Елбасының "егізі" отбасымен далада қалмақшы...
Мемлекет басшысы Н. Назарбаевқа сырт келбеті егіздің сыңарындай ұқсас азамат - Бауыржан Тоқпановтың отбасы жақын күндері далада қалуы мүмкін. 57 жастағы Бауыржан Тоқпанов 1996 жылдан бері Астанада тұрады. Оның елбасыға ұқсайтынын көрген адам бірден мойындайды. Көп адам онымен бірге суретке түсіп алуды да жөн көреді, деп хабарлайды ИА «NewTimes.kz» сайты.
Ол 2003 жылы көшіп келген пәтерінен отбасын қуып жатқанын айтады.
«2003 жылы мамыр айында жалғыз үйімді сатып, «Акмоласвязьстрой» АҚ құрылысымен келісім арқылы 25 мың долларға үйді сатып алдық. Ақшасын төлеп, құжатын рәсемдеп көшіп келдік. Енді 14 жылдан соң үйден шығуымызды талап етуде. 2003 жылғы келісім жарамсыз болып шыққан», – дейді Тоқпанов.
Тоқпановтың айтуынша, 2011 жылы «Акмоласвязьстрой» атты бұрынғы компания мен жаңа компания арасында дау туып, соңы қылмыстық іске дейін барған. Бұрынғы директоры істі болған. Ол пәтерді сатуға қол қойған.
«Бұрынғы директор пәтерге төлеген ақшаны өзі иемденіп отырыпты. Біздің пәтерімізге қатысты қандай да бір мәселе болып жатқанын білген жоқпыз. Бұл жайлы ешкім ештеңе айтқан емес», – дейді ол.
Сот шешімінше, «Акмоласвязьстройдың» бұрынғы басшысы шығын келтіргені дәлелденіп, Тоқпановтар отбасының пәтерге ақша төлегені, ақшаны өзгенің иемденгені жайлы білмегені расталған.
«Биылғы жылы 2012 жылы істі болған басқарушы біздің пәтерге қатысты арыз жазды. Сот біздің пәтерге қатысты келісімді жарамсыз деп таныды. Егер сот төрешілері жоқ қылып отыратын болса, заң не үшін керек? Азаматтық кодекске сәйкес, заңды тұлға өз әрекеті мен орындаушының әрекеті үшін өзі жауап береді. Егер олардың басшысы зиян келтіген болса, мұны өздері шешу керек. Біз заң бұзған жоқпыз. Басшылары бірін бірі тонайды. Соңында мен кінәлі болып шығамын», – дейді Бауыржан Тоқпанов.
«Сот орындаушысы 14 қыркүйек күні келіп бізді үйден шығармақ болды. Біз қалада болмағандықтан ғана шығара алмады. Мен қайда барарымды білмеймін. Далада түнейміз бе? Басқа баспанамыз жоқ. Біз қылмыскер емес, сатып алушымыз. Бізде бір ғана амал бар. Ол – алаңда сот шешімінің әділетсіздігін айтып өзімізді өртеу. Мен алаяқтың құрбаны болып отырмын. Бірақ менің кінәмді ешкім маған түсіндірген жоқ», – дейді ол.
Бауыржан Тоқпанов Жоғарғы сот кеңесіне хат жазған. Одан бөлек бас прокурор Жақып Асановтан көмек те сұраған.
«Мен 57 жасымда қайыршы болып қалдым. Кеше сот орындаушысы келіп, үйден шығуымызды талап етті. 6 адам даладағы құбырларда түнейміз бе? Қазақстанды сыған тобырына айналдырайық осылай. Кімге барып жағдайымды айтарымды білмеймін. Үйді жарып жіберейін десем, көршілерім бар. Олардың кінәсі жоқ қой. Ал, менің ештеңе жоғалтпастан өліп кетуіме болады», – дейді ашынған азамат.