Сенбі, 23 Қараша 2024
Өмірдің өзі 5410 0 пікір 2 Қазан, 2017 сағат 09:47

Астанадан кетсем, өмір тоқтап қалатын сияқты...

Алтынайды әдеттен тыс телефон қоңырауы оятты...

- Алло...

- Алло мама... Мам, туған күніңізбен! Мен сізді қатты сағындым, менде барлығы жақсы. Маған алаңдап таусыла бермеңіз. Тамағымды ішіп алдым. Қазір қасымдағы жігіттерге туған күніңізге арнап, ән салып беремін. Бұл жер сіз ойлағандай емес... Негізі...

Ұйқысынан дел-сал күйде оянған ана тұтқаның үзіліп кеткен дыбысынан кейін ғана есін жиып алды. «Ол жаққа» қайта қоңырау соғу мүмкін болмайтынын білсе де, әлгі нөмірді қайта-қайта терді. Жауапсыз...

Дөңбекшіп ары аунады, бері аунады. Көзі құрғыр бәрібір ілінбейді. Жуынып, таранып алып жұмысына кетті. Бағыты вокзал. Арлы-берлі жүйткіген пойызды айтпағанда, ерсілі-қарсылы қақтығыса жарысқан адамдар. Алайда ол пойыздың бірінен де ұлының қарасы байқалмайды,сабылған жұрттың арасында да жоқ ол. Әйтеуір құшақтасып, қауышып жатыр, қимай қоштасып та жатқандар жоқ емес. Соңғы рет ұлын ғана дәл осындай сезіммен шығарып салған. Әскерге. Арада үш жыл уақыт өтті. Алайда жалғызы қайырылмады... Ізінен келгені - бір жапырақ қағаз ғана.

Алтынай ешқашан атар таңнан күдер үзбеген. Ұлы Болатқа аяғының ауырлығын білген сәтте ақ қуанышын сүйгенімен бөлісті. Дегенмен «өрге домалатамын» дегені орға жықты. Сенімі сонда да құм бола қойған жоқ. Күтті, оралмады сенгені. Жұрт көзінен аулаққа кетемін деген оймен Астананы бағыт етті. Бұл жақ алғашында Алматыдағы жылы ауылын алмастыра алмады әрине. Қаламен бірге «қайнап» кетемін деп жүргенде өмірге ұлы келді. Соның қарыны тоқ болуы үшін барлығын жасады. Қалағанын тапты, ауызына тосты, тек қана әкесінің қайда екендігін сұрамаса болды. Болат есейе келе шығынның да көлемі артты. Мақсаты қолдан келсе, екі жерде жұмыс істеп жан бағу, ертеңгі сүйенерін қатардан қалдырмау. Анасының жағдайына қанық Болат та қолдан келгенше көңіліне қылау түсірмеуге тырысатын. Тіптен жасы жиырмаға жеткенше әкесі жайында жақ ашып сұрамапты. Қатарының алды болды. Колледжі де қолына қып қызыл дипломын ұстатып шығарып салды. Ізін ала әскерден де шақырту алды. Тілегенін Құдайдың өзі берген Алтынайдың қуанышында да шек жоқ еді. Дәл осы вокзалдың үшінші жолына келіп тоқтаған Астана-Қостанай бағытымен жүретін пойызға ұлын қимастықпен шығарып салды.

Сол күннен бері екі көзі теміржолда. Өзі осы вокзалдың тазалығына жауапты. Айлығын шайлығынан артылтып, Болатым келсе той жасаймын деп жастықтың астына басып жүр. Әскерден оралатын күн жақын қалғандағы сезімі тіптен бөлек. Құдды тоғыз ай толғатып күткен сезімі де бұндай болмас. Алайда «ұлың әскерде қатарын жазым етіп, жеті жылға сотталып кетті» деген мына бір жапырақ қағазды алғанда жүрегін ұстап талықсып кете берді. Есін жиғанда ауруханада, ол жақтан шығамын дегенше бір айдың жүзі өтті. Көңіл сенбей артынан іздеп те барды, таппады бірақ. «Бұл жақта екі жерде жұмыс істеймін, ауылда мұндай мүмкіндік те айлық та жоқ. Тапқанымды ұлыма саламын. Басты себеп ол да емес, басқа жаққа кетсем, ұлым аяқ астынан келіп қалып таппай қала ма деймін. Басты уайымым сол. Шынымды айтсам, Астана түгілі тіпті осы вокзалдан да кеткім келмейді, жұмыстан қалт етсем пойыздың жолына телміріп жүремін. Астана - менің үмітімнің үзілмеуіне себеп. Бұл жақтан кетсем, өмір тоқтап қалатындай» дейді қырықтың қырқасынан асқан Алтынай.

Еркеназ Шоқан, Астана қаласы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371