Қызылжардағы Абылайдың ақ үйі
Абылай ханның Петропавлдағы ақ үйі төңірегінде дау-дамай аз болған жоқ. Осы тарихи нысан жайлы алғашқы жорамалдар айтылып, соны айғақтайтын деректер іздестіріле бастаған кезде баз біреулер бұл жақта атақты ханның ордасы болмақ түгіл, аяғы да аттап баспаған деп қызылкеңірдектікке салынды. Алайда ақыры алғашқылардың болжамы расталды. Осы істің басы-қасында жүрген азамат - қызылжарлық журналист, бүгінде "Егемен Қазақстан" газетінің шолушысы Жақсыбай Самраттың сіңірген еңбегін мойындау керек.
Ақиқат жеңбей қоймайды
Абылай ханның Петропавлдағы ақ үйі төңірегінде дау-дамай аз болған жоқ. Осы тарихи нысан жайлы алғашқы жорамалдар айтылып, соны айғақтайтын деректер іздестіріле бастаған кезде баз біреулер бұл жақта атақты ханның ордасы болмақ түгіл, аяғы да аттап баспаған деп қызылкеңірдектікке салынды. Алайда ақыры алғашқылардың болжамы расталды. Осы істің басы-қасында жүрген азамат - қызылжарлық журналист, бүгінде "Егемен Қазақстан" газетінің шолушысы Жақсыбай Самраттың сіңірген еңбегін мойындау керек.
Ақиқат жеңбей қоймайды
Үнемі құлағы түрік жүретін қаламгер 2000 жылдардың басында көнекөз қариялардан осындай болжамды естіп-білген екен. Қала тұрғыны Кенжебай Әбішев деген ақсақалды бала кезінде әкесі ғимарат орналасқан жерге талай алып келіп, бұл тұста Абылайдың ақ үйі болғандығын әңгімелепті. Бұл ақсақалдың бесінші атасы Мақы Абылай ханның билерінің бірі болған деседі. Самрат бұл тақырыпты кеңінен зерттеп, мұрағат құжаттарын қопарып, ескі кітаптардан маңызды мәліметтер табады. В.Басин деген ғалымның "ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы Ресей және қазақ хандықтары" кітабынан "для Аблая был построен деревянный дом близ реки Ишима в горах Енгистау" деген сөйлемді кездестіреді. "Орыстар төбе атаулының бәрін "тау" (гора) деп атай беретіні белгілі. Мысалы, осы күнгі қала тұрған Есілдің дөңін "гора" десе, өзен жағасының ойын "подгора" дейді. Ал атығай руының Есіл жағасындағы қыстауы - "ен қыстау" аталған сияқты. Бұл - мол, кең қыстау деген мағынада. Ал соны орыс жылнамасы "Подгора" деп, ал дөңді "гора Енгистау" деп айтқан деуге толық негіз бар. Сонда деректердегі "близ реки Ишима на горе Енгистау" деген жер Абылайдың ақ үйі тұрған қазіргі дөңмен дөп келеді", - деп жазды Жақсыбай Самрат кейіннен («Ұлы ханнан қалған із» // "Солтүстік Қазақстан"газеті, 19.09.2003). Сол кездері облыстық телерадиокомпанияда істеп жүрген маған да әріптестік қолқа тастап, осы тақырыпты теледидар арқылы көтеруге мұрындық болғаны есімде. Кейін облыс әкімінің сол кездегі орынбасары Қуат Есімхановтың қолдауымен Санкт-Петербург мұрағаттарын ақтарып, Мәскеуге сұрау жолдап, ақыры болжамдарының дұрыстығын дәлелдеп берді. Сол кезде оған қарсы пікір айтушылардың тартысы күшейе түсті. Бірақ "Пышақ қанға, сөз шынға тоқтайды" демекші, ақиқат сөз жеңіп шықты.
