Дүйсенбі, 26 Қазан 2026
Жаңалықтар 119 0 пікір 26 Қазан, 2026 сағат 15:29

«Абай Quiz – 2026» зияткерлік ойыны өз мәресіне жетті

Сурет: Шара ұйымдастырушыларынан алынды.

Еліміздегі ең ауқымды зияткерлік сайыстардың бірі — «Абай Quiz – 2026» республикалық ойыны өз мәресіне жетті.

Елдің түкпір-түкпірінен келген білімділер мен логикасы жүйрік жастардың басын қосқан бұл дүбірлі білім бәсекесінде Мерей Қарт жетекшілік ететін «Тұрарақсыз тіркестер» командасы қарсыластарынан оза шауып, бас жүлдені қанжығасына байлады.

Аталмыш республикалық зияткерлік ойынға рекордтық деңгейде қатысушы жиналды: еліміз бойынша 100 команда, жалпы саны 600-ге жуық қатысушы бақ сынасты. Бірнеше күрделі кезеңнен тұратын, ұлттық тарих, әдебиет, логика және заманауи эрудицияны қамтыған тартысты бәсекеде «Тұрарақсыз тіркестер» тобы тапқырлығымен, шапшаңдығымен және командалық ауызбіршілігімен ерекшеленіп, 1-орынды жеңіп алды.

Команда капитаны, Халық Құрылтайы мүшесі, белгілі қаламгер және қоғам белсендісі Мерей Қарттың жетекшілігімен өнер көрсеткен топ мүшелері әр раундта жоғары ұпай жинап, бәсекелестік жоғары болған сайыста өзге командаларға мүмкіндік бермеді.

Жеңімпаздарды бұл үлкен сараптамалық және зияткерлік жетістігімен құттықтаймыз! «Тұрарақсыз тіркестер» командасына алдағы асуларда да тек биіктен көрінуді тілейміз.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Бір тағдырдың ар жағындағы бір дәуір

Инара Аубакирова 1213
46 - сөз

Академик: Ресей ғылымға қару кезенді!

Нұргелді Әбдіғаниұлы 1693