Қазақтың ұлттық санасын оятатын реформа керек
1991 жылы КСРО құлап, басқа республикалар дереу өз алдына отау тігіп, шаңырақ көтеріп жатқанда Қазақстан басшылары қашан Мәскеу кеудесінен итеріп тастағанша орыстың етегіне жармасудан танбады. Басқаларды айтпағанда алақандай Қырғызстан Ресейден азаттық алдық деп айыр қалпағын аспанға атып, ақшасын шығарып жатқанда Қазақстан басшылары Ресейдің сарқұлағын бойтұмарша сақтаумен болды. Азаттық алдық десек әлдеқайтіп кетерміз деп егемендік деген сөзді ойлап тапты. Сол алақандай Қырғызстан өзін Қырғыз Республикасы деп жариялағанда қазақ басшылары Қазақ Республикасы деуге де жүрегі дауаламай Қазақстан Республикасы деп екі ұшты ат қойып алды. Ол идеяның авторының бірі, кейін қазақ тілінің мемлекеттік тіл деп аталуына ат ойнатып қарсы шыққан, әлі де сол райынан қайтпаған, қазақта әдебиет болған жоқ, «она (казахская литература) вторична» дейтін Олжас Сүлейменов десек, аңқау қазақ әлі күнге шейін баласының атын Олжас қояды. Содан кейін Қазақстанда қардай борап жатқан орыстілді және Ресей газеттері мен телеарналар орыстар кетіп жатыр деген хабарды Қазақстан иесіз қалды дегендей қып таратып жатқанда қазақ атқамінерлері де «орыс кетіп жатыр, енді күніміз не болады?» деп отағасынан айрылған жесірше жоқтау айтатын болды. Тіпті, орыстарға кетпеңдерші деп жалынған қазақтар да аз болған жоқ.
Содан бері, міне, 26 жылдың жүзі болыпты. Біздің Ресейге, орысқа адал берілгендігіміз сондай, сол 26 жылдың ішінде қазақтың ғасырлар бойы Ресейдің табаны астында тапталып қалған ұлттық санасын, ұмыт болған ұлттық тәлім-тәрбиесін, ең бастысы ұлттық намысын оятуға бағышталған бірде-бір не заң, не қаулы-қарар қабылданған жоқ. Ұлттық намысты оятпақ түгіл орысқа қазақша сөйлесең, қылмыстық жауапқа тартыласың деп қорқытып қойды. Қазақтың намысын оятпақ түгіл ешқашан қазақта мемлекет болған емес, шекара болған емес, астана, әскер болған емес деп қазақты одан әрмен тұқыртумен келеміз. Ол көргенсіздігімізді Путинннен бастап аузынан самогон мен махорка исі бұрқыраған мұжықтар қайталап айтты.
Иә, қазаққа арналған қаулы-қарар деген атымен болмаса да 1991 жылдан бері Қазақстанда қара ормандай қаптаған реформалар қабылданды. Сол реформалардың бірде-бірінде қазақтың ұлттық мәселесі көтерілмесе де солардың кейбіреуі қазақты ұлттық ерекшеліктерінен айыруға бағышталған ба деп қалуға да болады. Сонау жылдары жасалған реформаның кесірінен жүздеген, мыңдаған қазақ ауылдары жойылып, бүгінде олардың орнында қираған үйлердің үйінділері ғана қалды. Қазақтың малсыз, ауылсыз күні жоқ екені ықылым заманнан бері белгілі. Қазақты қыру үшін Голощекин малды қырғызса, тәуелсіздік алғаннан кейінгі сол реформа кезінде екі қойдың құны бір кесек кір сабын болды. Қазақ ауылдан қалаға босты, аш-жалаңаш ауылдарда тек кәрі-құртаң ғана қалды. Елімізге малдың керегі жоқ, оны шет елдерден, қойды Аустралиядан аламыз деген ұран тасталды.
