Сенбі, 23 Қараша 2024
Алашорда 6594 1 пікір 5 Қыркүйек, 2017 сағат 11:50

Ұлылыққа тағзым

Мектеп қабырғасында М.Әуезовтің «Абай жолы» романының бас кейіпкерлерінің бірі, қара қылды қақ жарған Құнанбайдай дана кемеңгер тұлғаның бойындағы асыл қасиетті зейінге тоқып, Зере, Ұлжандай аналарымыздың қазақ әйелдеріне тән  ибалылығынан хабардар болып,  Хакім Абайдай қазақтың ұлы ақынының рухани әлемін таныдым. «Абай жолындай» айтулы шығарманы дүниеге келтірген М.Әуезовтей дана кемеңгерге басымды идім. М.Әуезов арқылы, әлемге көзқарасым өзгергені де жасырын емес. Сол тұста бойымды қуаныш кернеп, өзімінің қазақ болып туылғаныма тәңіріме сан мәрте шүкірліктер айтқаным бар еді.

Хош, сонымен  «Абай жолы» романында суреттелген Күшікбай бұлағы, Бөрілі, Еңлік-Кебек үңгірі, Ақшоқы, Жидебай, Шыңғыстау сынды тарихи орындар мен ұлылардың ізі қалған мекенді көзбен көру бақыты бізге де бұйырды. Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы дала елінің рухани астанасы» көрмесін ұйымдастыру үшін, таң сәріден жәдігерлерімізді жүрдек көлікке тиеп алып, Шығысты бетке алдық. Жол алыс, айтуға ғана болмаса екі мың шақырымды жүріп өту оңай шаруа емес. Рухани керуен тізгінін қорық-музей директоры Ж.Мағазбекұлы, жанында сайдың тасындай іріктелген жігіттер: осы жолдардың авторы және  қор сақтаушы Д.Адиев, жүйе-техник маманы М.Кәдірбекұлы бар Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолымен қас қарая Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласына да жеттік.  Аз ғана тыныстап, асқазанның әуселесін басқан соң «жүргінші жолы жүрсе бітеді»-демекші, қос жігітке кезек-кезек көлікті басқартып таңғы 9.00 шамасында Аягөз қаласына жетіп, аяқ суыттық.  Алда - сырбаз Семей. Түс ауа Алаш қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханның қазаққа айбын болған, толқыны сылқ-сылқ күлген ерке Ертістің жағасында бой көтерген Семей қаласына да табан тіредік. Облыстық тарихи-өлкетану музейі директорының міндетін атқарушы Л. Әлжан жиі-жиі телефонмен хабарласып, ашық жарқын мінезбен қалаға кіре берістен күтіп алды. Әп сәтте зырғып отырып қала ортасында орналасқан, ХІХ ғасырда бой көтерген көненің көзіндей ғимаратқа да келіп жеттік. Міне, Семей қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі. Ерекшелігімен көз тартып-ақ тұр. Таласа-тармаса «ашқал-ташқалдарымызды» (жәдігерлерді) музей қорына өткіздік.

Қонақ үйге жайғасып болған соң қанша дегенмен Семейдің ұлтжанды азаматы емес пе Ж.Мағазбекұлы қаланың көрікті жерлерін тамашалауға шақырды.

Ахау,  Семей,

Тіл мен көмей.

Басылмас жанған жүрек,

Сәулем келмей – ахау – деп Майралар сырнайын сандуғаштай сызылтқан Семей осы. Кенезесі кеуіп тусыраған даланың төсін идіріп, мыңдаған шақырымды артқа тастап мұхитқа құятын Ертістің суы биыл кемерінен асып-ақ тұр екен. Қос жағалауы шашын жайған арудың бұрымындай тарқатылған тал-теректер бізтұмсық масалардың мазалағанына мойын бұруға шама жоқ, тұмса табиғаттың тылсымына елітіп мәз болғандай күй кештік.

