Сенбі, 23 Қараша 2024
Анық 8166 8 пікір 6 Желтоқсан, 2017 сағат 14:44

Шыңжаңдағы шырғалаңды екі жақты келісім арқылы шешуге болады

Шыңжаңда тұратын қазақтардың жергілікті билік тарапынан қатты қысымға ұшырап, зорлық-зомбылық пен жаппай заңсыздықтан жапа шегіп жатқаны қаймана қазақтың қабырғасына батып отыр. Байырғы мекенінде көшпелі тірлігін кешетін қандастарымыздың ахуалы соңғы бір-екі жылда неге нашарлап кетті? Шиеленіскен мәселені шешудің қандай жолдары бар? Саясаттанушы Расул Жұмалымен арадағы ашық сұхбатымыз осы тақырыпта өрбіді.


-Расул мырза, мәселенің мәнісіне тереңдеп үңіліп көрейікші. Шыңжаңда қысымға ұшыраған қазақтардың хал-ахуалы жөнінде біздің қолымызда нақты, шынайы деректер бар ма?

- Осыдан 1-1,5 ай бұрын осы мәселе бойынша Қытайдан келген біздің азаматтарымыз, қоғам белсенділері баспасөз мәслихатын өткізгені мәлім. Ол жиынға бұл мәселенің басы-қасында жүрген, Шыңжаңда түрлі қысымға ұшыраған, түрмеге қамалған азаматтардың туыстары (балалары, іні-қарындастары, апалары) келіп қатысты. Олардың қолында жапа шеккен жандардың тізімі  (бұл толық тізім емес) болды. Мен көрген тізімде 30-40 адамның аты-жөні жазылған. Сол жерде кімнің қандай айыппен бас бостандығынан айрылғаны, қандай мерзімге сотталғаны жөнінде ақпарат таратылды. Мәслихатқа қатысқандар өз көзімен көрген өз туыстарының ауыр халін айтты. Меніңше, бұл өте нақты, шынайы дерек болып табылады.

Сол азаматтардың айтуы бойынша, Шыңжаңдағы жағдай соңғы бір-екі жылда шынымен ушығып кеткен. Қазақ, қырғыз, ұйғырға қоқан-лоқы жасау, заңсыз әрекеттерге бару белең алған. Мысалы, тізімдегі 30-40 адамның ішінде 5, 10, 15 жылға бас бостандығынан айрылғандар бар. Ол жақта қамалған қазақтарға: «Қазақстанға барып келді», «Түркияға барып келді», «Балаларын Қазақстанға оқуға жіберіпті», «Мешіт салдырыпты» деген айыптар тағылуда. Осындай айыптармен 10-12 жылға түрмеге жабылғандар бар. Бұған қоса, менің естуімше, «Құран-Кәрімнің» нұсқаларын тартып жатқан көрінеді. Шыңжаңда 2 млн-ға жуық қандасымыз тұрады. Шыңжаңның билігі екі жақтағы (Қытай мен Қазақстандағы) туыстарды бөліп-жаруға күш салып отыр. Мәселен, Қазақстанда балалары жоғары оқу орындарында білім алып жүрген ата-аналардың төлқұжатын тартып алған. Олар Қазақстанға келе алмайды. Сондай-ақ, Қазақстанның азаматтығын алған қандастарымызға Қытайға баруға виза бермейді. Соның кесірінен Қытайдағы туыстарының тойына, жаназасына бара алмай пұшайман болып жүргендер көп. Шындығын айтсақ, соңғы бір-екі жылдың ішінде жаппай қытайландыру мәселесі қатты ушығып тұр. ШҰАР-да 1,5 мыңға жуық қазақ (дұрысы аралас мектептер) мектептері бар. Сол мектептердегі пәндердің барлығы қытайша ауыстырылуда. Баспасөз мәслихатында жоғарыда айтылған мәселелер бойынша еліміздің Сыртқы істер министрлігіне, Президентке ашық хаттар жолданатыны айтылды. Менің білуімше, қазіргі кезде дипломатиялық арналар бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілуде.

-Қазақта «Жақын көршің алыстағы ағайыннан артық» деген мақал бар. Соңғы 25 жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы тату көршілік және достық қарым-қатынастар жоғары деңгейге көтерілді. Қазір екі ел арасындағы жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы келісім-шарт та күшінде. Соған сәйкес, ресми Бейжің де, ресми Астана да көршілер арасындағы жанжалдың отын үрлеуге мүдделілік танытып отырған жоқ. Ендеше, Шыңжаңдағы мәселені қолда бар уағдаластықтардың көмегімен шешуге бола ма?

