Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2922 0 пікір 7 Желтоқсан, 2010 сағат 09:20

Аялдар Күнтуған. Алашқа хат

Осыдан бір жыл бұрын, дәл осы мезгілде, қадірлі Алаш жұрты, Сен толқулы едің. Сол кездегі көңіл-күйіңнің ауанын «Құйынды мезет» деп атауға болатын шығар. Өткен жылдың осы бір айында қазақтың  қанын ойнатқан оқиға  тұсында  Сенің жаншылмас жігеріңнің жасындай ойнағанын көзімізбен көрдік.  Оқиға емей не, Қазақ хандығын құрып,  Ұлы Даланы бірлікке келтірген  Керей мен Жәнібектің ескерткішін  бүгінгі Тәуелсіздіктің бағасын жете түсінбеген шенді шекпенділер күресінге лақтырып тастаса, күресінге күреп тастап қана қоймай, сол батыр да ержүрек бабаларының тиісті орында қасқайып тұруын сұраған жұртқа көсемсіп ақыл айтса, Сенің әманда қызу қаның  қайнамай қайтсін! Әз жүрегің туламай қайтсін! Сен солай аласұрып тұрғанда бөтен ойлы біреулер «Қазақстан халқы» дейтін діттеген мақсаты жат  доктрина жазып алып   халық арасын аралай бастады. Міне, Сенің екінші рет шамдануыңа себепкер болған осы іс. Күлдікөмеш доктринаның күлін сүрткенімен, ішіндегі «қамырының» қандай екенін халықтан жасыра алмай дал болды. Ақыры, Сен жұмыла көтерген жүктің қашанда жеңілдігін еске түсіріп, бірігіп қимылдадың. Қызыр атаның бірлігі жарасқан елге баратынына сенетін жұрт солай істеуге тиіс еді. Сен кемел ойлы азаматтарыңды алдыға салып    «Ел бірлігі» атты құжаттың өмірге келуіне құлшыныс таныттың!

Осыдан бір жыл бұрын, дәл осы мезгілде, қадірлі Алаш жұрты, Сен толқулы едің. Сол кездегі көңіл-күйіңнің ауанын «Құйынды мезет» деп атауға болатын шығар. Өткен жылдың осы бір айында қазақтың  қанын ойнатқан оқиға  тұсында  Сенің жаншылмас жігеріңнің жасындай ойнағанын көзімізбен көрдік.  Оқиға емей не, Қазақ хандығын құрып,  Ұлы Даланы бірлікке келтірген  Керей мен Жәнібектің ескерткішін  бүгінгі Тәуелсіздіктің бағасын жете түсінбеген шенді шекпенділер күресінге лақтырып тастаса, күресінге күреп тастап қана қоймай, сол батыр да ержүрек бабаларының тиісті орында қасқайып тұруын сұраған жұртқа көсемсіп ақыл айтса, Сенің әманда қызу қаның  қайнамай қайтсін! Әз жүрегің туламай қайтсін! Сен солай аласұрып тұрғанда бөтен ойлы біреулер «Қазақстан халқы» дейтін діттеген мақсаты жат  доктрина жазып алып   халық арасын аралай бастады. Міне, Сенің екінші рет шамдануыңа себепкер болған осы іс. Күлдікөмеш доктринаның күлін сүрткенімен, ішіндегі «қамырының» қандай екенін халықтан жасыра алмай дал болды. Ақыры, Сен жұмыла көтерген жүктің қашанда жеңілдігін еске түсіріп, бірігіп қимылдадың. Қызыр атаның бірлігі жарасқан елге баратынына сенетін жұрт солай істеуге тиіс еді. Сен кемел ойлы азаматтарыңды алдыға салып    «Ел бірлігі» атты құжаттың өмірге келуіне құлшыныс таныттың!