Күндердің күні болғанда Қазақстан басшылары «келешегі жоқ ауылдар» дегенді ойлап тапты. Ақыл-есі дұрыс адам біреуді мынаның келешегі жоқ деген имансыздық сөз айтпайды. Біздің басшылар со кезде жүздеген, мыңдаған қазақ ауылдарын «бұлар келешегі жоқ ауылдар» деген әумесерлік шешімдер шығарды. Өйткені, КСРО кезінде 70 жыл бойы жиналған қисапсыз қазынаны ауылдарға қаржы бөліп ұстап отыру биліктегілерге тиімсіз еді. «Келешегі жоқ ауылдар туралы» деп аталатын сол көргенсіздік, имансыздық қаулыдан кейін талай-талай ауылдар көне замандардан қалған бейіттер сияқты қаңырап, қазақтар кіндік қаны тамған мекен-жайларынан баз кешіп, шартарапқа босып кетті. Соның салдарынан тепсе темір үзетін жас жігіттер әлі де қала базарларында итіңдеп арба сүйретіп, енді біреулері әр үйдің ауласында күзетші болып жүр. Ондай «бақыт бұйырмағандары» ұрлық істеп сотталып, қала көліктерінде жұрттың қалтасына түсіп күнелтуде.
Айтпақшы, осының бәрін жуып-шаю үшін әнебір кезде «Ауыл жылы» деген жыл жарияланды. Жоғарыдағылардың айтуынша сол кезде ауылды өркендетуге пәленбей миллион ақша бөлініпті. Бірақ қираған ауылдар сол қираған күйінде әлі жатыр да, қалаға кеткендер арбасын сүйретіп, «охранник» болып әлі жүр.
Қалай десеңіз де соңғы 26 жыл ішінде Қазақстанда жасалып жатқан реформа атаулыдан қазаққа зәрредей де пайда тимек түгіл солар қазақты ұлттық бет-бейнесінен айырып, жас ұрпағымызды ұлттық санадан айрылған мәңгүрт ұрпаққа айналдыруда ма деп қорқамыз. Билік басындағылар өздері ойлап тапқан Қазақстан халқы ассамблеясы деп аталатын құрылым арқылы ұсынған қазақстандық деп аталатын ұлт жасау идеясы бұл елдің негізгі иесі қазақ дегенді жоюға арналғаны туралы талай-талай пікірлер де айтылды. Ол идея бүгінде сәл саябырлағанымен әлі де жасырын түрде жүргізіліп келе жатқан сияқты. Еліміздің Қазақ Елі немесе Қазақ Республикасы делінбей Қазақстан Республикасы аталуының аржағында сол жымысқылық жатпағанына ешкім кепілдік бере алмайды.
Қазақстанның білім саласында, әсіресе мектептерде жасалып жатқан реформалардан балаларымыздың білім-білігі аспанға шығып, мен қазақпын, бұл менің яғни, ең әуелі қазақтың елі деген сана-сезімін оятты десек кешірілмес күнәға батар едік. Иә, бір ұлтты тілінен, салт-дәстүрінен айрылған ең санасыз, ең намыссыз мәңгүрт ұлтқа айналдырып жоқ қып жіберу үшін ол ұлтқа қос тілділік дегенді енгізіп, қос тілде сөйлейтін ету керек. Сонда ол ұлттың өз тілі шұбарланады. Ал тілі шұбарланып, басқа үстем ұлттың тілін араластырып сөйлейтін ұлт өзін-өзі силамайтын, өзгені артық деп ойлайтын кеще, миғұла, мәңгүртке айналып өз-өзінен құрып бітетіні әлдеқашан-ақ дәлелденген. Соны білгендіктен Қазақстанда тұратын орыстар қазақтың үш-ақ әріптен тұратын «нан», «тұз», екі-ақ әріптен тұратын «су» деген сөздерін қазақтың нан-тұзын татып өсіп келе жатқан балаларына айтқызбайды. КСРО кезінде тілі шұбарланған 94 ұлт жойылып кетті.Ендігі кезекте чукчалар мен қазақтар тұр. Чукчалардың фамилиялары түгелге жуық орысшаланып бітті. Ал қазақтар Акишев, Сагинтаев, Кулибаев, Карагусова, Сагандыков, Сатувалдыев болып чукчалардың ізін басып ентелеп келеді. Енді сол қостілділік аз болғандай қазақ ұрпағын жарық дүниеге көзін ашпай жатып үш тілде сөйлеуге мәжбүрлеу жүргізіліп жатыр. Бұл педагогикалық жағынан да, психологиялық жағынан да қазақтың жас ұрпағына жасалып отырған зор қаскөйлік, қылмыс екенін қитабан қара халықтан бастап небір ұлағатты ұстаздар, небір ғұлама ғалымдар айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ олардың сөзін құлағына да, басқа жағына да қыстырып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, дүниежүзіндегі ең білім-білігі жоғары елдің бірі саналатын Жапонияда жапон балалары 14-15 жасқа келгенше өзге тілді оқымайды. Олар өсіп ержеткесін де тек өзіне керек болар дегендер ғана шет тілін үйренуге кіріседі. Сонда қазекемнің басшыларынікі қандай саясат? Бұл қазақ ұлтын жоюға арналған саясат емес пе десек қалай болады?.
