Семинар тақырыбы: «Қазақстанның болашағы-қазақ тілінде»
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі
Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес Шығыс Қазақстан облысында орыстілді азаматтарға мемлекеттік тілді насихаттауға арналған "Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде" атты шара өткізеді деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Шараның мақсаты – орыстілді азаматтар арасында қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесі, Қазақстандағы этностардың бірлігі мен ынтымағының кепілі ретіндегі, қоғамдық көпшілік орындардағы, жас ұрпақ тәрбиесіндегі, патриоттық, ғылым-білім, жаңа технология саласындағы қызметтері, қазақ тілін латын қарпіне көшірудің маңыздылығы, идеологиялық тұрғыдан ескірген елді мекендер мен көшелердің атауы, олардың тарихи атауларын қайтару, сонымен қатар тарихи жер-су атауларын, ұлттық танымға жақын дәстүрлі атауларды беру және т.б. турасында сөз қозғау, пікір алмасу болып табылады.
Жұмыс тобының құрамында белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері, ғалымдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері бар. Шараға Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер Дос Көшім, саясаттанушы Расул Жұмалы, Шығыс Қазақстан облысы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Айдын Шаймарданов, «Ақжолтай» газетінің құрылтайшысы, Семей аймақтық «Ақжол» партиясының төрағасы Рахат Омаров қатысады.
Шара үстіміздегі жылдың 16-20 қазан аралығында өтеді.
Барлығы жобаға 500-ге жуық адам қамтылады. Олардың арасында зиялы қауым өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, орыстілді азаматтар, жұмысшы жастар, жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері бар.
Абай-ақпарат