Жанар НҰРҒАЛИ. Жаңаша тұрпаттағы көшпенділік
Қала көшелеріндегі аялдамаларда «пәтерімді жалға беремін» деген мәтіндегі хабарландырулар көп-ақ. Пәтерді жалға беру қазіргі кездегі жаңаша кәсіптің жаңаша түрі. Бірақ бұлайша пайда табу әдісінің бұрыннан бар екені белгілі. Тек соңғы он бес жылдың жүзінде бұл кәдімгідей жасырын кәсіп көзіне айналған. Себебі түсінікті. Қазірде ауылдан қалаға қоныс аударушылар мен ауылдан қалаға кеп оқып, оны бітірген жастар көп. Жас маман иесі ауылға барғаннан гөрі қалаған жұмысына тұрып, қалада қалғысы келеді. Әсіресе, көктем мен күз айларында ауылдан қалаға көшіп-қону науқаны басталады. Бұған көршілес аймақтардан көшіп келушілерді қосыңыз. Сөйтіп басталған көш жалғасып жатыр. Сірә, жалғаса бермек...
«Ауылдан қалаға көшіп келгеніме 7 жылдан асты. Әлі үй сатып ала алмай жүрмін. Жақында 23-ші рет көшіп, пәтер ауыстырдым». Бұл Қызылорда облысынан біздің қалаға жайлы қоныс іздеп келген 28 жастағы жігіттің сөзі.
Бұл бір ғана мысал. Ал, ауылдан қалаға кеп, пәтерден пәтерге көшіп, басыбайлы баспанаға ие бола алмай жүрген қандастарымыз қаншама.
Тәуелсіздік алған жылы елімізден сыртқа үш жарым миллионға жуық адам көшіп кетіпті. Оның есесіне 800 мың оралман бауырымыз елге келген.

Кеңес одағы құлағаннан кейін ауылда тұратындардың көбі қалаға ағылды. Сөйтіп, Кеңес одағының ыдырауы Қазақстанда ішкі миграция мәселесінің тууына жол ашты. Себебі, Кеңес дәуірінде мемлекет ауылдан қалаға, әсіресе, «азиаттық» ауылдың «еуропалық» қалаға көшуін шектеді. Бірақ мұндай құбылыс КСРО-ның бала туудың жоғарғы көрсеткішіне ие барлық азиаттық ауылдарына тән болған. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін елімізде бұл басты проблемаға айналды. Шашыраңқы отырықшылық, қазақы көшпелілік орын алды. Ал, Өзбекстан мен Түрікменстанда жағдай біздегіге керісінше қалыптасты: кеңестік режимді сақтап қалу үшін ауылдағылардың қалаға ағыла көшуіне жол бермеді. Өзбекакалар ауыл өзбегінің өз аулында тұрақтап қалуына ұмтылды. Бірақ қазір олардың көбінің біздің қазақтың жасырын жұмыс күшіне айналғаны белгілі. Кейбір дерек көздеріне сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2006 жылға дейінгі аралықта жұмыс пен жайлы тұрақ іздеп, 60 пайызға жуық ауылда тұратын қазақстандықтар Алматы, Астана сияқты қалаларға қоныс аударған. Ауылдан қалаға көшкендерді әрине, алпауыт қалаларда дайын үй күтіп тұрмағаны белгілі. Олар жалдамалы пәтершілердің кебін киді. Кейбір пысықайлар ғана 2000-шы жылдар тұсында үлкен қалалардың айналасындағы бос жерлерден, саяжайлардан үй салды.
Ауылдағылардың қалаға жаппай көшуі салдарынан 2000-шы жылдары ауылдардағы бірнеше селолық округтер жабылып қалды. Мысалы, 2001-2002 жылы 186, ал, соңғы жылдарғы статистикалық есеп бойынша 400-ге жуық ауыл қысқарған. Кеңестік кезеңнен кейін совхоз бен совхозды, аудан мен ауданды біріктіру идеясының жүзеге асуы да сол себептен туған.
Бүгінде қалада пәтер жалдап тұрып жатқандардың бәрі дерлік ауыл қазақтары. Ал, пәтер іздеп, көшіп жүрген өзге ұлт өкілі кем де кем.
