«Жасасын, Жандайшапизм!»
Мархұм боп кеткен С.деген бір әдебиет сыншысы әнебір жылы Жазушылар Одағындағы әдебиет мәселесіне арналған бір жиында сөйлеп тұрып әй-шәй жоқ бас салып Американы жамандай жөнеліпті. Онысы тіпті ұзаққа созылып кеткен көрінеді. Сонда залда отырған Т. деген жазушы «Апыр-ай, мына біздің С. мен Американың арасы тым ашылып кетті-ау, бұның ақыры немен бітер екен?» - деген екен.
Сол айтқандай, әнебір жолы Қырғызстан Президенті Қазақстанның кейбір саяси да әлеуметтік жағдайларына қатысты кейбір кемшіліктерді атап тұрып айтып еді, әшейінде төбесінен «Протон» құлап, бала-шағасы мүгедек болып туып жатқанда жағы қарысып қалғандай үні шықпайтын біреулер «Отан үшін отқа түсетін» патриот болып шыға келді. Мен білмейтін, бұрын аты-жөні беймағлұм, бұған дейін еліміздегі қазақ тілінің мүшкіл халі, иесіз қалған ауылдар мен ауыл тұрғындарының қайыршылық тұрмысы, үйсіз-күйсіз жетім-жесірлер, соттардың әділетсіздігі елді жайлаған жемқорлық пен қылмыс еліміздегі үйреншікті жағдайға айналған тағы басқа адам шошырлық жағдаяттар туралы көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматтары жанұшыра жазып, айтып жатқанда аузын буған өгіздей үні бір шықпаған саясаткерлер мен сарапшы деп аталатындар шықты.
Бұлардың ешбірінің сөзінде Атамбаевтың айтқандарын теріске шығаратын ең болмаса бірде-бір дәлел, дерек жоқ. Құр байбалам, өтірік өкпелеу. Не үшін намыстанып жатқаны да түсініксіз. Ал Қырғызстан басшысының сөзінде қазақ халқының намысына тиетін, қазақ пен қырғыздың ортасына от жағатын ешқандай зиянкестік сөз жоқ екенін көріп отырмыз.
Иә, Қазақстанда Құдайға тіл тигізгендерге ешкім тиіспейді, ал аты-жөні әйгілі біреу туралы бірнәрсе айтсаң, Маугли туралы ертектегі бандерлога-маймылдарша жабыла кетуге дайын тұратындар жетеді. Қалай десеңіз олай деңіз, Атамбаевты күстаналап жатқандар Жандайшаптық пен Патриотизмнің не екенін айыра білуі керек. Айтпақшы, бұлар қазақ жері тағы да Ресей зымырандарының талқандауына түскелі жатқанда неге үнсіз отыр екен ? Енді қазақтарға «Жасасын, Жандайшапизм!», «Жасасын, жаңа заман Жантықтары мен Жылмақайлары!» деп ұрандау ғана қалған жоқ па екен?
Мырзан КЕНЖЕБАЙ
Abai.kz