Әлем чемпионаты. Финалда белдесетіндер анықталды
Қазақ күресінен Беларусь елінің бас қаласы Минскіде өтіп жатқан әлем чемпионатының финалдық белдесуіне шыққан балуандар анықталды. Ислам Әбішев басқаратын Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының жетінші рет өткізіп жатқан әлем чемпионатына 45 елден балуандар қатысты. Ерлер арасындағы сайыс аса тартысты өтті.
60 келі салмақта VII әлем чемпионатының алтын медаліне қазақстандық Жақсылық Мұсырманов пен моңғол балуаны Енхбол Енхтайбан таласады. Екеуі де жиырмадан енді асқан балуандар.
70 келі салмақта Армения балуаны Альберт Мхитрян мен ресейлік Әли Тұрсынов финалда кездеседі.
80 келіде әлем чемпионатының алтын медалі үшін тәжікстандық Хамроз Раджабов пен Беларусь балуаны Вадим Шока белдеседі.
90 келі салмақта қазақстандық Ерлан Омаров пен ресейлік Александр Росляков ұстасады.
90 келіден ауыр салмақта Беларусь алыбы, қазақ күресінен бұған дейін де әлем чемпионатына қатысып, белдесіп көрген Александр Вахавяк пен қазақстандық Талғат Әміренов әлем чемпионы атағына таласады.
"Біріккен күресі әлемінің" (UWW) күнтізбелік жоспарына сай өткізіліп отырған жетінші әлем чемпионатына қатысушы елдер талантты балуандарын әкеп салды. Оған біз іріктеу белдесулерінде көзімізді жеткіздік. Үндістаннан келген балуандар, Африка құрлығынан келген спортшылар қазақ күресін әжептәуір меңгеріп қалғанын байқатты. Азия мен Еуропа құрлығынан, Бразилиядан келгендер де шеберліктерін паш етіп күресті.
Бүгін қыздар 2 салмақ дәрежесінде әлем чемпионаты атағына таласады. Сондай-ақ ерлер де (80 келіден жоғары балуандар) абсолюттік салмақта медаль үшін күреседі.
Қуаныш Бажақ,
Беларусь, Минск.
Abai.kz