Ақ түйенің қарны
жарылған күн
Абылайдың ақ үйі мемлекеттік "Мәдени мұра" бағдарламасына енгізіліп, қалпына келтірілді. Бас мердігер - "Құлагер" корпорациясы құрылыс жұмыстарын жүргізді, «Дара фирмасы» ЖШС көркемдік өңдеу жұмыстарын атқарды. Нысанның жалпы құны - 606 миллион теңге. Хан ордасының ауласына "Ат үстіндегі Абылай хан" мүсіндік композициясы орнатылды. Қоладан құйылған ескерткіштің авторы - алматылық мүсінші Қазыбек Сатыбалдин.
Толық қалпына келтіріліп, жаңаша кейіпке енген хан ордасы 2008 жылы тамыздың 21-інде есігін айқара ашты. Сол күні таң елең-алаңнан жұртшылық хан ордасына қарай ағылды. Жергілікті тұрғындар асыға күткен бұл оқиғаға ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып: "Біз бүгінде өз тәуелсіздігіміздің арқасында көптеген батырларымыз бен тарихта аты қалған тұлғаларға арнап ескерткіштер салып келеміз. Солардың ішіндегі бірегейі, әрине, Абылай хан резиденциясы екені даусыз", - деді.
Елбасының "бұл орын жергілікті тұрғындардың көзайымына айналады" деген сөзі де расталды. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, адамдар, әсіресе, алғашқы күндері мұнда толассыз ағылған екен. Қазір де келушілер көп. Еліміздің түкпір-түкпірінен Қызылжарға жолы түскен меймандар Абылайдың ақ үйін көрмей кетпейтін игі дәстүр қалыптасты. Көршілес Ресейден келіп жататын қонақтар да іздерін суытпайды. Қуантатыны сол, мұнда әртүрлі мекемелерден ұйымдасқан түрде экскурсияға келушілер ғана емес, қызықтап, өз ынта-ықыластарымен табалдырық аттағандар да аз емес екен.
Хан үйінің төрт залы
Ресей үкіметінің Абылай ханға тарту еткен үйі о баста 1765 жылы бөренеден салынған бірқабатты ғимарат болған екен. Кейін ол өртеніп кеткен соң орнына 1824 жылы кірпіштен екіқабатты әскери лазарет салынған. 90-шы жылдардың ортасына таман бұл ғимарат қирап, қараусыз қалады. Кейіннен Абылай ханның ақ үйін қайта жаңғыртар кезде сол жерге басқа үй салу керек деген пікірлер де болған. Бірақ көшірмеге жол бермеу мақсатында ескі ғимараттың өзі қалпына келтірілді. Құндылығы сонда - мұнда ХІХ ғасырдағы кірпіштер сол қалпы сақталған.
Екіқабатты ғимараттың бірінші қабатында әкімшілік бөлмелер ғана орналасқан. Ал тікелей мұражайдың өзі - екінші қабатта. Кіріп келген беттегі фойенің оң жақ қабырғасына Нұрсұлтан Назарбаевтың "Халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері қазақ рухын қайта түлетудің бір алтын діңгегіне айналды" деген сөзі жазылған. Мұражайдың шағын макеті де орын теуіпті: хан ордасы маңайына шаруашылық ғимараттары - монша, шошала, құдық, кеңсе үйі, қонақ күтетін үй де салынған. Абылай ханның мүсіні де осы кіреберісте.
Мұражай-кешен төрт залдан тұрады: Абылай ханның туғанынан сұлтан атағына жеткенге дейінгі 1711-1770 жылдардағы өмір кезеңіне арналған зал, Абылайдың тынығу бөлмесі, тақ залы және 1771-1871 жылдар аралығындағы өмірді бейнелейтін кезеңге арналған зал. Абылайдың үйі о баста бөренеден қаланғанын еске түсіру үшін тынығу бөлмесі мен тақ залы ағаштан салыныпты.
Абылай ханның 1711-1770 жылдардағы өмір кезеңіне арналған зал.