«Қалаға кеп, пәтер жалдап тұрғанымызға алтыншы жыл. Үш баламмен күйеуім екеуміз 25 мың теңгеге жерүйді жалға алып тұрып жатырмыз. Күйеуім ғана жұмыс істейді. Мен баламен үйде отырмын. Қыстай жалға алған үйіміз салқын болды. Енді басқа үйге көшейік десек, бәрі қымбат. Пәтерін, үйін жалға берушілер қалай қымбаттатамын десе де өз еріктері. Сонда қалай, бұлардың ісін бақылап, қадағалайтын ешкім жоқ па?» дейді Аралдан Ақтөбеге жұмыс, жайлы орын іздеп келген 36 жастағы келіншек.
Ауылдың қазағы қалаға сіңіскісі, қалалық болғысы келеді. Бірақ қазақ баласы қалаға келгенімен, қалалық ұлт болып үл¬гермеді, керісінше, «пәтерші» ұлттың кебін киді. Сол себепті, қаладағы байырғы қалалық қазақтардың тұрмыстық көшіне ілесе алмай келеді. Қазір қалада көшпенді, пәтерші «маргинал» қазақтар көп-ақ.
Жалпы соңғы жылдары бізде ел ішінде көшу белең алып кетті. Халық үздіксіз қозғалыста. Солтүстіктен – оңтүстікке, шығыстан – батысқа жөңкілген көш толастар емес. Әсіресе, қазақтар перспективалы жұмыс орны мен ыңғайлы тұрмыс іздеп, болашағым жарқын болады деген сенімге толы үмітпен жақын маңдағы немесе көрші қалаларға көшіп жатыр. Әрине, мұндай батыл қадамның арғы жағында күдік те жоқ емес. Қауіп басым. Кейбір зерттеушілердің мәлімдеуінше, енді бірнеше онжылдықтан соң қазақстандық тұрғындардың жартысынан астамы дамыған ірі қалалардың белгілі бір пункттерінде тұруы мүмкін. Демек, отандастарымыздың жақсы өмірге деген құлшынысы қызғанарлық деңгейде. Алайда, мұның соңы қазақтың бар қадір-қасиетін бойына жиған алыс ауылдарды жойып жіберуі бек мүмкін.
Облыстық Статистика басқармасының мәліметіне сүйенсек, биылғы 2009 жылдың бірінші тоқсанында былтырғы жылғы осы кезеңмен салыстырғанда біздің облысқа еліміздің өзге аймақтарынан көшіп келушілер саны 37,3 пайызға азайған. Ал, керісінше бізден сыртқа көшіп кетушілер 78,8 пайызға артқан. Негізінен көшіп-қону процесі ТМД ішінде жүріп жатыр. Үстіміздегі жылы ТМД елдерінен көшіп келушілер қатары 99,4 %, ал, сол елге көшіп кетушілер саны 96,9 % құрады.
Былтыр 2008 жылы қаңтар-наурыз айларында облыс бойынша 2116 адам қоныс аударған. Ал, биылғы жылы 1890 адам қоныс аударып отыр.
«Мамандығым бойынша заңгермін. Бірақ менің ауылым Ырғыз қазіргі күні мұндай мамандыққа зәру емес. Штат толық. Сондықтан, осы қалада қалатын шығармын. Егер табылмаса Астанаға, Қостанайға жұмыс іздеп бармақшымын. Өзімнен кейінгі қарындасым да келер жылы оқу бітіргелі отыр. Астанада жұмыс табылса, сол жаққа оны да тартуға болады» дейді Арман есімді жас жігіт. Үйдің үлкені қалада қызметке ілінсе, соңынан кішілері де соңынан жөңкіледі. Бұл кәдімгі қазақы, таныс құбылыс.
Соңғы жылдары еліміздің экономикалық дамуын арттыруға аса мән беріліп отырғаны әрине, құптарлық іс. Өкініштісі, біздің елімізде ішкі көші-қонды қадағалайтын мемлекеттік орган жоқ. Еліміздегі ішкі миграцияның бақылаусыз қалуы болашақта ауылдардағы селолық округтердің қысқаруына жол ашуы ықтимал. Қазіргі күні бұл мәселемен Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі айналысады.
Қазақ кешегі күні көшпенді халық еді. Бірақ сол көшпенділіктен әлі де арыла алмай келеді. Тек қазір жаңа сипаттағы көшпенділікке ие. Қазақ әлі көшіп жүр. Жер бетінен Жерұйық іздеген Асанқайғыдай бәлкім, біздің ұлт өз жерұйығын іздеп жүрген болар. Әйтеуір, біз әлі көшіп жүрміз.