Украина мен сепаратистер тұтқын алмасты
Донбаста тұтқын алмасу аяқталды. Бұл жөнінде Украина тарапы мен сепаратистер өкілі хабарлады. Жоғарғы Рада вице-спикері Ирина Геращенконың сөздерінше, нәтижесінде 73 украин тұтқыны босатылған, ал Киев 233 адамды берген.
"27 желтоқсанда Донецк облысы, Майор ауданында кепілге алынған адамдар босатылды. Содырлар түрмесінен 73 украиндық бостандыққа шықты", – деп Геращенконың сөздерін мысалға келтіреді Жоғарғы Рада баспасөз қызметі.
Осыған дейін сепаратистер Украинаға 74 адамды бергені айтылған. Бірақ сандық айырмашылықтың себебі айтылмайды. Алайда Донецк сепаратистері бір адам Киевке барудан бас тартты деп хабарлады.
Украина президенті Петр Порошенко Краматорскіде босатылған тұтқындармен кездесті. Ол адамдарды вертолетпен Харьковке, ол жақтан Киевке жеткізетінін айтқан.
Abai.kz