Мұндағы ең бірінші стендте Барақ ханнан басталған қазақ хандары мен сұлтандарының таралу шежіресі жазылыпты. Бұл шежіре Шоқан Уәлихановтың 5 томдық шығармалар жинағынан алынған екен. Барақтан Жәнібек, Жәнібектен Жәдік, Жәдіктен Шығай, Шығайдан ер Есім хан, Есім ханнан Жәңгір, Жәңгірден Уәли сұлтан, Уәлиден Абылай сұлтан немесе қанішер Абылай (Абылай ханның атасы), одан Көркем Уәли, Көркем Уәлиден хан Абылай тараған екен. Абылай ханның Уәли сұлтан, Шыңғыс, Әділ, Есім деген төрт ұлы да көрсетіліпті. Абылай ханның 12 әйелінен 70 баласы (40 қызы, 30 ұлы) болған деседі. Олардың арасынан бұл төртеуінің ғана таңдалып алынып жазылғанын зерттеушілер Абылай ханның өзі ерекше сенім артқан ұлдары осылар болған деп түсіндіреді. Бірақ бұл балаларының ешқайсысы да әкесінің арманын орындай алмапты.
Екінші стендте Төле бидің Сабалаққа (Абылай ханды Төле би осылай атаған - Р.Ш.) бата беруі бейнеленген. Бұл суретті «Дара фирмасының» суретшісі Сергей Пожарский 2007 жылы салған екен.
11 жасында әкесінен айырылып, жетім қалған Абылай ел кезіп, қаңғырып жүреді. Кейде ашық далаға, кейде қаңыраған қапас қоралар мен ескі зираттарға түнейді. Сөйтіп жүрген Сабалақ күндердің күнінде Көкшетау өңірінде Дәулеткелді деген байдың үйіне келіп, жылқысын бағуға жалданады. Осы кезеңі де суретте көрініс тапқан. Бірақ Дәулеткелді байдың әйелі Абылайдың үнемі бойын таза ұстайтыны, қалған-құтқан асқа қол салмайтыны, жаңа жерді жастанбайтыны сияқты қылықтарына қарап, оның ақсүйек тұқымынан екенін байқап қалып, баласының орнына мұрагерлікке тартқан. Кейін Дәулеткелді бай Абылайға өзінің Шалқұйрық деген атын тарту етіп, шайқасқа шығарып салады. Абылай хан Бөгенбай батырдың жасағы құрамында шайқасқа дәл осы Шалқұйрықпен енген деседі.
ХVІІІ ғасырдағы қазақ қоғамының рулық құрамы мен әлеуметтік құрылымы, жоңғарларға қарсы жүргізген күресінің және қазақ жеріне жасалған шабуылдар кестесі, жоңғар әскерінің, олардың қолбасшысы Қалдан Сереннің суреті - бәрі де осы залда орын тепкен. Суретші Ағымсалы Дүзелхановтың "Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұлама" кезеңіне арналған графикалық жұмыстары - жеке бір стендте.
Мұнда қойылған жәдігерлердің арасында көз тоқтатарлығы - 1869 жылғы дулыға. Мұны «Дара фирмасы» Моңғолия жерінен тауып әкелген екен. Мұражайға бас сұққан жерлесіміз, Республикалық ұланның қолбасшысы, генерал-лейтенант Абай Тасболатов қанша мұражайды көріп жүрсе де, дәл осындай дулығаны еш жерде кездестірмегенін айтыпты, Осы жерде ескі қылыш, сауыт, найза да тұр. Жоңғар хандығына қатысты дыбыс беретін керней, Қытай рәміздерінің бірі - айдаһар, кіші құрбандық қазандығы қойылыпты.
Абылай ханның жоңғардың атақты батыры Шарышпен жекпе-жекке шығып, жеңгендегі жұлдызды сәті, сұлтан сайлануы суреттермен бейнеленіпті.
