Сенбі, 23 Қараша 2024
Жанайқай 5135 0 пікір 13 Қазан, 2017 сағат 12:48

Асанов мырза, ұлымның тағдырына араша түсіңіз!

Құрметті Жақып Қажыманұлы!

Мен өзіңізге ұлым Нұртуған Мұзамеловтың тағдырына алаңдап, арнайы хат жазып отырмын. Үйдің үлкені «Орда бұзар отыз жастан асқанда» Ақмола облысы Целиноград ауданы Талапкер ауылдық округінің әкімі болып тағайындалды.Бұл 2014 жылы еді. Ол бұл қызметке өз білімімен, тәжірибесімен әрі осыған дейін атқарған істерінің нәтижелілігімен жетті.

Бір жыл өткен соң, яғни 2015 жылы 6 наурызда ауылдық округ аумағына қарайтын жер телімдерін тексеру кезінде Нұртуған Мұзамелов 41 жер учаскесінің жалға алу мерзімін ұзарту жөніндегі құжат жалған болуы мүмкін екенін біліп, тиісті орындарға шағым түсіреді. Өзінің мамандығы заңгер болғандықтан, ол бұл істе бір шикілік барын тез түсінгені шүбәсіз.

(Бұл - Нұртуған Мұзамелов)

Көп өтпей осы іс бойынша Целиноград ауданы ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғайды. Бір қарағанда, мұндай істер қалыпты оқиғалардың бірі секілді көрінуі мүмкін. Алайда, 2017 жылғы 29 мамыр күні дәл осы тұлға күдікті боп танылып, 2017 жылғы 16 маусым күні оның әрекеті ҚР ҚК-нің 177 бабының 4 бөлігі «а, б» тармақтарымен және аталған кодекстің 235 бабы 3 бөлігімен қылмыстық іс жасады деп дәрежеленіп (алаяқтық және ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу), қамауға алынды. Яғни, Н.Н.Мұзамелов ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысып, сол топтың мүддесіне Талапкер ауылдық округінің жер учаскелерін жалға алуды ұзарту жөнінде заңсыз түрде 45 өкім шығарған деп айыпталып отыр. Қалай түсінсек болады? Өзі осы іс бойынша тексеру жүргізтіп, құқық қорғау органдарының назарын елден бұрын аударып, ең бастысы екі жыл бойы осы қылмыстық істі ашуға бар күш-жігерін жұмсаған адамның өзі күдікті ретінде қамалғаны ақылға сыя ма? Егер бұл іске өзінің қандай да бір қатысы болса, ол мұндай қадамға мүлдем бармас еді ғой...

Тергеушілердің таққан кінәсі 45 жер телімін беру туралы шешімдерде Нұртуған Мұзамеловтің қолы қойылған болып шықты. Біз амалсыздан қойылған қолды сот сараптамасынан өткіздік. Қазіргі таңда қолжазбаны тану сараптамасы өткізілді, 2017 жылғы 28 маусымдағы №1335 және 2017 жылғы 21 шілдедегі №1691 сот қорытындысына сәйкес барлық заңсыз шығарылған өкімдерге Н.Н.Мұзамеловтың қолы қойылмаған, яғни Н.Н.Мұзамеловтың қолын сәйкестендіріп қоюға тырысқан басқа тұлғаның қолымен орындалғаны экспертиза бойынша анықталды.

Жоғарыда тізбектелген сараптама қорытындысы негізінде тергеу органдары аталған тұлғаға қатысты қылмыстық істі тоқтатуға міндетті еді, алайда әлі күнге дейін ол орындалған жоқ. Тергеу әлі жүріп жатыр.

Бұл іс бойынша шындықты талап ету мақсатында барлық мән-жайды бүге-шігесіне дейін жазып, көмек сұрамаған адамымыз кемде кем. Ауыл ардагерлерінің атынан да өтініштер түсті, олар өз сөздерінде ауылда бұндай әкімнің бұрын-соңды болмағанын, өзінің жас екендігіне қарамастан бұрынғы әкімдердің ойлауға да шамасы жетпеген тиімді іс-шаралар өткізгенін, алдына қойған мақсатын тиянақты да айқын орындайтынын, өзекті мәселенің әрқайсысына жан-тәнімен кірісіп, жедел шешім қабылдай алатыны туралы жазған. Ауыл халқы ұлымның ақ екеніне сенеді әрі басына түскен бұл қиындықты жеңіп, ауылға қайта оралса екен деп тілейді.

Тергеу барысында Н.Мұзалемовтың қолы қойылған құжаттарды тіркеуге Н. есімді тұлға әкеліп отырған, қазіргі таңда ол кісі қайтыс болған. Тергеу барысында Н.Мұзалемовтың қолын қойған нақты сол тұлға екенін тану сараптамасы тағайындалды. Егер ол кісі бұл өмірде жоқ болса қайтыс болған тұлғаның қолжазбасын тануды қалай анықтауға болады?

Дәл осы сәтте, бірнеше шынайы факті болса да тергеу ісі қандай мақсатқа жетуді көздеуде деген сұрақ көкейге өзінен өзі орала түседі. Егер ұйымдасқан қылмыстық топтың кінәсі дәлелденген болса онда неге тек менің ұлымды ғана қамап отыр? Өзге мүшелер неге бостандықта жүр? Оның қамауға алу уақытын үнемі соза берудің не қажеті бар? Әлде тергеу нақты Н.Мұзалемовты құрбандыққа шалуға бекініп отыр ма? Себебі оларға ауылдық әкім болса да, білдей бір әкімді құрықтадық деген үлкен жетістік болып табыла ма? Мені мазалайтын сұрақтар көп.

Айтпақшы, айыптау тек сол ұйымдасқан қылмыстық топ жетекшісінің айтуы бойынша ғана құрылған. Сондай-ақ, он шақты қылмыстық іс жасап, сол қылмыстық әрекетке жиырмадан астам адамды тартқан топ жетекшісі бостандықта жүр. Сонда қылмыстық топты құрушы адам «тергеуге көмектесемін» деген желеумен бәрінен құтылып, солардың заңсыз әрекетімен күрескен ұлым айыпты болмақ па? Қылмыстық топ құрғаны дәлелденген адамның куәландыруы бойынша менің ұлымды қамап отырғандары, оның айтуынан басқа бірде бір дәлел-дәйектің жоқтығы неге ескерілмей отыр? Менің ұлым Нұртуған Нұралыұлының кәмелет жасына толмаған 3 баласы бар. Сол немерелерім көрген сайын: «Ата, әкем қашан келеді?» деп сұрағанда, жүрегім езіліп кетеді. Оларға «жуықта келеді» деп айтудан шаршадым.

Қадірлі Жақып Қажыманұлы!

Сізді Елбасының сенімді серігі әрі әділетті жақтаушы, ары да, жаны да таза адам деп білемін! Әрбір ісіңізге сырттай сүйініп жүремін. Аудандық тиісті мекемелерден қайыр болмаған соң өзіңізге жүгініп отырмын. Бір қарағанда бұл бір кішкене іс болып көрінер. Бірақ атпал азаматтың, бір отбасының тағдыры тұрғанын қаперге аларсыз деген үміттемін. Мен елімізде әділдіктің барына сенгім келеді.

Құрметпен Нұралы ҚАЛИЕВ,

зейнеткер.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5483