Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 8116 7 пікір 4 Желтоқсан, 2017 сағат 09:55

Шайтан

Адамның нәпсісі күшті болса, онымен алысатын шайтан да күшті.
Ауылда, әке-шешемнің жанында жүргенде шайтанның менде, менің шайтанда жұмысым болған жоқ.

Содан мектепке бардым, бастауыш сыныпта шайтан мені адамбысың демеді. Бірте-бірте сабақтан қашатынды, өтірік ауырып, қосымша дәріске бармайтынды шығардым. Бұл кездерде мені азғырған шайтанның өзі емес, өзім қатарлы баласы болса керек. Сыныптан сыныпқа көшіп, тоғыз-онға іліккенде бозбала шайтан маған қызға бару үшін жақсы киімді алдын-ала сыртқа шығарып қойып, әке-шеше алаңсыз шай ішіп отырғанда сып ете қалуды үйретті. Көрші-қолаңның ұрасына немесе қорасына ұрланып кіріп, картоп, тауық жымқыруды, оны саудагерге бұлдап өткізіп, жиын-тойда дастарханды жайнатып қоюға баулыды...

Дәу қалаға келіп, студент атанғанда алақ-жұлақ еткен бір жас шайтан топ құрып, жалғыз-жарым адамға әлімжеттік жасауға, тонауға; кәсібіне адал емес мұғалімге пара беріп сабаққа келмей-ақ қоюға; жатақханада соңғы нанын үнемдеп жеп отырған қыздардың балкондағы нәпақасын үп деп кетуге болатынына көз жеткізді. Сол студенттік шақта тұнығы лайланбаған балғынның құшағына лыпасыз құлап бара жатқанда төсектің басында қол шапалақтап бозбала шайтан мен бойжеткен шайтан отырғанын анық көрген кез де болған.

Өзіммен бірге өсіп келе жатқан шайтан есейгеннің бір белгісі деп, қолыма темекі ұстатты. «Қыздар ішіп отырғанда сен несіне тежелесің» деп, ішімдік алып берді. «Бұл да дүниенің бір рахаты. Дәмін көр» деп, шөп шеккізді, кальян ұстатты. Білекке ине салғызды. Осы бірдеңе білетін шығар деп, еш қарсылықсыз, «Осының соңы қалай болар екен?» деген еш ойсыз ілесе бердім.

Бірте-бірте ысылдым. Адамдардың сеніміне кіріп, қомақты ақша алуды, баспанасын, көлігін кепілге қойғызып немесе несие алғызып, тайып тұратынды шығардым. Бір досым тау жақтағы аса қымбат үйін сатып, үлкен саудаға салғалы жүргенде үй-ішімен ана дүниеге жіберіп, бар ақшаны үп деп кеттім.

Халықты алдап, депутат болдым. Елдің аузынан жырып, шикізатты сыртқа жіберуге, жерді сатуға, наразылық білдіргендерге оқ атуға қарсы емеспін деп қол көтеріп қойып, ол жақта да біраз отырдым.

Әбден шарықтау шегіме жеткенім сонша, алты жасар бүлдіршінді бүлдірдім. Міне, осы кезде баяғы өзім қатарлы шайтан мені ең үлкен шайтанға алып келді. Ол маған ұзақ қарап отырып, дүниеге келгенде алғаш жасаған қателігімнен, күнәмнен бастап саралады да, «Адамның нәпсісі күшті болса, онымен алысатын шайтан да күшті болады. Ал, бұған енді ешқандай шайтанның керегі жоқ!» деді. Деді де, мені итеріп шығарып жіберді...

Қанағат Әбілқайыр

Facebook-тегі парақшасынан

7 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1464
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3231
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5325