Атақты "Елім-айдың" авторы Қожаберген жырауға, қазақтың батырларына, аңшылық дәстүріне арналған бұрыштар да көз тартады. Қазақта саятшылық о баста жауынгерлердің шайқасқа дайындығын тексеру мақсатында қолға алынған екен. Бұл бұрышта орын тепкен белбеу, кісе, томаға, тұғырық, дабыл, сирақты мылтық сияқты жәдігерлердің бәрі де - түпнұсқа. Қылыш, қалқан, айбалта, шоқпар, қорамсақ, торсық, қалқан - көшірмелер.
Залдың ортасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің макеті мен суреті орналасқан. Өйткен себебі, Абылай хан бұрынғы Яссы, қазіргі Түркістан қаласында дүниеге келген және сүйегі осы мазарда жерленген.
Абылайдың тынығу бөлмесі. Бұл залда екі бөлме бар. Мұнда ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, үстел, түкті-түксіз тоқыма кілемдер, жез құман, киім-кешек, сандықтар қойылып, үйдің ішкі көрінісі бейнеленген. Сонау ХVІІІ ғасырдан бері сақталып қалған адалбақан (киім ілгіш) ағаштан, ілгешектері күмістен жасалған екен. Ал мұндағы ең көне зат - сол ғасырдағы кебеже - бірде-бір шегенің көмегінсіз ағаштан жасалып, сырты сүйекпен қапталыпты. Арғы бөлмеге қойылған кереует бірден назар аудартады екен: қазіргі төсектердей тегіс емес, бас және аяқ жақтары көтеріңкі. Сөйтсек, бағзы замандарда үнемі ат үстінде жүрген ерлер ұйықтағанда қан қысымын қалпына келтіру үшін аяғы мен басын бір деңгейде ұстайды екен. Кереует те ағаштан жасалып, сүйекпен қапталған. Төсек маңына шымылдық орнатылған. Майшам тәрізді жасалған шамдалдар Араб Әмірліктерінен жеткізіліпті.
Тақ залы. Келушілерді ең ғажап әсерге бөлейтін бөлме - осы тақ залы. Кіріп келгенде, қарсы алдыңнан тақта отырған Абылай ханның бейнесі қарсы алады. Бұл мүсінді үстіне - шапан, аяғына мәсі кигізіп, саусағына жүзігіне дейін салып, қолына асатаяғын ұстатып Сергей Пожарский жасапты. Артындағы қабырғада кестеленген тұскиіздің төртінші бұрышы жоқ: шексіздікті білдіретін мұндай кілемдер Орта жүздің белгісі екен. Кілемге түлкі мен қасқырдың терісі ілінген.
Ортада Абылай ханның мөрі, төс әшекейлері, жүзігі, қанжары, семсері қойылған. Мұның бәрі де - көшірмелер. Абылай ханның жүзігінің түпнұсқасы Астанадағы мұражайлардың бірінде екен, ортасында араб қарпімен "Абылай хан" деп жазылыпты. Мына жүзікті шеберлер соған қарап жасаса керек.
Осы залда қару-жарақ стендіне қылыш, қалқан, гүрзі, балталардың көшірмелерімен қатар, жергілікті "Лира" фирмасы жасаған айбалта да қойылыпты. Ат әбзелдері жеке бір бұрышта орын тепкен. ХVІІІ ғасырдан бері сақталып қалған ер-тоқым, жүген, ауыздық, үзеңгі күміспен, асыл тастармен әшекейленіпті. Ертеде ата-бабаларымыз ер-тоқымның өзін жауларының көзін құрту мақсатында да қолданған деседі. Негізі, ағаштан жасалып, сырты терімен қапталатын ердің арасына у салынады екен. Тері тоза бастағанда, астындағы у адамның етіне тарайтын көрінеді.