«Тәуелсіздік үшін күрес Тәуелсіздіктен кейін басталады» деген сөзді кім айтса да  ұтырын тауып айтқан екен. Әсіресе, ұзақ жылдар бойы құлдықтың қамытын киген  елдердің Тәуелсіздік алуы сол ұлттың шын мәніндегі жауынгерлік, күрескерлік,  төзімділік, парасаттылық сынды қасиеттерін таразыға салатынын ұғынуға  уақыт керек екен... Қай заманнан белгілі, «батпандап кірген дерт мысқалдап шығады». Ол дерт - сананы құрсаулаған бодандыққа бас ұру, бостандық ұғымынан қарадай үрейлену болса мүлде қиын.  Мұндай кезде сол ұлттың ақыл-парасатының өлшемі есепті сорпа бетіне шығар оқыған-тоқығаны, көрген-білгені һәм содан түйгені көп зиялы қауымына, ұлтын шын мәнінде жан жүрегімен сүйетін парасатты да пайымды ұлтшылдарына, әрі соңынан адам ерте алатын дуалы ауыз көсемдеріне салмақтың ауыры түспек. Егер оларда жай кездегі көзқарас қайшылығына бола бірін-бірі көре алмайтын ішмезер пиғыл өріс алса, онда қысылтаяң кездердегі істелген істің ешбірі пәтуа таппақ  емес. Мәселенки, Балтық жағалауы елдері мұны ерте түсінді. Ерте түсінді де, ең бірінші ұзақ жылдар бойы бодандықта болған халықының сана-сезімін, психологиясын тәуелсіздендіруге ұмтылды. Соның нәтижесіне, қазір Балтық елдері, біріншіден, ұлттық саясатын ашық жүргізе алатын дәрежеге жетсе, екіншіден, экономикалық саясатта да көш ілгері қадам басты. Неге? Өйткені, ұлттық саясат (мәдени саясат десек те болады) қашанда экономикамен тығыз байланыста. Бірін тәуелсіз етіп болған соң екіншісін іске асырам деу бос әурешілік. Азат мемлекетте өмір сүріп жатқан адамдардың азат  ойлай алмауы, жалтақтығы, көнбістігі, өзгеден именіп тұруы  мың жерден экономикалық шарт-жағдай жасасаңыз да оны иіріп әкетуге қауқарсыз күйге жеткізеді. Демек, көп елдер екі бағытты тең ұстанды. Бұларға ілесе қимылдаған Украина мен Грузияда оң-солын танып, есін жиып алды. Кем дегенде бұлар өздері ұлттық саясатты Кремльсізде жүргізуге болатынын анық сезінген ұлттар қатарында. Өзбек, тәжік, түркімендердің шекелері шылқып отырмаса да, өзіндік ұстанымдары айқын. Бүгінгідей  аладауыл заманда қазақ халқына қай бағытты ұстанбақ керек? Қай жаққа назар аудармақ керек? Бізді  әмсе толғандыратын сұрақтың бірі - осы.  Осындай сәтте зиялы қауым өкілдерінің ымыраға келе алмайтыны, ауызбірліктің жоқтығы, сатқындығы, кім не айтса соған көнгіштігі, ал халықтың қойдан қоңырлығы мен момындығы, айлығынан артық дүниені талап етуге қауқарсыздығы, көнбістігі, өзін де жоқ болса да, өзгені жарылқағыш жәреукелігі, құдай-ау, бәрі айтылып келеді.  Былтыр дәл осы күндері биліктің ұлтсыздануға бет алуы, халықтың мұң-мүддесін ойламайтындығы, жемқорлығы, екіжүзділігі, қазақтан басқаларға шамасының жетпейтіндігі, тым жалтақтығы, қорқақтығы дейсіз бе, бәрі жазылды.

Қысқасы, біз  жоғарыда сөз еткен ел ішіндегі «Құйынды мезет»   совет заманынан өзгені екешеп түсіне алмайтын «ұлықтар» билігіндегі қазақ қоғамының қоясын ақтара жаздады. Неге дейсіз ғой? Құдайға шүкір, әшейінде «анау ананы сатты, мынау мынаны саттыдан» ұзай қоймайтын зиялы қауым өкілдері мен белгілі ұлттық көзқарас ұстанатын топтар дәл сол кезде біріге қимылдады. Шала бүлініп, шабына от тигендей тулағандары болғанына қарамастан, қазақ үшін күресе алатын, керек жерінде аянбай еңбек ете алатын топтың бар екенін әуелі жай халыққа, сосын тағы да сол зиялы топ өкілдерінің өздеріне, содан кейін билікке мойындатқанымыздың өзі үлкен жеңіс. Қазақ зиялысы бұл кезде де баяғы әдетінше екі-үш топқа жарылғаны көзден кетсе де, көкейден кетпей әлі тұр. Бірі қойған қолынан бас тартса, бірі жоғарыдағы дөкейлердің ұстанымына оң иығын беріп қарасын көрсетпей кеткен мезгіл де сол тұс. Ал енді біреулері баяғы  сүйек сіңді мінездерінен аса алмай,  ас үйдегі алжапқышты «байланып алып» аласұрды. Бірақ   дімкәс доктринаның  қазақ   мүддесіне қайшы келетін тұстарын қолдаған жоқ. Соған да тәуба десті жұрт. Бәрін айт та, бірін айт, сол бірер айдың ішіндегі қозғалыс біздің бірлігіміздің жойылмайтындығын, тағдырымыз өзегеше болса да, тамырымыз бір екенін, ол тамырда қазақы қанның буырқанып тұратындығын айғақтады. Сондай-ақ, қарапайым халық бірауыздан ұлттық мүддені қолдады. Бұлай айтуға толық негіз бар. Қай топтың ортасында болса да, бұл мәселеде қазақ жұрты өзінің болашағы үшін алаңдайтындығын әрі оған жол бермейтіндігін көрсеткені айқын. Үшіншіден, халықпен зиялы қауым өкілдері, саяси элита, яки билік те санасуға мәжбүр халге түсті. Анығырақ айтсақ, соған мәжбүр еткізген - Тәуелсіздік алғаннан бергі он сегіз жыл бойы ресми билік  «қордаландырып» берген проблемалардан халықтың  шаршауы, пісіп-жетілудің үстіндегі ұлттық сананың әсері.  Бұл сол кезге шейінгі он сегіз жылда болмаған жағдаят еді. Сондықтан да ол кез біздің Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қалыптасқан жағдайлар мен беталысымызды сараптауға мүмкіндік берген айрықша сәт ретінде ертеңгі тарихтың парағына жазылары сөзсіз. Реті келгенде айта кетелік, бұған қадірлі оқырман, Сіздердің де үлестеріңіз ұшан-теңіз. Сіздер интеренет кеңістігіндегі «Абай.кз» ақпараттық порталы  арқылы екі реткі толқуға қолдау көрсетіп, өз пікірлеріңізді ашық білдірдіңіздер. Қай уақытта да қазақ үшін күресетін ұл, күйінетін қызы барлығын, кешегі алаштықтар мен ұлтын сақтау жолында барлық қиыншылыққа төзе білген марғасқа тұлғалардың, Желтоқсанда жендеттерге қарсы кеуделерін тосқан өр оғландар мен аяулы қарындас-әпкелеріміздің рухын сыйлай алатындығымызды біз бәріміз біргіе отырып  дәлелдедік. Әрине, ұлт  ісі сол күнмен біткен жоқ. Ұлттың жарқын болашағы үшін күрестің  үлкені мен кішісі болмақ емес. Доктринаны өзгерттік екен деп марқаюға тіпті болмайды. Бұл ұзақ жылдардың жоспары. Оны іске асыру тағы да сол биліктің тетігінде отырғандардың құзырында. Алайда, оны бақылап-барлап отыратын ұлы халық бар. Ешуақытта қалғуға тиіс емес халықтық сана бар. Байырғы бабалардан келе жатқан өшпес рух - ұлттық намысымыз аман болады екен, әлі де талай құйынды мезеттерге, үлкенді-уақты күрестерге тап келуіміз мүмкін  және ондай кездерде ұлт ұландарының бар екендігін дәлелдеуге  бойымыздан  қайтпас жігер таба алатынымыз ақиқат. Ұлт болып өмір сүру бір басқа да, ұлтты сүю бір басқа. Ұлтты сүйді екем деп, жалаң атаққа, ұлтшыл болып көрінуге ұмсынып, соған тырысу - абырй әпермейтін іс. Ұлт қашанда   өзін сүйетіндер   мен  сүйген болып көрініп  өз мүддесін күйттеп кете беретіндерді  ажырата алады. Ендеше, жалаң ұлтшылдықтан гөрі парасатты ұлтшылдық керек бізге.

