп отыру, терең түсіндіру, ұғындыра білу – бабалар алдындағы перзенттік парыз бен қарызды адал орындау.

«Қақ жарған қара қылды Қазыбек» бабамыз өнегелі өмірі, күрескерлік рухы, данагөйлік қасиеті, шешендік өнері ғасырлар бойы армандап, күрес жүргізіп, азаттыққа жеткен бүгінгі ұрпаққа қалтқысыз қызмет ете береді.

Нариман Нұрпейісов, Филология ғылымдарының кандидаты, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты филология және тарих факультетінің деканы

Шымкент қаласы

Abai.kz

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321