-Меніңше болады. Біріншіден, қолда бар деректерге сүйенетін болсақ, осындай қысымды, асыра сілтеушілікті қолданып отырған Шыңжаңның қазіргі жаңа губернаторы (біздіңше әкім). Ол кезінде Тибетте губернатор болған. Өте қатқыл, жауыз адам. Әкімшіл кадр болып табылады. Бұл жайында Бейжің бейхабар болуы да ықтимал. Сондықтан, ең басты мәселе – Шыңжаңдағы бассыздықты орталық Бейжіңге жеткізу. Екіншіден, 2 млн. қандасымыз – Қытай азаматтары. Олардың құқығының бұзылуы Қытайдың ішкі мәселесі. Бірақ біз бұған бей-жай қарай алмаймыз. Қолымызда бар құжаттар осы мәселені шешуге жеткілікті деп ойлаймын. Бұған қоса, Шыңжаңдағы қатқыл шаралар Қытайдың ішкі заңдарына да қайшы. Себебі, Қытайдың ұлттық өлкелерге қатысты арнайы заңы бар. Сол заңда ешқандай алалауға жол бермеу, әділ сот жүргізу және бірталай кепілдіктер көрсетілген. Өзіңіз айтқандай, соңғы 25 жылда екі ел арасындағы байланыстар өте ізгі, өзара тиімді, достық рәуіште дамып келеді. Қай саланы алсақ та (экономика, саясат, инвестиция, мұнайгаз, сауда-саттық және т.б) осы үрдіс байқалады. Демек, дәл осындай игі байланыстар бола тұра, Қытайдың өзі де қазақтың мәселесін арандатуға мүдделі емес. Сондықтан, қолдағы бар уағдаластықтарға, арадағы келісім-шарттарға сүйене отырып, бұл мәселені екі мемлекеттің мүддесіне сай, достық ахуалмен шешуге болады деп санаймын. Қытай оң көзбен қарайтынына сенім бар. Себебі, түптеп келгенде Шыңжаңдағы жағдай Қытайдың беделіне, Қазақстанның ішіндегі Қытайға деген көзқарасқа жақсы әсерін тигізбейтіні анық. Айта кетелік, бұл жерде Қытайдың ішкі заңдары, қазақ-қытай келісімдері ғана емес, халықаралық талаптар да, соның ішінде БҰҰ-ның адам құқықтаыр жөніндегі конвенциялары да бұзылып отыр. Егер де мәселе ресми Бейжің деңгейінде шешілмейтін болса, халықаралық ұйымдарға, соның ішінде Халықаралық сотқа шағымдануға мүмкіндік мол.

-Әңгімеміздің басында Шыңжаңдағы қазақтардың мәдени ассимиляцияға ұшырап жатқаны жөнінде айттық. Мысалы, қытай билігі әдеп-ғұрып, салт-дәстүрін берік ұстанған қазақтың жастарын ішкі Қытайға күштеп көшіруде. Осы жерде өзінің байырғы мекенінде өмір сүретін ирредента (этнос емес) қазақтарға қандай да бір рухани көмек көрсете аламыз ба?

-Әрине. Тәуелсіз мемлекет ретінде әр қазаққа көмек беру – парызымыз. Меніңше, біз қолымызда бар мүмкіндіктерді пайдалана алмай отырмыз. Қандай көмек бере аламыз? Сол жақтағы аралас мектептерді қазақша оқулықтармен, оқу бағдарламасымен қамтамасыз етуге болады. Баспасөз арқылы мәдени, рухани байланыстарды нығайта аламыз. Шыңжаң қазақтарының балалары Қазақстандағы жоғары оқу орындарына түсу үшін оларға берілетін оқу гранттарын көбейтейік. Қазақ көшіне қарқын берейік. Қазақстанға көшемін деген, төлқұжатын аламын деген қазақтарға қолайлы жағдай туғызуға болады. Одан кейін Қазақстанға Қытайдан, Моңғолиядан қоныс аударған қандастарымызды материалдық қолдау мәселесі тұр. Жұмысқа тұратын кезде орыс тілін білмеуі көп кедергі келтіреді. Мәселен, сол қандастарды құжаттандыруда Ресейдің тәжірибесінен үйренейік. Украинадағы орыс тілділер Ресейге көшкенде 3-ақ күннің ішінде төлқұжатын қолына ұстатты. Бұл – шешуге болатын, біздің қолымыздан келетін шаруа.

-Расул мырза, ашық ой-пікіріңізбен бөлісіп, салиқалы сұхбат бергеніңіз үшін алғыс айтамын.

Сұхбаттасқан Төлен Тілеубай

Астана

Abai.kz

8 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5357