Мүфтият діни уағызды саясатқа қарап айта ма?
Қазір әлемнің түкпір-түкпірінде болып жатқан соғыстарды кейде дінаралық соғыс, ал терроризмге қарсы күрес дегенді негізінде Исламға қарсы ойлап табылған күрес пе деп қалуға болатын сияқты. Қалай десеңіз де дін мемлекет саясатынан ешқашан бөлектенген емес. Ол – жәй көзбояушылық үшін айтылған сөз.
Қараңызшы: сонау жылдары әлемдік мәдениеттің орталығы Бағдат тасталқан болып қиратылып, бейкүнә Ирак халқы 100 мыңдап қырылды. Ливияда, Ауғанстанда, Сирияда қырылған мұсылмандарға есеп жоқ. Одан басқа жүздеген мысалдарды келтіріп жатпай-ақ қоялық; кешегі Мьянмада мұсылман қаны судай ақты.
Айтпақшы, Индира Гандидің кезінде де Үндістанда қала көшелерінде мұсылмандардың қаны көп төгілді. Соған қарамастан біздің қазекең қыздарының атын Индира деп қояды. Жай халықты қайтесіз, осы жоғарыда келтірілген қантөгістердің бірде-біріне Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы бастап бірде-бір мешітте бірде-бір мәрте құран бағышталған емес. Ал шындығына келсек, бұлай ету – олардың басты парызының бірі. Сонда Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасы кімнің, қай елдің саясатына қарап уағыз айтатын болған?
Мырзан КЕНЖЕБАЙ, ақын, ҚР мәдениет қайраткері
Abai.kz