Қазаққа Шыңғысхан кім?!
Бұрынғы Кеңес идеологиясы - Шыңғысханды әлемдегі ең жауыз адам деп құлаққа сіңірді! Алайда, осы жердегі ең бір «қызықты», ескеретін жағдай – қазақи ел аузында ол атақты, даңқты Тұлға, қайта дәріптелмесе, жеккөрінішті түрде суреттелген жоқ! Әлдебір әдеби-тарихтық еңбектерге сілтеме жасап, жүгінбей-ақ, ондай мысалдардың талайын келтіре аламыз. Мысалдар ретінде қарастырсақ: қазақ аңыздарында «Темужинді біздің тауда барлық ел хан сайлап, Шыңғысхан атаған екен! Сол оқиғаға байланысты таудың аты Шыңғыс болып өзгеріпті»... Атақты «Ақсақ Құлан» күй-аңызын бәріміз де білеміз, сондағы оқиғалардың дерлігі нағыз қазақи салт-дәстүр ұғымында... Қазақтың атақты Майқы биінің есімі Хан Шыңғыспен байланыстырылады... Шыңғыстың Заңдар жүйесі қазақта «Жасақ» аталынады... Осындай сөздерді көптеп келтіре беруге болады!
Бұдан шығатын қорытынды: Қазақ Халқы Шыңғысханды өз ханы ретінде бағалаған! Өздеріне тек қана Шыңғыс ұрпақтарын хан сайлаған! Барлық қазақтың хандары Шыңғыстың үлкені Жошыдан тарайтынын осы күнде бәріміз де білеміз! Қазіргі күнде еліміздің құрамдас бір бөлігі, руларының біріне айналған ұрпақтарын «сұлтан, төре» атап, ерекше жылы көзқараспен қарады!
Қазіргі Шыңғыс атына «ие болып» отырған халхалардың 1926 жылдары орыстармен қосылып, өздеріндегі «Алтын Ұрық» өкілдерін «түгелдей қырып, жоқ қылды» дегенді естігеніміз бар. Ал, қазақ халқы өз «төрелерін», сонау алғашқы Советтік атып-асу кезеңінде, қызғыштай қорып, тығып, аман сақтап қалды. Тарих осылай қалыптасты.
Рас, большевиктер кезінде басқаларға қарағанда көзі ашық, артынан ел ілесер «төре» ұрпақтары қуғын-сүргінге көбірек ұшырады. Бірақ, түгел халқымыз қырғынға аз ұшырады ма? Кейбір архив құжаттарын қарап отырғанда «төбе шашың тік тұратын» жағдайларды оқисың! Содан болар, сірә, Алаш көсемі – өмір жолы бағдаршам-үлгі болуға лайықты, Ә. Бөкейханның «...қазақ үшін жанымды қиямын!...» дегені!
«Бес саусақ бірдей емес» дегендей кейбір қазіргілердің «төрелерге» теріс көзқарастары барлығы да жасырын емес. Сондай пиғылдағыларға қазағымның «төре» руы елімізге, өшпес – Кенесарыны, жарқыраған - Шоқанды, қазақтан шыққан алғашқы әскери-генерал – Ғұбайдолланы, қазақ оюларын жинақтаған - Мақыны, ағартушы ақын – Шәдіні, күйші - Дәулеткерейді, батыс ән мектебін қалыптастырған – Мұқитты, бірталай Алаш қайраткерлерін, белгілі тарихшы - Ермаханды... т.б. көптеген атақты тұлғаларды бергенін естеріне сала кеткіміз келеді. Ал енді, кейбір саяз ойлайтын «төре» ұрпақтарының да өздерін басқадан артық санау сияқты пасық ойларының кездесіп қалатындығы да рас! Ондайларға, «алдымен сондай атқа лайық бола біл!» дер едік. Қазағымның «төрелеріне» былай айтқан:
Қыздай мінезді,
Қыдырдай берекелі,
Сегіз қырлы, бір сырлы.
Жадыраса жаздай,
Қаһарланса қыстай,
Мейірленсе күздей,
Шуақтығы көктемдей,
Сөзі өткінші жаңбыр төккендей,
Көркі өрім талдай,
Кеңдігі қария шалдай,
Иілсе алмастай,
Сүйсе мейір қанбастай,
Қажет болса шегіне білетін,
Керек болса төгіле білетін.
Пірге айналған аруақты...,- деген сын-мінезін біліп ал дер едік...
... Биылғы, 2017 жылы әлемдік тұлғалар, әкелі-балалы – Ұлы Шыңғыс Қаған мен Жошы Ханның қайтқанына 790 жыл толып отыр екен! Осыған байланысты, біраз адамдар, Алматыдағы проф. Аман Шотаев ағамызға «...сол аталарымызға арнап, қасиетті Түркістанда, үстіміздегі жылдың 18-қарашасында Құран оқытсақ...» деген ниеттерін білдірді. Күле қарағысы келгендерге бірден айтар уәжім: «қасиетті пайғамбарымыздың әкесі - Абдолланы, анасы – Әминаны ешкім де кәпір болды» деп санамайды ғой! Олай болса, діни тұрғыдан алғанда, аруақтарға Құран бағыштағанның ешқандай да сөкеттігі жоқ болар» деген ойдамыз!
Және бір топ адам, қасиетті Жезқазған өңірінде «Жошы Ханға арнап, ескерткіш орнатса» деген тілектерін жеткізіп отыр! Бұл үлкен мәселе де жан-жақты қарауды талап ететіндігі анық! Тіптен, басқаны қойып, туризмді дамыту тұрғысына келсек, Моңғолиядағы алып Шыңғысхан мүсінінің осы уақыттарда мемлекетке қыруар қаржы-табыс әкеліп отырғанын атап өтсек те жеткілікті болар. Осы айтқандарымызға көпшілік қалай қарар екен...
Азкен Алтай
Abai.kz