Аяулы Алаш жұрты, біз Сіздерден сол кездегі оянған сананың қалғымауын тілейміз. «Мылтықсыз майдандағы» атыстың ақырын күтіп отырар болсақ, қай жерден омақасқанымызды сезбей қалуымыз мұнда тұрған іс. «Тірі болсам, хан баласында қазақтың қақысы бар еді, халқыма қызмет етпей қоймаймын!» деп ант етіп, сол антында тұрған дегдар болмысты Әлиханның, «Өлсек бір шұңқырда, тірі болсақ бір төбеде» деген уәжге имандай ұйыған жаны нұрлы жампоз Ахметтің,  «Оян, қазақ!» деп күллі Алаш баласына ұран тастаған аяулы Міржақыптың, «...Неге екенін білмеймін, Сол елімді сүйемін» деп елін ешқандай  өлшеусіз сүйе білген мәшһұр шайыр, мұңлы Мағжанның, «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып Күн болам» деп Алаштың алапатын асыруды ойлаған Сұлтанмахмұдтың игі де ізгі, қияметті де шырғалаңға толы ғұмырлары біздің осы қасиетті Тәуелсіздігіміз үшін өткен жоқ па! Солардың антына ант қосып, Алаш үшін күресе алмасақ, керек жерінде тастан да қатты, алмастан да өткір бола алмасақ, босағасы бүтін, шекарасы анық елімізді жаттың көзі мен сұғынан қорғай алмасақ, онда біздің алаштығымыздың айбыны қайсы?! Бейбіт заманда жау шақырып тұрған біз жоқ. Біз Алаш қалғымаса, біреудің қорлығы өтпесе, біреуден зорлық көрмесе екен дейміз!

Тәуелсіздікті сақтап қалу жолындағы күресіміз  баянды жалғасын таба берсін, Алаш баласы!

Алашшыл, Абайшыл бол!

P.S.

Өткен жылы қазақ қоғамында даулы мәселеге айналған «Ел бірлігі» доктринасы және Қазақ хандары мен батырларының ескерткіштері жайлы мақалаларға шолу жасап, өткен күнге бүгінгі күннің көзімен қарағыңыз келсе, төмендегі сілтеме сіз үшін.

http://old.abai.kz/content/negizin-amerikandyk-ylttan-alatyn-el-birligi?page=6

http://old.abai.kz/content/el-birligi-degenimiz-ne

http://old.abai.kz/content/kazakstannyn-ylt-birligi-doktrinasy

http://old.abai.kz/content/khandardy-kor-kylyp-kokyska-tastapty

http://old.abai.kz/content/ashyk-khat?page=4

http://old.abai.kz/content/akyry-ashyldy-au

«Абай-ақпарат»

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5419