Ал әліпбиге жасалып жатқан реформа бойынша бір дыбысты биліктегілер мен еуропашыл, ағылшынқұмар алаөкпе қазақтар ұсынғандай бірнеше таңбамен жазса, қазақтың тілі де, сөзі де, әдебиеті де құрдымға кететініне күмәнданбай-ақ қойыңыз. Бұл – бір. Екіншіден, латын әліпбиіне көшу керек болса бүкіл ел болып көшуіміз керек. Ал билік бұрынғы кириллицада қалғысы келгендер қала берсін деу арқылы бір елді, бір ұлтты екіге бөлу саясатын жүргізіп отырған жоқ па? Өйткені, орыс тілін мемлекеттік тілмен қатар қолданылады деп мемлекеттік тілдің өзін екіге бөліп, екі түрлі әліпби қолдану арқылы екіге бөлінген, жер-жерде үш бидің суретін іліп үш жүзден тұратыны ескертіліп қойған ұлтты басқару коммунистік билікке де, оның бүгінгі кейбір ізбасарларына да өте оңтайлы.
Ал ХХІ ғасырдың ең қуатты қаруы телевизия. Қазақстан телеарналарынан күндіз-түні көретініміз әнші емес әншілер, сазгер емес сазгерлер, әзілкеш Тұрсынбек Қабатов, Нұрлан Қоянбаевтармен басқа да квншылар, Жанар Айжанова сияқты әлде әнші, әлде актриса, әлде қалжыңбас, әлде жүргізушілер болса елімізде қандай ұлттық идеология, қандай отаншылдық, қандай ұлттық сана мен ұлттық ар-намыс мәселесі қолға алынған дей аласыз?
Біреулер жатып кеп туласа туласын, бірақ бүгін біз үш ғасыр бойы Ресей отарлығы қанымызға сіңірген құлдық мінезден, құлдық санадан арылмаған қалпымызда қалдық. Қазақтың санасын ондай құлдықтан тазарту 26 жылдан бері бірде-бір рет қолға алынған емес. Оның орнына біздің билік Ресейсіз күнің жоқ, Ресейсіз күнің қараң деген уағыз-насихатты өте шеберлікпен білдірмей жүргізіп келеді. Бір-ақ мысал келтірейік: Қазақстанда әлі де Ресейдің бірнеше әскери полигоны ойына келгенін істеп, қайта-қайта «Протонын» құлатып жатқанын айтпағанда билік жақында Ресейдің зымырандарын құлатуға тағы да 76 мың гектар жерді қазақтың келісімінсіз бере салғанда қазақтар үн шығармай той-тойлап жүруінің өзі-ақ құлдық сана оның қанына әбден сіңіп кеткенін, қазекем одан арылуды, оянып бас көтеруді ойламайтынын көрсетудей-ақ көрсетіп берді.
Мырзан КЕНЖЕБАЙ
Abai.kz