Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 6576 1 пікір 20 Қазан, 2017 сағат 13:14

Тұмағаң тұғырына қонды

Тұмағаң тұғырына қонды. Осыдан бір жарым жыл бұрын Abai.kz ақпараттық порталы қазақтың классик ақыны Тұманбай Молдағалиевтің аты атаусыз қалып бара жатқанына күйініп, "Тұмағаң тұғырына қашан қонады?" деген мақала жазып, мәселе көтерген еді. Сол мақалада айтылған жайлар орындала бастады.

Қазақтың біртуар ақыны Тұманбайдың ескерткіші енді Есік қаласында қасқайып тұратын болды. Бүгін ақын ескерткіші ресми түрде ашылды.

Ескерткішті ашу салтанатында сөз сөйлеген Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар облыс әкімі Амандық Баталов Елбасының "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласының аясында бұл іске бастамашы болғанын айтты. Әкім ақынның еңселі ескерткішін жасату үшін облыс бюджетінен 25 миллион теңге қаржы бөлгізіпті.

Қазақтың Тұманбайының тас мүсінін Алтай Исатайұлы Бейсенов сомдаған.

Сонымен қатар, бүгін Есік қаласындағы Мәдениет үйіне Тұманбай Молдағалиевтің аты берілді. Тұмағаңның атын алған Мәдениет үйінің айналасын абаттандыруға 80 миллион теңге бөлінгенін де сүйіншілегіміз келеді.

Заманында: "Бір ескерткіш тұрғыздым мен өзіме" деп жырлаған Тұмағаңның жыры мәңгілік алаш жұртымен жасайтыны хақ. Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың игі ісін Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек іліп әкетіп, Алматы қаласындағы Масаншы көшесіне ақынның есімін берсе деген тілегімізді осы арада білдіре кеткіміз келеді.

Тұмағаң бірде Сәтбаев көшесінде келе жатып, інісі Ауыт Мұқибекке: «Ауыт, осы мен өлсем, Алматыдан менің атыма көше беріле ме?» – деп сұрапты.

– Әрине болады, бәрі болады, аға! – дейді ғой Ауыт інісі аңқылдап.

– Әй, кім біледі! Мысалы, Сағи Жиенбаев бізден бір кем емес ақын, Алматыда атында дым да жоқ қой. Егер, мені ұмытып бара жатса, өзің «Әйт!» деп қоярсың! – депті.

Сол Ауыт Мұқибекке айтылған аманатты Abai.kz оқырманның есіне қайыра салуды жөн санады.

Қош! Сонымен, Тұмағаң тұғырына қонды!

Құтты болсын, ағайын!

Қанат Бірлікұлы

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3243
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5396