Екі ежелгі бекініс табылды
Топырағын түртсең, тарлан тарихтан сыр шертетін қазақ жерінің әр пұшпағы қасиетті. Бабалар жолы мен аталар аманатының куәгеріндей көне жәдігерді әр тұстан табуға болады. Міне, сондай ескі бекініс Қызылорда облысының Шиелі ауданынан табылды.
Аталмыш ауданның Иіркөл ауылдық округіне қарасты Жансейіт елді мекенінде «Атамұра» дейтін шаруа қожалығы бар. Төрағасы – Шопанбек Сәрекеев. Осы кісі егістік жердегі құмдауытты төбеге қора соқпақ болып, техника кіргізеді. Шойынтабан техника қалақшасын жерге қадап, топырақты белуарға дейін қазғанда есте жоқ ескі замандағы құмыралардың сынық бөлшектерін бірге алып шығады ғой. Дереу жұмыс тоқтатылып, ағасы Қоғамбек Шыныбекұлы қазылған шұңқырды қолмен арши бастайды. Сөйтіп, қатар жатқан бүтін үш құмыраны алып шығады. Содан ағайынды азаматтар табылған құнды жәдігерді аудандық тарихи өлкетану музейіне өткізіпті. Шиелідегі өлкетану музейінің аға ғылыми қызметкері Бекболат Әбуовтың айтуынша, көлемі 4 шаршы метр жерден 15-ке жуық құмыра шыққан. Құмыралар әртүрлі пішінде. Түбі сүйірлене біткендері шығырға арналған дейді ол. Ал ыдыс-аяққа арналған кейбір құмыралардан көмескі бояу іздері анық байқалатын көрінеді. Құмыралар әзірге орта ғасырлық жәдігерге жатады деген болжам жасалған. Бекболат Темірәліұлы «Шығырға арналған бұл құмыралар Сыр бойында яғни, дәл осы Шиелі жерінде егістікті ежелден қолдан суару жүйесі жақсы дамығанын көрсетеді. Бізге кешегі кеңестік кезеңдегі тарихты бұлай оқытпады. Ал мына жәдігерлер біз егіншілікпен тек ХІХ-ХХ ғасырларда емес одан да бұрын айналысқанымызға дәлел болады», дейді. Көгерім ежелгі оғыздардың Бестам қаласынан 20 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Сырдарияның иірімді жағасынан орын тепкен. Халық арасындағы аңызға сәйкес, «Ақтабан шұбырынды» заманында қалмақ қонтайшысы Үнжі дәл осы Көгерімнен Сырға қарай 4 шақырым жерден «Қызылтам» деп аталатын бекіністі қала-қорған тұрғызған. Бүгінде сол «Қызылтам» бекінісінің орны анадайдан менмұндалап көзге көрінеді. Музейдің аға ғылыми қызметкері Б.Әбуов «Қызылтам» қорғанының қабырғасы замандар өтіп, әбден мүжілсе де үш метрден қалың, аумағы 200 шаршы метр. Айналасында шашылып жатқан сынған кірпіштер мен құмыралар көп» деп отыр.
Айтпақшы, Шиелі ауданының Ыбырай Жақаев ауылының маңынан да ежелгі қоныстың орны табылды. Аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері жүргізген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бірнеше құмыра сынықтары мен сүйектер, өртенген күл-қоқыстың іздері, темір түйіршіктері табылды. Арнайы құрылғы топырақтың терең қабаттарында темір және басқа да металдардың бар екендігі байқалады. Өлкетану музейінің қызметкерлері «Қорған шым кесектен тұрғызылған болуы керек. Ал сынған көзе, құмыра және басқа да керамикалық ыдыстардың бетіндегі бояулар, ондағы сызықтар, ыдыстардағы бедерлер тарихтың терең қатпарынан сыр шертеді. Бұл жерде Қоқан, Хиуа, Қазақ хандықтарынан да бұрынғы ежелгі дәуірдің мәдениеті айқын сезіледі» дейді. Қорғанның кіре- беріс қақпасы Бестам қаласына қарап тұр. Соған қарағанда бұл қорған ежелгі оғыз-қыпшақ дәуіріне жататын секілді. Айналасы аз күннің ішінде Шиелі ауданынан екі бірдей тарихи орынның табылуы адамды қуантпай қоймайды. Оның үстіне, бұл ешбір жазбада қалмаған, атаусыз келген қалалардың орны сияқты. Сондықтан аталмыш орындарды ғалымдар терең зерттеп, ішіне бүккен сырын ашса деген тілек бар.
Ержан БАЙТІЛЕС
Abai.kz