Келесі күні облыстық тарихи-өлкетану музейіне экспозиция құру жұмысын аяқтаған соң әріптесіміз М.Кәдірбекұлы  Бөрілі, Жидебай, Ақшоқыға  жолға аттанатымызды жеткізді.  Түпкі мақсатымыз да ұлылар мекеніне тағзым етіп зиярат жасау болатын. Ертелетіп тағы да жол тарттық. Жолай Ж.Мағазбекұлы Бөрілі, Жидебай, Күшікбай бұлағы, Еңлік-Кебек үңгірі хақында қызықты мағұлматпен әңгімесін әдіптеп еліктіріп отырды. Көзді ашып жұмғанша Күшікбай бұлағына да жеттік. Тастай бұлақ суын ішсең мейіріңді  қандырады. Келесі кезекте - Бөрілі. «Абай жолы» романындағы кейіпкерлер жайында әңгімелесіп отырып, Бөріліге қалайда жеткенімізді де аңғармай қалыппыз. Алыстан мен мұңдалаған күмбезді кесенеде қазақтың ұлы жазушысы М.Әуезовтің әкесі мен анасы мәңгілік тыныс тапқан екен. Шындығында Бөрілі Мұхаңның балғын балалық шағы өткен құтты мекені. Құран бағыштап, әңгімелесіп тұрып байқамаппыз, бізге қарай орта бойлы, қыр мұрынды бір кісі беттеп келеді екен. Жүзі таныс, жақындап келе «ассалаумағалейкум» деп амандасты. Бұл өткен жылы ғана Түркістанда болған М.Әуезов музейінің меңгерушісі Шағжан аға болып шықты.  Амандық саулық сұрасып болған соң, Ж.Мағазбекұлына «неге келетініңізді ескертпедіңіз?» - деп ағалық базынасын да айтып үлгерді. Сөзге тосылар Жәкең бе кідірместен «Түркістандық жігіттерді Мұхитқа апарып келерсің деп тапсырма берген болатынмын. Түсімде аян берді де, бірден өзім келуге шешім қабылдадым»- деп күлісіп алды. Шағжан аға біздерді соңына ертіп Мұхаңның мемориалды музейіне беттеді. Музейге кірмес алдын Бөрілінің тарихына тоқталды. Кіреберісте Мұхаңның мәрмәрдан сомдалған таныс бейнесі. Шағжан аға өте сөзуар көрінді экскурсияны нақышына келтіріп-ақ жіберді. Әсіресе экспозицияда тұрған жәдігерлерді Абай, Шәкәрім, Мұхаң заманымен қабыстыра айтқанда, ерекше әсерге бөленеді екенсің. Музей алдында естелік фотоға түсіп, Шағжан ағаның үйінде жайылған дастарханнан дәм таттық. Бөріліге арнайы ат басын бұрған «Егемен Қазақстан» газетінің Шығыс Қазақстан өңіріндегі меншікті тілшісі Азаматпен жолай кезігіп, бірге ұлы Абайдың кіндік қаны тамған жайлауына беттедік. Әлі күнге дейін орны сақталған бұлақ басында үйездеген жылқылар көзге шалынды. Әрі қарай жол тарттық. Кәрі Шыңғыстау жақындаған сайын бауырын жая, «қош келдіңдер» - деген сыңай танытардай. Еңлік пен Кебектің мұңлы махаббатының тілсіз куәгері болған жердегі ескерткіш қиялымызды қиялға жетеледі. Шағжан аға қос ғашықтың тарихын егжей-тегжейлі түсіндіріп жатқаны сол еді, кенет «әй, мына қыз қайдан келді?» - дегені. Қызықты әңгіме сол жерден кілт үзілді. Алдында одырайып қалған біз істің мәнін кеш түсініп, қыран-жаппай күлкіге қарық болып жатырмыз. Сөйтсек әңгіме Еңлік әпкемізге емес, біз бағытқа беттеген аспазшы қызға арналған боп шықты. Естелік суретке түстік, алдымызда Ақшоқы.  Жер бедері де өзгеріп сала бергендей. Ерекше табиғаты аясында жасыл желекке жамылған даланың әрі енді ғана кіргендей. Ж.Мағазбекұлы ақ сағым болған  көз ұшындағы кесенені көрсетіп «бұл би атаның мазары, яғни Кеңгірбайдың кесенесі» дегесін көлікті тоқтатып, Фатиха сүресін оқдық. Бәріне де үлгеру керек. Қос көлік жарыса зырғып келеді. Кенет даланың ор қояны жолымызды кесіп өткені. Қансонарда жүргендей қиқуға басты. Қоян да талай құқайды бастан өткерген нағыз әккі  екен, шаңды бір бұрқ еткізе бағытын өзгертіп өз жөніне кете барды. Тілұшына еріксіз өлең жолдары оралды. Қайран Абай-ай! «Қансонарда бүркітші шығады аңға»-деп қалай-қалай қиыстырған десеңізші. Сол сәттерге мына маңғаз дала куә болды ғой. Ақшоқыда «Қарадан шығып хан болған» Құнанбай қажы, Абайдың ұлдары білім жолында тасқияға өрлеген Әбдірахман, «Медғат-Қасымдай» тамаша туынды авторы Мағауия, М.Әуезовтің атасы даңғайыр дін білімпазы Әуез қожа сынды тұлғаларға құран бағыштадық.

