Сенбі, 23 Қараша 2024
Болған оқиға 8387 13 пікір 26 Қазан, 2017 сағат 11:17

"Армян геноциді" тарихи факт емес, пікір. Ал қазақ геноциді ше?

Страсбургте сот болды. Адам құқығын қорғау жөніндегі Еуропалық соттың 2013 жылғы 17 желтоқсанында шығарған шешіміне Швейцария үкіметі шағымданған еді.

Түрік саясаткері Догу Перинчек пен Швейцария билігі арасындағы дау - "Армян геноциді" төңірегінде өрбіп, соттың шешімімен Швейцария билігі жеңілген еді. Сөйтіп, Берн ресми түрде  істі аппеляцияға берген болатын.

2017 жылдың 23 қазан күні Страсбург соты аппеляцияны кері қайтарды. Шешім өзгерген жоқ.

"Ендігі жерде "Армян геноциді" тарихи факт емес, пікір ғана деп есептеледі. Және бұған қарсы қылмыстық сипаттағы әрбір пікір мен қудалау Еуропалық конвенцияның 10 бабын бұзумен пара-пар".

Екі жыл бұрын Адам құқықтарын қорғау жөніндегі  Еуропалық соттың Үлкен палатасы 1915 жылғы "геноцид" жайлы деректерді қарап,шешім шығарған. Сол шешім өзгермеді.

Ал сотта Жефери Робетсон, Амал Рамзи Клуни мен Тоби Колис Арменияның адвокаты ретінде өздерінің пікірлерін білдірген.

Сөйтіп, "Армян геноциді" ендігі жерде тырнақшаның ішінде жазылатын болды. Алайда, 1915 жылғы қырғын кезінде ұзын-ырғасы 660 мыңның үстінде армян ұлтының өкілі қаза болған көрінеді.

Дегенмен, дүние жұртының жарымысы 1915 жылғы оқиғаны "геноцид" ретінде танып, армян халқының қанды сойқан қырғынның құрбаны ретінде біледі. "Армян геноциді" деген сөз Еуропалық сотта да айтылды. Халықаралық мінберлерде де айтылып жүр.

Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетер жайт мынау: Қазақ халқы қолдан жасалған ашаршылықты да, саяси қудалауды да, жаппай ату жазасын да көрді. Геноцидттің сұмдығын көрді.

ХХ ғасырда қазақ халқының жартысына жуығын қырып салған 1917-20-жылдар мен 30-шы жылдардағы қолдан ұйымдастырылған алапат ашаршылық пен 37 жылғы қанды қырғын – саяси репрессияның бағасы әлі берілген жоқ.

1930-1933 жылдар аралығындағы ашаршылықта кейбір тарихшыларымыздың есебі бойынша 4 миллионға жуық адам қырылған. 4 миллион қазақ.

Алматыда, бір үлкен жиында, қанды қырғынды жасаған қанды қолдардың бірі - Голощекин «біз керемет жетістікке жеттік» деп баяндама жасап, оған барлық коммунистер шапалақ ұрып  отырғанда, көшеде бірінің үстіне бірі үйіліп, аштан өліп жатқан мәйіттердің иісі ашық терезеден ішке еніп тұрғанын айтады куәгер қайраткерлеріміз.

1897 жылы өткен Ресейдегі халық санағының ресми статистикасына қарасақ, өзбек ұлты 1 миллион 690 мың, тәжік ұлты 350 мың адамды құрапты. Сол уақытта қазақтың саны 4 миллион 84 мың адам болған екен. 100 жыл аралығында өзбек ұлты 25 миллионға жетсе, осы күндері Еліміздегі қазақ ұлтының саны 11 миллионға әрең жетті. Міне, ашаршылықтың орны толмас алапат зардабын осыдан-ақ білуге болады.

Бұл туралы  БҰҰ немесе Еуропалық сот түгілі өзіміздің Үкіметтің батылы жетіп айта бермейтіні  рас.

Армяндар 1915 жылғы қырғынды Еуропалық соттың құзырына беріп,  әлемге оны "Геноцид" деп атауды үйретіп жүр.

Украина Радасы елді қырғынға ұшыратқан ашаршылықты "Голодомор" деп жариялап, украин халқына жасалған геноцид деп тапты.  И.Сталиннен бастап, бұрынғы КСРО басшылары мен Украин Кеңестік Социалистік Республикасы жетекшілерін де осы алапат қылмысты жасаған қылмыскерлер деп үкім шығарды.

Біз ше? Үкіметтің қабырғасында я болмаса Парламентте 4 миллион қазақты қырған кер жүйенің қандықол қарақшыларына қарата не айтылды? Біз патшалық Ресейдің, Кеңес өкіметінің тікелей мұрагері Ресей Федерациясынан атамыздың құнын сұрай алдық па? 4 миллион қазаққа қасақана жасалған сойқанның сұрауы болды ма? Басқасы-басқа, қазақтың соңғы ханы Кеңесары ханның басын қайтарып алуға қауқарымыз жетпей отырған жоқ па?!.

Бұларды жүзеге асыру үшін міндетті түрде дауласу керек емес қой. Екі ел: Қазақстан мен Ресей дәл биыл ынтымақтастықтың 25 жылдығын атап өтіп отыр. Тіпті, Ресей Президенті Владимир Путин жеделхат жолдап, осы бір датамен құттықтап та жатыр. Қос бірдей одақтың аясында (КО мен ЕАЭО-ны айтамыз) ортақ қазанның астындағы ошақтың отын тұтатып отырмыз. Кедендік одақ дедік. Кедендегі бақылауды жеңілдеттік. Еуразиялық одақ дедік, ортақ экономикалық саясат жүргізіп отырмыз. Стратегиялық тұрғыдан да, геосаяси тұрғыдан да, Қазақстан-Ресей арасы соншалық жақын. Ендеше, Тәуелсіздіктің ширек ғасырдан асқан шегінде 4 миллион қазақтың қырылғанын "қазақ геноциді" деп атайтын уақыт жеткен болар!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

13 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5338