Жұма, 8 Мамыр 2026
Билік 231 0 пікір 8 Мамыр, 2026 сағат 13:03

Қазақстан қос партиялы жүйеге бет алып бара ма?

Сурет: ЖИ арқылы жасалды.

Қазақстанның саяси сахнасында «Әділет» партиясының пайда болуы қоғам ішінде үлкен талқы тудырды. Айбек Дәдебай бастаған жаңа саяси ұйым өзін «Тәуелсіздік пен Әділеттіліктің кепілі» ретінде таныстырып отыр. Алайда бұл құбылысқа қоғам әртүрлі көзқараспен қарауда. Бірі оны «Аманатқа» балама болатын жаңа күш десе, екінші тарап «жоғарыдан жасалған саяси жоба» деп қабылдайды. Материалдың өзегінен бірнеше маңызды мәселені бөліп көрсетуге болады.

Наурызда Ата заңға өзгерістің енгізлуі қазақ саясатшыларын болашақта еліміз АҚШ үлгісіндегі қос партиялы елге айналуы мүмкіндеген болжам жасаған еді. Ауыздарына құдайдың өзі түкіріп қойғандары айдай келді. Неге дейсіз бе, ең әуелі Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебайдың қызметінен кетуі түрлінше болжам жасатты. Бақсақ бақа екен дегендей, ол тегін кетпепті. Биылғы жылдың 7 мамырында Астанада өткен «Әділет» партиясының құрылтай съезі еліміздің саяси өміріндегі елеулі оқиғаға айналды. Президент Әкімшілігінің бұрынғы басшысы Айбек Дәдебайдың жетекшілігімен құрылған бұл ұйым өзін «тәуелсіздік пен әділдіктің жаңа кепілі» ретінде таныстырды. БАҚ беттеріндегі жарияланымдарға сүйене отырып, бұл партияның келешегі мен стратегиялық мақсаттарына тереңірек үңіліп көрейік.

Қазақстан қос партиялы жүйеге бет алып бара ма?

Соңғы жылдары еліміздегі саяси реформалар көппартиялық жүйені дамыту туралы жиі айтыла бастады. «Әділеттің» құрылуы осы процестің жаңа кезеңі ретінде бағалануда. Қоғамда «келесі саяси бәсеке «Аманат» пен «Әділет» арасында өтеді» деген пікір қалыптасып келеді. Бұл тұста АҚШ-тағы демократтар мен республикашылдар үлгісі жиі мысалға алынады. Алайда сарапшылардың бір бөлігі Қазақстандағы партиялық жүйе әлі де әкімшілік ресурстарға тәуелді екенін айтады. Сондықтан негізгі сұрақ мынау: «Әділет» шынымен тәуелсіз саяси күш бола ала ма, әлде билік жүйесінің жаңа форматы ғана ма?

Ескі кадрлармен жаңа Қазақстан құру мүмкін бе?

Партия құрамына қарасақ, оның ішінде бұрынғы мемлекеттік аппарат өкілдері көп екені байқалады. «Нұр Отан» дәуірінде саясатқа араласқан тұлғалардың енді «Әділет» туының астына жиналуы қоғамда күмән туғызуда. Иә, олардың арасында тәжірибелі менеджерлер, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері бар. Бірақ халықтың көкейіндегі басты сауал өзгермейді: «Бір кездері жүйенің ішінде болған адамдар жаңа реформаның қозғаушысы бола ала ма?», «Жаңа партия бұрынғы саяси мәдениетті қайталамай ма?» немесе «Ескі элитаның ребрендингі» деген пікір қаншалықты шындыққа жақын?». Бұл сұрақтарға нақты жауапты уақыт пен нақты әрекет қана береді.

Сарапшылардың назарын аударған басты мәселе – партияның Саяси кеңесінің құрамы. Мұнда мемлекеттік аппараттың «тісқаққан» менеджерлері (Айбек Дәдебай, Бағдат Мусин) мен азаматтық қоғам белсенділерінің (Динара Зәкиева, Қарлығаш Жаманқұлова) бірігуі байқалады. Бұл – партияның тек жалаң лозунгтармен шектелмей, нақты іс-қимылға және басқарушылық тәжірибеге сүйенетінін көрсетеді.

