Ресейдің қырғыздарға жасаған қоқан-лоққысы
Ресей шала бүлініп жатыр. Бұл жолғы қаһары қырғыз бауырларымызға түсіпті. Мәселенің мәнісі шовинизммен уланған саясатқа түсіп тұр. Жақында Қырғыз Республикасының президенті Алмазбек Атамбаев Қазан революциясы күні мерекесін өзгертіп, оны тарих пен ата-бабаларға ескерткіш күні деп атауды ұйғарыпты. Президент Жарғысында бұл шешім 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліске және қайғылы оқиғаға, 1917 жылғы Ақпан және Қазан революцияларына, дамудың кеңестік тағылымы мен мұрасына, ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргіннің салдарына обьективті тарихи баға беру мақсатына арналғандығы анық айтылған. Мінекей, Ұлы Ресейге жақпай қалғаны осы жайт.
Енді не істейді? Әрине, өзінше өш алады, кек қайтарады, өзгелерге сабақ болатындай қадамдар жасайды. Сондағы істегендері қаттырақ айтқанда қатынның ісі. Енді бұрын қырғыз жүргізушілері Ресейге қырғызша тапсырылған жүргізу құқығымен кіре беретін болса, оған енді мүлдем тиым салынады. Ресейге енді тек осы елге келіп орыс тілінде емтихан тапсырып алған құқығы ғана жарамды. Олай істегің келмесе, еліңе қарай қайқай. Ал мұны анау-мынау емес, Мемлекет Думаның вице-спикері Ресейдің Либеральдық-демократиялық партиясы (ЛДПР) атынан Игорь Лебедев өз аузымен айтыпты.
Бір қызығы осы жылдың шілде айында Ресей президенті Владимир Путин қырғыз жүргізушілеріне қырғыз тіліндегі жүргізу құқықтарымен емін-еркін жүре беруге рұқсат ететін арнаулы заң қабылдаған еді. Сонда қалай, көршімізде Президенттің пәрмені күшті ме, әлде ЛДПР-дің бір мүшесінң пәрмені мықты ма?
Бір қызығы, қырғыз басшысының өткен бір тарихи оқиғаға баға беруге талпынуын Лебедев қыза-қыза келе бұл «Ресейге қарсы күрес күні», «біздің елге бағытталған достық емес дүние» деп біраз жерге апарып тастапты.
Бүгін көршімізден пәле іздеп тиіссе, күні ертең бізге де бір сылтау тауып, арандатпасына кім кепіл. Сақ болайық, ағайын.
Жайберген БОЛАТОВ, Қостанай
Abai.kz