Ұлттық киім-кешек, діни заттар, қазақ жауынгерлерінің құрал-жабдықтары - өз алдына жеке-жеке бұрыш. Назар аударарлығы сол - жәдігерлердің қайсысы болсын (қорамсақ, садақ, сауыт, дулыға), бәрінің де өлшемі тым үлкен. Мысалы, садақтың өзі 1 метр, сауыттың ұзындығы замандастарымыздың бақайының басына жетерліктей, дулығаның шынжырдан тоқылған салпыншақтары иық пен арқаны түгел жабарлықтай. Сауыттың салмағы - 25, дулығанікі 15 килограмға дейін барады екен. Соған қарағанда, сол замандағы қазақ батырлары бойшаң да денелі болған-ау деп болжам жасадық.
Жерлесіміз, академик Аманжол Қошанов биыл қаңтар айында келгенде Абылай ханның суреті бейнеленген түкті кілем сыйлаған екен, ол да қабырғада ілулі.
Абылай ханның 1771-1781 жылдардағы кезеңі. Бұл зал Абылай ханның мемлекет қайраткеріне айналған кезеңіне арналған. 1771 жылы Әбілмәмбет қайтыс болғаннан кейін Абылайды ақ киізге хан көтерген сурет тұр. Қазақтың атақты үш биі - Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің де суреттері орналасқан. Суретші Ағымсалы Дүзелханов салған Абылай ханның портретінің тұсына арнайы шам орнатылыпты. Өйткені бұл суреттің өзіне ғана "тұздығы" сонда - оған қай жерде тұрып қарасаңыз да, хан сізге ғана қарап тұрған сияқты бола береді.
Үшінші стенд қазақ-орыс қатынасына арналған Ресейдің сол кездегі ақшасының түпнұсқасы, Кіші жүз ханы Әбілқайырдың император Анна Иоанновнаға жазған хатының көшірмесі, түрлі суреттер осы бұрышқа қойылыпты. 1750 жылдары Абылай хан Ресей үкіметіне сауда орын ашуын сұрап хат жазған екен. Сол сауда орталығы 1752 жылы Петропавлда қазіргі осы мұражайдан алыс емес маңайда ашылыпты. Белгісіз суретшінің сол сауда орталығын бейнелеген суреті де осы жерде.
Төртінші залдың көркі - Сергей Пожарскийдің Абылай ханның жоңғарлармен 1747 жылғы шайқасын бейнелеген диарамасы. Тұтас бір қабырғаны алып тұрған жұмыстың ұзындығы - 3 метр. Абылай хан 30 мың, жоңғарлар 20 мың қолмен шыққан шайқас нанымды бейнеленіпті. Қазақ даласындағы тас балбалдар, қазақ және жоңғар жауынгерлерінің киім үлгілеріне дейін суретшінің назарынан тыс қалмаған. Қазақ ханын шайқасқа қатыстырмай, шеткері бейнелеуінің өзі суретшінің өресін танытса керек.
Қазақ-қытай қатынасына арналған бұрыш та бар. Абылай ханның Цинь империясының елшісін және олардың біздің елшіні қабылдауынан салынған сурет Франциядан табылыпты. Авторы белгісіз. Қытай фарфоры, қобдишалары, вазалары, ақшалары, қару-жарағы сияқты жәдігерлер қойылған. Қытай қаруының бәрінде де айдаһардың бейнесі салыныпты.
Келесі бұрыш Абылай ханның өмірден өтуіне арналған. Ханның жерленуі сәтінен сурет ілулі.
Келесі стендте Абылай хан туралы әдебиеттер жинақталыпты. Болатбек Нәсенов, Оразақ Смағұлұлы, Мұхтар Қожаев, Айнагүл Оразаққызы, Қадыржан Әбуев сынды авторлардың кітаптарын осы жерден табуға болады.
Абылай ханның Алматыдағы, Көкшетаудағы және Петропавлдағы ескерткіштерінен коллаж да жасалып қойылған.
Роза ШӘКЕНОВА,
журналист
http://anatili.kz/?p=5383