«Командалық синергия»

1. Рауан Кенжеханұлы: «Интеллектуалды капиталдың драйвері»

Рауан Кенжеханұлы – қазақстандық білім беру және медиа саласындағы ірі реформатор. Оның саяси тұлғасы «Цифрлық ұлт» және «Қазақ тілін модернизациялау» концепцияларымен тығыз байланысты.

2. Марат Шибұтов: «Стратегиялық прагматик және аналитик»

Марат Шибұтов – елдегі ең танымал саясаттанушылардың бірі, қоғамдық кеңестердің белсенді мүшесі. Оның «Әділет» қатарында болуы партияның интеллектуалды фильтрі бар екенін көрсетеді.

3. Андрей Лаврентьев: «Индустриялық дамудың символы»

Андрей Лаврентьев – отандық машина жасау саласының (Allur Group) негізін қалаушы, ірі кәсіпкер. Оның саяси қатысуы партияның «өндірістік Қазақстан» идеясына басымдық беретінін білдіреді.

4. Динара Закиева: «Әлеуметтік әділдіктің қорғаушысы»

Динара Закиева – Бала құқықтары жөніндегі уәкіл ретінде өзін нағыз «халықтық» қорғаушы ретінде танытты. Оның партия сапында болуы «Әділеттің» гуманитарлық миссиясын айқындай түседі.

Бұл төрт тұлғаның бірігуі – «Интеллект + Аналитика + Экономика + Әлеумет» формуласын құрайды. Мұндай «әлеуеттер жиынтығы» партияның қоғамның барлық сұранысына жауап беруге дайын екенін көрсететін стратегиялық қадам.

БАҚ жарияланымдарын талдай келе, аяғын енді ғана тәй-тәй басқан партия Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» концепциясын заң шығарушы деңгейде жүзеге асыратын негізгі саяси құралға айналуды көздейді. Президент Әкімшілігінен шыққан тұлғалардың партия құруы — саяси элитаның кабинеттік жұмыстан ашық бәсекелестікке көшуінің белгісі. Сайлаудағы «Аманаттың» жалған жеңісінен шаршаған сайлаушылар үшін «Әділет» жаңа балама ретінде ұсынылып отыр. «А» мен «Ә» текетіресін өмірге әкелушілердің түпкі ойы «билік партиясы» деген атаудан қашып, «халықтық партия» имиджін қалыптастыру.

Бұл сәтте «Әділеттілік» ұраны нақты реформаларға ұласа ма деген сұрақ туындайды. Партия бағдарламасында әлеуметтік теңсіздікті азайту, білім мен медицинаның қолжетімділігін арттыру, цифрлық демократия енгізу секілді тартымды идеялар айтылды. Мұның бәрі қоғам сұранысына сай келеді. Бірақ Қазақстан қоғамы соңғы жылдары әдемі ұраннан шаршады. Сондықтан халық енді сөз емес, нәтиже күтеді.

Қоғам шынайы саяси бәсекеге дайын ба?

Материалда қоғамның «көзбояушы сайлаудан шаршағаны» анық сезіледі. Бұл – бүгінгі саяси ахуалға берілген маңызды баға. Халық енді алдын ала белгілі нәтижелерден емес, шынайы бәсекеден үміт күтеді. Сондықтан «Әділеттің» болашағы тек оның бағдарламасына емес, елдегі саяси мәдениеттің өзгеруіне де байланысты болады. «Әділет» партиясының құрылуы – Қазақстан саясатындағы елеулі оқиға. Ол қоғамда үміт те, күмән де тудырып отыр. Бір жағынан, бұл – саяси жаңару талпынысы. Екінші жағынан, көпшілік мұны билік жүйесінің жаңа тактикасы ретінде қабылдайды. Қазір басты мәселе – атау мен ұранда емес, нақты әрекетте. Егер жаңа партия халық сенімін ақтайтын реформалар жасай алса, онда ол шынымен ықпалды күшке айналуы мүмкін. Ал егер бәрі бұрынғы сценариймен жалғасса, қоғамның саяси жүйеге деген сенімі одан әрі әлсіреуі ықтимал.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Әдебиет

Өлген кітаптар

Тұрдыхан Айдарханұлы 2100
Әне, көрдің бе?

Американың қаржылық жүйесін кімдер ұстап тұр?

Бейсенғазы Ұлықбек 1603