Қазақ даласын капитализм елесі кезіп жүр...
Кезінде атақты «Капиталдың» авторы Карл Маркс деген данышпан: «Европаны бір елес кезіп жүр. Ол - коммунизм елесі» деген екен. Әлемде социализм мен коммунизмнің негізін салушы ақсақал осы сөзді тегін айтпаса керек. Қаншама мемлекетте төңкеріс жасалса да социалистік қоғам сиырқұймышақтанып, ақырында ыдырап тынған жоқ па?! Ал, өкінішке орай адамзатқа арман болған коммунизм расында да сол елес күйінде тарих қойнауына кетті!
20 ғасырдың соңында «КСРО» деп аталатын алып империя ыдыраған соң оның құрамындағы одақтас республикалар өз алдына тәуелсіздігін жариялағанына да міне, ширек ғасырдан асыпты! Ендігі жерде осы республикаларда керісінше «капитализм» елесі аршындай басып, қалаған саласында «сырдың суы сирағынан келместен» қарапайым халықтың байлығын армансыз кешіп жүр.Әттеген-айы сол, ұлы далада ат ойнатқан қасиетті хандар мен батырлардан күллі қазаққа мұра болып жеткен ұшан-теңіз жер асты мен үстіндегі байлықты шайқап ішіп, тойына кекіріп, орынсыз секіріп жүрген капиталистердің саны тым аз болып тұр!Күн сайын айтылып жатқан түрлі ұрандар мен бағдарламалардың сөзі жақсы-ақ! Онда айтылатын баптары да қандай керемет! Жеме-жемге келгенде қолға ұсталмайтын, ұстатпайтын көшпелі алтын секілді.
Мәселен, соңғы жылдары халықты баспанамен қамту мақсатында қаншама бағдарламалар жасалды десеңізші?! Сол бағдарламалардың бірде-біреуінің ғұмыры ұзақ болмады. Өйткені қоғамда жең ұшынан жалғасқан жемқорлық өршіп тұр. «Бәйтерек» холдинг компаниясының бұрынғы бастығы Бишимбаев, Алматы қаласының бұрынғы әкімі Храпунов сияқты жемқорларды ондап, жүздеп атауға болады. Кейде мен таң қаламын; айналдырған 25-26 жыл бедерінде осыншама қылмыскерлерді дүниеге әкелген біздегі қоғамдық құрылысты қалай атауға болады? Жабайы капиталистерден құралған қорқаулар қоғамы дейміз бе? Қоғамда күн сайын ұсталып жатқан парақорлардың бәрі неге мемлекеттік органдардың сапынан шығуда? Елбасы берген тапсырмалар неге дұрыс орындалмайды?
Кейде мен ойлаймын, біздің қазақ қоғамын, әсіресе жоғары элитаны жағымпаздық елесі кезіп жүрген сияқты!Маңызды бағдарламаларға «Нұр» сөзін қосып, кезекті науқанды жарнамалауда алдымызға жан салмаймыз. Жастарға, қарапайым халыққа арналған қолжетімді баспана бағдарламасының бағы бір ашылмай-ақ қойды!Қанша құбылтса да бәрі бір қолжетімсіз болып отыр!Алматы мен Астана, басқа ірі қалалардың басшылары бәленбай шаршы метр тұрғын үй салынды, бәленбай миллиард теңге қаражат жұмсалды деп жарыса баяндағанымен, баспанасыздар саны азаймай-ақ тұр.Салынса салынып жатқан шығар... Ал, сол үйлердің құны неге тым қымбат?
Орташа жалақы мен рыноктағы жылжымайтын мүліктің құны арасындағы баланстың айырмашылығы жер мен көктей! Сенбесеңіз, кез келген шенеунік орташа 70-80 мың немесе 100 мың теңге жалақымен ипотекаға бір-екі бөлмелі пәтер алып көрсінші, сөйтіп дәлелдесінші , жастарға ұсынып отырған баспаналары расында да қолжетімді ме? Меніңше тұрғын үй құнының арзандамай, күн сайын көтерілуіне әлемдік дағдарыстың ешқандай да қатысы жоқ!Қазақтың санын көбейтеміз, мәңгілік ел боламыз десек, бірінші кезекте жалдамалы пәтерді кез келген қазақстандық азамат қиындықсыз, тиімді талаптар бойынша алатындай жағдай жасалуы керек.
Екінші мәселе, жалдамалы пәтерлерді, белгілі бір кезеңде, мәселен, 5-10 жылдан кейін, өзіндік құнын төлеп болған соң жекешелендіруге де рұқсат ету керек.Осыншама аста-төк байлықтың үстінде отырып, баспана мәселесін шеше алмасақ, онда әлем жұртшылығы алдында несіне өтірік мақтанамыз? «Қазақстан -2030», «Қазақстан – 2050» бағдарламалары коммунизм елесі сияқты болмауы үшін, болашаққа толыққанды дамыған өркениетті ел есебінде жетуіміз үшін, ұлтымыздың басты – басты мәселелерін әділетті түрде шешуді қарастыруымыз керек. Бір ғана мысал: іргеміздегі алып көршіміз Қытай Халық Республикасында халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі әлдеқешан шешіліп қойған деп естиміз. Бір жарым миллиард халық пен 18 миллион халықтың айырмашылығына мән бере отырып, сәл-пәл ойлансақ, біздегі баспана мәселесін шешу соншалықты күрделі де, қымбат та емес екенін аңғаруға болады.Тек қана бар байлықты уысында ұстап отырған санаулы капиталистердің ниеті тарылмаса ғой, шіркін?!
180 миллион емес, бар-жоғы 18 миллион ғана халықпыз.Ал, жерімізден Менделеев ғұламаның белгілеп кеткен 100-ден астам бағалы рудалары өндіріледі. Мемлекетіміздің жер көлемі әлемдегі 200-ге жуық мемлекеттердің арасында 9-шы орынды иеленеді...Тағы да әттеген-айымыз сол... бірде бір сотық, біде бір гектар жер телімі мемлекеттік резервтерде болашақ ұрпақ үшін сақталмапты! Әрісі жарық дүниеде қазақ ұлты пайда болғалы, берісі 25 ғасыр бойы сонау ғұндар мен сақтар, түркілер мен қыпшақ бабалардан мұра болып, білектің күшімен, найзаның ұшымен сақталып, Қазақстан атты тәуелсіз ммлекетке аманат болып жеткен Ұлы Дала Елінің негізгі қожайыны, иесі қазақ ұлты.
Олай болса қазақтардың өз жерінде емен-жарқын, аста-төк молшылықта өмір сүруге толық құқы бар!Ат төбеліндей капиталистер кез келген ұлттық мәселені шешкенде халықпен санасуға тиісті.Міне, соларды қазіргідей дағдарыс кезінде экономика мен әлеуметтік саланың локомотиві болуға міндеттейтін арнаулы заңнамалар қабылдайтын кез келді! Қолдан жасалған қазақ капиталистері де мемлекеттік заңдарға бағынуға міндетті.Оларды осындай аста-төк байлыққа кенелткен ұлы қазақ халқы екенін ұмытпағандары абзал.Менің айтқан пікірімді ел тізгінін ұстаған лауазымды азаматтар дұрыс түсінеді, орынды шешімдер шығарады, ұлтымыз үшін ұтымды бағдарламалар жасауға мұрындық болады деп ойлаймын.
Жаңабек Тойбазаров
Abai.kz