«Апама да барайын

Тайлағымды да үйретейін»-дейтін қазақпыз ғой, тілші бауырымыз өз ісіне кірісіп те кетті.  Шағжан аға мен Ж. Мағазбекұлы тілші сұрағына жауап беріп, Ақшоқыны рухани туризмге айналдыру мәселесі бойынша келелі ойларын ортаға салды. Қайталанбас әсерден айыға алмай тұрмыз. Әрі қарай Жидебайды бетке алған біз алыстан қос күмбез көрінгенде Абай мен Шәкәрім заманына енгендей хәлді басымыздан өткердік. Жидебайға жетіп, алдымен  Абайдың кесенесіне тізе бүктік. Архитектурасы өзгеше кесенеден қобыздың қоңыр үні іспеттес дыбыс сыңсып тұрғандай. Шәкәрім қажы мен ұлы Ахаттың кесенесінде толқып отырып құран бағыштадық. Шәкәрім қажының өмірі мен шығармашылығы жөніндегі мағлұматтарға қанықтық. Жидебайдағы өмірінің соңғы жылдарын жары Еркежанмен өткізген Абай үйіне кіргендегі әсерді сөзбен баяндауға қызыл тіл де қауқарсыздық танытар. Сірә, үй орны бұл күндері мемориалдық музейге айналған. Ақынның қол табы қалған жәдігерлері бәз баяғы қалыптағыдай көздің жауын алады. Міне, міне енді бір сәтте сыртқа шығып кеткен данагөй ақын есіктен ішке еніп келе жатқандай. Музей экспозициясын аралап болған соң, музей қызметкерлерінің «пікір кітабына ұсыныс жазып қалдырсаңыздар» - деген өтінішін жерге тастай алмадық. Абайдың шәкірті әрі замандасы болған Көкбай ауылы Шыңғыстау бауырын жамбастай орналасыпты. Көкбай ақынның  шағын музейіне бас сұғып, өмірінен шығармашылығынан сыр шертетін экспозициямен таныстық. Көкбайтанушы емес пе Ж.Мағазбекұлы бұл жерде экскурсияны жүргізуші гидке айналып кеткендей көрінді маған.

«Қайран елім, қазағым, қайран жұртым» - деп күңірене үн қатқан Абай, әулиелік даражатқа жеткен Шәкәрім, Абай шығармасын жинақтауда өлшеусіз үлес қосқан Көкбай сынды тұлғаларды дүниеге келтірген қасиетті топырақтан айналсаң артықтық етпес. Шат-шадыман сезім сананы баурап ұлылар мекенінен аттанып кеттік.

Берік Байболов, Қазақстан журналистер одағының мүшесі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371