"Жаңғырықтар туралы"
1990-91-жылдар... Жамбыл облыстық телевизиясында қызмет істеп жүрген кезім... 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы туралы деректі фильм түсіргім келді. Бірақ, оқиғаның орны Алматы қаласында болғандықтан оған біздің облыстық телевизияның қандай қатысы бар деген басшылықтың орынды сұрағы туды, осы кезде. Қысқасы, өз есебімнен алты айға демалыс алып, достарым сыйлаған бейнекамера мен жұмыстан (бір бөтелке беріп уақытша) сұрап алған жарық-жабдығымен Алматыға қарай тарттым.
Қалтада көк тиын жоқ, қарызданып-қауғаланып жүріп, алты айға жуық уақыт ішінде қомақты материал жинадым. Оқиғаға белсенді қатысушылардың басым көпшілігімен кездескен сияқтымын. Оңай жұмыс болған жоқ.
Әдетте, ашық әңгіме, ащы сырдың соңы ащы су ішумен аяқталатын. Соған қарағанда, жазыла бастаған жан жарасының аузын ашып жібердім-ау деймін, кейіпкерлерімнің... Түсірілім барысында бәрін көрдік... Қонатын орын таппай абдырап қалған кез де болды. Талай-талай қарын ашты... Тұрмыстық проблемалар әбден қажытқанда бәріне қол сілтеп, Жамбылға қайтып кеткім де келді.
Шығармашылық топтың міндетін жалғыз атқарғандықтан уақыттың көбі ұсақ-түйек мәселе шешуге кеткені рас. Айталық, бір шенеунікті аталмыш тақырып бойынша сұхбат беруге әрең дегенде көндіресің... Ерте тұруға қанша тырысқанмен кезекті түнгі түсірілімнен соң, таңғы жетіде ояна кету қиындау соғады. Қала шетінен орталыққа жету үшін таңғы жеті жарымда артынып-тартынып аялдамаға келемін. Автобустың іші толы жолаушы... Бір қолымда камера салынған дорба, екінші қолымда жарық жабдығы салынған үлкен сөмке. Бұған қоса, әлгі жарық пен камераға қажетті штатив құрғырлар бар... Жұртпен жағаласып автобус есігіне ұмтылсаң, не екі сөмкеңнің бірі, не болмаса темір штативің басқа біреудің денесіне тіреліп, есікке кептеліп қаласың. Айғай-шу басталды дей бер, ондайда... Сосын, ләжсыз түсуге тура келеді... Келесі автобусқа да симай қаласың, одан кейінгі көлікке де орын табыла қоймайды. Таксиге мінетін ақша жоқ... Қысқасы, уағдаласқан орныңа кешігіп жетсең, енді күтіп отырған дөкейің қырсығып қалады. Ал, көндіріп көр, сосын... Уағдаласқан уақытында келмейтін қайдағы бір облыстық телевизияның қызметкері ол үшін кім, тәйірі?
Өкінішке қарай, жүйкені тоздырып жүріп жинаған материалдың басым бөлігі эфирге өтпей қалды... Өтуі мүмкін емес те еді... Бірақ, түсірілім барысында оқиға қатысы бар “жақсы кейіпкерлермен” де, “жақсы емес кейіпкерлермен” де армансыз сұхбаттаса алдым. Басқасын айтпағанда, атышулы генерал Басаровтың, “алаңға шыққан өңшең наркоманды” айыптаған зиялы хатын ұйымдастырушы Устиновтің, “іштен шыққан шұбар…” секретар Камалиденовтің “жүрек жарды” әңгімелерінен көп мағлұмат алдым. Бірақ, бұлардың бәрі дерлік (бейнекамера алдында) сөйлеуден бас тартты. Әсіресе, 52 жасында “пенсияға шығып үлгерген” Закаш Камалиденовпен болған әңгіме ерекше есімде қалыпты.
