Тәжікстанда ЖҚБ желісі басшылығын алаяқтық жасады деп айыптады
Тәжікстанның Жемқорлықпен күрес және қаржыны бақылау жөніндегі агенттігі «Умед-88» компаниясы басшылығының қамауға алынғанын растады. Компания басшысы Раджабали Одинаев, оның орынбасары Идибек Иброхимов және басқа да жауапты тұлғалар несиені заңсыз алды, салықтан жалтарды, алаяқтық жасады және жалған құжаттар пайдаланды деген айыптармен ұсталды, деп хабарлады агенттіктің баспасөз қызметі.
Агенттік хабарламасында айтылғандай, компания басшылығы 2015 жылы Қаржы министрлігінен 171 млн. сомони ($19 млн) алып, оны жыл соңына дейін қайтаруы керек болған. Компания бұл қаражатты шаруаларды жанармаймен қамтамасыз етуге жұмсауға уәде берген. Бірақ несие қайтарылмаған.
Тергеу мәліметі бойынша, «Умед-88» компаниясы «Амонатбанк» және «Агроинвестбанктен» алған несиелерін де қайтармаған. Компанияның бұл қаржы мекемелеріндегі берешегі - 26 млн. сомони және $4,5 млн.
Тәжікстан президентінің сынынан соң агенттік қызметкерлері компанияның бас директоры Раджабали Одинаев пен оның орынбасары Идибек Иброхимовты ұстады.
Abai.kz