Адресін қалай тапқаным есімде жоқ, бір күні кешқұрым ол кісіні үйіне іздеп бардым. Жамбыл мен Төлебаев көшесінің қиылысындағы төрт қабатты үйде тұрады екен. Есігі кодпен ашылады, бөтен адамға жол жоқ. Сосын, тұрғынның бірі ішке кіретін шығар деген үмітпен күздің ызғарлы суығында бір сағаттай сыртта дірілдеп тұрдым. Құдай жарылқап, подьезд есігін ашқан бір кісімен жағаласып, ішке ендім. Тұратын қабатын шамалап білетінмін. Жобалап, осы пәтер болар-ау деп кнопкі бастым. Қазақ халқына қарсы "рухани соғыстың" белсенді ардагері есікті өзі ашты... Амандаса салып, бұрынғы ескі танысындай бастырмалатып сөйлеп жатырмын. Өзімнің “Желтоқсан” туралы фильм түсіріп жүргенімді, сұхбат берушілердің басым көпшілігі оның “ішін кептіріп” сыбап жатқанын, сондықтан, бір жақты айыпталғанша көрерменге бірдеңе айтуы қажеттігін дұрыс жеткізуге тырыстым. Ол тап мұндай “наглость” күтпеген болуы керек, базардан қайтқан тракторшы секілді екі сөмкесін артынып-тартынған бейтаныс жігітті жеке пәтеріне қалай кіргізгенін өзі де байқамады. Үлкен залда біраз уақыт отырдық... Шәй ішілді ме, жоқ па, есімде қалмапты. Бұрынғы хатшы көп нәрсенің бетін ашып бергендей болды...
Мен ол жерде журналистен гөрі айыптаушы прокурорға көбірек ұқсап кеттім-ау деймін...
Кімнің шаңырағында отырғанымды да, алдымдағы адамның үш әріпке тікелей қатысы барын да ұмытып кеттім. Шамама қарамай сұрақтарды төпелеп жатырмын... Ол байғұс ақталып әлек... Шынымды айтсам, Камалиденовтің “антиқазақтық” қиянатын аз естіген жоқ едік. Сол үшін оны жақсы сыйлаушы едім деп айта алмаймын. Бірақ, әлгі әңгімеден кейін, оны керісінше аяп кеттім-ау деймін. Отырған бишара, әйтеуір... Ақтала береді, ақтала береді... "Бірдеңе" деп, арқамнан қайта-қайта қағып қояды... Әзірге, ол "бірдеңенің" не екенін жаза алмаймын, өкінішке қарай... Обалы не керек, жеке өзіме талай құпияның бетін ашты...
Осының бәрін камераға неге айтпайсыз десем, - Он бес жыл өткен соң, барлық шындық ашылады, сонда бәрін айтамын, - деп бітірді әңгімесін...
Содан бері, он бес емес, жиырма үш жыл өтіпті... Қандай шындық ашылды? Содан бері, түрлі басылымдардан жалтарма жауапты сұхбатын оқығаным болмаса, ол кісіні көрмеппін де...
Р.S. Отбасымнан безіп, алты ай бойы басқа қалада қаңғып жүріп түсірген материалдар негізінде “Желтоқсан жаңғырықтары” атты жеті бөлімді деректі фильм жасадым. Тағы да қайталап айтам, басым көпшілігі пайдаланылмай қалды. Жасағаным “шедевр” емес, әрине... Бірақ, сол кездегі жағдайда сол кездің көрермені үшін әсерлі болған сияқты.
"Жаңғырықтарды" республикалық эфирден бірнеше рет қайталап көрсетті.
Өзім сценарист, өзім режиссер, өзім оператор, өзім жарық қоюшы, өзім жүргізуші, өзім монтаж редакторы, өзім администратор, өзім.... Қысқасы, бәрін өзім жасадым. Қазір мұндай көлемдегі жобада “бір қора адам” жұмыс істейді.
Деректі фильм түсіру барысында көп қарызданып қалған едім. Облыстық ТВ-дан алған қаламақы оның “екі жүзден бірін” де жапқан жоқ. Сосын, әлгі қарызды жабу үшін алты ай бойы той түсіріп жүрдім... Мұны неге жазып отыр дейсіз бе? Білмеймін, жәй еске түсіп кетті...
Серік Абас-Шах
Facebook-тегі парақшасынан